Жетісу 1916 жыл: мұрағат құжаттарында
Аннотация
Мақалада Жетісу облысындағы 1916 жылғы көтерілістің шығу себептері мен майданға осы өлкеден жұмысқа алынатын адамдардың саны берілген. Сонымен қатар, облыс губернаторы мен Жаркент уезі басшыларының Қарқара көтерілісін ұйымдастырушы деп таныған Жәмеңке Мәмбетұлы мен Ұзақ Саурықұлдарына қатысты ұстанымдары мұрағат деректері арқылы талданған. Жазалаушы әскердің тегеуіріне шыдамай Қытай жеріне босқан Жаркент уезі қазақтардың саны келтірілген. Автор өз ой-тұжырымдарын түп деректерге сүйене отырып дәйектеген.
Түйін сөздер: 1916 жыл, Жетісу, көтеріліс, әскери-губернатор, пристав, отарлау, босқыншылық.
1916 жылғы Орта Азия мен Қазақстандағы көтеріліс мәселесі түрлі көзқарастар мен пікірлер төңірегінде жазылған бай тарихнамасымен ерекшеленеді. Отарлаушы үкіметтің шенеуніктерінің пікірлері ресми құжаттарда, рапорттарында, есептері мен жазбаларында көрініс тапқан. Олар 1916 жылғы оқиғаларды өздерінің отарлық саясаты негізінде кездейсоқ болған құбылыс дейді. Сонымен бірге, олардың пікірінше 1916 жылғы көтеріліс Ресейге жау кейбір шет мемлекеттердің жансы-86 здарының, яғни, Түркия, Англия, Германия мемлекеттерінің арандатушылығы деп көрсетілді [1, 1-10 пп.]. XIX ғасырдың 60-шы жылдары Қазақ даласын отарлауды аяқтаған патшалық Ресей енді қазақ қоғамының ішкі өміріндегі бұрынғы табиғи үрдістерді үзіп, оның есесіне империялық жаңа басқару жүйесін енгізді. Бұл жалпы отар халықтардың өміріне тән табиғи үдеріс. Отарлық саяси билік өлкедегі ұлттық ұю үдерісінің нығаюын тежеп, керісінше рулық-жүздік алауыздықтың орныға түсуіне мүдделігін арттырды, ал отарлаушы аппарат болса жергілікті халықты ортағасырлық надандық құрсауында неғұрлым ұзағырақ ұстауға күш салды. ХХ ғасыр басында Жетісу өлкесіндегі әлеуметтік-саяси өмірдегі қайшылықтар күннен-күнге тереңдеп,
жергілікті халықтың отаршыл жүйеге деген наразылығын күшейте түсті. Оған қоса өлкеде отарлық билік тұсында қалыптасқан саяси-экономикалық жағдайларда шиеленісіп, Жетісудағы қазақтардың отарлық билікке қарсы бас көтеруіне әкелді. Халықтың билікке қарсы шығуының бірнеше себептері болды.
Дереккөз: “Отан тарихы” ғылыми журналы, – № 1, 2016. 85-100 б.