Портал туралы
«ArysMedia» ғылыми-ақпараттық порталы – қазақтың ХХ ғасырдағы бастан кешкен нәубеттері мен зұлматтарын сараптайтын, ғылыми-зерттеу бағытындағы интернет басылым.
Порталдың қысқаша сипаттамасы.
«ArysMedia» ғылыми-ақпараттық порталы ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, халық көтерілістері, кәмпеске (тәркілеу), әскери тұтқындар, депортация, т.б. мазмұнды тақырыптарды қамтиды.
Халқымыздың ХХ ғасырдағы нәубетті қасіреті осы уақытқа дейін ғалымдардың зерттеуіне арқау болғанымен, заманауи ақпараттық тетіктер арқылы жалпы көпшілікке таныстырылмады. Бұған бірқатар объективті және субъективті себептер әсер етті. Ол себептердің қатарында 1991 жылы басталған ХХ ғасыр зұлматтарына саяси баға берудің толық жүргізілмеуі, ақтаңдақ тақырыптарға қатысты архив қорларының жабықтығы, зерттеу ебектерінің таралымының мардымсыздығы бар. 2021 жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» №456 Жарлығына қол қойған соң зұлматты жылдар қасіреті ғалымдар тарапынан жан-жақты зерттелуіне жол ашылды. Бүгінгі күні алғашқы нәтижелері жарық көріп, мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатқан бұл процестің біркүндік меже емес екені белгілі. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмыс топтары ғылыми зерделеу жұмыстарын деректемелік, ақпараттық және әдістемелік тұрғыда талдауды бастады.
«ArysMedia» ғылыми-ақпараттық порталы – ұлтымыздың зұлмат жылдардағы көрген қасіретін ғылыми зерттеуді, деректер мен зерттеулерді жариялауды, ақпараттық-ағартушылық контентті байытуды мақсат тұтады. Ғылыми-зерттеу бағытындағы порталда ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, халық көтерілістері, кәмпескелеу, әскери тұтқындар, депортациялау т.б. тақырыптардағы жаңалықтарды, ғылыми зерттеу мақалаларды, ғалымдардың сұхбаттары мен көз көргендердің естеліктері, архив құжаттары мен тізімдері, видео-аудио, фото материалдарды жариялап, халық игілігіне жаратуды басты назарға алады.
«ArysMedia» ғылыми-ақпараттық порталы өз жұмысын репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры қоғамдық бірлестігі мен оның президенті филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнестің 30 жылдан бергі зерттеп, зерделеп, жинап-жинақтаған мол материал қоры мен ауқымды тәжірибесіне сүйеніп бастап отыр. Басты мақсат – қазақтың жартысынан көбін жалмаған ашаршылық сынды ұлы апаттың ұлтымызға алып келген орны толмас зардабын мен залалын, қабырғамызды қаусатып, омыртқамызды үзе жаздаған трагедиясын ақпараттық-ағартушылық негізде халықпен бөлісу.
Шын мәнінде, ашаршылық – ұлтымыздың ұлы трагедиясы. Қазірге дейін ашаршылық тақырыбы ғалымдар мен зиялы қауым тарапынан азды-көпті зерделенгені шындық. Дейтұрғанмен жалпыұлттық сипатта аталмыш тақырыптың бүркемелі тұстары әлі де көп. Ашаршылық – халықтың өз басынан кешкен азалы тарихы. Халық өткен ғасырдың бас шеніндегі зұлматты жылдар қасіретін үстірт білгенімен, ішкерілей бере сан салалы зерттеу соқпақтарға кезігеді. Шындығында, 1916 жылдан бастау алып, 1950 жылдарға дейінгі ашаршылық, ұжымдастыру, халықтың мал-мүлкін тәркілеу, саяси қуғын-сүргін т.б. көптеген мәселелер деректік-дәйектік, құжаттық негізде халықтың рухани әлеміне жол тартуы тиіс. Сол арқылы зұлматты жылдарды бастан кешкен халқымыз бүгінгідей дүбәра кеңістіктің қалай, қайдан қалыптасқанын сезініп, тарихи жадыны қалпына келтіруге тарының қауызындай болса да үлес қосу басты парыз. Өйткені, санасы сау, ұлттық жады мығым қазақ халқы арт-артынан келген, қолдан ұйымдастырылған зұлматтардан соң өзінің көптеген ұлттық құндылықтарынан айырылып қалғаны жасырын емес. Нәубетті жылдар санаға салған сызаттарды мен ауыр жарақаттардың кесірінен ұлттық «меніміз» (рухымыз) әлсіреді. Тіпті, өзіміздің өткенімізге күле қарайтын халге түстік. Өткенімізге үңілмей, ертеңіміздің шұғылалы болуы мүмкін емес. Тарихтың тар жол, тайғақ кешулі жолына көз сала отырып, одан тағылым алу – сырқат санамызды емдеудің бір жолы.
Ұлы даланы тұтас қамтыған ашаршылықтан жергілікті ұлт – қазақтардың «шыбындай қырылып» қалғанына ғасырға жуық уақыт болды. Ашаршылық 1918-1919 жылдары Түркістанда, 1922-23 жылдары Батыста, ал 1931-33 жылдары ұлы даланы түгел қамтыды. Кейбір деректер бойынша Ұлы жұттан халқымыздың жартысынан көбі, яғни, 4 миллионнан астамы қырғынға ұшыраған. Демек, бұл қазақ халқының әр 10 адамының жетеуі ашаршылықтан көз жұмды немесе қуғын-сүргін, босқыншылықтан зардап шекті деген сөз. Олар біздің ата-бабаларымыз екенін естен шығармайтын болсақ, онда олардың дерегін іздеу, аты-жөндерін табу, азалы тізім жасау бүгінгі ұрпақтың қастерлі парызы саналмақ. Сол үшін жалпыхалықтық сипатта ұлтымыздың жоғалтқанын жоқтайтын ««arysmedia.kz» порталы – жоғарыдағыдай ұлы міндетті өз мойнына алып, ақпарат кеңістігіне қанат қақты. Порталымыздың бай мазмұнды болуы үшін оқырман қауымнан естеліктер, хаттар, мақалалар, дерек-дәйек, фото-видео материалдар күтеміз. Халықтың бастан кешкен азалы тарихын халықпен бірге қайыра түйсініп, қасіретті жылдарымыздың тарихын тереңдей тану үшін Сіз бен біз болып нар жолында жүк қалдырмайтын қасиетімізді көрсететін уақыт жетті, ағайын!