Шығыс Қазақстанда 1931 жылы болған беймәлім Алақ көтерілісі
Кеңестік кезеңде жеке тұлғаларға, қоғамдық-саяси ұйымдарға және бүкіл халыққа қарсы ХХ ғ. 20-30-шы жылдары жасалған қысым саясатының негізін біздер кеңестік биліктің табиғатынан іздеуіміз керек. 1917 жылы қарулы төңкеріс жолымен билікке келген большевиктер пролетариаттың атын жамыла отырып, шын мәнінде өз диктатураларын орнатты. Олар өздерінің түпкі мақсаты болып есептелетін коммунистік қоғам орнату идеясын қаласын-қаламасын бүкіл халыққа әкеліп таңды. Ал мұны қаламайтындар сонау 20-30-шы жылдардың өн бойында репрессияланды.
Большевиктер күн тәртібіне қойған коммунизм орнату идеясын іске асыру үшін мықты материалдық-техникалық база қажет еді. Ол сол кезде болмады. Себебі большевиктерге мұраға қалған Ресей орташалау және ала-құла дамыған ел болатын. Ал арман болған коммунистік қоғамның мықты индустриясыз және дамыған агросекторсыз құрылуы мүмкін еместін.
Міне осыны большевиктер халықтың есебінен, оларды күштеу саясаты арқылы шешті. Сол кездерде билікті қолына алған И. Сталин біршама халыққа еркіндік берген НЭП саясатын шектеп, елді индустрияландыруға бағытты ұстанды. Бүкіл ел көлемінде толып жатқан өндірістік құрылыстарды салатындарға қыруар азық-түлік керек болды. Ол кезде Советтік Ресей сырттан ештеңе ала алмайтын жағдайда болды да, мәселені ішкі ресурстарды пайдалану арқылы шешті.
Өкімет 1925 жылдан былай қарай қазақтың малын өндіріске қажетті салық түрінде алуды бастады. Егін екпейтін қазаққа ет салығымен қатар астық салығы да салынды. Осы екі түрлі салық, көп ұзамай үстеме салықтар түрінде қайта-қайта салынып, елді діңкелетті. 1985 жылы Павлодар облыстық партархивінде төте жазудағы құжаттарды кирилл жазуына аударып отырған, түбі қарқаралылық бір ақсақалмен танысқан едім. Сол кісінің айтуынша, әкесі ет салығын бергеннен кейін, астық салығын өтеу үшін қияндағы Семейге азғана малын астыққа айырбастауға базарға апаратын көрінеді. Алып келген астығын өткізгеннен кейін, көп ұзамай жергілікті өкімет, яғни ауылдық кеңес қайта үстеме салық салады екен. Осы үстеме салық жағдайы жыл ішінде әлденеше рет қайталана беріпті. Ол кісінің сөйтіп, қолдағы азын-аулақ малды ұжымдастыруға дейін-ақ бітірдік дегені есімде.
Осы неге екені белгісіз, мені таң қалдыратыны біздің халықтың атқамінерлерінің әсіре белсенділікке жақын тұрулары. Оның көріністері бүгіндерде де байқалып қалады. Әрине пәлекеттің бетін аулақ қылсын. Осы жерде өткен күндерден бір мысал келтірейік. Патша заманында мына бүгінгі Ресей Федерациясына кіретін Алтай Республикасының құрамындағы Қосағаш ауданының жерінде екі қазақ болысы болған. Ол өңірді жұрт «Шүй өңірі» деп, тұрғындарын «Шүй қазақтары» деген. Бұл өңір территориялық жағынан Том губерниясының құрамына кірген де, жер шалғайлығын ескере отырып жоғары билік оны әкімшілік жағынан Семей облысына бағындырған. Осы тәртіп Кеңес өкіметі орнағанда да сол күйінде сақталған. Ал Кеңес өкіметі ұлттарға автономия бере бастағанда, бүгінгі Алтай республикасының жеріндегі қыпшақ тілінің негізінде сөйлейтін бес халық бір алтай ұлтына біріктіріліп, 1922 жылы олардың мекендеген жерлері РСФСР құрамындағы «Ойрат автономиялық облысы» деген ресми ат алды. Көп ұзамай Ойрат автономиялық облысының басшылығы Мәскеуге Шүй өңірін әкімшілік жағынан Қазақстанның Семей облысына бағындыруды тоқтатып, өздеріне қарату талабын қойды. Сол кезеңдерде бұл Ойрат және Семей облыстары арасындағы бірнеше жылға созылған даулы мәселеге айналып, ақыры орталық оны сұрау салу арқылы халықтың өз еркімен шешкен. Нәтижесінде, жергілікті тұрғындардың тоқсан екі пайызынан астамын құрайтын қазақтар дерліктей өздері мекендеп отырған жердің Семей облысына емес, Ойрат облысына бағындырылуын қалаған. Әйтпеген күнде қазір осы жерлер, яғни Қосағаш ауданы Қазақстанның құрамында болар еді. Сонда осы жерде, Шүй қазақтары неліктен Семейдің емес, Ойрат облысы құрамында болуды қалады деген заңды сұрақ туындайды. Сөйтсек, мәселенің мәнісінде Шүй қазақтары өздерінің Қазақстанның құрамында болған кеңестік кезеңдегі бастарынан кешірген асыра сілтеулердің, көрші отырған Ойрат облысында мүлде болмағанын, ондағы кеңес қызметкерлерінің шаруаларға қырғидай тимей, жылына бір рет заңды түрдегі табыс салығын алатындарын көздерімен көргендері жатыпты.
Көп ұзамай Қазақстанда, оның ішінде бұрынғы біздің облыстың жерінде де ұжымдастыру басталды. Оның қалай іске асырылғанын бүгінгі жұртшылық біршама жақсы біледі. Байқап отырсақ, жеке меншікке сүйенген шаруа адамды негізінен айырып, өздеріне бағынышты ету үшін, большевиктер оларды колхоздарға кіргізуді бастады.
Ақыры осындай заңсыздықтарға халық қарсы шықты. Алғашқы бас көтерулер 1928 жылы басталды. Ал 1931 жылы біздің бұрынғы Семей облысы жерінде болған көтерілістер түгелдей белгілі және зерттелді деу қиын. Біздегі болған көтерілістердің ішінде белгілілері, тарихқа кіргендері біршама ұйымдасу көріністері бар Абыралы, Шыңғыстау және Шұбартау көтерілістері. Соның өзінде бүгінгі біздер, қыруар адамның көздері жойылған бұл көтерілістердің бүге-шігесін әлі толық білмейміз. Осындай әртүрлі дәрежедегі көтерілістер мен толқулар облыстың басқа да өңірлерінде болды және олар осы күнге дейін белгісіз күйде болып келе жатыр.
Осындай беймәлім көтерілістердің қатарына 1931 жылы тамыздың ортасында, бүгінгі Тарғыбатай ауданының Қызылкесік ауылдық округі жерінде болған Алақ көтерілісі жатады. Қысым саясаты мен заңсыздықтарға бағытталған бұл көтерілісті елге сыйлы болған Сегізбайдың Сыдығы деген кісі басқарды. Көтеріліске жапсарлас отырған Аякөз, Жарма, Көкпекті аудандары өңірлерінің біраз тұрғындары да қатысқан. Көтеріліс барысында ОГПУ-дің қызметкерлерінен, коммунистерден және комсомолдардан тұратын комотряд талқандалған. Ашынған халық ОГПУ қызметкерлерін және кейбір комотряд мүшелерін өлтіріп жіберген. Бұл көтерілістің антиорыстық сипаты болған жоқ. Себебі, сол кездегі Қызылкесік ауылында бірнеше орыс жанұясы да тұрған. Олардың бірінің де бастарынан шәштары да түспеген. Сондай орыстың бірі – ел Бекең атандырған, Виктор Хлыновский болатын. Оның қызы Александрадан белгілі азамат Мәркен Жақияұлы Шәйжүнісов туады.
Өкімет көтерілісшілерді аяусыз жазалады. Шекараға таяу орналасқан Саршоқы асуында Зайсаннан және Көкпектіден келген отрядттар сегізжүзден астам түтіннен тұратын тұратын көшті пулеметтермен қынадай қырған. Сол кездерде ОГПУ қызметкерлері Забелев пен Радченко дегендердің өлген чекистердің кегі үшін 380 көтерілісшіні құрттық дегендерін ел естіген [1;267]. Ертеде Саршоқының асуының өнбойында көмусіз қалған адамның сүйегі ересен көп болғанын көрген ел айтып отыратын. Жазалаушылар қолға түскен елді айдап келе жатып та атып отырған. Мысалы, Рәділов Мүбәрәк деген мұғалімді көштен шығарып атқалы жатқанда, 16-17 жастардағы келіншегі Бәтіке мойнынан тас қып құшақтап жібермей қойған, оларды күшпен ажырата алмаған жазалаушылар бір оқпен екеуін атып тастаған. Сол сияқты егіз екі шалдың бірін атпақшы болғанда, екеуі құшақтасып тұрып бірге атылған. Немесе, солдаттар айдап келе жатқандардың түйеге мінгендерінің ішінен бірін атып қалып, ол төңкеріліп барып құлағанда мәз болатын көрінеді [1; 267].
Менің жасөспірім, Қызылкесік ауылындағы мектептің 8-9 сыныптарында оқитын кезім. Үйіміздің жанында немере туысымыз Сегізбайұлы Есенбай ақсақал көрші тұратын. Бұл кісілер де сол 20-30-шы жылдардың қиындықтарын аз тартпаған. Бұлар 1931 жылы Қытайға асып, елге тек 1957 жылы оралғандардан еді. Мен өзімді жақсы көретін осы Есенбай атам мен Нақия шешемнің үйлеріне жиі баратынмын. Бұл кісілердің жастары ол кезде сексеннің жуан ішінде кірген, бірақ бұрынғы сүйектері асыл адамдар ғой, тың болатын.Ол кісілер кейде ата-бабамызға және т.б. оқиғаларға қатысты әңгімелерді айтатын да, мен қызыға тыңдайтынмын. Бірде Нақия апам екеуміз пештің жанында, қидың шоғында тұрған аққұманынан шәй ішіп отырдық. Әдеттегідей ол кісі сөйлеп отырды да, менің құлағым тыңдауда болды. Арасында мен сұрақ қойып қоямын. Сол жолы мен Алақ оқиғасы мен Саршоқыдағы қырғын туралы сұрадым. Ол кісі оттың жанында, есінде қалғандарын маған айтып отыр. «Жиырма бестегі кезім, алдымда төрт жасар ұлым отырған, Саршоқы асуына іліккенде жан-жақтан мылтық атылып, пулеметтер сатырлап қоя берді. Оқ тиіп құлаған адам мен малда қисап жоқ, у-шу,есіміз шығып кетті. Бір кезде оқ алдымдағы баламның төбесін жұлып кеткені, баланы жалмажан лақтырып жібердім де, атыма қамшыны басып, сытылып шығуға тырыстым» дегені бүгінгідей есімде. Біршама өзіме қорқыныштылау болса да таң қалғаным және есімде күні бүгінге дейін сақталғаны, өмір талқысын аз көрмеген, бетін өжім шимайлаған осы кісінің болған оқиғаны ешқандай эмоциясыз, селт етпей айтуы еді. Ел ертеде бұдан да басқа небір сұмдықтарды айтатын.
Алақ көтерілісіне қатысты біршама мәліметтерді кенестік кезеңде, 1971 жылы Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген естеліктер мен очерктерден тұратын «Чекисты Казахстана» жинағынан табуға болады. Онда М.Туневтің «В урочище Алак» очеркі басылған. Бұл еңбек біржақты жазылғанымен, онда біршама мәліметтер бар. Очеркте көтеріліске белсене қатысқан азаматтардың аттары кездеседі. Сол сияқты, мұнда сол кезде Қызылкесік жерінде ұйымдастырылған колхоздың төрағасы болған Олжабай Бәйтеңғүловтың және ауылдық кеңестің төрағасы Жанкісі Мағзұмовтың аттары көтерілісшілерге ниеттес болғандар ретінде айтылады (2; 94). Алақ көтерілісі аяусыз басылғаннан кейін қолға түскен көтерілістің белсенділерін, оның ішінде Олжабай Бәйтенғұлов та бар арнайы трибунал қарап, ату жазасына кескен де, ол орындалған.
Осы жинақта айтылған, көтеріліс басшыларының 1923 жылы Қытайға өтіп кеткен белгілі Алаш қайраткері Райымжан Мәрсековпен байланысты болып, одан нұсқау алып отырған дегендері де ойландырады [2;87]. Жалпы шекара бойындағы аудандарда болған толқулар мен көтерілістерге Райымжан Марсековтің қатысының болуы әбден мүмкін. Бұл жерде Райыжан Мәрсековтің Тарғыбатайдың терістігіндегі елге жиен екендігін, осы өңірден шыққан Алаш қайраткерлері Отыншы Әлжановты, Ережеп Итпаевті, Биахмет Сәрсеновті және елдің беделді азаматтарын жақсы білгендігі, олармен байланыста болғандығы естен шықпауы керек. Сол сияқты, Райымжан Мәрсеков 1918 жылдың жазында Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты және т.б. азаматтарды Шәуешек пен Үрімжіге апарғанда, таңдап алған жолдарының неғұрлым қауіпсіз бүгінгі Тарғыбатай ауданы жеріндегі Хабарасу арқылы болғаны да ойда болатын нәрсе. Бұлар, көтерілістерді тереңдете зерттейтін ғалымдардың еншілерінде болуы тиіс. Енді мына заңсыз қуғынсүргінге қатысты зардап шеккендерді ақтауға қатысты іздестіру барысында архив қорларынан Алақ көтерілісіне қатысты нақты деректердің шығатынына күмән жоқ.
Сол сияқты бүгінгі күні осы Алақ көтерілісіне қатысты мүлде жаңсақ мәліметтер электронды алыпжүрушілерде, оның ішінде Уикипедияда самсап тұр. Тіпті кейбір азаматтар осы көтеріліс туралы қисынсыз ғылыми немесе танымдық мақалалар да жариялап үлгірген. Бұларда Алақ көтерілісін ұйымдастырған, тікелей басқарған, бұрынғы Өкпеті болысының болысы Жәкулә Күшіков делінген [3:195-201]. Ал шынына келгенде Алақ көтерілісінің Жәкулә Күшіковке ешқандай да қатысы жоқ. 1928 жылы Жәкулә Күшіковтің мал-мүлкі ірі бай ретінде тәркіленіп, өзі жанұясымен Сырдария округіне жер аударылады [4]. Ол 1930 жылы Әулиеата жақтан еліне рұқсатсыз оралып, жанұясын, туыстарын алып сол жылдың жазында Қытайға өтіп кетуді ойластырады. Әулиеата жақтан қайтып келе жатып Жәкулә өзінің бала кезден білетін және Омбыда бірге оқыған досы, Алаштың көрнекті қайраткері, ол кезде Семейде тұратын Ережеп Итпаевқа жолығады, одан кеңес сұрайды. Сол кездесуде олардың жандарында болған, Семейдің педтехникумында Жәкуләнің ұлы Мерғазымен бірге оқыған, кейіннен білім саласының ардагері болған Талғатбек Уәлханов өз көргені мен естігендерін айтып кеткен.Сонда Ережеп: «Осы большевиктің өкіметін жақтырмайтын қарсы адамның бірі мен болдым. Өзің білесің Қазақстанды тәуелсіз ел етпек болып, қазақтың оқыған зиялы азаматтары саяси ұйым – Алашорда партиясын құрдық. Недәуір әскери жасақ ұйымдастырып, қарулы шайқас та жасадық. Бірақ, бәрібір жеңіліске ұшырадық. Ақыры Алаш басшылары бас сауғалап жан-жаққа бытырап кетті. Соның бірі мен – міне Семейге келіп, осы өкіметке еріксіз қызмет етіп отырмын. Қазіргі жер-жердегі бас көтерулердің бұл өкіметті құлатуға шамасы келмейді. Сен бұл өкіметке керек адамсың, сондықтан жіберген жеріне қайта барып, жұмысыңды істеп, әліптің артын бақ» дейді. Ол жерде Жәкулә нақтылы шешімін айтпай: «жағдайға қарай көрермін деп, жазғы демалысқа шыққан баласын ертіп елге қайтып кетті» делініпті [5; 72-73].
Шекарадан өтерде Қайрақты өзенінің бойында қонып жатқан Жәкуләларға шекараны бойлап, сүзіп жүрген Шифициннің отряды тұтқиылдан шабуыл жасайды да, біраз адамдарын қолға түсіреді, олардың ішінде Жәкуләнің әйелі Ырқия, жалғыз ұлы Мерғазы және төрт-бес жас шамасындағы қызы Әсия болады. Жәкулә, ішінде сыбан елінен келген атақты мерген, кереметтей әнші Садықанның Шәрібі бар біраз адамдарымен Қытай жақ бетке өтіп үлгіреді. Сол қақтығыста Садықанның Шәрібі пулеметшіні атып түсірді деп ел айтатын.
Ал 1931 жылғы тамыздағы болған Алақ көтерілісін 1930 жылы жазда Қытайға өтіп кеткен Жәкулә Күшіков басқарды деу мүлде қисынысыз және оның қалай болғанын жергілікті халық жақсы білген, әлі де білетіндер баршылық. Егер шынында да сол көтерілісті Жәкулә Күшіков басқарса, оның атын М.Тунев өзінің жоғарыда көрсетілген «В урочище Алак» очеркінде де айтар еді. Бірақ мұнда ол туралы бір ауыз да сөз жоқ. Сол сияқты, біздер 2013 жылы Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығы атынан Шығыс Қазақстан облыстық ұлттық қауіпсіздік басқармасына Жәкулә Күшіковтың Алаш пен Алашордаға және 1931 жылғы Алақ көтерілісіне қаншалықты қатысының барлығына байланысты сұрау жасадық. Бізге берілген жауапта оның 1928 жылы бай-кулак ретінде жер аударылғандығы, Алашордаға және 1931 жылғы Алақ көтерілісіне ешқандай да қатысының жоқ екендігі, оның есесіне онда Жәкуләнің немере інісі Әбілмәжін Күшіковтың «Қапланбек Алашордашылары» астыртын ұйымына қатысты айыпталғаны көрсетілген. Жәкулә Күшіков өз заманының озық тұлғаларының бірі болған адам. Оның былай да жағымды істері халықтың жадында сақталған.
Халықта біздің қазіргі жағдайды білдіретіндей «Ештен де, кеш жақсы» деген танымал, өкінішке жақын сөз бар. Еліміз үкіметінің бүгіндері жазықсыз жазаланып, аттары тылсымға кеткендерді жарыққа шығару бойынша бастаған іс-шараларын мейілінше құптаймыз.
Мұхтарбек Каримов
Семей қаласының Шәкәрім университетінің профессоры, т.ғ.к.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Қарпық Егізбай. Тағлым. Семей, 2001.
- М.Тунев.В урочище Алак//Чекисты Казахстана. Алматы, 1971.
- Алақ көтерілісінің арысы//Жәкула болыс. Алматы, 2013.
- ЦДНИ ВКО, Ф.74, Оп.3, д.9, л.л.312 – 314.
- Мәмірсана Қабышұлы. Естігенім, көргенім, білгенім. Семей, 2012.
Дереккөз: «XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін: себептері және салдары»тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференциясының баяндамалар жинағы – Семей қаласы, 2021. 27-30 бб.