Жетісу өңіріндегі босқыншылықтың кейбір аспектілері
Мәселе түсініктірек болу үшін, алдымен үдіре көшіп босқын болу қай кезден басталғанына тоқтала кеткеніміз жөн.
1860 жылдардың аяғына қарай Ресей империясы Жетісу өңірін жаулап алған болатын. Жетісу жеріндегі өз билігін күшейту үшін патша үкіметі алдымен бұл өлкеге әскер кіргізіп Сергиополь, Қапал, Лепсі сияқты бекіністер сала бастады. 1854 жылы көне Алматы қаласының жанына Верный бекінісі салынып, онда Сібір казак-орыстары мен орыс шаруалары қоныстандырылды. Ал 1957 аталған бекініске қала мәртебесі беріледі. 1867 жылы Жетісу облысында Ресей отарлық жүйенің әкімшілігі құрылып, орталығы Верный болады да, ол Түркістан генерал-губернаторлығына қарады. Түркістан генерал-губернаторлығы 1867 жылы құрылған еді, ал 1868 жылы Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтары құрылды. 1882 жылы енгізілген әкімшілік өзгерістерге байланысты Жетісу облысы Дала генерал-губернаторлығының құрамына еніп, 1897 жылы қайтадан Түркістан генерал-губернаторлығына берілді.
1871 жылы Жетісу облысының алғашқы Әскери губернаторы генерал Г. Колпаковский бастаған әскерлері Қытайдың Іле аймағын (Іле сұлтандығын) жаулап алады. Оның орталығы Құлжа қаласы болатын. 1881 жылғы 12 ақпандағы Ресей мен Қытайдың арасында Іле аймағындағы шекара мәселесін айқындау бойынша жасалған «Петербург шарты» негізінде Іле аймағы Қытайға қайтарылып беріледі. Бұл келісім бойынша екі жақтың шекарасын айқындау шаралары 1882-1884 жылдары жүргізіледі. Шекараны айқындау барысында оған жақын орналасқан қазақтар мен қырғыздардың жерлері дұрыс бөлінбей, кезінде іргесі сөгілмей біртұтас өмір сүріп отырған халықтар мен олардың тарихи ата мекендері Ресей мен Қытай сияқты қос империяның аумағына бөлініске түсті.
Жетісулық қазақ-қырғыздардың қос империяның қыспағына түсіп, ары-бері амалсыз қоныс аударып мен босқыншылыққа ұшырауы 1881 жылы жасалған «Петербург шартынан» кейін 1882 жылдан басталған еді. Одан соң Жетісудың оңтүстік шығыс өңірінен үдіре көшіп қоныс аудару үнемі болып тұрған. Шекарада өту барысында қақтығыстар орын алып, қоныс аударғандар тарапынан адамдар шығынға да ұшырап тұрған. Осындай бір үдіре көшу 1884 жылы да болған екен. Ол туралы архив құжаттарында тарихи деректер тіркелген. Мысалы, Жетісу облысы Әскери губернаторының Дала генерал-губернаторына 1884 жылғы 4 қыркүйекте берген рапортында оларды Қалша Мүсірәліұлы деген кісі бастап жүргенін және Хәкімбек деген ақсақалдың ақыл-кеңес беріп отырғанын айтып былай дейді: «Консулдың хабарлауынша – қашқын-албандар, албандардың тұрған жерінен қайтып келгендер 30-ыншы тамыз бен 1 қыркүйекте Қайнақ аңғарында болған; оларға Хәкімбек деген шал ақыл-кеңес беріп отыр, оларға жетекшілік жасап жүрген Қалша. Қашқындар шамамен 1000 адам, олардың ересек-мықтылары шамамен 500, киіз үйлері жыртылған, бердеңке, мылтық, найза, қылыш, сондай-ақ ірі және ұсақ малдары бар» [1, 41-п.]. Одан ары қарай Әскери губернатор «Барлаушылардың айтуынша, қазақтар жергілікті бөлімше бастықтары подполковник Герасимов пен капитан Кашкаровқа шағымданады; әкімшілікке қатты ашынған және оларға қарсылық көрсетуге даяр, олар «бізді тек өлідей аласыңдар, тірідей берілмейміз деп отыр». Қашқындар қарауыл қойып, аттарын ерттеп ұстап отыр және ары қарай – Күнгеске кетуді ойластыруда. Жекеленген ақпаратқа қарағанда қазақтардың бір бөлігі 2 қыркүйекте Текес тауына қарай көше бастаған; қытайлар мүмкіндігінше жергілікті күш-құралдармен оларды елдің ішіне жібермей ұстап отыр»-деп жазады [1, 42- п.]. Бұл деректерде ақпараттарға қарағанда Қалша батыр Мүсірәліұлы қол жинаған және 47 олар орыс әскерлеріне өліспей біріспейміз деп қарсылық көрсете отырып шекарадан өткен. 1884 жылдың тамыз айының аяғы мен қыркүйек айының басында шекерадан өту барысында болған қақтығыста шекара бекеттеріндегі әскер 33 шаңырақты ұстаған, олардан 4600 қой, 303 жылқы, 350 сиыр және 26 түйе тәркіленіп алынған. Сонымен қатар, подполковник Сапожниковтың мәліметі бойынша Қытай аймағына 191 шаңырақ кеткен, оларды ұстау барысында шекарашылар жағынан бірнеше казак-орыс әскері жеңіл жараланған. Ал қоныс аудара көшкен елден 50-ге жуық адам өлтірілген [1, 41-п.].
Бұдан кейін де Жетісудың оңтүстік шығысынан әркез осылай амалсыз қоныс аударулар болып тұрған. 1890-шы жылдары, ХХ ғасырдың басында бірнеше рет орын алған. Одан кейінгі ірі босқыншылық, әрине Жетісудағы 1916 жылғы көтеріліс тұсында болды.
Көтеріліс Орталық Азия мен Қазақстанның әр өңірін қамтыған еді, оның ішінде Жетісу облысы көтерілістің ірі ошақтарының бірі болғаны белгілі.
1916 жылы 25 маусымда Ресей империясының отар аймақтарындағы бұратана халықтардан тылдың қара жұмысына адам алу туралы патша жарлығы шыққан болатын, бірақ бұл жарлық көтеріліске тек түрткі болды. Оның алғышарттарының негізгілеріне бірінші кезекте жер мәселесі кіреді. Сонымен қатар, отарлық жағдайда қанауға түскен елдің әл-ауқаты, экономикалық күйзеліс, саяси құқықсыздық, рухани отарлану т.б., мәселелер болатын.
Жарлыққа халық алғаш наразылық білдірді, кейін оның арты қарулы көтеріліске ұласты. Көтеріліске Жетісу өңірінің жергілікті халықтары қазақ пен қырғыз бірге шықты.
Әрине, көтеріліс отарлық билік тарапынан аяусыз басып-жанышталды. Оны басуға Түркістан генерал-губернаторының мәліметі бойынша қанша әскери күш пен халық жасақтары тартылғаны жөнінде «Жетісу» газетінде жарық көрген мақаламызда айтқан едік [2].
Жазалаушы әскер мен келімсек орыс шаруаларынан құрылған халық жасақтары қолдарында дұрыс қаруы да жоқ көтерілісшілерге қырғын салып ауылдарын талқандап, ошақтарын ойрандады, мал-мүлкін тартып алып талан-таражға салды. Алаш зиялысы Мұхаметжан Тынышпаевтың «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 254-ші санында берген мәліметтері бойынша қазақтар мен қырғыздардың 94 ауылы бүліншілікке ұшырады, соның ішінде 5373 үй өртеліп, 1905 адам өлді, 684-і жараланды, 1105 адам тұтқынға алынды. Жетісу облысының жергілікті халқының төрттен бір бөлігі, яғни шамамен 300 мың адам Қытай жеріне барып паналауға мәжбүр болды немесе қуып тасталынған [3].
Жазалаушылардың көтерілісті басу барысында жүргізген репрессиялық шараларына шыдамаған көтерілісші жетісулық қазақ пен қырғыз халықтары көршілес жатқан Қытай аумағына ауа көшуге мәжбүр болып босқыншылыққа ұшырады.
Туған жер, ескен өлкесін тастап кеткен босқындар Қытай елінен де береке таппай, көздерінен қанды жасы сорғалап жүріп елге қайтуды армандаған еді. Осындай аласапыран, аумалы-төкпелі заманда халқының көңіл-күйін деп басатын ақын-жыраулардың көкірегіне небір запыран жыр-өлеңдер құйылатыны белгілі. Соның бірін Жетісудың Қарқара өңіріндегі көтерілістің куәгері, молда Қойшыбай Қосалыұлының сол заманды бейнелеген «Мұң зарындағы» мына бір өлеңінен анық байқауға болады:
… Шақырған бері жүр деп бір адам жоқ
Жылаймын кемсеңдетіп иегімді.
Қайта айналып келетін заман қайда
Дәулет құс қолымдағы жіберілді.
Біздің жұрт баяғыдай болар ма екен…
Бірігіп Қарқараға қонар ма екен [4, 2-10 п.].
М.Тынышпаевтың «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 9 желтоқсандағы № 254 санындағы «Жетісу облысындағы босқын қырғыз-қазақ жайы» атты мақаласында былай деп жазады: «Қазақтың» 237-ші нөмірінде Қытайға босқан қырғыз-қазақтың саны 164 мың, қырылғаны 83 мың, Қытайда қалғаны 12 мың деп көрсетіліп еді. Енді бұл туралы анығырақ 48 есеп-қисап көрсетпекшіміз. Бұл төменгі көрсетілген есеп шын мөлшерінен аз болмаса, көп емес. Піспек, Пржевал уездерінен қашқанның бәрі қырғыз; Жаркент, Алматы уездерінен қашқанның бәрі қазақ (үйсіннің албаны)». Ары қарай Жетісудың осы төрт уезіне қарасты 44 болысты атап көрсетіп «Жоғарғы 44 болыс елде барлығы 47 мың 759 түтін бар, сонан қашқаны 40 мың 250 түтін, қырылғаны 95 мың 200 жан болады. Бұл есепке қарағанда бұл елдердің босқандарынан жартыға таяу адамы қырылған» [3] — деген деректерді айтады. Оның бұл айтқан деректері шындыққа жақын келеді деп ойлаймыз.
Жетісу облыстық Алаш комитетінің төрағасы И.Жайнақовтың 1919 жылы 17 наурызда өткен 3-ші Жетісу облыстық қазақ сьезінде жасаған баяндамасында: «…бұратаналарды қара жұмысқа шақыру туралы жарлыққа қарсылық барысында қазақтардың 15 мыңға жуық отбасы жойылып, 60 мыңнан астамы талқандалып олардың көпшілігі Қытай жеріне ауып кетті…»-деп көрсетеді [5, 38-39 пп.].
Қырғыз зиялыларының бірі Мәмбетәлі Мұраталинның 1920 жылдың 27 қаңтарында Түркістан Орталық Атқару Комитетінің Президиумына жазған хатында Ыстықкөл аймағындағы қырғыздар туралы мынадай деректер келтіреді: «…Жазалаушылардан өздерін құтқарып және малын сақтап қалу үшін Қытайға қашты. Пржевальск және Нарын уездерінен 27 000 үй, Тішпек пен Тоқмақтан 8 000 үй, Қапал, Жаркент, Верный уездерінен 10 000. Барлығы 45 000 үй. Қашу барысында біздің соңымызға жазалаушы әскермен қатар орыс шаруалары да түсті, Қытай шегіне дейін барлық мүлкіміздің 4/3 тартып алды, сонымен қатар олар көп адамды қырып кетті; Қытай аумағында Тянь-Шань тауларында малдың жем[1]шөбі, оттың және тамақтың болмауынан босқындар мен малдың жартысынан тағы қырылды. Құлжа жақ ауданында қалмақтар қарсы алып, босқындарды талан-таражға салып, көптеген әйелдер мен қыздарымызды тартып алды. Мал мен мүліктен айрылған босқындар енді өздерінің ұлдары мен әйелдерін болмашы бағаға 25-200 рубльге сата бастады. Осындай жолмен күн көріп тамақ тауып жеу үшін Шығыс (Қытай) Түркістанды қаңғып кетті. Шамамен барлығы 4 000 адам сатылды немесе тартып алынды.
1917 жылы Николай тақтан құлатылды және жалпыға бірдей азаматтық бостандық жарияланды және көтеріліс жасап айыпталған босқындар ақталды деген соң 40 000-ға жауық үй орыс аумағынндағы өз орындарына қайтып оралды, Қытай аумағында 5 000-ға жуық үй және 4 000-ға жуық адам қалды» [6, 10-п.]
Ел басына күн туған күрделі кезеңде қоян-қолтық бірлесе отырып іс атқарған ұлт зиялылары босқыншылыққа ұшыраған жетісулық қазақ пен қырғызды ажал тырнағынан арашалауға алғашқылардың бірі болып ұмтылған еді. «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 231 нөмірінде Алаш елін босқындарға араша түсуге шақырған Найманқожа баласының мақаласы жарияланады. Бұл мақалада 27 май 1917 ж. Құлжа қаласы деп көрсетіліп былай дейді: «Былтырғы 25 июнь жарлығы салдарынан Қытай жері Іле губерниясына (Құлжа сахарасына) Пржевал уезінен 9000 үй босып барған. Қашқар жағына бастығы Шабден балалары болып жиырманың ішінде болыс босып кеткен екен. Өзім 25 апрельде Қапалдан Құлжаға келіп едім. Құлжадағы көзім көрген босқын қырғыздардың халын газетке жазып, Алаш азаматтарына білдіруді борыш көрдім. Бұл Құлжа алабына босып келген қырғыздар орыс әскерінің талауынан қалған малдарын Қытай жеріне өткен соң, Қытай шерігі (әскері), қалмақ, Құлжа ақсақалы Нұр-Ахун, консул бәрі компания болып, орыс жеріне қайта айдаймыз деп, қорқытып, талап алған. Ақсақал қырғыздарға: бұл малдарың қолдарыңда тұрса, қытай кісілері талап алады. Менің атыма шығарып беріңдер, сақтап беремін» — деп қырғыздардың 9000 жылқысын Нұр-Ахун деген ақсақалдың Текеске қыркүйек айында айдатып жібергенін және ол жылқыдан да, Нұр — Ахуннан да дерек жоқ екенін айтады. Қытай жерінде жүріп не баспана, не тамақ пен киімнің жоқтығынан, жергілікті қазақтардан да дұрыс көмек болмағанын айтып: «Үй, тамақ, киім жоқ. Жергілікті қазақтар жәрдем, жылу сияқты нәрсені бермеген көрінеді. Аштықтан, суықтан босқын қырғыздардың жүзден 3 есенің екісі өлген» — дей келе босқындардың Қытай жерінде көріп жатқан қорлықтары туралы «…Бұл босқын қырғыздардың қатын-қыздарын Қытай солдаты, қытай, дүнген, қашқарлық сарт, қытай қазағы қатынданып алған. Қайсы бір байы тірі тәуір қатын-қызды 49 қытай солдаты тартып зорлық қылып алған. Құлжаның көшелерінде қырғыз тіленшілерінен кісі жүре алатын емес. Тіленшілік еткен қырғыз әйелдерінің киімдері тозғандықтан, құрым киізден денесін жабарлық лыпа жамылып жүр. Қырғыз халін көзімен көрген қазақ жігіті болса, шыдай алмайды, жылайды: қайсы біреулері көшеде шалқасынан жығылып өлейін деп жатқаны. Қайсы біреулері шаһардың тысында далада ауырып өлейін деп жатқаны»-деп олардың аянышты ахуалын баяндай отырып, босқындарға көмек ұйымдастыру керектігін көрсетіп «…Бәрі бір дін қандас осындай өліп жатқанда пайда тигізбегенде, қайда тигізбек керек еді» — деп жазады [7].
Аш-жалаңаш босқын елдің жай-күйінен хабар алған ұлт зиялылары белсенділік көрсетіп атқарған қайраткерлігінің арқасында «Босқын қырғыздарға жәрдем комитеті» құрылып, сол арқылы елден ақша жиып, басқада түрлі көмектер ұйымдастырыла бастайды. Ол туралы «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 3 маусымдағы санында ол Комитет мынадай мәлімет жариялайды: «…былтырдан бері 10 болыс қырғыз, орыс жерінде орыстан, қытай жерінде қытайдан таланып, Құлжа алабында топалаң тиген қойдай аштықтан қырылып жатқанын көріп, Құлжа исполнительный комитетінің председателі Ювашев мұсылманы бар қалаларға телеграмм соғып, білдіріп еді; мынадай жәрдемдер келді: Алматы қазақтарының комитетінен 10 000 сом, «Уақыт» басқармасынан 598 сом 22 тиын, Ырғыз уезі комитетінен 251 сом 65 тиын, Павлодар мұсылмандары комитетінен 275 сом, Ақтөбе мұсылмандары бюросынан 300 сом, Семей мұсылмандары комитетінен 1000 сом, Түркістаннан Нәсіровтан 100 сом, Омбы имамы Пономаревтан 117 сом, Троискіден Яушовтан 835 сом, Құлжа мұсылмандарынан 1240 сом, — бәрі 14 716 сом.». Осыдан кейін Ювашев деген азаматтың Құлжа мұсылмандарын жиып оларға босқындаға көмек ұйымдастыру туралы жасаған ұсынысы жөнінде «…енді жәрдем көрсетпей отырсақ – бүтін Россия мұсылмандарының алдында ұятты болармыз деп, аш қырғыздарға азық беру комитетін ашалық деді. Жиылған жұрт сарты, ноғайы бар, даяр екендігін білдіріп, 38 кісі ағза сайлап, «босқын қырғыздарға жәрдем комитетін» ашты. Председателі Ювашев, қазнашы Фетчалилин, хатшы Сабиров болды»-деп жазады [8]. Осы хабардан кейін Қытай еліндегі мұсылман қауымы да босқындарға көмек қолын соза бастайды.
Босқын болған қазақ пен қырғызға көмек ұйымдастыру ісі бергі жақта да белсенді түрде қолға алынып, қызу жұмыстар жүргізіледі. Алаш ардақтыларының бірі Міржақып Дулатұлы 1911 жылы қазақ қоғамын «ұйқыдан» оятуға шақырып отарлық езгіден құтылуға үндеп жазған «Оян қазақ» деп аталатын өлеңдер жинағының 1000 данадайын кезінде отаршыл үкіметтің жазалаушы органы жандармериядан жасырып қалғанын айтып, енді оны сатып ақшасын босқындарға көмекке аударатындығы туралы «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 11 маусымдағы санында «ОЯН ҚАЗАҚ!» (босқан қырғыз бауырларыма арнадым) атты мақаласында: «Оқушыларға мағлұм, «Оян қазақ» атты өлең кітабымды ескі үкімет шам көріп, «Қазақ оянып кетеді!» деп қорқып, 1911-нші жылы мені сотқа берді, сол себепті жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым. «Оян қазақ» халық арасына тарамасын деп, үкімет үкім салды. Сонан кейін, қолға түспеген 1000 дана шамалы «Оян қазақ» алты жылдан бері бір орында жасырынып жатыр еді. Енді, құдайға шүкір, азаттық таңы атты, ескі үкімет мүрдем кетті, шағымшыл «бауырларымыздың» да көзі жоғалды. Жауыз үкіметтің жауыздығымен былтырғы 25-нші июнь жарлығы тақырыпты қазақ халқы қан жылады, бәрімізден артығырақ қырғыз бауырларымыз қырғынға ұшырады. Күні бүгінге шейін сол қырғыз бауырларымыздан көп ел Қытай жерінде босқындықта, ашаршылықта, қырғында. Жас балаларын бір шелек бидайға, бір тоятын тамаққа сатып, қатын-қыздарын бір қойдың пұлына айырбастап, естиярлары мойындарына дорба салып, тіленші болып кеткендігі мағлұм болып тұр. Сондықтан сақтаулы мың дана «Оян қазақтың» ақшасын әлгі босқында жүрген жетім-жесірлердің пайдасына бағыштадым. Бұрынғы құны 20 тиын еді, енді бұл мұндай қайырлы іске жұмсалатын болған соң, алушыларға бағасы 50 тиын болсын деп мөлшерледім, пошта хақы кітап басы 2 тиын. Скидка жоқ. Бір кісіге 50 кітаптан кем сатылмайды. Ақшасы төменгі адрес бойынша күні бұрын жіберу керек. Бұлай деуімнің себебі – тезірек етіп, ақшасы ашаршылықтағы бишараларға тезірек тапсырылсын деген. 50 Мың дана кітап тез сатылса, сонан өнген 500 сом шамалы ақша, көп пұл болмаса да, ел-жұрт, жер-су, мал-мүлкінен айрылып, бұл күнде бір тілім нанға зар болып тұрған сорлыларға аз да болса қорек болар еді. Бұл бишара бауырларымызды ескеру, өлімнен-қырғыннан құтқару алаш азаматының адамшылық борышы! «Оян қазақты!» жоғарғы шартпен алдыруға талабы бар, сорлы болған бауырларына жаны ашыѓан азаматтар мына адрестегі Жұмағали Тілеулиннен алдырсын, адресі: г. Петропавловск, Акмол. Обл., уездная больница, фельдшеру Джумагалию Тлеулину.» — деп жазады [9].
Ал кейінірек М.Дулатұлы «Мадияр» деген бүркеншік атпен 1918 жылғы «Сарыарқа» газетінде «Аш-жалаңаш қазақ-қырғызға жылу жинайтын комитет ашылғандығын» жазып, 1916 көттерілістен кейін ауыр жағдайға тап болып, босқын күй кешкен, аштықтың азабын тарқан жетісулық қазақ-қырғызға қол ұшын беруге шақырып: «…Атқа мінген азамат сендерге ЕЛ керек болса, ЖҰРТ керек болса, басшылық қылып АЛАШТЫ аман сақтау қамына кірісіңдер! – Намыстан АЛАШ! Жігерлен АЛАШ! Тас бауыр болма АЛАШ!» деп үндеу жариялаған [10].
Осылайша ұлт зиялылары босқыншылыққа ұшырап, тағдыры тәлкекке түскен бауырларын құтқару мақсатында елдік дәстүрді есте ұстап, бүкіл елді босқындарға көмек көрсетуге шақырады. Осы мақсатта «АЛАШ АЗАМАТТАРЫНА» атты үндеу жазып, ол үндеуді 11 маусымдағы «Қазақ» газетінде жариялайды [11].
Босқыншылыққа ұшыраған қазақ пен қырғызға көмек көрсеткендердің ішінде Торғай өңіріндегі 1916 жылғы көтерілістің жетекшілері Әбдіғапар Жанбосынов және сардарбек Амангелді Иманов, сонымен қатар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар бастаған бір топ алаш зиялылары т.б. бар еді. Олар туралы «Қазақ» газетінде жарық көрген Жәрдем комитетінің мәліметінде: «Әлихан Бөкейханов 100 сом, Ахмет Байтұрсынов 30 сом, Сейдәзім Кәдірбаев 25 сом, Имам Әлімбеков 5 сом, Жанұзақ Жәнібеков 3 сом, Ахмет Мәметов 3 сом. Барлығы 166 сом. Әбдіғапар Жанбосынов пен Амангелді екеуі 25 сом. Қалдыбай Ғабдалин 3 сом, Ғабділмәжит Мұқашев, Қази Абаев 1 сомнан. 1-ші ауыл болысының граждандарының фельдшері Құрманғалиев һәм Якуда Ақтаевтардың дәулеті бойынша жиылған 300 сом. Ақбұлақта қазақ моллаларының сиезінде Имам Ғабдалрахман Мұртазин арқылы 200 сом. Мұхамедзариф Сыдықов 20 сом, Оразымбет, Нәуен, Бейсемұрат 5 сом. Барлығы 621 сом. Бұрынғыларымен 976 сом 83 тиын. Басқарма – 1 июньде 22 номерлі расписка алынып телеграфпен 800 сом Құлжадағы комитет басы Ювашевқа жіберілді.» — деп көрсетіледі [12].
Ал Жетісу облыстық қазақ комитетінің төрағасы Ибраһим Жайнақов пен қырғыз зиялысы Қасымбай Телтаев кездескен қиындықтарға қарамастан босқыншылықпен қатар аштыққа ұшыраған Ыстықкөл өңірінің қырғыздарына ат арбалармен бірнеше рет азық-түлік жеткізіп, басқада көптеген көмектер көрсетеді. Көрсеткен көмектері үшін И.Жайнақовқа кырғыз зиялысы Ишанғали Арабаев (қырғыз алфавитінің негізін қалаған қайраткер) «Қазақ» газеті арқылы «Бишара қырғыз бауырдарыңды ұмытпаңдар» атты жолдаған хатында «Тәңір жарылқасын» айтып, алғыс білдіріп былай дейді: «…Бұл жақтағы босқын бейшаралардың халін алыстан жылап, Алаш деп аяныш күйімізге харекет қылып жатқан облыстағы алтын таяғымыз Ибраһим мырза Жайнақовқа біз Пржевал қырғыздары жаралы жүрегімізден тәңірі жарылғасын айтамыз һәм бүкіл киіз туырлықты қазақ баласынан бишара болған біз байғұстарға талай Жайнақовтар шығар деп үміт етіп, өлім халінде қолымызды бұлғап, көзімізбен ишара қылып, жәрдем сұраймыз! Комитет бастығы Ишанғали Арабаев» [13].
Жетісу өңірінде ХІХ ғасырдың 80-ші жылдары басталған босқыншылық 1916 жылғы көтеріліс тұсында, одан кейін өңірде Совет өкіметі орнаған соң да жалғасты. 1918-1920 жылдары большивиктік билік қожалық етіп халыққа көрсеткен қиянатынан тағы біраз халық, оның ішінде ұйғыр, орыс ұлтының өкілдері де Қытайға қоныс аударуға мәжбүр болған.
Ал 1930 жылдары совет өкіметінің жүргізген әлеуметтік-саяси реформаларына, тәркілеуге (конфискацияға), байларды тап ретінде жою, т.б. саясаттарына қарсылық жасап 51 көтеріліске шыққандар, көтеріліс басып-жаншылған соң олардың жетекшілерінің бірқатары тұтқындалып, ал тұтқыннан аман қалғандары соңынан ерген халықпен бірге амалсыз Қытайға қоныс аударған. Осы тұста орын алған алапат аштықтан жан сақтау үшін халық тағы босқын болып Қытайға, т.б. жақтарға кеткен. Халықтың бірталай бөлігі Қырғызстанға қоныс аударған. Олардың барлығы сол кездегі деректерде «көшіп кетушілер» («откочевники»), «аш босқындар» («голодабеженцы») деп кезедседі. Бұл жай көшіп кету емес, халықтың босқыншылыққа ұшырауының келесі бір кезеңі еді.
Сондықтан қорыта келе айтарымыз, Ресей империясының отарлығы кезеңінде орын алған босқыншылықтың советтік кезеңде жалғасуы мәселелерін тарихи сабақтастық тұрғысынан қарастырып, оған методологиялық акценттерді дұрыс қойғанымыз абзал.
Шамек Тілеубаев,
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері,
ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к.
Пайдаланылған деректер тізімі:
- ҚР Орталық Мемлекеттік архиві (бұдан кейінгі жерде ҚР ОМА). 44-қор, 1-тізбе, 40769-іс.
- Ш.Тілеубаев Жетісудағы ашаршылық: Міржақып Дулатұлы қалдырған деректер //Jetisu, 15.05.2021. № 51; https://7-su.kz/news/cat-4/11035/).
- Тынышпаев М. Жетісу облысындағы босқын қырғыз-қазақ жайы. // «Қазақ» газеті, 1917. — № 254.
- ҚР ОМА. — 427-қор, 1-тізбе, 166-іс.
- Ресей Федерациясының Мемлекеттік архиві. — 1701-қор, 1-тізбе, 35-іс.
- Өзбекстан Республикасының Орталық Мемлекеттік архиві. Р-17-қор, 1-тізбе, 236-іс.
- А.Найманқожа баласы. Босқын қырғыз жай-күйі // Қазақ. 1917. — № 231.
- Босқын қырғыздарға жәрдем комитеті // «Қазақ» газеті, 1917. — № 232.
- Дулатұлы М. Оян қазақ! // «Қазақ» газеті, 1917. — № 233.
- Дулатұлы М. Аш-жалаңаш қазақ-қырғызға жылу жинайтын комитет ашылғанды // «Сарыарқа» газеті, 1918. – 33.
- Алаш азаматтарына // «Қазақ» газеті, 1917. — № 233.
- Жәрдем комитетінің мәліметі // «Қазақ» газеті, 1917. — № 233.
- Арабаев И.Бишара қырғыз бауырдарыңды ұмытпаңдар // «Қазақ» газеті, — № 23.
Дереккөз: «XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін: себептері және салдары» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференциясының баяндамалар жинағы – Семей қаласы, 2021. 46-51 бб.