А.Байтұрсынұлы: Аштықтан адам хайуаннан да жаман болып кетті
Ұлттың рухани көсемі, Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі Ахмет Байтұрсынұлы 1922 жылғы «Қазақ календарына» жазған «Тәні саудың — жаны сау» атты мақаласында: «Мастық не дегізбейді, аштық не жегізбейді» деген қазақта мақал бар. Өткен қыс аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті. Мұның бəрі аштық əсерінен адамның есі шығып, ақылы қалмайтынын көрсетті. Аштық ақылын алмаса, адам аң жесіне жетіп, хайуандықтан да асып, бірін-бірі жер ме еді? Анасы баласын жеуге келгенде, ол анада ақылдан түк қалды деуге болар ма?
Міне, тəн сау болса, жан да сау болатындықтың сипаты. Аштықтан адамның тəні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті» деп, ашаршылыықтың адам жанының азуына да алып келетін кесапатын тілге тиек етеді.
Деректерге сүйенсек, 1919-1922 жж. аралығындағы ашаршылықтан халқымыздың 20 пайызы, яғни, бір миллионнан астам адам аштық зардабын шегіп, көз жұмған.