Тоқсаннан асқан Айшагүл Атақұлова кейуанамен сұхбат
– Апа, сұхбатыңызды өзіңіздің аты-жөніңіз, туған жылыңыздан бас тап айтсаңыз?
– Менің аты-жөнім – Айшагүл, әкемнің аты – Атамқұл. Мен қазір тоқсаннан астым, қай жылы дүниеге келгенімді өздерің есептей беріңдер.
– Ашаршылық жылдары қай ауылда тұрдыңыздар, әке-шешеңіз қандай жұмыс істеді?
– Есімде қалғаны біздің елге аштық келген кезде жасым сегіз-тоғызда болуы керек. Ауыл деген аты болмаса, бар болғаны 5-6 ғана үй болды. Бұл қазіргі Ақтебе (бұрынғы «Коммунизм» совхозы) жерінде орналасқан еді.
Әкем мал бақты, шешеміз күні бойы бидайық деген дәні бар шөптің қауызын ашып келіге түйіп, елеп, үрлеп қол диірменге тартып, оттың шоғына көміп кішкентай қол басындай күлше пісіріп беретін. Апыл-ғұпыл асап жей бастағанымда «асықпа, шайнап же, ешкім көріп қоймасын» деп, ескі қаудыр тонды үстіме жауып қоятын. Күні бойы дамыл таппай жүріп, қанша ашықса да жалғыз күлшенің шетінен сындырып қана аузына салатын. Қайран шешем, баласының қамын ойлап кеңірдегінен өтпей маған бергеніне, сол кезде аса мән бермеген екенмін. «Әкең ертең келеді, бүгін кешке қарай келеді, талқан, ұн әкеледі» деп күнде емексітіп жатқызатын. Әйтеуір, неге екенін білмеймін, қара шойын қазанға қара суды қайната беретін. Бетінің екі жағына пышақ жанығандай боп арықтаған шешемнің мені сипап, мейірімін төге отырып: «Е, Алла жақсылығыңды, амандығынды бере гөр, жарық сәуеңді төге гөр» деп кұдайға жалынған сөздері санамда қалыпты. Ескі жүнді сабап түтетін тері тулақты шетінен бірнеше жапырақ кесіп алып қазанға салып буын шығарып отыратын. Әжептеуір иісі шығып үйдің ішіне тарайды. Үй дейтін үй қайда, бауланған қамыстың бір құлаштай жерін жерге көміп, тікірейтіп, жапсырма- лап қиялау жерден қазған күркенің сыртына сиырдың қиымен араластырып иленген балшықпен сыланған қамзау қалқа. Күздің қара суығынан жаурамауға көп көмек. Пештің өзін жарқабақтан ойып, түтін шығатын мұржасын ін сияқты етіп тесіп қойған. Бір жақсысы, жалпылдақ қамыс жақсаңда тез жылиды. Сол жылғы ашаршылықтың белгісі күздің соңын ала бере басталды-ау деймін. Қандай ауру екені белгісіз қолда бар мал қырыла бастады. Әкем күндіз-түні далада, малдың басында жүрді. Келген сайын қабағы салыңқы. Біресе малды қасқыр тартыпты десе, кейде арам өліп қалыпты деп келеді. Алғашында «ақ адал малымыз ғой, бауыздап алдым» деп әкелген етін көрші- қолаң ағайындарға үлестіретін. Бара-бара ол да бітті. Күнде «әкең көріне ме, қарашы» деп шешем күркенің төбесіне көтеріп шығарады. Сорайған сексеуіл, қарайған жыңғыл, не болса сол көзіме адам сияқты көрініп әкемнің бейнесіне ұқсайды. Шешемнің қайдан табатыны белгісіз бір күлше бидайық нан, бір күндік асымыз болды. Бір күні түнімен қалжырап ұйықтап, ертеңінде анамның беймаза даусынан ояндым.
– Жеңеше, баланы шошытасыз қой, жоқ ешнәрсе, қүдай куә, болса отырамыз ба, енді қайтеміз қайныңыз әлі келген жоқ. Шойын жолдың бойындағы ауылға жетуге жолда үсіп өлеміз ғой, – деген сөздерін естіген соң үстіме жапқан шапанның шетінен сығалап қарасам, кезінде «Нар апа» атанған кемпір отыр екен. Оның шегіп, бір уыс болып бүкірейген, әлем-жәлем боп айғызданған түрінің өзі адам шошытарлық еді. Орнымнан тұрып амандасқаным сол еді, сөйлей жөнелді:
– Қарағым-ай, қандай заманға тап келдіңдер, біздің үйдегілердің бәрі оянбай қалды ғой, жарығым-ай! Бұл құдайға не жазып едік, – деп зарлап мені бауырына басып солқылдап кеп жылады. Шешем де құшақтап көз жасына ерік берді. Мен адамның көз жасының сұп-суық болатынын сонда ғана сездім. Аталас ағайын боп келетін Нар апаның бір үйлі жаны: бала-шағасы, қарт енесі, үш немересі үйлерінен шыға алмай бір түнде аштықтан қырылып қалғанын, кейін есім кіре бастағанда түйсіндім. Сол сұмдық көріністі осыншама жасқа келгенше ұмыта алмаймын, тіпті, түсіме де кіреді. Кейін анам аштықтан құрбан болған ағайын-туыстардың рухына құран бағыштап отырушы еді.
– Балам, сен нәубет, жұт, ашаршылық туралы сұраған соң есімде қалғандарын айтып отырғаным ғой.
– Малдан айырылған соң, әкеңіз далада бала-шағасына азық болатын бірдемелерді іздеп жүрген шығар?
– Иә, солай. Әйтеуір, аштықтан өлмеудің қамын ойлап аяғы жеткен жерге дейін барып жүрді ғой. Күнде кешке қарай әкеміздің аман келуін тілеп жаратқанға жалбарынып жатамыз. Шешем екеуміз күні бойы төңіректі шолып, арқалап отын әкелеміз. Оның өзін әупірімдеп екі-үш рет демалып, біресе сүйреп, біресе бөліп тасып жеткіземіз. Білесің бе, қарағым, ашыққан адам көзіне не көрінсе, соны жеуге болар ма екен деп ойлап тұрады. Сексеуіл шырпысының дәнін қуырып, диірменге тартып ұн жасасақ деп те көрдік.
Кермек дәмі қышқыл ішегімізді жарып кетер деп сақтанып, анам одан бас тартты. Біздің үйімізге ұқсаған күркешіктердің мұржа тесігінен түтін шықпағандарының тұсынан өткенде, шешем бетін сипап өзінше күбірлеп дұға қылады. Адам шықпаған үйдің маңының өзі, онда тіршілік белгісі жоқ екенін білдіріп тұрады. Бұл үйлерге кірмей, сыртынан айналып өтеміз. Құдай басқа салмасын, ең қорқынышты мезгіл түн ғой. Жаман лашық үйіміздің ішінен сексеуілдің жігерінен жасаған белдеу – тоспамен бекітіп жатамыз. Сағындырған күндердің бірінде әкеміз түнде келді. Бізді шошиды деп, мұржаның түбіне арқасын тіреп таңның атысын күткен ғой. Өз әкемді тек қимыл қозғалысы мен нобайынан ғана таныдым. Сақал-мұрты қауғадай боп өскен, қиналғаны айтпай-ақ көрініп тұрды. Арқасындағы дорбамен екі-үш қоян, қос уыс тұз, кішігірім тостаған толатын жүгерінің талқанын әкелгені, бізге дүниедегі бар нәрсені көшіріп келгендей көрінді. Сол күні бала болсам да есімде өшпестей із қалды, бәрі күні бүгінге дейін көз алдымда… Қоян сорпасын ішіп, тіпті, етімен қоса сүйегін де қалдырмай жедік. Бәрінен бұрын бүрісіп, тың тыңдап, тырс еткен дыбыстан үркіп жататынымыз естен шығып кетті. Тамаққа тойып алып әкем мен шешемнің құшағында ессіз күйде рақаттана ұйықтағанымды білемін. Сол жылы қар қалың түсті. Әкем үйде шешемді қалдырып:
– Сен қозғалма, күш жина, мына қарда алысқа бара алмаймыз, – деп мені ертіп тұзақ, қақпан құруға алып шығады. Біраз жүріп қоянның ізіне тұзақ құрып бір-екі қақпанды реттегенше, тұзаққа шиқылдап қояндар түсіп жатады. Әкемнің «биыл қоян жылы ғой, қоян көп» дегені есімде қалыпты…
Ұмытпасам, 1930-1931 жылдың қысы болуы керек. Өйткені, қыс өте суық болды. Ауылдың көнекөз қариялары қоян жылы қар қалың жауып, аязды күндер көп болады деп айтып отырушы еді.
– Апа, сонда жан-жақтарыңызда ел болмағаны ма?
– Ойбу, қарағым-ау, біздің тұрған жеріміз Шу стансасынан 50-60 шақырымдай қашықтықта жатты ғой. Жан-жағымыз қалың сексеуіл жаяу жете алмайсың, көлігі барлар қамданып ертеректе кетіп қалған. «Өкімет өлтірмейді, келіп кемек береді» деген қауесетке, қолдағы бар азын-аулақ малға сеніп қалғандар ғой. Ауылдан төрт-бес үй ғана «ертең, бүрсігүні көшеміз» деп орындарында қалып қойды. Оның үстіне қазіргідей техника жоқ, белуардан келетін қарды ашатын күш қайдан болсын.
Етті жей берсең, тісіңнің түбі ісіп босай бастайды. Тізеге келетіндей болып өсетін қурай секілді қарандыз деген шөп болады. Соның сабағын саусақтың көлеміндей қылып кертіп, кесіп аузыңа салып шайнайсың. Бірер сағаттан соң сыздаған иегің басылып қалпына келеді. Содан әкем аулап келген бірер аптаға жететін қоян, қырғауылды бізге тастап, отынға деп сексеуілді сындырып, іргеге жинап беріп «құдай жар болса, үш-төрт күнде келіп қалармын, сендер тырп етпеңдер» деп жолаушылап кетті. Қайда кеткенін біз білмейміз, тек өзіне ғана белгілі. Екі көзіміз төрт болып күнде күтеміз. Бірнеше аптаға созылды, ешқандай хабар жоқ. Күнде күнұзақ әбден жаурап қалтырағанша үйдің төбесінде қарауыл қараймын. Бір күні алыстан «айт, шу» деген дауысты естіп, аттылы шананың қарайып жақындағанын байқадым. Қуанғанда адамның даусы да шықпай қалады екен. «Апа» дегенге тілім әзер келді.
– Олар кімдер боп шықты?
– Шанаға жеккен аттары жер тарпып, омбы қарды қақ жарып келген кісілер – ауданнан елдің тұрмыс-тіршілігін көруге шыққан өкіметтің уәкілдері екен. Жағдайымызды көрген уәкілдер аты-жөнімізді қағазға хаттап, бірге келген дәрігер тамырымызды өлшеді, аузымызды ашып, көзімізге үңіліп бастарын шайқады. Содан соң біраз дәрі-дәрмек пен бір-екі аптаға жететін тамақ үлестірді. Мен қазір тоқсаннан астым. Сондағы жеген қара нанның дәмі таңдайымда әлі түр.
– Абайлаңдар, аш өзектеріңе түсіп кетпесін, – деді солардың ішіндегі біреуі. Суға шылаған талқанды асықпай жегізіп біраз отырған соң, келген өкілдердің бастығы болуы керек, апамнан:
– Бұл ауылда қанша үй бар, онда кімдер тұрады? – деп сұрады.
– Үйден шықпағанымызға айға жуық уақыт болды, өзіміз де аштықтан қалтырап отырмыз, бұл үйлердегі адамдар тірі ме, өлі ме білмейміз, – деді шешем.
Біздің ылғи от жағып, түтін шығарып отырғанымыздың пайдасы тиді, келген кісілер алыстан байқап бұрылған екен. Апам сыртқа шыққан уәкілдерге қар басып томпайған үйлерді көрсетті. Қардың астында қалған үйлердің ішінде қаншама адамдардың мәйіттері жатқанын олар білді ғой. Бірақ, не істей алады? Міне, қарағым, осындай сұмдықтардың талайын көрдік қой.
– Алдымыздағы ауылдарды аралап қайтамыз, бір-екі күнде орталықтан күш-көлік жібереміз, – деп билік өкілдері аттанды. «Үмітсіз шайтан» демекші, үміт деген қандай, шіркін! Өлмейтінімізге көзіміз жетті. Өкімет адамдары біздің хал-жағдайымызды біліп, есепке алғанына қатты қуандық. Апамның буындары, аяқ-қолдары қақсап, сыртылдап әзер қимылдайды. Отырса да, тұрса да тәңірге жалбарынады. Оның сөздерінің бәрін қайталап айтып, мен де жаттап алдым.
Құдай жарылқап, көп уақыт оздырмай әкем де келді. Бізді бас салып еңкілдеп жылағанда, әкемізді өзіміз әрең жұбатып алдық. Әкемнің соншалықты қайғырып, жылағанын кейінірек түсіндім. Алапат ашаршылықтың салдарынан қырық үйлі ауылдан бес-алты адам ғана тірі қалған. Бізге жақын ағайын боп келетін Нар апаның бала-шағасы сияқты, ауылдың адамдары жаппай бір күнде, бір түнде үйінен шыға алмай қырылып жатты. Мұндай сұмдықты бұрын кім көрген? «Жоқшылық пен жұт жеті ағайынды» деп қазақ тегін айтпаған ғой. Тойып тамақ ішпеген соң аурудың неше атасы шығады екен. Сүзек деген қасірет елді жайлап алды. Осы аурудың кесірінен бір-ақ күнде бір үйлі жанның опат болғанын көрдік.
– Бір айға жуық үйден кеткен әкеңіз қайда болыпты?
– Әкем ауылдан кеткенде Меркідегі туыстарымызға барған. Кім болса да басына күн түскенде жақын туысқанын, сәлемі түзу ағайынын сағалайды ғой. Ол жақта да елдің жағдайы ауыр екен, көбісі күнкөрістің қамымен қырғыз еліне босып кеткен. Жалданып малын бағып, кун көретін бұрынғы байлар жоқ. Бәрін жаңа өкімет құртқан. Кімнің қолында малы бар, бай деп, кедей деп қарап жатпай, тігерге тұяқ қалдырмай биліктің өкілдері сыпырып алған бір үзім нан тауып жей алмай өліп жатқан адамдар да есеп жоқ. Өз бауырын дұрыстап көме алмағандар, кейін бірдеме қылармыз деген оймен, шұңқырлау жерге бетін жаба салатын болған. Әкем жол-жөнекей небір сұмдықтарды көріп келе жатып, Қорағаты өзенінің жағасында саршұнақты пісіріп отырған бір топ адамның үстінен түседі. От жағып, қаумалап отырған топқа сәлем беріп, жолаушы екенін айтып жөн сұрасады. Солардың арасындағы мосқал үлкен кісі әкемді оңаша шақырып алып:
– Қарағым, екі бетің қып-қызыл, тың екенсің, аналар мерт қылып жүрмесін, сені жеп қоюы мүмкін. Тезірек, бұл жерден қашып кет, – деп сыбырлаған. Сонда әкем шапанының екі етегін беліне қыстырып, қолқылдақ етігінің қонышын жіппен буып, алды-артына қарамай зымыраған ғой. «Жан деген тәтті екен, бес-алты шақырымдай артыма бұрылмай ұштым. Көретін жарығым шығар, осы халге жеткеніме, тағдырыма Алла тағаланың көмектескеніне шүкірлшілік етемін» деп әкем айтып отыратын. Шешем сол қалың қыста жөтел ауруына ұшырап, қиналып әбден азап көрді. Тәуіпке де, әртүрлі емшілерге де қаралып, олардың ем болады дегендерін ішіп емделді, бірақ ешқандай көмек болмады. Әруағыңнан айналайын, қайран апам келесі жылы бұл дүниеден озды.
… Мен бой түзеп өсе бастаған жыл – соғысқа тап келді. Несін айтасың, қырғын соғыс жылдары да ешкімнің өмірі мәз болған жоқ. Тойып тамақ іше алмадық, бүтін киім кию дегенді өңімізде түгілі, түсімізде көрмедік. Он тоғыз жасымда әкемнің ұйғаруымен соғыстан екі көзі әзиз боп келген аталарыңа тұмысқа шықтым. Ел ішінде біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жаттық. Заман бірте-бірте түзелді. Құдайдың берген екі ұл, екі қызын өмірге әкелдім.
Е, қарақтарым, менің көргенімді құдай сендерге көрсетпесін. Зұлмат замынның запыранын көрудей кердік. Соғыстан келгендердің кейбіреуін сатқын болған деп, қайтадан соттап жіберді. Бір қайнағам сотталып кетті. Қандай кінәсі бар екенін ешкім білмейді. Адам өлмеген соң көресіңді көріп, машақатын да, рақатын да басынан кешіреді екен.
– Апа, бізге уақыт беліп сұхбат бергеніңіз үшін, өміріңіздің қиын да қызықты сәттерінен сыр шерткеніңіз үшін көп рақмет! Арамызда осылай жүре беріңіз, деніңіз сау болсын, ауырмаңыз!
Сұхбат жургізген: Несіпхан Қоңырбаев,
Жамбыл облыстық «Арай» газетінің тілшісі.