Ахмет Байтұрсынов туралы көркем фильм түсіріліп жатыр
Алматыда көрнекті қоғам қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы кино түсіріліп жатыр. Көркем фильм «Соңғы үкім» деп аталады. Келесі жылы елде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Картина осы орайда экранға шығады.
Фильмнің алғашқы эпизодтары бұрынғы тергеу изоляторында түсірілді. Картинаның авторлары Ахмет Байтұрсынұлының өмірін толықтай қамтуды көздеп отыр. Ұлт ұстазы 1929 жылы «Алаш» қозғалысы қайраткерлерімен бірге Алматыда тұтқынға алынады. Кейін оны Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтеді. Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалымның ролін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды сомдайды.
Азамат Сатыбалды, актер:
— Сол алашордалықтардың кезіндегі жасаған әрекеттерінің барлығы қазір іздеген сайын, оқыған сайын, білген сайын сондай заманда, сондай ерлік жасау өзінің өмірін де құрбандыққа шалу қазір кездесе бермейтін батырлық. Сондықтан біздің әрбір көрермен сол кезеңдегі қиындықты, сол кезеңдегі алашорлалықтардың әсіресе кино түсіріп жатқан Ахмет Байтұрсынов туралы деректердің барлығын көздерімен көруі керек.
«Жұрт ұқпаса ұқпасын, жабықпаймын. Ел бүгіншіл, Менікі ертең үшін». Қанша қиындық көрсе де Ахмет Байтұрсынұлы осы ұстанымынан қайтпайды. Ол екінші рет 1937 жылы 8 тамызда тағы да қамауға алынып, екі айдан соң ату жазасына кесіледі. Көркем фильмнің «Соңғы үкім» деп аталуы сондықтан. Режиссерлердің айтуынша, кино тарихи оқиғаларға негізделген. Арасында тың деректер де бар.
Ерген Тоқмұрзин, режиссёр:
— Бұл көркем фильм болғандықтан бәрін шынайы көрсетуге мүмкіндік бар. Яғни фильм нақты оқиғалардың желісімен өрбиді. Біз елінің қамы үшін, туған жерінің, туған халқының болашағы үшін күрескен тұлғаны барынша ашып көрсетуге атсалысамыз. Бұған дейін «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына орай деректі фильм түсірген болатынбыз. Сондықтан бұл тақырып бізге жақсы таныс.
Картина Алматымен қоса Шығыс Қазақстан облысында түсіріледі. Онда Назгүл Қарабалина, Александр Багрянцев және Ерлан Кәрібаев сияқты актерлер да ойнайды. Фильм келесі жылы күзде қоғам қайраткерінің 150 жылдық мерейтойына орай көрерменге жол тартады.
Дереккөз: 24.kz