Жаркент түрмесі – қасіретті жылдар куәсі
Қазақ жерлерін отарлау үрдісі патша әкімшілігі тарапынан 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында қарқынды жүргізілді. Тарих бетіне Қазақ хандығы деген атпен шығып, батыс және шығыс елдеріне мәлім болғаннан бері ұзақ жылдар бойы сыртқы жаулармен тынымсыз ұрыс жүргізіп келген қазақ халқының әлеуметтік экономикалық күші әлсіреді. Өзбек ұлысы кезінде басталған ойрат басқыншыларымен үздік-создық жүргізілген жан беріп, жан алысқан шайқастар 1758 жылғы ойраттардың бұл соғыстан мемлекет ретінде жойылуымен аяқталса да, қазақ хандығы да әлсіреп шықты.
Жоңғар шапқыншыларына қарсы күресуге күш біріктіруді ұсынып, сол заманғы қару-жарақпен көмек сұраған қазақ хандарының өтінімін аяқсыз қалдырған патша өкіметінің өз көздегені бар еді. Ресей патшалығы көшпелі далалық экономикалы екі мемлекетпен салыстырғанда техникалық жағынан анағұрлым дамыған әрі сол заманғы жетілген қару-жарақпен қаруланған қуатты елдердің қатарында тұрғанын жоққа шығаруға болмайды. Еуропаның кейбір елдеріне қарағанда басқыншылық саясатымен де алда тұрған ірі мемлекет еді. Сондықтан да біздіңше айтқанда Ресей шығыста екіжүзділік «Екі арыстан алысса, шиебөріге жем болады» саясатын ұстанды. Ұзақ мерзімге жоспарлап, мақсатты түрде ішкі жақтан әскери экспедициялар жасақтап, оларға елшілерін, саяхатшыларын, зерттеушілерін қосып маңызды нәрселерді анықтау үшін қазақ даласына жіберіп отырды. Ал олар шын мәнінде зерттеушілік терісін жамылып, қазақ жерлерін емін-еркін аралап, барлаушылық қызметті барынша жүргізді. Осы арқылы қазақ даласының ішкі-сыртқы жағдайынан, астыүстіндегі қазба байлығынан толықтай хабардар болып отырған патша үкіметі қазақ хандығының уақытша бытыраңқылығын пайдаланып, арнайы экспедициялар ұйымдастырып, елдің солтүстігі мен батысындағы шекаралас жерлерге біртіндеп бекіністер салып сұғынып ішкерілей ене берді.
Жан-жақты қыспақты ұрыстардан әлсіреген қазақ хандығының күш-қуатының әлсірегенін пайдаланған ресей патшалығы оларды өздеріне дипломатиялық, басқа да құйтырқы әрекеттерімен бағынышты санап, хандардың билігіне шектеу қойып, келе- келе олардың ықпал ету аймағын тарылтты. Әсіресе, отаршылдардың қазақтардың билік басындағы топтарды бір-біріне қарама-қарсы қойып, әр нәрсеге арандату арқылы олардың ел алдындағы беделін түсіре отырып, ықпал билігін әлсірету саясаты жақсы жолға қойылды. Патша отаршылдары қазақ билеушілерінің ішінде өзара іріткі туғызу арқылы орталық билікке бағынышты жасап, тиімді саясат жүргізіп, олардың ауыз бірлігінің күшейіп кетпеуін қадағалап отырды. Әрі осы саясатты жүзеге асыру арқылы қазақ жұртшылығына оның дербес мемлекеттігін жою әрекеті екенін жеткізу еді.
Отарлық биліктің тым асқындап бара жатқанына төзбеген Кіші жүз қазақтарын бастап 1785 жылы Сырым Датұлы көтеріліске шықты. Байбақты руынан шыққан бұқара халық қолдаған Сырым батырдың козғалысы елге зорлық-зомбылық көрсеткен хан тұқымдарына қарсы бағытталған десек те, оның ар жағында хан-сұлтандарды сүйеп, қолдап, қолтықтарына су бүркіп отырған орыс өкіметіне көрсетілген алғашқы ірі қарсылық еді. Көтеріліс жеңіліспен аяқталғанымен ол қазақ жеріндегі отаршылдыққа қарсы алғашқы ірі халық бұқарасының көтерілісі ретінде тарихтан орын алды. Хандық билікті жою мемлекеттік дербестікті жоюдың негізгі құралы деп таныған патша билеушілері Орта жүздегі хандық билікті ауыздықтауға бет түзеді. Бұл 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы жарғы» негізінде жүзеге асырылғанымен оның кесірі халыққа қатты батып, үлкен көтеріліске әкеліп соқты. Орыс отаршылдарының біртіндеп рулық, тайпалық қатынастарды ыдырату арқылы «бас басына би болуға» ұмтылдыру жүйесі, билікті өз қолдарына алуы, қазақ жерінің орталығына дейін сұғына енуі еріктіліктің қолдан сусып, жат жерліктердің қолына өтіп бара жатқанын білген қазақтар 1836-1838 жылдарды қамтыған Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісовтің бастауымен көтеріліске шықты. Орыс билігінің қолдауына сүйеніп қарамағындағы халықты талан-таражға түсіріп, зорлық-зомбылыққа жол берген Бөкейлік хан тұқымдарының әрекеті, қазақтар мен орыстар арасындағы шешілмеген жер-су дауы, салықтың шамадан тыс көбейгендігі осы көтерілістің басты себебінің бірі болды. Көтерілістің халық қолдауына ие болғандығын оның еркіндік сипатын ашқан Махамбет пен Шернияздың дауылпаз жырларынан көреміз. Кенесары Қасымовтың басшылығымен басталған патша отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтеріліс 19 ғасырдың ортасындағы ең тегеурінді күрестің бірі болды. 1837 жылы күзде өжеттікпен Ақтау бекінісінің қарулы атты казак отрядтарына шабуылдан басталған ұрыс көлемді аймақты қамтып, 1847 жылға дейін созылған ұзақ жылдық қарулы көтеріліске ұласты. Екі тарапты қысымға ұшыраған қазақ қоғамы отаршылдарға қарсы үздіксіз күрес жүргізіп отырды. Сыр бойындағы 1856 жылдардағы Жаңғожа батыр мен 1853-1858 жылдардағы Есет Көтібарұлының қарсылығы тоқтатылғанымен, 1869-1870 жылдары Маңғыстау жеріндегі қазақ бұқарасының көтерілісі азаттық жолындағы ұлттық сананың көтерілгендігін көрсетті.
Қазақ жерін отарлау ісі шығыс ісіндегі патша билеушілері үшін негізгі мәселенің бірі болғандығы белгілі. Экономикадан туындаған жағдайға байланысты территориясы тиіп тұрған елдер олар үшін шикізат өнімдерін тасымалдайтын, өндірілген өнімді өткізу рыногі ретінде тиімді еді. Қазақ қоғамының қоғамдық саяси және экономикалық әлсіреуін пайдалана отырып өз билігін қолдаушылар ретінде 1861 жылғы басыбайлылық реформадан кейін күйзелген орыс шаруаларын тартып алған жерлерге қоныс аудару арқылы өздеріне тірек жасады. Бұл іске әскери казактар, орыс шаруалары көптеп тартылды. Ресей жеріндегі сіңірі шыққан мұжықтар мен әртүрлі сословиеден құралған топтар патша әкімшілігі тарапынан көптеген жеңілдіктерге ие болып, тұрмыс жағдайлары жақсарып, тойынғаннан кейін олар да жергілікті қазақтарды менсінбей өздерін биік ұстады. Бірте-бірте отарлаушы биліктің қолшоқпарына айналды. Тарихта үнді жерін еуропалық басқыншылар теңіз арқылы жүзіп барып жаулап алған болса, орыс патшасының пәрменімен қазақ жерлері құрлық арқылы-ақ жаулауға ұшырап, шекаралас аймақтарда әскери бекіністер түсе бастады. 18 ғасырда сонау Ертіс, Жайық бойыннан басталған бекіністер тұрғызу жүйесі Арал теңізі аймағын, Сырдария өзені бойын тұтастай шеңберлей қамтый келе, 1870 жылдарға дейін қазақ жерін түгелдей құрсаулап алды. Орыс отрядтарының жазалау шараларына қарсы күрескен қазақ ауылдарының мал-мүлкін тонап, адамдарын қырғынға ұшыратқан әскерилерге шара көрілмеді. Керісінше, солардың мүдделері үшін басып алынған жерлерде бақылауға лайықты мықты бекіністердің айналасында үй- жайлар, казармалар салынып, тұрмысқа керекті нәрселермен қамтамасыз етілді. Мұндағы әскерилендірілген қоныстардың басында қарамағында қарулы жасағы бар станица атамандары болды. Оларға аймақтағы тәртіпті қатаң бақылау міндеті тапсырылды. Казак станицаларында әскери казармалар, мекен- жайлар салынып, атты әскерлерге керекті құрал-жабдық қоймалары, жем-шөппен, азық-түлікпен қамтамасыз ететін әртүрлі шаруаларды атқаратын қосалқы жұмыс күші ретінде ішкі жақтан көшіріліп әкелінген орыс мұжықтары орналастырылды. Станицалар негізгі байланыс жолдарының бойына, тұрмысқа қолайлы тұрғылықты халықтан тартып алынған су көзіне жақын жерлерге салынды. Станицалар тірек пункті болып есептелініп, орталығына көрнекті етіп христиан шіркеулері тұрғызылып, оларға жақын маңайларға диірмен, наубайхана, сыра қайнататын шағын қолөнер кәсібін жасайтын орындар орналастырылды. 19 ғасырдың соңғы кезіндегі патшалықтың «Көшпелілер иемденген жерлер, олардың бар байлығы, оның ішінде орманы, мемлекеттің меншігі болып табылады» деп көрсетілген қаулыдан кейін станица төңірегіндені жергілікті халықтан тартып алынған шұрайлы жерлерге орыс және славян тектес басқа да қоныс аударушылар шоғырланды. Түземдіктерді жазалау шараларының бірі ретінде тыпыр еткізбей, қысқа не болмаса ұзақ мерзімде бағынышта ұстау үшін әртүрлі қамақтар, абақтылар салына бастады.
Жетісу өңіріне де алғашқы ірі-ірі станицалар желісі түсті. Осы орайда мына бір тарихи фактілерге де көңіл аударған жөн. 19 ғасырдың 70-80 жылдары дүниежүзілік халықаралық қатынастарының шиеленісуі кезінде, әсіресе, ағылшындардың оңтүстіктен үнді-қытай арқылы Қытайға өктемдеп енуінен секемденген Ресей патшалығының ұстанған мақсаты олардың Шығыс Түркістанға деген саяси ықпалын әлсірету болды. 1867 жылы Жетісу облысы құрылып оны басқаруға бұрынғы Ұлы жүздің Алатау округінің бастығы генерал-майор Г.А.Колпаковский бекітілді. Ол патша өкіметінің нұсқауын іске асыра отырып 1871 жылғы мамыр-маусым айында 2000-ға жуық солдаттан тұратын әскери экспедицияны басқарып Бөріқұзар (орысша Голубовская станица. Көктал ауылы) бекінісінен шығып бірнеше күннің ішінде Іле аймағына басып кірді. Іле сұлтандығының әскерлерінің басшысы Әбілоғлының 6 мыңдық әскеріне соққы беріп, тез арада тізе бүктіріп Құлжа қаласын алды да, бүкіл Іле аймағын отарлап Ресей иелігіне мойынсұндырды. Шайқаста Г.А.Колпаковскийдің әскерінен 5-еуі өліп, 8-і жараланған, ал, Әбілоғлының жасағынан 550 адам өлген. Генералдың осы ісін жоғары бағалаған патша үкіметі оның дәргейін көтеріп, оған генерал-лейтенант шенін берген және осы «Құлжа жорығы» патша өкіметінің аймақты 1871-1881 жылдарға дейін уақытша өз билігінде ұстап тұруына алып келді (Қараңыз. Вопросы истории Казахстана 19-начало 20 века. Алматы 1961 г. стр.75.). Г.А.Колпаковский бастаған патша әскерінің Жаркент қаласын басып, Сүйдін арқылы Құлжаға өткендігіне тоқталсақ, әскери құраманың елді мекендерге тоқтап, азық-түлік қорын, жем-шөбін толықтырып, тынықтырып алып жүруі қалыпты нәрсе. Зерттеу ретінде жазылып отырған мақала болғандықтан Жаркент қаласының тарих парағының беттеріне жазылып түсуіне тоқталсақ б.д.д. 3 ғасырдан б.з. 6 ғасырына дейін патшалық құрған Үйсін мемлекетінің аумағында ондаған қалалар болған болса, соның бірі Жаркент қаласы деп санауға болады. Оған дәлел қазір тұрғындар жер қазу жұмыстары кезінде 3-4 метр тереңдіктен тауып жатқан үйсін ғұрпымен жерленген адамдардың сүйегі мен көптеген әртүрлі қыш ыдыстар. Жаркент қаласы аумалы-төкпелі шапқыншылықты басынан көп өткерген. Археология ғылымдарының білгірі, Қазақстандағы көптеген көне қалалардың орнына жүргізілген қазба жұмыстарына басшылық жасаған археолог, тарих ғылымдарының докторы, академик Карл Байпақов пен Арнабай Нұржановтың 1992 жылы Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Ұлы Жібек жолы және орта ғасырлық Қазақстан» деген еңбектерінде «X-XII ғасырларда Жібек жолының бір тармағы Іле алқабын оңтүстік-батыстан солтүстік- шығысқа қарай көктей кесіп өтті» дей келе (жоғарыдағы кітаптың 14-ші беті) «Іленің оң жағалауымен созылған жол осы күнгі Көктал елдімекені мен Панфилов (Жаркент қаласы деп оқыңыз) қаласын басып өтеді. Көктал төңірегінде Ілебалық (Ілебалық 12-13 ғасырға жататын қазіргі Үшарал ауылының іргесіндегі көне қалашықтың орыны) деген қала болған» делінген (Қараңыз 15-ші бет). Ұлы Жібек жолы бойында Жаркент қаласы болғандығы көрнекті ғалымдардың зерттеулерінде тайға таңба басқандай айтылып тұр. Жазбада көрсетілген Ілебалық қаласының орнына 2016-2018 жылдары археологиялық қазба жұмыстарын америкалық археологтарды қатыстыра отырып К.Байпақовтың өзі басқарып жүргізді. Қазба жұмыстарына мен де қатыстым.
Тарихи жазба деректерде 10 ғасырлардың соңынан бастап шығыс пен батыс сауда жолының бойындағы елді мекен ретінде көрсетілгендіктен де Жаркент қаласы тұрғылықты қазақ халқы үшін зор маңызға ие болған. Орта ғасырлардағы саяхатшылар, тарихшылар тоғыз таралым соқпақ қиылысатын Жаркент қаласының өте ертедегі Ұлы жібек жолы бойындағы сауда қарым-қатынасы үшін аса маңызды қала екендігін растайды. Осыған байланысты тағы да айта кететін дәлел, атақты археолог, тарих ғылымдарының докторы, академик Уахит Шалекенов 2014 жылы тамыз айының 16-да маған жазған хатында былай деп көрсетеді. Көпшілік оқырманға түсінікті болу үшін хаттағы мәтінді өзгертпей толық беріп отырмын. «Сіздің «Егемендік Қазақстан» газетасының 15.8.2014 ж. санындағы «Жас археолог» атты мақалаңызды оқып, Сізге рахметімді білдіремін. Сіздің ұстаз ретінде 5 сыныпта оқитын Бағашар Тілектің тапқан археологиялық жәдігерлерінен хабар бергеніңіздің өзі адамгершілік. Жаркент Ұлы жібек жолындағы көне қалалардың бірі. Ол қаланың астында бірнеше жылдық тарихымыз жатыр. Оны ешкім археологиялық жағынан зерттеген жоқ. Ертелі-кеште бұл қала зерттеледі» деп жазыпты. Соңында өтініш ретінде табылған археологиялық жәдігерлерді Ә.Х.Марғұлан атындағы «Археологиялық институтқа» тапсыруымды сұрапты. Өзіме бес жыл ұстаздық еткен Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінің деканы қызметін атқарған қадірлі ұстазымның тілегін аяқсыз қалдырмай орындадым. Жаркент өңірінен табылған археологиялық жәдігерлерді толықтай ресми хаттамамен Жаркенттегі жауынгерлік «Даңқ» мүзейіндегі археологиялық бөлімге тапсырдым. Көптеген көне археологиялық қазбаларға басшылық жасаған, сол жөнінде ондаған том монографиялық еңбектер жазған 91 жастағы қарт ғалым газет бетін парақтап, оқып, Жаркентке көңіл аударып, жаңалыққа үн қосып отырса қаламыздың ашылмаған тылсым сырлары жеткілікті екендігі білініп тұр. Тіптен алысқа бармай-ақ қазақ халқының талантты ұлы Шоқан Уәлихановтың 1856 жылы 3-ші тамыздағы осы арадан өтіп бара жатқандағы, яғни, Құлжа сапарындағы күнделігінен мысал келтірсекте болады. Айналасындағы түрлі өсімдіктер басқан қалың тоғайлы алқапқа сүйсіне көз тастаған Шоқан «Оң жағымызда Жаркент, Тыған (Тышқан қалашығы болуы керек) қалаларын қалдырдық» дейді. (Шоқан Уәлиханов, Таңдамалы шығармалары, Қазақтың көркем әдебиет баспасы. Алматы. 1958 жыл. 375-бет). 18 ғасырдағы қазақ халқының басынан өткерген ұрыстар тарихын хатқа түсірген жылнамашы Қазыбек бек Тауасарұлының жазбасында Орбұлақ шайқасы өткен жер көне Жаркент шаһарынан алыс емес делінсе, одан бері 378 жыл өтті ғой. Жаркент қаласы 1882 жылдары салынды деген не сөз? Кімдердің мүддесі үшін айтылған сөз?
Жоғарыдағы аты әлемге әйгілі ғалымдардың Жаркент жайлы атап көрсеткен дәлелді жазбалары Жаркент біз салған қала деп жүргендердің аузына құм құяды. Құлжа жорығы кезінде де Жаркент сол өзінің мәртебесін жоғалтпағандықтан Г.А.Колпаковский әскерінің сенімді тылы болды. Алматыдан (Верный), Қапалдан келетін әскери күштердің біразы тоқтап өтетін, күш жиып тыныстап алатын ұлы жолдың бойында жатқан үлкен елді мекен екендігінде дау жоқ. Қуатты жер сілкінісі бола қоймайтынын білетін жергілікті тұрғындар сазды топырақтан үй-жай тұрғызып, Үсек өзенінің бойындағы қалың жыныстың қарағашын, талын төбесін жабуға, қора-қопсы, құрылыс жұмыстарын салуға, қоршау т.б. тұрмысқа пайдаланған. Қалаға тыныстауға тоқтаған әскерлер шағын, тұруға ыңғайлы үйлерге пәтерлерге орналастырылған. Жаркент қаласын Шығысқа қарсы түпкілікті тірек нысаны жасау идеясы 1881 жылғы 12 ақпандағы Петербор келісімінен кейін тіпті қарқын алған. Келісім шартына сәйкес патша әскерлері Құлжа аймағын тастап шыққанда Қытай өкіметі тарапынан қысым көрген ұйғырлар мен дүнгендер Ресей бодандығын қабылдап, біразы шекара өтіп келіп патша әкімшілігі кесіп берген бақылауда ұсталатын жерлерге қоныстанған. Іле аймағындағы ұйғырдүңгендердің Жетісу жеріне қоныс аударуына рұқсат бергендегі патша өкіметінің бастапқыда нені көздегені мына зерттеу құжаттарындағы нақты сөйлемдерден айқын байқалады. Түркістан генерал-губернаторының 1881 жылғы 20 маусымда шығарған нұсқау хатында әскери мақсатпен екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Оқырманға түсінікті болу үшін орыс тіліндегі жазылымын түсіріп берейін «в… случае возникновения осложнений с дайцинским правительством (читай-с Англией, стоящей за спиной Китая, -П.Г.) в будущем мы сохраним на границах Китая в целости готовый всегда драться с китайцами контингент людей, ненавидящих их в силу преданий и того обстоятельства, что благодаря китайцам люди эти лишились родины, домов и земли. Оставаясь в районе, кульджинские мусульмане будут истреблены китайцами исподволь подобно тому, как они истребляются в настояшие время в Джунгарии; или же вследствие послабления со стороны китайских властей мусульмане окончательно помирятся с китайским владычеством и таким образом и в этом и в другом случаях они будут для нас потеряны» (Қараңыз, Вопросы истории Казахстан 19-начало 20 века. Алматы, 1961 г. стр.78).
Құлжа аймағындағы ұйғырлар мен дүнгендерді Жетісу жеріне өткізіп қоныстандыру патша өкіметінің әуелдегі басты әскери мақсаты еді. Қоныс аударушыларды Қытай өкіметінің тарапынан шекара маңында шиеленісті жағдай туындаған кезде оларға қарсы қолданатын айдап салатын және үдеп келе жатқан қытай экспансиясына қарсы барын салып күресетін күш ретінде пайдаланбақ болды. Сондықтанда 1881 жылғы жасалынған Петербор келісіміндегі 3 бапта Құлжа аймағынан көшіп кетем деушілер үшін мерзім белгіленді. Онда былай деп көрсетілді; «разрешалось…переселиться с движимым имуществом в русские пределы в годичный срок со дня передачи края китайцам» (Қараңыз, Вопросы истории Казакстана 19-начало 20 века. Алматы, 1961 г. стр 77). Күшейіп келе жатқан қытай жер иеленушілерінің қатыгездігінен және өз ішіндегі зомагерлердің қысымынан құтылуды көксеген ұйғыр-дүнген шаруалары патшалық ресейдің бодандығын қабылдау – жан сақтаудың әрі ауыл шаруашылығымен айналысудың бірден-бір жолы деп түсінді. Жетісу жеріне өтудің мүмкіндігіне ие болуға ұмтылғандардың дені шаруасы төмен деңгейдегілер, ішінара ғана орташа ауқатты адамдар болды. Құлжа (Құлжа – арқардың аталығы. Ежелгі Үйсін мемлекетінің иелігі) аймағының келісім бойынша қытай өкіметіне берілуі көптеген халықтардың тарихи тағдырына ықпал етті. Ендігі кезде бірі Азия құрлығындағы, екіншісі осы құрлыққа ентелей кірген екі басқыншы мемлекет Ежелгі қазақ елінің қоныстанған жерлеріндегі жергілікті ұлтардың мүддесімен санаспай жыртыс жыртқандай бөле салды. Бұрынғы ұланғайыр қазақ хандығының шығысында жатқан Құлжа аймағы оны ежелден қоныс етіп отырған Суанның, Албанның, Найман елінің Қызай атасынан тарайтын ұрпақтары бұл жер біздің ежелгі өз мекеніміз деп көшпей отырып қалды. Біразы ата жұрттағы қалың қазақтан бөлектенбес үшін Қорғас өзенінен бері өтіп Ресей құлдығының қамытын киді. Түркі жұртын жырымдап бөлшектеу қарекеті белең ала бастады. Ресей өкіметі түпкі мақсатынан әліде болса айнымай жер ауып келген ұйғыр-дүнген шаруаларын арнайы пәрменмен шекара маңына, жақын жерлерге ораластырды. Жаркентпен оның төңірегіндегі Пенжім (тарихи атауы Бестөбе), Ақкент, Тұрпан (тарихи атауы Қоңырқойнау), Садыр (тарихи атауы Сарықыр), Нәдек, Желдітүз (Қазақ тіліндегі «түз» дала, қыр мағынасында. «Түзге шығу» далаға, сыртқа шығып сергу, серпіліп келу мағынасында), Нағарашы (Қазақ тіліндегі көнерген сөз. «Нақыра» – жаппай, түгел мағынасында. Ал, «шы» – көне түркі тілінде ел, жұрт яғни қалың жұрт адамдар отырған жер ұғымына меңзейді. Қазіргі тіліміздегі «мал- шы», «қой-шы» т.б. сөздер. Қосымша материал ретінде оқып көріңіз: Б.Қыдырбекұлы. «Түгел сөздің түбі бір». Алматы. 1993 жыл. 77-бет) мекендеріне орныға бастады. Шелек, («Шілік» – тал.), Малыбай, Қорам (Жоңғарларға қарсы күрескен Албан руының батырлары) елді мекендеріне орналастырылды. Өлкедегі тұрғылықты халықтар қазақтармен бірге әр жақтан қоныс аударып келушілер арасындағы шиеленісті өз мақсаттарына қарай шешіп отыру жергілікті патша әкімшілігіне оңай тиген жоқ. Жайылымдық, егіншілік жерлер мен су көздеріне талас-тартыстар келімсектер мен тұрғылықты адамдар арасындағы кикілжіңдерді шешу, одан кейін оларды тергеп-тексеру, жазалау шараларын атқару үшін оларды былайғы жұрттан оқшаулау орындарының қажеттілігі, абақтыларды салуға алып келді. Ел ішінде патша әкімшілігінің бұратанаға санап, қарапайым халыққа жасаған астамшылық іс-әрекетіне, жүгенсіз үстемдігіне наразылық білдіріп көз алартқан, қарсылық көрсеткен тұрғылықты бас көтерер азаматтарды абақтыға тоғытты. Алғашқы бірді-екілі жазықтыларға арналған кішігірім «абақты», «қамақ» аталатын орындар патша отарлаушылармен ілесе келіп салынды десек, қазіргі күнге дейін Үсек өзенінің жарқабағында анадайдан андағайлап мен мұндалап тұрған түрме ғимараты солардың ішіндегі ең зұлматты кезеңдегі Жаркенттің жазылмайтын жарасының орны. 1881 жылы сәуір айында Петерборда өткен Ресей-Қытай келісімінен кейін Қорғас өзені екі мемлекетің ортасын бөліп тұратын шекара болып белгіленді. Ал екі жақты келісімнен кейін қайтуы ұзақ уақытқа созылған орыс әскерлері Құлжа аймағын тастап шықты. Құлжадан шыққан шығысқа қарсы бағытталған әскери күш негізінен Жаркентке шоғырландырылды. Сондықтанда 1882 жылы Жаркентке қала статусы беріліп, уезд орталығы болып бекітілгені де сол. Жергілікті Суан, көршілес Албан елі бағынатын ресей патшалығының әкімшілік, басшылық жүргізетін орталығына айналды. Кейін патша билігі уезге қарасты көшпелі қазақ шаруаларын уысында ұстап, олардың тыныс- тірлігін бақылауға алып наразылық түрінің кез келгенін қарудың күшімен басып тастау үшін шекарадағы қазақтар орналасқан ауылдарының үстіне Қорғасқа, Басқұншыдан бастап, Көктал, Шонжы, Қырғызсай, Жалаңаш, Шелек, Нарынқолға казак отрядтарын орналастырып, станица атауын беріп, әскерлермен күшейтілді. Ішкертіннен көшіріп әкелінген шаруаларды қоныстандырып, соларға қазақ шаруаларының ауылдағы құнарлы жерлерін күштеп тартып алып беріп өз тылдарын нығайтты. Қоныс аударушылардың арасында мұжықтар әсіресе Сібірден әкелініп қоныстандырылған сақалды кержактар Жаркент, Жалаңаш, Нарынқол аймағында көп болды. Сөз арасында айта кетелік, кішкентай кезімізде «Әне, бабай келе жатыр», «Жылама бабай алып кетеді» деп жылаған, айтқанға көнбей жатқан балаларды қорқытып жатқанды көп естідік. Өзімізді де талай қорқытқан. Кейін көрдім, үлкендері көп сөйлемейтін, үнемі түнеріп жүретін, түсі суық, қаба сақалы ұйысқан, орыстар еді. Христиан дінін қабылдамай ескі дінді (староверцы) ұстанып, Сібірге жылжып кеткендерді кержактар деп атап кеткен. Патша билеушілерінің жергілікті халықпен күресіндегі негізгі тірегі казак-орыс әскерилері мен шаруалардан кейінгі жергілікті жердегі тіректері осы кержактар болды.
Шығыс шекарадағы орыс отаршылдарының жергілікті халықтың қарсылығын басып ұстау әрі сыртқы күштерге қарсы құрылған Жаркент станицасы негізгі орталыққа айналды. Үсек өзенінің жарқабағына қарағайдан жонып салынған екі қабатты әскери казарма тұрғызылды. Сол заманға лайықталынып салынған ғимараттың астынғы қабатына атты эскадронның солдаттары орналастырылып, ал, үстіңгі қабатында офицерлер отыратын бөлмелер мен кеңселері болды. Уезді басқару істері осы жерден жүргізілетін. Жаркентке қала статусы берілгеннен соң ресейден қоныс аударушылар, жайлы жер іздеушілер, ресейге 16 ғасырда бағынып, христиан дінін қабылдаған шоқынған татар көпестері, тағы да басқа сырттан көшіп келушілердің қарасы көбейіп, қала өсе бастады. 1897 жылғы жүргізілген санақ бойынша Верный (қазіргі Алматы қаласы) қаласында адам саны 23 мыңды құраса, Жаркент қаласының тұрғындар саны 16 мыңнан астам болған. Әулие-Ата (Тараз) халқы 12 мыңға, Перовск (Қызылорда) қаласының саны 5 мыңға жуықтапты. Бұл мәліметтен Жаркент қаласының қазақ жеріндегі ең ірі қалалардың бірі болғандығын анық байқаймыз.
Құлжа аймағы 1881 жылғы Петербор келісімі бойынша Қытай мемлекетіне қайтарылғаннан кейін орыс әскерлері Құлжа қаласын тастап шығуы керек болған. Оншақты жыл ішінде қордаланып қалған орыс әскерлерінің қару-жарағын, соғысқа қажетті мүліктерді тасып әкету мәселесі туындағанда олар ойланбастан Жаркент қаласына интендаттарын жіберіп дайындап, тұрақты әскерлерін осында көшірді. Жорық кезіндегіндей емес ендігі кезекте жаңадан орыс иелігіне қараған жерлерде әскерлерді шашыратпай, топтап, тәртіппен ұстау үшін казарма салу мәселесі туындады. Мына мәселеге де айырықша мән беріп қарауымыз керек секілді. Бұған дейін яғни, 1880 жылдарға дейін Суан ішіндегі Сатай руынан шыққан Қожабайұлы Әжібек қажы, інісі Тұрысбек, Бектеміс (қажылыққа екі мәрте барған) тағы да басқа қажылыққа барған кісілер Меккеден оралған соң тұрғылықты қазақтар арасында Жаркентте мешіт салу ісін көтерген, әрі қаржылай ұйымдастырушылары да болған. Ресей патшалығына басып алған жерлерінде шіркеулер тұрғызып, христиан дінін күштеп тықпалап енгізіп келе жатқанынан қорғанудың жалғыз жолы осы мешіт салуды тездетіп қолға алу еді. Үдеп келе жатқан орыстық қатерге мұсылманшылықты қарсы қою әрекетіне арғы беттегі (Іле өзенінің сол жағы) Албан елі түгелдей қолдау көрсеткен (Бұл жөнінде жазба деректер бар). Дені мұсылман дінін ұстанатын жергілікті қазақтардың осы өңірдің орталығы болып табылатын Жаркентте мешіт салу талаптарын құптай отырып, патша үкіметінің жергілікті билеушілері осы мүмкіндікті жібермей өз пайдаларына қарай әрекет еткен болуы керек. Тұрғылықты халық мешіт салуға деп қаржы жинап, Іле өзенінің сол жағалауындағы Іле Алатауының сілемі Кетпеннің тауының баурайындағы сай-саладан құрылысқа жарамды қарағай дайындап жеткізе бастағанда патша шенеуніктері әскери казарма салуға қажетті ағаштарға тапсырыс берген болуы мүмкін. Оның да себебі жоқ емес, олай дейтінім Жаркенттегі қазіргі құланды болайын деп тұрған түрменің керегесі мен өң бойындағы қиюластырып қаланып бекітілген қима бөренелердің барлығының бір тектестігі, әрі шыққан жерінің қарағайларының ұқсастығы. Және сол кездері арзан жұмыс күшін тарта отырып тез арада салдырған. Қима ағаштарға лабораториялық, рентгендік зерттеу жұмыстарын жүргізсе де олардың құрамын және жасын анықтауға болады әрі өскен жері тектес, Іле Алатауы болып шығады. Жоғарыдағы айтылған жағдаяттарды салыстыра келе Жаркентте мешіт салуға дайындық жұмыстары жүргізілу барысында тасымалданған материалдардың есебінен осы араға орын тепкен шекара күзетінің әскери казармасы да салынған деп ой түйіндеуге болады. Орыс әскерлерінің Құлжа жерін тастап шығуы, ресей патшалығының бодандығын мойындаған (Жоғарыдағы мақалада нақты сандары көрсетілген) ұйғырлар мен дүнгендердің Іле аймағынан Жаркент, Верный уездеріне алты болыстық жерге қоныстандырылуы, оларды жерге орналастыру мәселелері суандар салмақ мешіттің құрылысын біршама кешіктіріп бастауға себеп болды. Ал тағы да айтарымыз, тоғыз жолдың торабына орналасқан әрі ел көп шоғырланған мекен Жаркентте мешіт тұрғызу мәселесі жергілікті суандар арасында 1870 жылдардың ортасына дейін көтерілген еді. Оған нақты тарихи деректер де мысал бола алады. Мақаланы жазу барысында біз сілтеме жасап отырған зерттеу еңбекте 1882 жылы Верный уезіндегі қуаңшылыққа байланысты өлкенің жоғарғы билігі жоқшылыққа ұшыраған қоныс аударушыларға (Оқыңыз, ұйғырлармен дүнгендерге) жәрдем көрсету үшін тікелей қаржы бөлген. Ал, 1882 жылы Жаркент уезіне бөлінген қаржының тең жартысы (10 000 сомның 5 мың сомы) мешіт салу үшін саудагер Юлдашевке берілген (Қараңыз. Вопросы истори Казахстана 19-начало 20 века. Алматы. 1961 г. стр. 97). Олай болса тарихи деректерге сүйене отырып осы өңірде оның ішінде Жаркент қаласында мешіт салу мәселесі тұрғылықты қазақтар арасында бұл аймаққа орыс басқыншыларының және ұйғыр, дүңген қоныстанушыларының аяғы тимей тұрып көтерілген деуімізге нақты негіз болады.
Патша өкіметінің Орта Азияға басып кіруі жергілікті тұрғындарды қатты шошытты. Басқыншылық саясаттың негізінің бірі тұрғылықты елді христиан дініне бұрып шоқындыру. Қазақ даласына мұсылман дінінің дендеп енуімен 19 ғасырдың ортасынан бастап 20 ғасырдың соңына дейін алғашқы және одан кейінгі кезеңдерде қажылыққа барған жеке адамдар туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы хатқа түсіріп кеткен. Жазбаларында қазақ даласынан үш рет Мекке мен Мединеге сапарлап барған қазақтардың мән-жайын сөз етеді. Орта жүзден 1870 жылдардың ортасында (Кейбір мәліметтерде 1874 жылы деп беріледі) Құнанбай қажылық сапарға шыққанда онымен бірге Жетісуды жайлап отырған Ұлы жүздің біраз атақты адамдары бірге барған. Жоғарыда аты аталған Әжібек Қожабайұлы т.б. жолдан қосылып ілесіп, бірлесіп барулары да мүмкін (Әлі де болса анық-қанығын кейінгі зерттеушілер анықтай жатар). 2004 жылы Алматыдағы «Арыс» баспасынан шыққан «Жетісу энциклопедиясында» Жетісу аймағынан қажылық сапарға барған адамдардың аты-жөндері аталғанымен, Меккеге барғандарды толық қамти алмаған. Ресей мемлекетінің құрамына кейіндеп қосылған Жаркент өлкесінен 20 ғасырға дейін Меккеге барып қажы атанып келген адамдардың есімдері архивтік құжаттар жүргізілмегендіктен елдің есінде сақталып қалғандығы болмаса, жазбаға түсірілгендерін табу мүмкін болмай тұр. Қазіргі күнге дейін халық арасындағы сақталып қалған қажының баласы деген атаулар кезінде бұл адамдардың арғы аталарының Меккеге сапарлағандығын, қажылықта болғандығын білдіреді. Жаркентте мешіт тұрғызу мен әскери казарманың салынуын тілге бекерге тиек етіп алып отырған жоқпын, әңгіменің негізі сол әскери казарманың кейін жат жерлік басқыншыларға қарсы еркіндік үшін күрескен жергілікті тұрғындар үшін, оның ішінде жүректері елім, жерім деп соққан талай арыстардың өмірін тозаққа айналдырған азап орны болғандығына тоқталу. Халық жадында сақталып, тарихи деректермен сабақталған мәліметтерде Жаркент өңірінде алғаш болып патша өкіметінің қоныстандыру саясатына қарсы атқа мініп, қолына қару алып күреске шыққан Әтіке мен Нұржеке батырлар, Ұлтанбайлар болды. Патша әкімдерінен тайсалмай қарсы әрекетке барып, түрме азабын алғаш тартқан да солар. Ұлтанбай Жақсымбетұлы патша өкіметіне қарсы жасаған қылмысы үшін 1875 жылы, ал Нұржеке Игілікұлы 1890 жылдары ұсталып, түрмеге қамалып, тергеліп Жаркент уездік соты арқылы жазаға кесіліп, Қиыр Шығысқа каторгалық жұмысқа айдалған. Бұл жерде кейінгі бір зерттеушілердің Жаркент түрмесі 1897 жылы салынды деген деректеріне күмәнмен қарауға тура келіп тұр. Кез келген елдің әскері жүрген жерде әртүрлі тәртіпсіздіктер орын алады. Мұндай жағдайда міндетті түрде жазалау орны абақты салынады (Түркі тіліндегі «абақты» сөзі ауысып немісше «гауптвахта» «гүпақты» аталып кеткен). Құлжадан қоныс аударушы ұйғырлар мен дүнгендерге қатысты жоғарыдағы жазбамда 1882 жылғы Верный (Жаркент жері де алғашқыда осы уезге қараған) уезінде болған қуаңшылыққа байланысты патша әкімшілігі бөлген қаржыны (жан басына шаққанда сол кездегі мөлшермен 2 сомнан тиген) қайтару және жер салығын жинау жөніндегі арнайы жұмыс жүргізген ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік Малиновский 1893 жылы салықты төлемегендердің мүліктерін тартып алып, сатылымға жіберіп, өздерін түрмеге жапқаны туралы жазылады. Бұл қоныс аударушыларға қатысты болғандықтан, ал олардың негізгі бөлігі Жаркент өңірінің тұрғындары деп санайтын болсақ, онда Жаркент түрмесінің сол кезде болғандығын көрсететін негізгі факт.
19 ғасырдың 70 жылдарынан бастап отарлаушы биліктің күштеу, жазалау орнына айналған Жаркенттегі түрмеден қазақ елінің небір азаматтары өткелектен өтті. Жазалыларды қазіргі түрменің астындағы жертөлеге қамап, ал, тергеуге патша әкімшілігі шенеуніктерінің кеңсесі орналасқан бірінші қабатқа алып шығатын болған дейді естігендер. Патшаның отарлаушы саясатына қарсылық көрсеткен, наразылық білдірген олардың әскерлерден кейінгі негізгі тірегіне айналған христиан дініндегі қоныстанушыларға қырын қараған жайылымдық-шабындық, егістік жер-су үшін таласып, қарулы қақтығысуға дейін барған жергілікті қазақтарды тұтқындап, тергеп- тексеретін, зомбылық көрсететін азап орнына айналды. Қаншама себепті, себепсіз ұсталған адамдар патша шенеуніктерінің үкімімен сотталып, жазаға кесіліп, жер аударылып немесе үкіметке қарсы қауіпті қылмыскер деп табылып ату жазасына ұйғарылып, үкім табан астында орындалып отырды. Оның куәсі жүздеген адамдардың аузынан естілетін, түрменің батысындағы талай кінәсіз жандардың жанын алып, тәнін жасырған құлама жар. Үкім шығарылып өлімге кесілген адамдарды атып өлтіру үшін былайғы елдің көзінен тасалау болсын деп өлімге апаратын жер асты жолы да салынғанын жұрт күні бүгінге дейін айтады. Бүгінгі күндері жүздеген жылдардан бергі биіктігі он бес-жиырма метрлік уақыт мүжіп, қар мен жаңбыр суы шайып аласарған. Ол кездерде жазалаушылар өлімге кесілген тұтқындарды жар жиегіне тұрғызып қойып атып өлтіріп, оқпанға құлатып, өлі-тірісіне қарамай шалажансар күйінде жардың топырағын опырып, құлата салған. Қара жерде тіл жоқ-ау, үн бітсе талай сойқанның ақиқаты ашылар еді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі патша өкіметінің қазақтан тылдағы жұмыстар үшін адам жинаудағы маусым жарлығына қарсы көтерілген қазақ аймақтарынан Жаркент өңірі де тыс қалған жоқ. 1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілістің ұшқыны Жаркентті де шарпыды. Жаркент уезіне қарайтын Албандармен байланыс жасап отырған Суандар да әскерге адам бермейміз деген уәжбен Мұқа болыстың басшылығымен Сарыбел өңіріне жиналып қарсылық көрсеткен. Бұл туралы кезінде республикалық «Әділет» қоғамының басқарма мүшесі болған, журналист А.Тасымбеков мынадай мысал келтіреді. «Жаркент түрмесінде 28 қазақ алдын ала өзара және басқа тұтқындармен келісім бойынша (барлығы 57 адам) пышақпен, таяқпен, балтамен, алтыатармен және тартып алынған маузерлермен, мылтықтармен қаруланып қашуға бел байлайды. Олар шай әкелген түрме қарауылын жалма-жан бас салып ұстап, соққыға жығады. Соның нәтижесінде 28 тұтқын ұсталып, әскери сотқа беріледі. Қалғандары қолдарындағы қаруларымен Жаркент уезіндегі ірі болыс, Суан көтерілісінің басшысы Мұқа болыстың қарамағына барып паналайды» (Қараңыз Суан шежіре. Құрастырған С.Ешмұхамбетов. Алматы «Жалын» баспасы. 1993 ж. 82-бет). Осы деректерге ой жүгіртсеңіз де 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі және одан кейінгі кезеңдерде де орыс отаршылдарының қолындағы Жаркент түрмесі жергілікті халықтың үрейін алатын тозақ орны ретінде өз міндетін мүлтіксіз атқарған. Бір ғана мысал жоғарыдағы аталып өткен деректегі Жаркент түрмесіндегі көтеріліс жасаған, ұсталып жазаға тартылған 28 адамның тағдырын көз алдыңызға келтірудің өзі сөзімізді айғақтайды. Көтеріліске қатысып, патша әскеріне қарсы тұрған сол ержүрек жандардың сонымен қатар барлық кезеңдегі қуғын-сүргін көрген адамдардың аты-жөнін мемлекеттік мұрағат мекемелеріндегі деректерді ақтару барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған мемлекеттік комиссияның анықтауына мүмкіндік беріліп отыр.
Алашорда үкіметіне қолдау көрсеткені үшін және Кеңес өкіметінің жүргізген саясатына наразылық білдірген Мұқа шекара асып кетеді. Бірақ қызыл өкімет Мұқаның бітіспес жау екендігінен сескеніп Қытай өкіметімен ұстап, бері өткізіп беруге келіседі. Қытайлар да Мұқа болыстың жергілікті жердегі халықтың арасындағы зор ұйымдастырушылық беделінен сескеніп, өздерінің де келешекте жаулаушылық саясаттарына кесел келтірер деген ниетпен тұтқындап, шекарадан ОГПУ-ға өткізіп береді. Атақты болыс, 1916 жылғы Жаркент өңіріндегі халық көтерілісінің басшысы, өзінен бұрынғы қарсыластары сияқты Мұқа да Жаркент түрмесінің тұтқынына айналады. Ел арасында Мұқа болыстың өлімі туралы әр қилы әңгімелер айтылады. Біреулері Мұқа болыс ұсталғаннан кейін тергеліп Жаркент түрмесінде атылды десе, енді бір деректе Талдықорған қаласына алып бара жатқанда айдаушылар Қойбын тауының арасында атып тастапты делінеді (Бұл деректі маған марқұм Басғұншы ауылының тұрғыны, математика пәнінің мұғалімі болған Қ.Қармысов айтып берді). Кеңестік жүйенің биліктегілері де мәселенің күрделенуінен сескеніп «қашуға оқталды» деген желеуді қолдануыда мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмас.
Азаптау мен қорлаудың орны болған бұл түрмеде небір сұмдық оқиғалар орын алған. Мен ұзақ уақыт көптеген адамдармен жолығып, әңгімелесіп, айтқандарын мұқият қағазға түсірдім. Бұл жазып алынған деректер қалқыған «айсбергтің» бетіндегілері. Қаншама сұмдық оқиғалар, жазықсыз жапа тартқан адамдардың тағдыры талғаусыз кетті.
Түрменің темір торы талай жанның өліміне себепкер болды. Сондай жандардың бірі Қожалақов Сман Құдайберді руынан шыққан. Бұрхан маңындағы Талдыкесік деген жайлауға қоныстанған. Сол жерде жазды күні той болып, соңынан көкпар тартып жүргенде 1931 жылы ГПУ-дің екі қызметкері келіп тұтқындап алып кеткен. Түрмеде тергеуге шақырылмай көп уақыт сұрақсыз отырған. Түрме ішінде Сманды атады екен деген сөз шыққанда «өзекті жанға бір өлім» деп қашуға бел байлаған. Ауылдағы ағайындармен байланысып, інісі ат алып келіп уәделі жерде күтіп тұруға келіскен. Түрмеде қасында отырған жансыздардың бірі мұның қашатын күнін, уақытын түрме әкімшілігіне жеткізіп қойған. Ол кезде түрме айналасында үй-жайлар әлі көп салынбаған кез. Оқиға ымырт кезінде болса керек, ретін келтіріп түрме ішінен қашып сыртқа шыққанда артынан аңдып отырған күзетшілер мылтық атып қуалай жөнелген. Тарс-тұрс мылтық атылып, шаң-шұң дауыс шыққанда ат алып келіп тұрған бауыры тұра қашқан. Жақындап қалған Сман айғайлап «Аттың құйрығын ұстат, атты құйрығынан ұстат» деп бірнеше рет айғайласа да, бауыры атылып жатқан оқтан зәресі ұшып қорыққанынан тізгінін тартпай жетектегі атты сүйрелеп шаба жөнеліпті. Ат құйрығына қолы жетпей алқынып қалған Сманды солдаттар оқтың астына алады. Өзі ірі денелі, екі иығына екі кісі мінгендей адам оңайлықпен құлай қоймапты, солдаттар жеті рет атқан кезде ғана барып бірақ жығылыпты. Қазақтың «оққа сүйеніп тұрыпты» дейтіні осы шығар. Түрме күзеті өлі денені сүйрелеп әкеліп түрменің батысындағы жарқабақтың ішіне тастап топырақты құлатып жаба салған. Сман Қожалақовтың қалай қорлықпен өлгенін немересі Серік Сманов Құдайберді руының үлкендерінен көп естіген.
90-шы жылдары жүзге келіп қайтыс болған Әмірақын деген кісі кеңестік заманның құйтырқы саясатының теперішін көп көрген адам. Әмірақын қария Сман екеуі ұсталып, Жаркент түрмесінде 1931 жылдары бірге отырыпты. Көре алмаушылары ойлап тапқан жаламен ұсталған Әмірақын қария сотталып, 25 жылға кесіліп, Қыр Сібірге айдалып жазасын каторгада өтепті. Өзі өжет, өте қарулы, ірі денелі адам болған екен. Зонада жұмыс істеп жүргенде берілген тапсырмасын артығымен атқарып, екі кісінің нормасын орындап, жұмысты жақсы істеп көзге түскеннен соң сенімге ие болып, ісі қысқартылып 18 жыл отырғаннан кейін түрмеден босатылған. Қара жұмыс істеп жазасын өтеп елге оралған соң да жұмыстан қалмай колхоздың түйесін, арада біраз жылдан кейін қойын баққан. Жаркент түрмесіндегі болған оқиғаларды көзімен көріп басынан өткізген Әмірақын қария Сманның баласы Омарғалиға әкесінің басынан өткен қасіретті оқиғаны айтып беріпті. Сман Қожалақов 1931 жылы ұсталып кеткенде баласы Омарғали жаңадан екіден асқан екен. Серіктің әкесі Омарғали 2012 жылы қайтыс болған (17 мамыр. 2021 ж. жазып алынды). Сман мен Әмірақынның тағдырларын тәлкекке айналдырған зұлымдық істер үшін кеңестік құрылыстың мұрагері Ресей үкіметі жауап бере ме? Кім жауап береді? Қарапайым жандардан жау іздеп, жазықсыз жандардың бейбіт өмірінің шырқын бұзып, отбастарының ойранын шығарған кеңестік саясаттың артында патшалық ресейдің жергілікті халықты түпкілікті жою саясатының жалғасы жатқанына еріксіз қол қоясыз. Әйтпесе жоғарыда есімдері есте тұратын ардақтылардың орыс орманына себепсіз балта сілтегені аз.
Жаркент түрмесінің осы өлке халқы үшін нағыз тозақ орнына айналған кезеңі 20 ғасырдың басы. Алғашында, 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін патша үкіметінің шенеуніктері бұл түрмеге жер-суға әлімжеттік жасаған келімсектерге, зорлықпен қоныстанушы орыс қарашекпенділеріне қарсы көтерілген жергілікті тұрғын қазақтардың белсенділерін ұстап әкеліп түрмеге тоғытып, қамап, тергеу шараларын жүргізіп, әртүрлі жаза кесіп отырған. 1916 жылғы 1-ші дүниежүзілік соғыс кезінде материалдық ресурстары шектелген патша өкіметі бұратана халықтан, оның ішінде қазақтардан солдатқа адам алмаймын деген келісімді бұзып «июнь жарлығын» қабылдаған еді. Жарлыққа наразылық білдіріп, оған қарсылық көрсетіп, соңы Ұлт-азаттық күреске ұласқаны тарихтан белгілі. Жетісу жерін шарпыған көтеріліс кезінде Жаркент уезіне қарасты өңірдегі қазақ бұқарасына қарсы қарулы жазалау шаралары жүргізілгенде қолға түскендердің бәрін ұстап әкеліп түгелдей айыпты деп тауып, тұтқын ретінде қаладағы түрмеге қамаған. Қарқара көтерілісіне қатысушылар да ұсталып, осы түрмеде тергеуде жатқан. Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдары Алашорда өкіметін қолдағандарды қылмыскер ретінде қамауда ұстаған. Бірақ әзірше ол алашшыл азаматтардың кімдер екендігі белгісіз. Кейінгі Сталиндік әміршіл жүйенің шегіне жеткен кезінде «халық жауы», «жапон тыңшысы», «контрреволюциялық әрекеттері үшін» (РСФСР Қылмыстық кодексінің 58 бабының 3, 7, 10 тармақтары) деген желеумен тұтқындалған көптеген адамдар тірі шығудан үміттерін үзіп, үкім күтіп, күніміз не болады деп сарғайып камераларда жатқан. Сталиндік террордың құрбандарын яғни өлім жазасына кесіліп үкім шығарылғандарды ату осында орындалған (Бұл жөнінде Жаркент түрмесінде жендет ісін атқарған К.У.Черненко туралы «Жаркент айнасы» газетінің бетінде арнайы мақала жариялағанбыз). Өлім жазасы кесілгендерге үкім осы жерде орындалған.
Кеңестің заманда қазақ халына жасалынған қанды зұлмат адамдардың жадында болмаса құжаттары қырық қақпаның ар жағында жасырын ұсталды. Араға жылдар салып өскен кейінгі кеңестік биліктің өкілдері де тарих тереңіне бойлай алмады, қанды жердің құпиясын естісе де қайтер дейсің деген оймен үстірт қарады. Түрменің батысында сарқырай ағып мөлдіреп Үсек өзені жатты. Шаруадағы адамдардың демалысын ұтымды ұйымдастырмақ болған қалалық атқару комитеті өзенге арнайы тоспа жасатты. Үлкенді-кішілі демалушылар үшін таптырмайтын шомылатын орынға айналды. Бұл шара бірақ ұзаққа бармады. Шомылушылар арасында суға батып өлгендер саны көбейді. Сонда ғана бұл өлімнің себебін білушілер мәселе көтеріп, тоспаны бұзып бассейінді ағызып жіберуге тура келді. Әсілі қашанда зорлық-зомбылық пен кісі қаны төгілген жер киелі деп саналады.
(Жалғасы бар)
Молот СОЛТАНАЕВ.
Дереккөз: «Жаркент айнасы» газеті, №21 (65), 23 қараша, сейсенбі, 2021 жыл.