Ғарифолла ӘНЕС: «БАРДЫ БАҒАЛАП, РУХТЫ ОЯТАЙЫҚ!..»

Тәуелсіздік алып, оны тұрақтылықпен сақтап қалу оңай емес. Оның жүгі де, жауапкершілігі де зіл-батпан. Елдің басты мерекесі қарсаңында Алматы қаласында тұратын жерлесіміз, филология ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, белгілі баспагер, қоғам қайраткері Ғарифолла Қабдолқайырұлы Әнеске хабарласып, бірнеше сауал қойған едік.

– Ғарифолла аға, дәстүрлі сұрақ – Тәуелсіздік Сізге не берді?

– Бұл сұрақтың жауабы айқын ғой. Азды-көпті журналистік тәжірибесі бар зиялы ретінде бүгінгі күні «Тәуелсіз Қазақстан» дегенді жиі ауызға алып, қайталай беруді жақтырмаймын.

Біз – Елміз, Мемлекетпіз! «Республикамызда» деп сөз саптаудың өзі баяғы «КСРО-дағы 15 елдің бірі» дегендей сезіледі. Ешкім біздің тәуелсіздігімізге күмән келтіріп, сырттан қауіп төндіріп тұрған жоқ. Қайта бізді толғандыратыны – бүгінгі уақыт сынағы, замана талабы – жеке-дара мемлекет ретінде жаһандық бәсекеге төтеп беру. Дүние дүние болғалы, мыңдаған жылдар жер бетіне келіп-кеткен әрбір адам баласына өмір сүруі, тірлік кешуі қандай ауыр, қиямет болса, дәл сондай әр кез әрбір мемлекеттің бүгіні де, ертеңі де қыл үстінде тұрмақ.

Жер бетінде осыдан екі-үш ғасыр бұрын 6 мыңнан астам тіл болған, бүгінде оның саны 2 мыңның шамасында ғана. Сол құжынаған көптілді ел-жұрттың, яғни құрақ-құрақ ру, тайпа, халықтың жеке ту көтеріп, отау тігіп отырғанының саны 200-ге де жетпейді. БҰҰ-ның алдында мемлекеттік байрағы желбіреп тұрған сол саусақпен санарлық елдің бірі – бізбіз. Содан артық қандай бақыт керек!..

– Әрине, баршамыздың ойымыз да, тілегіміз де осы ғой. Сондықтан да «Тәуелсіздік бізге не берді деп емес, біз тәуелсіз елімізге не бердік?» деп жатамыз…

– Соңғы бір апта ұйқы қашып, көңіл-күй құлазып жүрген жай бар. Жалпыұлттық санақтың қорытындысын асыға, үлкен үмітпен күтіп едік. Еліміздегі қазағымыздың үлес салмағы баржоғы 70 пайызға әрең жетті дегенде шалқамыздан түстік.

Кезінде марқұм демограф Мақаш Тәтімов аға-досымызбен сұхбат жүргізіп, «Елбасы және ел саны» атты кітап шығардық. Қазақтың басынан өткен демографиялық апаттардың баршасының жасырын жұмбақтарын ашуға тырыстық. 1933 жыл – Қазақстандағы қазақ саны 26 пайыз, яғни барша жұрттың төрттен бірі!..

«Үлкен террор», екінші дүниежүзілік соғыс талайды жалмады. Етегін жауып, енді-енді еңсесін көтеріп келе жатқанда «тың игереміз» деп жалаңдап келген миллиондар ұлттық үлесімізді 29 пайызға дейін тағы да құлдыратты. Содан оңалмадық, тіптен брежневтік «коммунизм» кезінде де өсіп жарытпадық. 1991-дің 16-ншы желтоқсанын 40 пайыздық межемен қарсы алдық. Әрбір соңы 9-бен аяқталатын онжылдықта әлемдік халық санағы жүретіні белгілі. 2009 жыл – қазақтың ресми саны 67 пайыз. Бөркімізді аспанға аттық. Бірақ ертерек қуаныппыз, кешікпей дау-дамай, айқай-шу басталды, сот, үкім… Қайталап санақ жүргізілместен «қателік» жөнделді – 63 пайыз!

Соңғы санақ екі жылға кешікті. Себебі – пандемия! Несін айтасыз, еліміздегі Алаш баласының саны 75 пайыздан асады, бір кездегі (1933 жыл) «қазақтың үлесі төрттен бір» деген ұғым-түсінік төңкеріліп, «санымыз төрттен үшке жетер ме екен?» деген үмітіміз тасталқан болды…

– Сонда 70 пен 75-тің айырымы, күнделікті тірлігімізге әсер-ықпалы орасан зор демексіз бе?

– Мен ашық алаңға шығып айқайлап жүрген саясаткер емеспін. Бірақ қолымнан келгенше қазақтың санының көбеюін тілеп, сапасының артуына үлес қосуға тырысып жүрген санаткердің бірімін.

Сапа қай кезде толыспақ?..

Ол санымыз артқанда һәм мемлекеттің ұлттық руханиятқа деген көзқарасы оңалғанда, ұлттық мәдени қолдау саясаты белсенді жүргізілгенде жетілмек. Алдымыздағы қаңтардан бастап қазақ руханияты жаңаша өркендей ме деген үмітіміз зор. Өйткені, мемлекетіміз «Ұлттық рухани жаңғыру» атты жаңа стратегиялық жалпыхалықтық жобаны қолға алып отыр. Мұндағы «Ұлттық» дегенді заманауи тұрғыда жаңаша түсіну шарт.

Бұл алдымен кең мағынада – «мемлекеттік» (ағылшынша айтсақ, «nation»), екінші кезекте – «қазақтық» (қазақстандық емес) мән-мағынаға суарылған жоба боларға керек.

Бұл – соңғы үш-үш жарым ғасырда есесі кеткен, олжа-үлестен қағылған қазақ руханияты жаңаша жанданып, жаңғырады деген сөз.

Бұл – бізді алапестей қорқытып келген «ұлтшылдық» деген («ұлтжанды» емес) қастерлі ұғым-түсініктің сонау 1937-38 жылдан соң ортамызға қайта оралуы.

Бұл – біздің жүз мыңдаған жылдар армандаған ұлттық мемлекет құру идеямызды ту етіп көтеру деген сөз!

– Сонда сіз қазақ ұлтының руханимәдени өркендеуі енді басталады, осыған дейін ештеңе істелген жоқ дегіңіз келе ме?

– Әрине, мен отандық тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерімен айналыспасам, баспагер ретінде рухани-мәдени жобаларды атқаруға атсалыспасам, ұлттық құндылықтарды айқындап, соларды бұқаралық санаға орнықтыруға күш салмасам осылай ойлап, осындай ұшқары пікір айтар едім.

Басқасын айтпағанда, 2004-2010 жылдардағы орындалған «Мәдени мұра» бағдарламасын алайық. Ауқымды мемлекеттік жобаның «Қазақ сөздіктері» және «Қазақ этнографиясы» бағытсериясының үйлестірушісі болдым. Осы жылдарда қазақтың жоғын жоқтаған, барын жүйелеген әлемдік деңгейдегі бірегей бірнеше іргелі жоба жүзеге асты: 100 томдық «Бабалар сөзі», 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», 5 томдық «Қазақтың этнографиялық сөздігі», «Қазақтың 1000 күйі», «Қазақтың 1000 әні», т.б.

Әрине, олардың жарнама-насихаты, бағалануы, ұлттық руханиятқа әсер-ықпалы туралы әңгіме басқа. Бұл – ұлттық құндылықтарды, рухани мұраны жинастыру, жүйелеу еді. Ал қоғамдық санаға сілкініс әкелер, халықтың сапалық деңгейін көтерер ұлттық мұраны игеру, дамыту, өркендету мәселесі мемлекеттің кезекті «Рухани жаңғыру» бағдарламасының еншісі болатын.

Өкінішке қарай, біз бұл жолы да науқаншылдыққа, жалған ұраншылдыққа бой алдырып, қасқа жолдан бұрылып, басқа-басқа саны көп, сапасы жоқ ұсақ-түйек іс-шаралармен айналысып кеттік.

– Сонда «Ұлттық рухани жаңғырудың» бірнеше жыл ұрандатқан «Рухани жаңғырудан» ерекшелігі, өзгешелігі бола ма?

– Әрине, ұлттық санадағы, халықтың таным-түсінігіндегі нәзік өзгерістерді аңғару, оларды конструктивті арнаға бағыттау, ұлттық идеологияның (миссияның) орнын басар ұлттық құндылықтарды алдыңғы орынға шығару оп-оңай нәрсе емес.

Дәп бүгінгі таңда қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Ел басшысының арнайы Жарлығын іске асыру жолында Мемлекеттік комиссияның құрамында жұмыстанып жатырмын. Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорын 1992 жылы құрып, содан бері осы жолда тоқтаусыз еңбектеніп келеміз ғой. «Арыс» баспасы, оның «Дала Принт» баспаханасы жұмыс істеп тұр. 2018 жылы 16 желтоқсанда Алматы облысы Талғар ауданының Жаңалық ауылында «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейін аштық. Барша алаш арыстарының сүйектері көмілген 15 гектар жерге мешіт тұрғызылды, пандемия бітсе үлкен мемориалдық кешеннің құрылысы басталмақ. «Жетісудың шерлі тарихы» атты үшжылдық жобамыз жүзеге асырылуда.

Жақын күндерде «arysmedia.kz» атты порталымыз іске қосылмақ.

– Жақсы жаңалық екен, портал туралы толығырақ айтып өтсеңіз…

– Ғылыми-зерттеу порталы Саяси қуғын-сүргін музейінің тақырыптық ізімен 1916-1986 жылдардың аралығын қамтитын «Ашаршылық», «Кәмпеске», «Халық көтерілістері», «Репрессия құрбандары» («Азалы кітап-Книга скорби»), «Әскери тұтқындар», «Депортация», «Желтоқсан», т.с.с. 15 сайттан тұрмақ.

Мысалы, тарихшы әріптестеріміз «ХХ ғасырда ашаршылықтан 3-7,5 миллион аралығындағы қазақ шейіт болды» деп дәлелдемек болып жүр. Бірақ, қоржынымыздағы деректер тым мардымсыз, саны көп болғанымен шыбындай қырылған құрбандардың аты-жөні беймәлім. Халықаралық қауымдастықтың назарын аударып, құн сұрап, кінәлілерді жауапқа тарту үшін миллиондаған боздақтың аты-жөнін анықтауымыз қажет. Біз үміт еткен қазақ шежірелерінің бұған жәрдемші бола алар түрі жоқ, пәленше атам, түгеншелер аштан өлді деп жазбайды екенбіз. Ендігі бар үміт – халықтың жадында, бүгінгі ұрпақтың белсенділігінде.

Әрине, бұл жұмыс ондаған жылдар бұрын басталуы қажет еді. «Ештен кеш жақсы» демекші, әркім жадын жаңғыртып, ата-баба шежіре сін толықтырғанда ғана ашаршылық құрбандары туралы ақиқат анықталмақ. Жабық жатқан архивтегі сан-цифрлар нақты адамдардың, ондаған жылдар құран-дұға тілеп жатқан сіздің ағайын-бауырыңыздың, жиеннағашыңыздың, құда-жекжатыңыздың аты-сойымен толықпақ. Білген, естіген мәліметтеріңізді «ЖОҚТАУ»-ға жолдаңыздар.

Осы орайда тағы бір-екі түйінді мәселе бар. Атырау мен Маңғыстау тарихы, оның ХХ ғасыр басындағы шерлі шежіресі Орал губерниясы аталымымен тіркелген. Бүгінде үш облысқа жіктеліп отырған аталас ағайындар, қаны-жаны бір туыстар Ресейдегі қандастардың өткендегі тарихына да, бүгінгі тірлігіне де жауапты. Астрахан мен Орынбор, Волгоград пен Саратов, Башқұртстан мен Қапқаздағы ағайындардың шекараның арғы бетіне аууына кім кінәлі?!

«Дүние – кезек» дейді дана халқымыз, «тарих жолы – спиральды жол» дейді данышпан философтар. «Жоқтаудың» жоқтауынан олар да тыс қалмауы тиіс. Бұны үнемі есте ұстап, оларды руханимәдени кеңістігімізге қайтару – біздің міндетіміз.

– Біршама ұлттық, елдік мәселелерді қозғап жатырсыз. Енді әңгіме әуенін Атырауға қарай бұрсақ…

– Күні кеше ғана Атырауды дүбірлеткен Алтын Орда тойына құрметті қонақ болып келіп, марқайып қайтқанымыз естен кетер ме?! Алаш пен Алашорда шаруасы 30 жылдан бері қолымыздан өтіп келеді. Тараз-Шу өңіріне барып, Қазақ хандығының тұсауын кескен өлкені аралағанымыз ұмытыларма? Тұтас түріктің туын тіктеген киелі Түркістанның жаңғыруы ше?!

Бұл тек менің таңданысым, менің рухани толығып, толысуым емес, ғасырларды көктеп өткен арманаңыздардың ақиқатқа айналуы ғой. Күллі ұлт-ұлыстың қисапсыз ұлы көшіне, жүріп өткен тарихи жолына құрмет. Ұмыт бола бастаған атабаба рухына тағзым. Қазақ көшіпқонып жүрген, мемлекеттік шекарасы болмаған деген керауыздарға тиянақты жауап. Рухты оятып, намысты шыңдайтын шарқайрақ.

Сондай-ақ бұл – Атырау жұртшылығына жүктелер заманауи міндет те. Сарайшықты түлету, Қасым ханға е скерткіш орнату – біздің борышымыз. Өкіметтің мұршасы болмай, қолы қысқа болып жатса, мұндай істерді өлке халқы өзі жұмылып, көптеп-көлемдеп атқаруы тиіс. Ата тарихты, ана тілін, төл мәдениеттің жай-күйін түгелдей өкіметтің мойнына артып қою көрегендік емес. Қалың қауым қалтасына қол салып, аузынан жырып берсе, ұлық істердің қадірі артпақ. Көпшілік жұрт жұмысын – өз жұмысым, ұлттың керегін – өз тірлігім деп білгенде ғана оның қанға сіңімділігі, ұрпақ бойына таралуы толыққанды болмақ.

Кезінде біз «Арыс» баспасының «Тұлға» сериясымен Сұлтан Бейбарыстан тартып, Әбілқайыр хан, Сырым Датұлы, Махамбет, Исатай, Құрманғазы, Дина, ағартушы Халел, Мақаш әкімге дейін жекежеке ұлықтаған болатынбыз. Енді кезегін күтіп, Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбеттерден бастап Мұрат, Абыл, Ақтан, Нұрым, Қашағандар тұр. Әнес ағаның «Ноғайлысы», Ноғайлы жырлары, «Қырымның қырық батыры» міндетті түрде жас буынның, жаңа ұрпақтың игілігіне айналуы тиіс.

Біз бұл істерге бастамашы болғанбыз, осы бағытымыздан танбай, алда да ағартушылық миссиямызды жалғастыра бермекпіз.

– Облыстық, аудандық әкімшіліктер көмектесетін шығар. Демеуші, меценаттық көмек жағы ше?

– Бұл сұрағыңызға жауырды жаба тоқып, сыдыртып өте шығайын ба? Әлде шырылдаған шындықты айтайын ба?

– Әрине, шындықты айтқаныңыз орынды ғой…

– Ендеше әңгіменің тоқетері былай. Советтік 70 жылда, казіргі кезеңде де рухани-мәдени мұраны игеру, насихаттау ісіне шаруашылықтың бір саласы деген көзқарас ешқашан болған емес. Оны қаржыландыру – биліктің тілімен айтқанда «остаточный принцип» деп аталды. Яғни итке сүйек тастағандай, ауыл шаруашылығы, өндіріс, әлеуметтік блок, т.б. қаржыландырудан қалған (егер қалып жатса) «қалдықтар» бөлінді және бөлініп келеді.

Мен осы кезге дейін 30-ға жуық энциклопедия жасап, жарыққа шығарған ғалым-баспагермін. «Арыс» баспасының қоржынында «Махамбет» (20 том «Махамбет әлемі» жарық көрген) пен «Құрманғазы» (осы тақырыпта 3 жинағымыз жарияланды) энциклопедиялары жатқанын біледі. Шығаруға ниет білдіріп, қаржы көзін іздеген азаматтар да болды. Түрлі-түрлі объективті және субъективті себептермен бұл жобалар әзірше «өлі түсік» болып тұр.

Өткен жылдың соңында Атырау облысы бойынша бірнеше жоба ұсындық. Әсіресе, марқұм Мақсұт Неталиев ағамның маған көзі тірісінде аманаттап кеткен бес томдығын шығара алмағаным өкінішті-ақ. Ағамыздың сүйегін ұшақпен алып келіп, Аққыстаудың жанындағы Тұщықұдыққа жерлегенде көпшіліктің алдында сол аманатты мойныма іліп, «бес томдығын шығарам» деп уәде бергеніме жаным күйеді. Қазақтың көрнекті ақынының шығармашылығын туған Атырауы қолдамағанда кім қолдайды?!

Кітап шығару мәселесінде осындай хикая-эпопеялар бар. Шығарған кітабың сатылмайды, еңбегің еш болады. Мені ақша-ақша деп өліп бара жатқан алаяқ кәсіпкерге таңып, жемқор деген жалаға қаламыз деп дірілдеген шенеуніктерге жалынып нем бар, егер өз мүлкім – өзім жазып, өзім басып шығарып, өзім арқалап елге апарған кітабым сатылмаса. Кітапты рухани азық, не тауар деп бағаламаса…

Осылайша 30 жылдан бері ел аумағында талқаны шыққан кітап тарату ісін қайта қалпына келтіре алмай, зарлап келеміз.

Әрине, жанашыр, көмек қолын созуға дайын тұратын азаматтардың атын атамай кетсем, ұяты өзіме. Биылдың өзінде Халел Досмұхамедов атындағы университет ректоры Саламат інімнің біраз шапағатын көрдім. Нұр-Сұлтанда ескерткіші ашылған тұста «Дина күйші» деген кітабымызға демеушілік жасады. «Арыс» дайындап жатқан академик Салық Зимановтың 5 томдық жинағын тегін, сапалы аударып берді. Мұндай қайырымды жандарға «Алла риза болсын!»-нан басқа айтарымыз жоқ.

– Ғарифолла аға, әңгімемізді түйіндесек…

– Барша жерлестерімді мерейтоймен шын жүректен құттықтағым келеді. Елге құт-береке, тыныштық тілеймін.

Азаматтарға, әсіресе руханият саласында жүрген әріптестеріме «Ұлттық рухани жаңғыру» стратегиялық жобасына белсене қатысып, сәтті сағатта халқымыздың жоғын жоқтап, барын бағалап, ұлтанды ұлттық құндылықтарымыздың ғасырдан ғасырға азбай-тозбай жетуіне қажымай, талмай атсалысайық дегім келеді.

Шапқылаумен жүріп зейнеткерге айналғанымызды өзіміз де байқамай қалыппыз. Қашанда елімізге, жұртымызға болса екен деп келдік. Енді қалған ғұмырда елдің көзі ашық азаматтары бізді іздеп, қоржынымызда сүрленген асыл жобаларымызды қалап алып, халық игілігіне жаратса деп қиялдайсың.

Аманшылықта болайық, аман ердің аты шығар деген… Жақсылықта қауышайық!

Әңгімелескен: Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Дереккөз: №99-100. 14 желтоқсан, 2021 ж.