Қайта тірілген «Қазақ» газеті

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласының кітапханасында аталмыш облыстың мәдениет, архив және құжаттама басқармасы, «Алматы облысының музейлер бірлестігі» МКҚК-ның филиалы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейі тұңғыш жалпыұлттық әрі халықаралық, қазақ ұлттық баспасөзінің қарлығашы «Қазақ» газеті күніне орай «Қазақ газеті және ұлт зиялылары» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Шараға ҚР-ның Парламент мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса, «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес бастаған алматылық және жергілікті зиялы қауым өкілдері, музей қызметкерлері, кітапханашылар мен мектеп мұғалімдері қатысты.

Шара барысында сөз алған қатысушылар өткен ғасырдың басында қазақ қоғамында аса ірі қайраткерлік рөл атқарған ұлт зиялылары туралы тартымды да тағылымды пікірлерін бөлісті.

Бұл іс-шараның ең бір айулы оиғасы, ол – қазақ ұлттық баспасөзінің қарлығашы «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдар аралығындағы жарияланған нөмерлерінің төте жазудан қазіргі қолданысымыздағы кириллицаға көшіріліп жарық көрген 7 том жеке кітабының, 1917-1919 жылдар аралығында шығып тұрған Семей облыстық Қазақ комитетінің үні  болған «Сарыарқа» газетінің толық жинағының, ақын-журналист Мұхаметжан Сералиннің басшылығымен Троицк қаласында 1911-1915 жылдарда  шығып тұрған «Айқап» журналының екі том жинақ кітаптарының  таныстырылымы болды. Аталмыш кітаптардың тұсауын қоғам қайраткері Қазыбек Иса, облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Кәдірбек Құныпияұлы және Қазақстан Жазушылар Одағының облыстық филиалының директоры Қанат Әбілқайырлар кесіп, Ақжол тіледі!

Сөйтіп, көзден кетсе де көңілден кетпеген  тарихи жәдігерлер қайта тіріліп бүгінгі күннің оқырмандарымен қайта қауышты.

2 ақпан Ұлттық баспасөз күні құтты болсын, қадірлі қаламдастар!

Мінбер-ақпарат