“ҚАЗАҚ” ГАЗЕТІ ҚАЗАҚТЫ ОЯТТЫ – Қазыбек Иса

“ҚАЗАҚ” газетінің көптомдық жинағы жарық көрді

2 ақпанҚазақ ұлттық баспасөзі күні

Осыдан тура 111 жыл бұрын 1913 жылы, дәл бүгін 2 ақпанда “Қазақ” газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді.

Бұл тұңғыш қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси апталық газет.

“Қазақ» газеті 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында шығып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым.

Газеттің Бас редакторы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы болды.

Жалпы 266 нөмірі жарық көрген.

Басылым кеңес үкіметінің зорлығымен 1918 жылы 26 қыркүйекте жабылды.

1915 жылға дейін аптасына бір рет, одан кейін екі рет шыққан. Өйткені бір жылда 52 апта болса, газет 1915 жылы 70 рет, 1917 жылы 69 рет шыққан.

Бастырушысы — «Азамат» серіктігі. Газетке алғаш қолдау жасаған Мұстафа Оразайұлы.

«Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушы, редакторы — Ахмет Байтұрсынұлы. Міржақып Дулатұлы екінші редакторы болды.

1918 жылы газетті Жанұзақ Жәнібекұлы басқарды.

Басылымда А. Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы, М. Шоқай, М. Тынышбайұлы, Ш. Құдайбердіұлы, Ғ. Қараш, Р. Мәрсеков, Ж. Тілеулин, Ғ. Мұсағалиев, М. Жұмабаев, Х. Болғанбаев, Х. Ғаббасов, Ж. Ақпаев, Ж. Сейдалин, С. Торайғыров, А. Мәметов, С. Дөнентайұлы, Х. Досмұхамедұлы т.б. авторлардың мақалалары жиі жарияланып тұрды.

Газеттің «Қазақ» аталуына қатысты Ахмет Байтұрсынұлы: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетамыздың есімін Қазақ деп қойдық»,-дейді. Газеттің басты мүддесі ұлт мүддесін қорғау болды.

Бұл ұлттық азаттық қозғалысының ағартушылыққа құрылған өркениетті түрі еді.

«Қазақ» газетін абыз Шәкәрім ­қа­­жы Құдай­бердіұлы 1913 жылғы 9 нау­ры­зда, басылымның №5 санында арнау жырымен құттықтайды.

«Қазақ» құт­ты ­бол­сын!» атты өлеңінде:

Үмітті Орынбордан бала туды,

Қолына жарық сәуле ала туды.

Мақсаты: қараңғыда жүрген халқын

Ойлайды тура жолға қаратуды,

– деп жырдан шашу шашады.

Газет басында 3 мың данадай болып, кейін 6-8 мың данаға дейін жетеді.

Осыдан бір ғасырдан аса уақыт бұрын Алты Алашқа тараған “Қазақ” газеті 6 мыңмен тараса, “Қазақ халқы сауатсыз болды” деген жалған сөз қайдан шыққан?!.

Дәл қазір, Тәуелсіз Қазақ Елінің 33 жылында 5-6 мыңмен тараған газет ханға сәлем бермейді. Ал 8 мың дана жазылымы болу республикалық газеттердің өзіне арман!

“Қазақ” газеті Қазақты оятты!

“Қазақ” газеті Қазақтың жыры мен мұңы, Алаштың үні болды. Алаш партиясы мен Алашорда автономиясының басылымы болды.

Ахаңның сөзімен айтқанда, “халықтың көзі, тілі және құлағына” айналды.

Дәл бүгін 2024 жылы 2 ақпанда — Қазақтың ұлттық баспасөзінің күніне орай Алматы облысы Қонаев қаласындағы кітапханада «Қазақ” газеті және ұлт зиялылары» атты дөңгелек үстел өтті.

Ұйымдастырушылар

Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, «Алматы облысының музейлер бірлестігі» МКҚК филиалы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейі.

Осы рухани шарада «Қазақ» газетінің 1913 -1918 жылдар аралығындағы 44 нөмірінің төте араб жазуынан кирилл жазуына аударылған 7 томының, «Сарыарқа» газетінің 1 томдығы, «Айқап» журналының екі том жинақтарының тұсауы кесілді. Жоба жетекшілері алаштанушы ғалымдар Ғарифолла Әнес пен Сұлтан Хан Жүсіп. Бұл үлкен рухани еңбек “Ақ жол” партиясының қолдауымен іске асты!

Бізге де осы рухани шараға Астанадан арнайы келіп, қатысуды бұйырған екен. Елімізде тұңғыш рет шығып отырған

“Қазақ” газетінің 7 томдығы, “Айқап” журналының 2 томдығы, “Сарыарқа” газетінің 1 томы, барлығы 10 томдықтың алғашқы тұсауын кесудің сәулелі сәті түскеніне де зор қуаныштымын.

Жиырмасыншы ғасыр басында шыққан, Қазақ үні болған “Қазақ” газетінің көптомдық жинағының тұсаукесерін 111 жылдан кейін жиырма бірінші ғасырдағы ұлттық басылым “Қазақ үні” газетінің құрылтайшысы кесіп отырғанын жақсылыққа жорыдым.

“Қазақ” газетінің Қазақ елінің тарихына, баспасөзі мен мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесі туралы сөйледік.

Қазақ Елі Тәуелсіздігі үшін күрескен, Азаттық үшін алысып, саналы түрде құрбандыққа барған Алаш арыстарының алапат ерлігі туралы толғандық.

Қазіргі қазақ баспасөзінің жағдайын да сөз еттік.

Сонымен қатар Парламент Мәжілісі мен “Ақ жол” партиясының атқарып жатқан жұмыстары жайлы да баяндадық.

Жиынды жүргізген, “Қазақ” газеті көп томдығын құрастырушы белгілі алаштанушы ғалым Ғарифолла Әнес өңірдегі «Шерлі шежіре» жобасы жайлы, атқарылған зерттеу жұмыстары, архив, кітапханалармен бірлесіп жасалған жұмыстарымен, болашақтағы жоспарларымен бөлісті.

Ұлт зиялылары, қаламгер, журналистер, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облысы филиалы төрағасы Қанат Әбілқайыр, Қадірбек Құныпия, Бақытбек Бәміш, Бердалы Оспан, Еркін Стамшал және тб өз пікірлерін білдірді.

Жиынға “Ақ жол” партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Абзалбек Сағымбекұлы мен жергілікті кітапханашылар, мәдениет қызметкерлері, журналистер қатысты.

Қазақ баспасөзі мен руханиятының бастауында тұрған “Қазақ” газетінің Қазақ Елімен қайта табысуы — мәдениетімізге серпін беретін үлкен рухани дүние.

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

qazaquni.kz