Қазақ халқына тәуелсіздік алып берген Алаш қайраткерлері
Елдің еркіндігі мен тәуелсіздігін жанын сала қорғаған еркін ойлы азаматтарды халық ардақтап, оларды «Алаштың азаматы» деп атаған. 1917 жылы 12 желтоқсанда Орынбор қаласында жалпы қазақтардың II съезінде Алашорда автономиялық үкіметі құрылып, Әлихан Бөкейханов – премьер министр, Әлімхан Ермеков – вице премьер, Мұстафа Шоқай – вице премьер, Жақып Ақбаев – бас прокурор, Ахмет Байтұрсынов – оқу министрі болып үкімет мүшелері жасақталды. Бұл сьезд көшпелі қазақ даласында, жалпы әлемде резонанс тудырған тарихи оқиға болды. Алашорда үкіметінен, әсіресе, жаңадан құрылған большевиктер үкіметі қатты сескенді. Үкімет басына білімді, парасатты, зерделі, елін-жерін сүйетін ұлтжанды, терең ойлы азаматтар келді. Солардың ішінде алғашқы Қазақ автономиялық Республикасын құрып кеткен Алашорда қайраткерлері туралы айтайық!
- Әлихан Бөкейханов – қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының тумасы. Бөкей ханның төртінші ұрпағы. Жасынан оқуға зерек, дарынды жас Петербургтегі университеттің заң факультетіне оқуға түседі. Большевиктердің көсемі В.И. Ленинмен курстас болады. Университетті үздік бітірген Әлихан жеті тілді жетік білген. Жиырма бес жасында француз жазушысы Мопассанның бірнеше кітабын қазақ тіліне аударған. Университет қабырғасында жүргенде В.И.Ленин Әлихан Бөкейхановтың бойындағы ерекше дарынды байқап, көп жағдайда онымен ақылдасып отырған. Кейін үкімет басына келген ұлт көсемі В.И.Лениинмен достығы арқасында Әлиханның алға қойған бірнеше мақсаттары орындалады. Алайда, 1937 жылғы зиялы қауымға жасалған репрессия кезінде Әлихан да «Халық жауы» деген жаламен 1937 жылы ату жазасына кесіледі.
- Ахмет Байтұрсынов – қазіргі Қостанай облысы, Торғай ауданының тумасы. Жасынан алғыр, оқуға зерек Ахмет ұлт мүддесі мен қазақ елінің тәуелсіздігі жолында бар саналы ғұмырын сарп етті. Ахмет Байтұрсынов бес рет түрмеге отырып, екі рет итжеккенге айдалады. «Ұлт ұстазы» атанған Ахмет туған халқының тағдырын ойлап, елін қараңғылықтан, надандықтан құтқару мақсатында Әлихан Бөкейхановпен бірлесіп «Алаш» партиясын құрады. Бес тілді жетік білген. Он бес Республикадан тұратын Кеңес Одағы құрамындағы қазақ елінің дербестігін сақтау үшін В.И.Ленинге бірнеше рет хат жазады. Ахметтің білімді, терең ойлы азамат екенін байқаған В.И.Ленин оны жеке қабылдауға келісімін береді.
Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов Ахмет Байтұрсынов туралы: «Бір басында сан сапалы өнер тоғысқан, телегей теңіз энциклопедиялық білім иесі», — деп мінездеме берген екен. Бірде қызылдардың тергеушісі Ахаңа мынандай сұрақ қойыпты. «Жолдас Байтұрсынов, сенің ақтар жағында ма, әлде қызылдар жағында екеніңді ажырата алмай қаламыз» — дегенде Ахмет еш саспай: «Маған ақсың ба, қызылсың ба бәрібір. Кім қара халыққа жаны ашыса, мен сол жағындамын», — деп нақты жауап берген екен. Ахметтің соңына шырақ алып түскен НКВД 1937 жылдың 8 желтоқсанында «Халық жауы» деген жалған жаламен ату жазасына кесіледі.
- Әлімхан Ермеков – қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының тумасы. Небәрі жиырма сегіз жастағы Әлімхан төрт тілді жетік білсе, математиканы шемішкеше шағып, математика саласының алғашқы ғалымы атанды. Керемет дарынды жас ұлт тағдырын ойлап, Алаш партиясына мүше болып кіреді. Бар саналы ғұмырын қазақ елінің тәуелсіздігі жолында сарп етеді. Бірнеше рет ұлт көсемі В.И.Лениннің қабылдануында болады. Бірде 25 жастағы Әлімханға атақты саяхатшы Григорий Потанин жолығып «Едіге жыры» мен жиырма шақты қазақ ертегілерін орыс тіліне аударып беруін өтінеді. Әлімхан уәде береді. Бас аяғы он бес күнде «Едіге жыры» (поэмасы) мен жиырма жеті ертегіні еш граматикалық қатесіз орыс тіліне аударып береді. Әлімханның бойындағы ерекше дарынды байқаған Григорий Потанин арқасынан қағып. «Мен екінші Шоқан Уәлихановты көргендей болдым» — деп мадақ айтқан екен. Әкесі Ермек Құнанбаймен дос болған, Меккеге Құнанбаймен бірге барып, Мәдинеге жерленеді.
Әлімхан Абайдың баласы Тұрағұлмен дос болып, Абай әулетімен араласып тұрған. Кейін Әлімхан Ермеков те «Алаш» партиясының мүшесі ретінде қудалауға түседі. «Халық жауы» деген жалған айып тағылып, он жеті жылға бас бостандығынан айырылады.
Ұлт мүддесін ойлаған Алашорданың үш қайраткері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков большевиктер партиясының басшысы В.И.Лениннің қабылдауында бірнеше рет болды. Ондағы мақсаттары Қазақ Автономиялы Республикасын құрып, шекараны бекітіп алу болды. Қызылдардың қылышынан қан тамып тұрған кезеңде мұндай мемлекеттік дәрежедегі мәселені шешу оңай шаруа емес еді. Бастарын бәйгеге тіккен үш арыс алған беттерінен қайтпады. Сондай сауатты жазылған негізгі заңға қайшы келмейтін, ұлт мүддесін көздеген хатқа жауап бермеуге В.И. Ленинің де дәті шыдамаған болуы керек. Үш қайраткерді арнайы қабылдауға келісім береді. Бірнеше айға созылған келіссөзден кейін В.И. Ленин 1920 жылы 20 тамызда Қазақ Автономиялы Республикасын құру туралы декретке қол қояды.
Осы тұста Ахмет Байтұрсынов «Сталинге де кірсек қайтеді?» — деп Әлиханнан сұраған екен. Ә. Бөкейханов «Сталин не шешер дейсің? Оның не ойы, не білімі көлемді емес, мінезі де шатақ. Барлық мәселені В.И. Ленинмен шешіп алсақ, ар жағы жеңіл болады» — деп басу айтады. Ә. Бөкейхановтың көрегендігі әрі Ленинмен достығы арқасында барлық мәселені шешіп алады. Шекараны бекітіп алуда Әлімхан Ермековтың еңбегі орасан зор болды. Ол математикалық есептеу арқылы сондай кәсіби шеберлікпен, жаңадан құрылған мемлекеттік шекараға топографиялық карта жасалып, атлас картасына өзгеріс енгізілді. Төрт тілде еркін сөйлеп тұрған 28 жастағы жас жігітке Ленин назар аударып, керемет шеберлікпен сызылған шекараның картасын көріп таңқалғаннан басын шайқаған екен. Әлімханның бойындағы дарынды байқаған Ленин оны оңаша 2 сағат қабылдап, шекараны бекітіп берген дейді. 1920 жылы 24 тамыз күні Қазақ Автономиялы Республикасының ұлттық мемлекеттік территориясын бекіткен Кеңес Үкіметінің қаулысы шықты. Ал, «Қазақ Автономиялы Республикасы құрылғаны туралы» Жарлық 1920 жылы қазан айында жарияланды.
Сонымен, үш арыстың арқасында қазақ халқы саяси, экономикалық дербестігін алмаса да алғашқы тәуелсіздігін алғаны анық. Қазақ Автономиялы Республикасы құрылған 20 тамыз бен ұлттық мемлекеттік шекараның шегелеп бекітілген 24 тамыз күні үлкен тарихи оқиға ретінде алтын әріппен жазылып, бұл күндер Тәуелсіздік күні деп тойланса, нұр үстінде нұр болар еді. Қазақта «Аруағын сыйлаған ел азбайды» деген сөз бар. Астана қаласының кіреберісінде «Қазақ халқына Тәуелсіздік алып берген Алаш қайраткерлері» деген жарнама тақтайша орнатып, сол тұсқа үш кемеңгердің есткерткіштерін орнатса, олардың аруағы разы болмай ма?
Қабылан КӨРПЕБАЕВ, еңбек ардагері