Қазақ баспасөзінің тарихы: бүгінгі мен ертеңі
Қазақ халқы XIX соңы мен XX ғасырдың басында жаңа тарихи кезеңдерге қадам басты. Алғашқы қазақ кітаптары, ұлттық баспасөз құралдары, жаңаша мектептер пайда болып, ұлттық қозғалыс қалыптасты. Ресей түркілері арасында жалпыласқан қоғамдық-cаяси және ағартушылық қозғалыс «Жәдитизімнен» қазақ қоғамы да қағыс қалмады. Қазақтар арасында да жәдиттік бағыттағы ағартушылық қозғалыс барынша өркен жайып, алаш идеясы өрістеді. Ұлтты ең алдымен ағартушылық һәм іскерлік жолға салу басты бағыт болды. Халықтың сана сезімі мен ұлттық мәдениетті көтере отырып теңдік пен еркіндікке жетуге тырысты. Бұл жолда, бұл бағытта қазақтың тұңғыш баспасөздерінің атқарған міндеті өте пайдалы болды.
Қазақ баспасөз тарихының бастауы XIX ғасырдың екінші жартысында Ташкентте шыққан «Түркістан уалаяты» газеті (1870-1882) мен Омбыдан шығып тұрған «Дала уалаяты» газетінен (1888-1902) бастау алады. Бұл екі газет те патша үкіметінің жергілікті басқару органдары арқылы шығып тұрған басылым еді. Сондықтан да мұнда көбінесе үкімет қаулылары жергілікті ұлт тілдеріне аударылып жарияланып тұрды. Газеттің кей сандарында өлке тарихына қатысты құнды жазбалар да кездеседі. 1905 жылы бірінші орыс төңкерісінен соң, баспасөз еркіндігін пайдаланған қазақтар 1907 жылы Троицкі қаласында Хайым Шомылов Сасновский, Жетбісбай Андреев, Ешмұхамед Имамбаев басшылығымен «Қазақ газеті» атты газет шығып, бірнеше саны басылған соң тоқтайды. 1907 жылы наурызда Петербург қаласында Ғабдрашид Ибраһимов пен Дума депутаты Шәймерден Қосшығұлов жетекшілігімен «Серке» атты 15 күнде бір шығатын газет басылады. Бірнеше саны шыққан соң «Серке» газеті һәм онымен қанаттас татардың «Улфат» газеті де цензурамен жабылып, таратылған сандары полиция тарапынан тәркіленеді. Тек, 1911 жылы шыққан қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» және Ордада шыққан «Қазақстан» газетінің ғұмыры ұзақтау болды.
«Халықтың қай дәреже алға кеткендігі халық арасында таралған газет, журнал һәм кітаптарынан білінеді» – деп, «Айқап» журналының (1911-1915) тұңғыш санында журналды шығарушы Мұхаметжан Сералин айтқандай немесе, «Әуелі, газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газета сондай керек!» – деп, «Қазақ» газетінің (1913-1918) алғашқы санында Ахмет Байтұрсынұлының жазғандай, ұлтты ағарту, ұлтты ұйыстыру бағытындағы өздерінің тарихи міндеттерін адал атқарды.
«Айқап» журналы (1911-1915). 1911 жылы 10 қаңтар Троицк қаласында қазақтың тұңғыш журналы «Айқаптың» алғашқы саны шықты. Атауы туралы журналдың басқарушы һәм бастырушысы Мұхметжан Сералин бас мақаласында: «Журналымызға «Айқап» деп есім бердік. Бұл сөзге түсінгенде болар, түсінбегенде табылар. Біздің қазақтың «Айқап» демейтұғын қай ісі бар?! …«Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң жорналымыз да өкінішке лайық «Айқап» болды» деп, журналды шығару үшін қаламға жармасқанын, мақсаты атақ шығарып білім сату емес екенін, журналға басылуға жіберілген сөздер қазақша, ноғайша, орысша, түрікше болсада қабылданатын айтады. Журналдың соңғы бетінде қазақ жұртына журналға жазылу және қолдау туралы үндеуі басылды. «Жеті облысты мекен еткен қазақ халқы үшін тым болмаса бір журнал шығару тиіс екендігін әр кім білсе керек. Әлбетте журналы алушы көп болса шығарылар; алушы жоқ болса тоқталар. Мұның үшін әр бір көңілінде жұртына азырақ мұхабаты бар қазақ баласы жәрдем етер деп үміт етеміз. Әдрес: г. Троицкъ. Оренб. Губ. Реддактору-издателю журналы «Ай-капъ» Мухамеджану Сералину, въ редакции газеты «Степь». («Айқап». №1.1911.) — деп көрсетеді.
Журнал қазақ кітаптары мен оқулықтары туралы жарнама һәм түсініктемелер беріп отырды. Олардың қатарында: «Қырық мысал», «Оян қазақ», «Әлфба төте оқу», «Көкселдір», «Әдебиет өрнегі», «Бақытсыз Жамал», «Көркінді бала һәм үлгілі ана», «Топ жарған», «Иман һәм намаз», «Пайғамбар заманы», «Қазақ шежіресі» т.б. кітаптар кездеседі.
«Айқаптың» жалпы 88 нөмері жарық көрді. 1911 жылы 12 саны, 1912 жылы 14 саны, 1913 жылы 24 саны, 1914 жылы 24 саны, 1915 жылы 14 саны толық шықты. 1914 жылы басталған бірінші жаһан соғысы қазақ қоғамына да әсерін тигізбей қоймады. Баспахана бағасының көтерілуі һәм жазылушылар саны азайған себепті журнал 1915 жылдың 28 тамыз №14 санынын бастап тоқтатылды. Бұл туралы «Басқармадан» жазбасында: «Соның үшін біз «иесіз ауыруды, жынсыз бұрқан бағады» болмайық деп, осы номерімізден соң журналымызды уақытша тоқтатпақ болдық» — дейді. «Айқап» журналы өз кезегінде ұлтты ұйысуға бағатталған ең басты – жер, тіл, дін, әділ сайлау, әйел теңдігігі сияқты мәселелерге баса назар аударды. Оқу, жаңаша мектеп ашу мәселелерін барынша көтеруге тырысты. Аталған тақырыптарды 1913 жылы Орынбордан шыққан жалпыұлттық «Қазақ» газеті де күн тәртібінен түсірмей, жұртқа нәсихаттады.
«Қазақстан» газеті (1911-1913). Ордадан шығып тұрған басылым. Алғашқы екі саны Хан Ордасынан шығып, қалған сандары Орал қаласынан басылады. Газеттің алғашқы саны 1911 жылы 16 наурызда шықты. «16 нші марттан бастап Хан Ордада Елеусін мырза Бұйрин басқауыменен «Қазақстан» ісімлі қазақша газет шыға бастады. Бірінші нөмірі біздің басқармамызға келді. Сөзі таза қазақ тілінде жазылған. Адрес: Ханская ставка. Астр. Губ. Редакция газеты «Казакстань». Ал жұрт! Ендігі кезек сіздерде шығарылған газетті жазылып алдырып оқып, газеттің жылғы расходын өтесеңіздер газет тоқталмай шыға барар; алмасаңыз әлбетте тоқтап қалуы анық. Талапкер жастарымыз да кінә қалған жоқ. Ендігі кінә жұрт өз мойындарыңызда қалар. Газетке жәрдем етіп көбірек жазуға тырысыңыз» («Айқап». №4.1911.))деп, газеттің ғұмырлы болуына, оқырманы көп болуына ізгі тілектерін білдіреді. Газетте негізінен отырықшылық, оқу-ағарту, өнер білім, мәдениет, тұтынушылар корперациясын құру мәселелерін көтерген еді. Газет қаржылық қиындықтарға байланысты тоқтайды.
«Қазақ» газеті (1913-1915). 1913 жылы 2 ақпанда Орынбор қаласында қазақтың алғашқы жалпыұлыттық газеті «Қазақ» шықты. «Қазақ» газеті 1918 жылға дейін шығып тұрды. 1917 жылдан бастап «Қазақ» газетінің ізін басып Семейден – «Сары Арқа», Ташкенттен – «Бірлік туы», Ордадан – «Ұран» газеттері шықса, 1918 жылы Семейден – «Абай» журналы, Петропавлдан – «Жас Азамат» газеттері іркес-тіркес жарық көрді.
«Қазақ» газетінің алғашқы 40 санын Мұстафа Оразаев бастырса, 41 санынан бастап «Азамат серіктігі» бастырды. Ахмет Байтұрсынұлы – 231; Міржақып Дулатұлы – 33; Жанұзақ Жәнібекұлы – 2 санын шығарды. «Қазақтың» жалпы 266 нөмері жарық көрді. 1913 жылы 44 саны, 1914 жылы 48 саны, 1915 жылы 71 саны, 1916 жылы 48 саны, 1917 жылы 46 саны, 1918 жылы 9 саны басылды. 1915 жылдан бастап жетісіне екі мәрте, жыл ортасында қайтадан бір мәртеден басылды. Соңғы №266 саны – 1918 жылы 26 қыркүйекте жарық көрді. Гзеттің 1913, 1914, 1915 жылғы сандары жинақталып, жеке кітап болып басылып шықты.
«Қазақ» газеті және оның ізбасар басылымдары туралы Тұрар Ырысқұлұлы өз еңбегінде былай жазады: «1913 ынші жылдан 1916 ыншы жылға шейін қазақтың ұлтшыл оқығандарының қозғалысы едәуір күшейді, олардың қала сайын үйірмелері, ұйымдары болады. Феврал төңкерісінен кейін қазақтың осы ұлтшыл оқығандары «Алаш» атты саясат партиясын жасайды да, «Қазақ» осы «Алаш» партиясының орталық газеті болады. Осы кезде «Қазақстан» басқа да қазақ тілде газет, журналдар шыға бастайды. Мәселен Семейде «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналы, Ташкенде «Бірлік туы» газеті (бұл «Алаш Орда»ның Түркістан бөлімінің газеті еді» мұны бастап шығарған Шоқай ұлы Мұстафа), Аштараханда «Ұран» газеті, Қызылжарда «Жас Азамат» газеті. Бұл газет, журналдардың бәрі де «Қазақ» газетінің бағытын ұстап, соның жергілікті бөлімдері есебінде болды» («Қазақстан». Ырысқұлұлы Тұрар. Қызылорда. Қазақстан мемлекет баспасы. 1927. 40 б).
«Сарыарқа» газеті (1917-1919). Семей қаласында «Алаш» баспаханасында басылды. Алғашқы сандарын Райымжан Марсеков шығарды. Одан кейін Халел Ғаббасов пен Имам Әлімбеков кезектесіп шығарды. Газеттің кей сандарында шығарушы ретінде – Әлихан Бөкейхан есімі көрсетілген (№45 — №47 сандары). 1919 жылдардан қазір бізге жеткен №75 — № 88 сандарын Шенже Керейбаев шағарды. Газеттің 1917 жылғы сандары жеке кітап болып басылды.
«Бірлік туы» газеті (1917-1918). Ташкент қаласында шығып тұрды. Газеттің алғашқы сандарын Мұстафа Шоқаев шығарған болса, одан кейінгі сандарын Хайредин Болғанбаев (№6-№16) пен Сұлтанбек Қожанов (№17-№29) шығарып тұрды. Газеттің 29 саны ғана табылып отыр. Табылған санбары жинақталып, жеке кітап ретінде осы жылы баспадан шығады.
«Ұран» газеті (1917-1918). Ордада шығып тұрған басылым. Алғашқы саны 1917 жылы 28 шілдеде жарық көрген. Шығарушы: Ғабдулғазиз Мұсағалиев, бастырушы: мұсылман бюросы болды. Жалпы 40 жуық саны шығып барып тоқтады. 1918 жылы 28 шілдеде №38 саны шыққаны белгілі. 1918 жылы 17 қарашада «Ұранның» орнына «Хабар-Известия» деген болшевиктердің екітілді газеті шыға бастайды. Газеттің кей сандары жинақталып, жеке кітап болып басылды.
«Абай» журналы (1918). Абайға арнап шығарылған алғашқы басылым. Абай есімін ұрпақ санасында сақтау, еңбектерін нәсихаттау бағытында жасалған шаруаның бірі – «Абай» журналының (1918) шығарылуы еді.
Жүсіпбек Аймауытов «Журнал туралы» бас мақаласында:«Өнер, ғылым қаражатпен табылады.Өнер, ғылым қаражат табады. Қаражат жан асырайды. …ғылым білімге қонады, білімсіз ғылым сыңар жақ. Ғылым біліміді ұлғайтады, ғылымсыз білім тым құрғақ. (Алаш көсемсөзі: 10 томдық. – Алматы: «Өнер», 2011. 8-кітап: Абай. 384 бет. 19 б). Осылайша «Абай» журналы халықты өнер-білім игеруге шақырып, ағарту жұмысымен айналысты.
«Сарыарқа» газетінің №77 санында журналдың алушылары мен уақытша жабылғаны туралы айтылады. ««Абай»да 900 дей алушы бар. «Абай» бір жола жабылған жоқ. Есебі біткенше жалпы жиылысы болғанша тағы со сиақты себептер мен уақытша тоқтап тұр. Бастырушы уақ қарыз қауымы «Абайды» тоқтатбас. …«Абай» шығарушы: Юсупбек Аймауытов». Семейден «Абай» журналын өзі арқылы алдыруға болатынын туралы хабарлама басылды. Көп ұзамай журнал жабылып, «Абай» қалай жабылды?» мақаласы жарияланды. «Өткен 1918 нші жылдың февралынан бастап, «Абай» журналы дүниеге шығып, 12 номері басылып, он ай өмір сүріп тоқтады («Сарыарқа». №81. 1919.) – деп, журналдың жабылу себебі қаржы-қаражат себебінен екенін жазады. Журналдың кейбір сандары жинақталып «Алаш көсемсөзі» онтомдығына кіргізілген.
«Жас Азамат» газеті (1918-1919). Петропавл қаласында шығып тұрған жастардың газеті. Қошмұхамед Кемеңгерұлы №1-№11 және №17- № 22 сандарын; Біләл Малдыбайұлы: №12-№16 сандарын шығарды. Қазақ жастарының алғашқы газетінің беташары «Жас тілек» деген бас мақаламен ашылды. Ұлттық мемлекет құрудағы жастардың ақ тілегі туралы: «Өмір тәжірибесінің, білім аздығының кемдігіне қарамай, төрт түлігі сайланбай, «Жас азамат» тәуекел кемесіне мініп, тұрмыстың таласатын, күресетін майданына шықты. … «Жас азаматтың» алтын идеалы, әулие мақсұты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі» («Жас азамат». №1.1918). Газеттің үшінші санында Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген өлеңі басылып, жастарды ұлт үшін қызмет жасауға шақырады.
Жоғарыдағы аты аталған қазақ тілді басылымдардан өзге, солшыл бағытты ұстанған «Алаш» (1916-1917, Ташкен) және «Үш жүз» (1918, Петропавл) газеттерін атауға болады.
Газет бағыттары туралы Тұрар Ырысқұлұлы өзінің «Қазақстан» деген еңбегінде: «Қазақ жастары мен кейінгі дәрежелі оқығандар арасында кадетші зиалыларға (Әлихан, Ахметтердің жігіне) наразылық біліне бастайды. Бұлар өз алдына үйрімелер ашып, қатта бөлек газет шығармақшы болады, бірақ осы солшыл оқығандардың өзі де ұлтшылдық пікірінен тазармаған еді. 1917 інші жылы Ташкенде шыққан «Алаш» газеті, онан кейін (Түгес ұлы Көл-бай шығарған) «Үш жүз» газеттері «Қазақ» газетіне қарсы боп жазады. Бірақ соңғы екі газет құр солшыл ұран ұстаған мен, мақсат жағынан белгілі бағыты жоқ, құр бәсекені қолға алған еді. Басындағылар да «ауырдың асты, жеңілдің үсіт мен жүріп», оңай атақ бен оңай олжаға құмартқан, қолайсыз кісілер еді» («Қазақстан». Ырысқұлұлы Тұрар. Қызылорда. Қазақстан мемлекет баспасы. 1927. 40 б) деп сипаттайды. Жалпы «Алаш» газетының 30 астам саны, «Үш жүз» газетінің оннан астам саны шығып жабылады.
Мерзімді басылымдармен қатар қазақтың оқыған жастары қолжазба журналдар да шығарып тұрды. Бұлардың қатарында: Уфадағы «Ғалия» медересесінің жастары «Садақ» журналын (1915-1918), Омбыдағы қазақ жастары «Балапан» журналын (1915-1916), Алматыда «Садақ» жураналы (1917-1918), Петропавлдан «Жаңа заман» журналдардары (1917-1918) шыққанын атап өтуге болды.
Ресей және Қазақстан аумағында Азамат соғысы (1918-1920) аяқталып бүкіл елде болшевиктер билікті қолға алған соң, жер-жерде баспалар ретке келіп, ұлттық басылымдар қайта шыға бастады. Шығарушылар бұрынғы Алашорданың белді мүшелері болғандықтан, көпшілік газет-журналдардың идеялық бағыты ұлттық сипаттан ажырамады. Олардың қатарында Петропавлдан «Бостандық туы» (Мағжан Жұмабайұлы, Жанұзақ Жәнібекұлы), Семейден «Қазақ тілі» (Жүсіпбек Аймауытұлы, Мәннән Тұрғанбай), Қостанайдан «Ауыл» (Мұхаметжан Сералин), Ташкенттен «Ақжол» (Сұлтанбек Қожанұлы) газеттерін атауға болады. Көп ұзамай бұл басылымдар үкімет тарапынан шектеуге ұшырап жабылады немесе атауы өзгертіліп, шығарушылар ауысады.
Сонымен қатар, қарапайым шаруалар мен кедейлердің үні ретінде қазақ тілді баспасөздердің келесі бір толқыны пайда болды. ондай басылымдар көбінесе «Кедей» атауын қолданды. Мысалы, «Кедей сөзі» (Омбы, 1920), «Кедей еркі» (Алматы, 1921), «Кедей» (Темір, 1924), «Кедей айнасы» журналы (Ташкент, 1923-1924), «Кедей тілі» (Астрахан,1924) сияқты губернелік газеттер еді. Жаңаша атаумен жарық көрген ауданлық газеттердің қатарында бүгінгі Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бастауы болып табылатын «Кедей еркі» газеті де бар. «Кедей еркі» газетінің алғашқы саны 1922 жылы майда екітілде «Вольная беднота», қазақша беті «كەدەي ەركى» («Кедей еркі») деген атаумен жарық көрді. Газеттің орысша-қазақша екітілде жарық көру тарихы «Дала уалаяты» (1888-1902) газеттінен бастау алады. «Кедей еркі» газетінің тұңғыш саны «كەدەي ەركى» деп Ахмет Байтұрсынұлы емлесімен шықты. Бас бетінде «Ашық хат» хабары баслып, бір өлең жарияланған. Жергілікті халқтың қажетіне байланысты жарық көрген «Кедей еркі» газеті әр жылдары «Еңбек» (1924), «Диқан дауысы» (1929) , «Колхозшы» (1931), «Колхоз жолы» (1938), «Комунист» (1939), «Сталин жолы» (1944), «Еңбек туы» (1958) атауларымен жарық көрді. Тарихтың сан тауқыметін тариқан тарихи басылым тек 1990 жылы 3 сәуірден бастап бүгінгі қолданыстағы атауы «Ақ жол» есімімен, бүгінге дейін үздіксіз шығып тұр. Облыстың тарих тереңінен сыр шертетін басылым, тағылымға толы.
Біз жоғарыда, ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлттық баспасөзінің қалыптасуы тарихына, алғашқы журналдар мен газеттер тарихына қысқаша тоқталдық. Ғасырлық тарихы бар Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің өткеніне көз жібердік. Аталған басылымдардың азы бірнеше жүз, ең көбі 8 000 тиражбен басылып, Алтайдан Астраханға дейінгі қазақ даласына таралып жатқанын айттық. Газет-журналдардың көпшілігі негізінен бүгінде Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы. Кейбіреулері жеке кітап болып жинақталып шықты.
Кешегі Алаш аманаты, бүгінгі – тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз ғұмырлы, Алаш туы биіктей берсін! «Ақ жол» газетінің 100 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Абай Мырзағали