Қазақ тарихындағы Алаш қайраткерлерінің рөлі

Әрбір ұрпақ қай заманда да өмірді жаңадан бас­тап кете алмайды, ол өзінен бұрынғыдан қалған мұраның иесі, өзінің тәрбиесімен, қалыптасқан мәдениет, дәстүр, ойлау деңгейімен оған тәуелді. Заманында бар қазақтың қам­қо­ры­­на, сүйенішіне айналған «Алаш» партиясының саяси тұжырымдамасына, ала­шордашылар­дың саяси өмір жолы мен қызметіне қарап отырып, сол дәуірдегі сая­си, экономикалық, әлеуметтік мәселелердің бүгінгі таңда да өзектілігін жойма­ғанын байқауға болады. Қазақ хал­қының азат ел ретіндегі тағдыры, тарихы, мемлекеттік дер­бестігі, жері мен шекарасы, тілі мен діні туралы мәселелер арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, өзектілігін жоғалтқан жоқ. Алаш арманы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан! Ендеше, әрбір азамат осы жүз жыл бұрынғы ұлттық ұлы идеялардың бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да негізі ретінде берік орнығуына мүдделі болуға тиіс. Өйткені Алаш идеясы – ұлттық идеология! Ол отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, бірлікке үндейді.

 «Алаш идея­сы» – қа­зақтың мемлекеттік, елдің ұлт­тық идеясы. Өйткені Алаш – халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті. Зия­лы­лар­дың Алаш атауын таңдауы да жай­дан-жай емес еді. Алаш жаңа елдігіміздің, байырғы айма­ғы­мыз­дың рәмізі еді. ХХ ғасырда қазақтың азаматтық тарихында ең ұлы идея қайсы десек, ол – Алаш идеясы деп жауап беруге болады. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізі де осы идеяда жатыр. Алаш идеясы үшін күрескен кезең – 1907 жылдан 1930 жылға дейінгі 30 жылдай уақытты ғана қамтыған. Аз болса да ғасырға тең уақыт. Алаштың сер­келері – Әлихан Бө­кей­ханов, Мұстафа Шоқай, Ахмет Бай­тұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Ғаб­бас­ұлы, Мұхамеджан Тыныш­бай­ұлы. Алаш зиялыларының алдыңғы толқыны болып есептелетін осынау тұлғалардың әрбірі мемлекет басқаруға қабілетті еді. Қазақ тарихында Алаш арыс­тарының орны ерекше. Олар Қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибе­сін, салт-дәстүрін төңкерістік әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды өр­кениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі дамытуды, білім алып, көппен терезе теңестіруін көздеді. Ең алдымен, қазақтың өз атамекеніне ие болуын мақ­сат етті. Сол жолда күресті. Сонымен қатар елге демократия, білім-білік алып келу үде­рісі­нің бастауында тұрғандар да – солар болды. Алаш зиялылары – елшілдік пен Отанға адал қызмет етудің рәмізі. Олар – барды көбейтуші, үзілгенді жалғастырушы, жоқты жасаушы. Алаш қозғалысының тарихи негізі әлдеқайда бұрын өмірге келіп, күні бүгінге дейін елім, жерім деп ұлт болашағын ойлаған әрбір қазақ жүрегінің терең түкпірінен орын тепкен. Өйткені Алаш қозғалысы қазақ қауымындағы отаршылдыққа қарсы бағытталған, прогреске ұмтылған жал­пыхалықтық демократиялық қозғалыс еді. Қазақ халқының үздік білім алған, кең ойлы патриот саңлақтарының пай­да болуымен тұңғыш ұлт­тық Алаш үкіметі құрылып, қазақтың саяси идеясының негізі қаланды. Алаш қозғалысының лидерлері халықтың өзіндік санасын жоғары көтеріп, ұлттық бостандық идеясын ұсынды, қазақ халқының ұлттық мүддесін қор­ғау бойынша бірізді бағыт ұстанды. Алаш жетекшілерінің ұлт-азаттық ұрандары сол дәуірдің оқыған талапты, талантты жастарын баурап алды. Туған халқының халін сезіп, біліп өскен өрелі жас буын өкілдері ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің идеяларын қолдап, солармен бірге қимыл жасады. Қозғалысқа қатысты құжаттардан Алаш қайраткерлерінің оларды іске жұмылдырып, қажет жерінде тиісті тапсырмалар беріп отырғандығын байқауға болады. Алаш қозғалысына қатысқан 17-25 жас аралығындағы жастардың ішінен кейін көптеген мемлекет, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар шыққаны белгілі.

Алаш қозғалысы, идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі бұлтартпас мысалы – тәуелсіздіктің қарсаңында Алаш идеясының қайтадан жаңа күшпен жаңғыруы. Тарихтан білетініміздей, 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында Бірінші жалпы­қа­зақ съезі өтті. Осы съезде Алаш партиясының бағдарламасы жарияланды. Ал оның негізгі ұстанымдары: Біріншіден – Ресей демократиялық феде­ра­тивтік республика болуы керек. Оның құрамындағы әрбір мемлекет тәуелсіз түрде әрекет етеді. Екіншіден – Ресей республикасында тең құқықтық, тұлға, сөз, баспа, ұжымдар ерікті болады. Үшіншіден – дін мемлекеттен бөлінеді. Барлық діндер тең құқылы. Төртіншіден – билік пен сот әр халықтың ерекшеліктеріне сәйкес құрылуы қажет, би мен сот жергілікті халықтың тілін білуі шарт, т.б. Алаш қозғалысының, Алашорда жетек­шілерінің аса ірі тарихи еңбегі қазақ жерін сақтап қалуымен байланысты. Осы күнгі Қазақстан Рес­публикасы жерінің тұтастығы мен сақталып қа­луында Алаш қайраткерлерінің орасан зор ең­бе­гі бар. Олардың кеңес үкіметінің басшы­ларымен келіссөздері, әсіресе Ахмет Байтұрсынұлы­ның осы бағыттағы қажырлы еңбегі кейін, Қазақ автономиялық советтік социалистік республикасын құру кезінде осы автономияның аумағын белгілеуде шешуші маңызға ие болған. Қозғалыс көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: «басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек! Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» де­ген еді. Әлихан Бөкейхановтың жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып, киілуі керек. Яғни мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізілуі тиіс болған. Алаш алыптарының бірі Міржақып Дулатов «Оян, қазақ» деп жар салса,  Алаштың тағы бір қайраткері Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт» депті. Уақытынан оза туған Алаш қайраткерлерінің идеялық мұрасын терең зерттеп, бүгінгі күннің қажетіне жаратып, олардың ісін жалғастырған абзал. «Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің құрылуы мемлекет үшін қажетті саяси, әлеумет­тік, экономикалық және құқықтық атрибуттарды қалыптастыруды қажет етті. Алаш қайраткерлері бұл салада да өнімді еңбек етті. Олардың қазақ ұлтын ұйыстырудағы, оятудағы бірнеше жылдық пәрменді әрекеттерінде жоғарыда аталған қажеттіліктер көрініп жатты. Мемлекеттің іргесін қалау мәселелері жазған еңбектері мен атқарған істерінен айқын аңғарылып жатты. Алаш қайраткерлерінің облыстық, уездік съездер мен комитеттерді, жалпықазақ съездерін ұйымдастыруы, сол тұстағы Уақытша үкіметпен келіссөздері, бағдарлама дайындауы, қаулы-қарарлар қабылдауы – олардың қаншалықты дәрежеде саяси өте сауатты қайраткерлер болғандықтарын көрсетеді. Алаштықтар Қазақстанның сол тұстағы шаруашылық жайын саралай отырып, соған орай экономикалық дамудың бірқатар жолдарын да мегзеді. Бір қызығы, сол кезеңде олар Қазақ­станның астанасы жөнінде де орынды мәселе көтерді. Айталық, 1905 жылғы Мұхаметжан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедовтер «Ақмо­ланы астана жасаймыз» деген идея көтерді. Сонымен қатар олар 1917 жылы Семейді «Алаш ас­танасы» деп жариялап, оған «Алаш» деген атау берді. «Алаш» партиясының бағдарламасында көрсетілген ел басқару жүйесі, жастардың білім алуы, ұрпақ тәрбиесі, ұлттар теңдігі, азаматтар­дың құқы мен бостандығы жөніндегі ұстанымдар тәуелсіз қазақ мемлекетінің саясатымен сабақтас жатыр. Сол себепті Алаш көсемдерінің өмірінен өнеге, тірлігінен тағылым алып, Алаш мұратын ұлт мұраты ретінде тануымыз керек.

Қорыта айтқанда, Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да басты идеяларының бірі болуы тиіс. Ал бүкіл қазақ даласын осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын Алаш рухына бөлеген ұлы қазақтар аманатының жөні бөлек. Біздің ата рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз Алаштың аманатын санамызға сіңіру, соған лайық еңбек ету, өткенге құрмет көрсету. Ал құрметтің негізгісі – Алаш идеясын ұрпақ бойына сіңіру. Алаш идеясы – ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея ретінде қашан да қазақпен бірге жасайды. Алаштың жолы, Алаш кайраткерлері қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту сапары – бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы етер берік ұстындардың бірегейі болатынын естен шығармағанымыз абзал. Алаш идеясы – қазақ идеясы. Демек, «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» дейтін біз үшін ол әрқашан қазақ идеологиясының темірқазығы болып келді, бола береді де.

 

Мақсат Салиходжаев

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы

 

centre-tur.kz