Шымкентте жол салынып жатқан жерден саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйектері табылды
Шымкентте жол саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың бейітінің үстіне салына бастады. Құрылысшылар жер қазып бастаған бетте қабірлерге кезіккен. Қазір құрылыс жұмыстары уақытша тоқтап тұр, деп хабарлайды 31 арна.
Телеарна ақпаратынша, сталиндік репрессия жылдарынан бері бұл жер Қайтпас деп аталады. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды тура осы екі сайдың ортасында атқан деседі. Тарихшылардың айтуынша, мұнда жүздеген адамның мүрдесі жатыр. Ауыл тұрғындары жазықсыз атылғандар жерленген жерге тиіспеуді талап етсе де, шенеуніктер жол салуға рұқсат еткен.
Құрылыс басталған кезде жер астынан адам сүйектері табылды. Мұны естіген тұрғындар қарсылық білдіріп, құрылысты бірден тоқтатты. Дереу полиция шақыртылып, қабірді аршуға кірісті. Арада 80 жыл өтсе де, қуғын-сүргінде атылған құрбандардың сүйегі сол күйі сақталған екен.
«Топосъемка, бас жоспарда мазарат бар деп көрсетілмеген. Мен өзім ештеңе шеше алмаймын. Әзірге тоқтап тұрмыз, жұмыс жүріп жатқан жоқ. Негізі жоба берілген, сол бойынша істеп жатырмыз», — деді мердігер компанияның учаске басшысы Әлішер Ханәлиев.
Қайтпас елді мекенінде тұратын көнекөз қария Өлмесхан Жәнібеков зұлмат жылдардың саясаты жайлы көп естідім дейді.