1929 жылдардағы халық көтерілістері: Тақтакөпір оқиғасы
Біздің қолымызда бар дерек бойынша, бұл бас көтеруге шамамен 250-300-дей адам қатысқан. Бұған тек байлар мен ишандар ғана емес, әртүрлі әлеуметтік топтар, яғни орташалар мен шаруалар да қатысқан деуге негіз бар. 300 адамның бәрін қалай бай, ишан дерсің. Рас, мұны ОГПУ құжаттары мойындағылары келмей, халықтың едәуір бөлігі аудан орталығын басып алған басмашылардың қысымшылығына осы оқиға да қатысты деп көрсетті (Сонда. 3-п.).
Оқиға былай басталған. 1929 жылы 27 қыркүйекте шамамен күндізгі сағат 1 кезінде аудандық қала Тақтакөпірдің оңтүстігінен «Аллалап» айғайлап, ұран тастаған, жауар бұлттай түнерген, винтовкалармен қаруланған 30-дан аса басмашылар қалаға басып кірді.
Бұл – базар күні болатын. Жұрттың бәрі базар төңірегінде топырлап 25 жүрген уақыт еді. Келгендер Алланың атынан сөз сөйлеп, оларға қосылуға, қаланы қиратып, кәпірлерді, орыстарды құртуға шақырды. Күтпеген төтенше оқиғадан үрейлері ұшқан халықтың көбі бас сауғалап, бәледен аулақ деп, жан-жаққа қашып құтылуға тырысты. Бірақ ауыздығымен алысқан жарау салт атты басмашылар мылтықтарын кезеп, қашқындарды тоқтатты. Базар халқын дедектетіп, алдарына салып алған басмашылар халықты оққағар қалқан етіп, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар орналасқан қаланың орталық бөлігіне қарай жылжыды. Мұндай жағдай бола қояр деп күтпеген, оның үстіне басмашылардың Кеңес өкіметі және партия органдары қызметкерлеріне деген мейірімсіздігін о бастан-ақ жақсы білетін мекеме қызметкерлері басмашылар келе жатыр дегенді естіген бетте-ақ, жан-жаққа тым-тырақай қашып, бассауғалайтын жер іздеді.
Басмашылар мен оларға ілескен халық иесіз қалған аудандық партия, атқару, комсомол комитеттеріне, Қосшы одағына, халық сотының адам қамайтын камераларына және басқа мекемелер мен қазыналық дүкендерге бұза-жара басып кірді. Олардағы іс-қағаздарын, тергеу істерін, киім-кешекті талан-тараж етті.
Большевиктердің көсемдерінің қабырғаларда ілулі тұрған сурет- терін көздеп атты. Маркс пен Дзержинскийдің суретін қабырғадан жұлып алып, қорлады. Ал Ленин мен Рыковтың портреттерін еденге лақтырып тастап, аяқтарымен таптап, оларға қарғыс айтты.
Айта кеткен жөн, Тақтакөпір тым қорғансыз да емес еді. Онда құрамында 20 адам бар Дедов басқаратын қарулы коммунарлар отряды бар болатын. Бірақ басмашылардың алғашқы атқан мылтық даусынан кейін-ақ коммунарлар жанұшыра тым-тырақай қашты. Ал әр жерден бір мылтық атып, бытыраңқы қарсылық көрсеткендерді басмашылар табанда атып өлтірді. Мұндай өлгендердің жалпы саны – барлығы 8 адам болды. Олардың ішінде отряд командирі Дедовтың өзі де бар еді.
Әсіресе, әншейінде елге қоқаңдағанда алдарына жан салмайтын аудан орталығындағы кеңес қызметкерлері сужүректік, қорқақтық танытып, қандайда бір болмасын қарсылық көрсетуге жарамады.
Шын мәнінде, басмашылар мен олардың жағына шыққан жергі- лікті халық табан тіресе қарсылық көрсете алатындай елеулі саяси күште емес еді. Мұны он-ақ адамнан, оның ішінде алтауы ОГПУ күштері дивизионының және төртеуі коммунистерден құралған болмашы әскери топтың Грязнов дегеннің басшылығымен басмашылармен 2 сағат бойы атысып, Тақтакөпірді қайтарып алуынан да көруге болар еді.
Тақтакөпірдің өзінде ғана 100-150-дей қызметкерлер және тағы көптеген батырақтар мен жұмысшылар бар екендігін және олардың бір бөлігі қаруланғандар екенін және қалғандарында қаруландыруға мүмкіндіктер болғанын ескерер болсақ, әрине, Тақтакөпір тұрғындары өздерінің күштерімен-ақ басмашыларға соққы бере алатын еді. Бірақ ОГПУ органдары атап көрсеткілері келмесе де, мынаны да ескермеуге болмайды, Кеңес өкіметінің мақта даярлау науқанындағы зорлық-зомбылықтары, ауылшаруашылығы салықтарын салуға байланысты асыра сілтеулері – халықтың заңды наразылықтарын туғызғандықтан, халық өкіметті жақтап басмашыларға қарсы соғысуға да онша құлықты бола қоймады.
“1929 – 1931 жылдардағы халық көтерілістері” кітабынан
Талас Омарбеков