Ғарифолла Әнес: Халел жайлы шығармалар жазылуға тиіс
Биыл тарихи заңғар тұлға Халел Досмұхамедовтің туғанына – 140 жыл. Соған орай «Халел Досмұхамедов мұрасы және қазіргі қазақ қоғамы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына келген Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «АРЫС» қорының президенті, филология ғылымдарының докторы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің құрметті профессоры Ғарифолла ӘНЕСПЕН сұхбаттасқан едік.
– Сіз Алаш қайраткерінің, соның ішінде Халел Досмұхамедовтің артына қалдырған мол мұрасын көп зерттедіңіз, ұзақ жылдардан бері зерттеп келесіз, бұл тақырыпты тауыстым деп айта аласыз ба әлде ол мүмкін емес пе?
– Жалпы, білім-ғылым дегеннің өзі шетсіз, шексіз нәрсе ғой. 1988 жылғы 28 желтоқсанда Алаш арыстарын ақтау жөніндегі қаулы шыққаннан кейін біздің алдымыздан тың арал, бөлек әлем ашылғандай болды. Ол кезде мен Мәскеуде аспирантурада оқитынмын. Сондағы Ленин атындағы кітапханада бізде тығулы тұратын Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл құралы», «Әліппесі», Шәкерімнің бірлі-жарым шығармалары, Халелдің «Жануартануы» сияқты дүниелердің ашық тұратынын көрдім. Университетте араб тілін оқығанымның арқасында оларды оқи алатындығым менің артықшылығым болды. Себебі Алаш арыстарын ақтау бойынша мамыр айында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің арнайы комиссиясы құрылып жұмыс істеген кезде араб харпімен оқып, жаза алатын немесе үйреніп жүрген оншақты адам ғана болдық. Комиссияны белгілі қоғам қайраткері, академик Жабайхан Әбділдин басқарды. Бұл жұмысқа сол кездегі Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің де көп еңбегі сіңді.
Сөйтіп, қыруар қауырт жұмыстар басталып кетті. Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтардың еңбектерін мәшеңкеге бастырып, дайындадық. Мен Тіл білімі институтында жұмыс істей жүріп, репрессия құрбаны болған тіл ғалымы Құдайберген Жұбановтың 90 жылдық мерейтойына Ақтөбеге, ондағы Жем, Ембі өңірлеріне іссапармен барып та келдім. Ол кісі 1956 жылы ақталғанымен, кітабы бір-ақ рет бастырылған екен. Ғалымның Есет, Асқар деген балалары да елге белгілі, үлкен ғалымдар, біз Есет Құдайбергенұлымен бірге кітап дайындадық.
Сонымен бірге Аманқос Мектептегі деген белгілі ғалым, курстас досым екеуміз Ахмет Байтұрсынұлының мұрасымен айналысып, «Ақ жол», «Тіл тағылымы» деген кітаптарын шығардық. Алаш қайраткерлері біртіндеп жарыққа шыға бастады. Бірақ Халел Досмұхамедовтің көлеңкеде қала бергені алаңдатты. Меніңше, оның себебі алғашқы кезекте ақталған арыстардың қоғамдық қызметтеріне назар аударылып, Халелге дәрігер деп қарағандықтан оны кейінгі ысыра берген сияқты. Ал менің қолымда Мәскеуден әкелген «Мұрат ақынның сөздері», «Исатай-Махамбет» дастаны, «Аламан» жинағы болды. Содан жігіттерді үгіттеп, Шәмшиден Керім деген ғалымға «Сен әдебиетшісің, фольклориссің, Халелдің «Аламанын», Ығылман Шөрековті, Мұрат ақынды шығарайық» дедім. Сөйтіп, 1991 жылы «Аламан» кітабын шығардық, 1998 жылы 1 томдық таңдамалысы шықты. Бастапқыда уақыт тығыз болып, «Жануарлар», «Табиғаттану», «Тән тірлігінің» әрқайсысынан он беттен ғана аудардық. Кейін «Ана тілі» газетінде жұмыс істедім, одан «Арыс» қоры құрылды. Кейін архивтегі Халел жазбаларын қарағанда 90-жылдары қарап кеткенімнен кейін қозғалмай, кей еңбектері желімі де сөгілмей тұратын. Бұл оларды ешкімнің алып оқымағанын көрсетеді. Екінші жағынан, құнды дүниелердің араб қарпімен жазылғаны да мәселе туғызатын.
2017 жылы Халел Досмұхамедовтің үш кітабы шықты. 2019 жылы «Тәнтану» қайта басылып шықты. Қазір ғалым еңбектерінің 4 томы дайын, оған «Сана» журналына жазғандарынан еніп отыр. Әрі қарай архив құжаттарынан да дайындағымыз келеді, оның қанша том болатыны белгісіз. Қазір бұл мақсатта мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр, мен оның мүшесімін.
– Сіз конференцияда «Халелдің қазақ даласындағы 1921 жылғы аштық туралы жазған «Ашаршылық» атты әңгімесі табылғанын, өзіңіздің «Халел сол аштық туралы жазбауы мүмкін емес еді ғой» деген көптен мазалап жүрген ойыңыздың ақталғанын айттыңыз. Бұл әлі де көптеген құжаттар мен деректер ашыла береді дегенді білдіре ме?
– Иә, архив құжаттарының күн санап ондап, жүздеп құпиясыздандырылып жатқаны рас. Біз оларды шетінен жариялап отырмақпыз. Бір айта кетерлігі, ҰҚК-дан бөлек, ішкі істер, бас прокуратура, басқа да кез келген министрлікте, мекемеде, әрқайсысында құпия қор болған екен. Архив заңы бойынша 50 жылдан, әлемдік қауымдастық заңы бойынша бойынша 70 жылдан кейін құпия деректер ашылуы керек. Әлемдік стандартқа сәйкес, Ленин, Гитлер сияқты тарихи тұлғалардың да архиві ашылды. Ал бізде 1921-1922 жылы болған ашаршылыққа жүз жылдан асып кетті, ол жайлы әлі айтылмайды.
Сондай-ақ Халел және басқа Алаш қайраткерлері өнімді жұмыс істеген Ташкент архивтері де құжаттарын әлі жабық ұстап отыр. 1917-1920 жылдары «Алашорда» партиясын құрған, «Күнбатыс Алаш Ордада» белсенді жұмыс істеген қайраткерлерге кейін Ленин, Сталин амнистия жариялап, қызметке тартады ғой. Дегенмен Қазақстанда тұруға мүмкіндік болмағаннан кейін олар Ташкентке жиналады. 1920 жылы 20 тамызда Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы құрылып, 1920-1924 жылдары тұңғыш астана Орынбор қаласы болады. Ол 1925 жылға дейін Қырғыз Автономиясы деп аталды. Сол кезде Ташкентте түрік, қырғыз, қарақалпақ, басқа да ұлттардың басын қосқан Түркістан Автономиясы да құрылғаны мәлім. Мынау Жетісу, Сырдария жері, Қызылордадан әрі қарай соған қараған еді. Қазақтың маңдайға біткен небір мықтылары Орынборға келе алмай, Ташкентте жұмыс істеуге мәжбүр болды. Міне, Халекеңнің өнімді жұмыс істеген кезі сол тұс еді. Ташкентте қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің негізі қаланды, Халел Досмұхамедов сонда оқытушы болып, оқулық жазумен айналысты. Оқулықтың аса тапшылығы ақындығымен, жазушылығымен, қайраткерлігімен танытқан басқа да арыстарды осы іспен айналысуға мәжбүрлеген еді. Сұлтанбек Қожанов пен Міржақып Дулатов математика, Мағжан Жұмабаев педагогика, Жүсіпбек Аймауытов психология, Елдес Омаров физика кітаптарын жазды, оның бәрі Халелдің тапсырмасымен жазылған-ды. 1922 жылы Қазақстанда аштық болғанда Ташкент те гиперинфляцияға ұрынған. Сол кезде Халелдің «Есеп (отчет) жазып отырғанда сиям қатып қала берді, үрлеп, қолыммен қыздырып жазып отырмын, бір жылдан бері жалақы жоқ» деп жазатыны бар.
Жақында Халел Досмұхамедовтің 1921 жылғы ашаршылық туралы жазғанымен қатар, Кенесары туралы зерттеуін де таптым. «Ақжол» деген газеттің қасынан «Сәуле» деген қосымшасы шығып тұрған екен, соның 5-6 саны сақталған екен, содан таптық. Өкінішке қарай, ол кездегілер жазған-сызғандарын тегіс өз атынан жарияламаған ғой. Абайдың өзі санаулы өлеңі болмаса, қалғанын Көкбайдың атынан шығарған емес пе?! Сол сияқты Халекең де бір-неше псевдоним қолданған, редакция мақаласы есебінде шыққан.
– Халел Досмұхамедов пассионар тұлға дегеніңізді таратып айта кетсеңіз?
– Пассионар дегеніміз – көпті соңынан ерте білген, жан-жақты, әлемдік тұлға. Халел энциклопедист адам, Түркі әлемінің тұлғасы болған. Менің пайымдауымша, оған бұл кісінің Санкт-Петербор қаласындағы Императорлық әскери-медициналық академияны үздік бітіруі де сеп болса керек. Қазақта императорлық оқу орнын бітірген екі-ақ адам бар, біріншісі – осы Халел, екіншісі – Императорлық жол қатынасы институтын бітірген Мұхамеджан Тынышбаев. Мен императорлық оқудың айырмашылығы неде екеніне қызығушылық білдіріп сұрастырғам, ол шамамен біздің пәндерді еркін таңдап, қатысатын қазіргі жүйеге келеді екен. Ол кезде Петербор – Ресейдің астанасы, Халел академик Павловтың шәкірті болған, оның сыртында Радлов, Бехтеров, Бартелев деген мүйізі қарағайдай ғалымдардың дәрістеріне қатысып жүрген. Түсініктірек айтсақ, Алматыға тау-кен институтына түскенмен КазГУ-дегі Мұхтар Әуезовтің лекцияларына қатысып жүріп, сонда оқуға ауысып кететін Зейнолла Қабдолов сияқты болған ғой.
Сосын Халел Досмұхамедовтің ерекшелігі – ол қоғамдық ғылымдарға да, жаратылыстану ғылымдарына да бірдей болды. Мәселен, тілден «Қазақ-қырғыз әдебиетіндегі сингармонизм заңын» жазып, қазақ ауыз әдебиетін жіктеді. Халелдің қазақ ауыз әдебиетін топтастыру жайлы 1927 жылы жазғаны 1985 жылдары барып, біздің теорияға келді. Бұрын әдебиетте лироэпостық жырға, батырлар жырына жатқызылып келген балгерлік, түшкіру, жын шақыру, жылан шақыру, бәдік айтыс, бұлардың бәрін ол фольклорға жатқызған. Оның тек қана «Кіші жүздің екі жүз жылдық тарихы қанмен жазылған» деп жазған жолдарын эпиграф етіп пайдалансаң қандай?! Ал енді «Как бороться с чумой среди населения казахского края» (1918, 1924 гг.) деген кітабы күні кешеге дейін осы аурумен күресте Одақ бойынша пайдалана-тын туындының қатарында болған.
…Мен бір жолы жергілікті әкімдіктен Атырауға Халелдің зәулім ескеркішін салуды сұрадым. Олар «университеттің алдында тұр ғой, не қажеті бар» дегендей жауап берді. Мен сол кезде ренжіп, «Сендер, осы отырған бәрің Халелге қарызсыңдар» дегенмін. «Неге?» деп таңғалысты. Түсіндірейін.
Х.Досмұхамедов әскери оқуды бітірген соң 25 жыл әскери қызметте болуы керек еді. Бірақ оны патша екі жарым жылдан кейін медаль беріп босатқан. Себебі оба ошағында өткізген бір күн 13 күнге есептеледі екен, Халел 1912-1915 жылдары сол аурудың эпицентрінде 25 жылын өтеп шыққан. Осы обадан Еуропа халқының өзі 50-60 пайызға дейін шыбындай қырылып отырған. Сол кезде Халел басын алып қашпай, бармай қойған болса, қаншама қазақтың ата-бабасы аман қалар ма еді, бүгінгі күнге жетер ма еді? Ол бейбіт күнде де, «Халел ставкасында», түрмеде адамдарды емдеумен болған.
Халел «Қазақ» газетіне мақалалары шығып тұрған кезде әлі студент, сонда халыққа «Мына аурудан мынадай дәрі бар, сендер алыпсатарға бір қой беріп, құйттай дәрі аласыңдар, одан да мынаны алыңдар, осы көмектеседі» деп ағартушылық ақыл-кеңестер беріп отырады.
Екіншіден, Халелдің саяси қайраткер ретіндегі тұлғасы, соның ішінде мына Жымпитыдағы «Күнбатыс Алашордасындағы» қызметі көп ашылмай жатыр. Қазір Мемлекет басшысының Жарлығымен 10 том Алаш құжаты дайындалып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, тарихта Семей Алашордасы, Торғай, Жетісу Алашордасы болған. Жетісу Алашордасын соңғы бес жылда қостық, ол Алматы округі болған, сол кездегі Сергиополь қаласы, қазіргі Аягөзден бастап, бүкіл Бішкек, Қаракөлге дейінгі қырғыздар да қараған. Сол сияқты, Алаш партиясының қырғыз филиалы деген концепциясы да бітуге жақын. Торғай Алашордасы екі күн, Семей Алашордасы бір ай жұмыс істеген, ал Күнбатыс Алашордасы екі жыл үш ай бойына жұмыс істеп тұрған және өз алдына қару-жарағы, әскері, банкі болған. Бұл бұрын қауіп төндірген, тыйым салынған тақырып болды, бірақ қазір зерттеуге болады ғой, өкінішке қарай, олай болмай жатыр.
– Кей тарихшылар тарапынан Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов сияқты ірі тұлғаларды Кеңес билігі бірден атып тастамай, «кейін керегі болып қалар» деген оймен ұстап отырған деген пікірлер айтылыпты, сіз онымен келісесіз бе?
– Жоқ. Халел Досмұхамедовті отбасына 1939 жылы түрмеде туберкулезден өлді деп хабарлайды. Меніңше, оны да сол 1937 жылдары атып тастаған болуы мүмкін. Бауыржан Момышұлының бертініректе «Мағжанды көрдім» дегені айтылып жүрді. «Сәкенді де тірі екен, көрдік» дегендер болды. Меніңше, оның бәрі асыл ерлерін өлімге қимаған халықтың қиялынан туған мифке көбірек келетін сияқты.
1937 жылы Қазақстанға Мәскеуден 30 адам келген, олар үш-үштен онға бөлінген, Қазақстан бойынша үштік құрады. Сөйтіп, күніне 80-90 шақты адамды атып отырған. Түрмедегі адамдар ұрып-соғудан әбден әлсіреп, жүре алмайтын халге жетеді. Зұлмат жылдары Оқу-ағарту министрі болған Біржан Манкин түрмеде асылып өледі. Сонда қамалғандармен көп тілдеспей, 10-15 минуттан артық ұстамай, папка сыртына «расход» деп жазып, атып отырған екен. Әйтсе де, маған олардың бәрін неге қырды деген сұрақ маза бермейді. 1937-1938 жылдардағы «үлкен террор» кезінде фашизм басын көтеріп, Германия күшейіп келе жатқан, мұндай адамдарды сақтау керек еді ғой. Қайткенде де, бұл бір эпидемия, тажал болған сияқты.
Жаңа архив құжаттары ашылмай жатыр дедім ғой, мына Ресейдің тарихшы, зерттеушілерінің еңбектерінде репрессияға ұшырағандардың қолтаңбасын көрсетеді. Бір бетте жазаланған адамның жиырмаға шақты қол қойған құжаты болады. Бастапқыда оның жазуы маржандай, айталық, «Мен жапон тыңшысы екенімді мойындамаймын, Кеңес Одағына адал қызмет еттім» деген сияқты анық жазады, біртіндеп жазуы сұйыла бастайды, ең соңында қол қойғанда орнында бір сызық қана тұрғанын көресің. Біз де бір күндері Халелдің осындай түрмедегі қолтаңбалары қалған құжаттарын алып қараймыз деп ойлаймын.
– Сіз репрессия құрбандарын ақтау мәселесінен бөлек, ашаршылық ақиқатын да көтеріп жүрсіз, оның шындығы қашан ашылуы мүмкін?
– Біздің архивтерімізде репрессияға қатысты мәліметтер бар, ол он жыл бола ма, жиырма жыл бола ма – түбі ашылады. Ең қиыны – ашаршылық шындығы, оған қатысты көп мәлімет жоқ. Сол кезде Голощекинге күнде қанша адам қырылғаны жөнінде ақпараттар беріп отырған деседі. Бірақ ашаршылықта көз жұмғандардың деректерін анықтау үлкен мәселе болып тұр. Әсіресе, өлген балалардың санын анықтау қиын. Елді аштық жайлағанда ең алдымен зауалдың зардабы әлсіз топ ретінде балаларға тиген ғой. Украинада «голодомар» кезінде жапа шеккен, жойылып кеткен ауылдардың тұсында тақтайшаға елді мекеннің атауы мен қанша адамның өлгені жазылып қояды екен. Ал біздің шежірелерге қарасаң, ешкімнің де аштан өлгені жазылмаған.
– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Құралай ҚУАТОВА