Ғарифолла ӘНЕС: Арналы мұра ұлтпен бірге жасайды

Ғарифолла ӘНЕС: Арналы мұра ұлтпен бірге жасайды

Тәуелсіздік! Оның мәні мен маңызы… ХХ ғасыр басында елдік туын көтерген Алаш тұлғалары. Ғасыр соңында кеңес алаңына шыққан боздақ желтоқсаншылар. Бүгінгі жастар. Осылардың арасындағы көзге көрінбес нәзік рухани байланыс. Болашақ бағдарымыз… Міне, осындай салмағы атан түйеге жүк боларлық сауал-толғаныс төңірегінде филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Айтматов академиясының құрметті академигі, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аға ғылыми қызметкері, алаштанушы Ғарифолла ӘНЕС мырзамен тілдескен едік.

– Ғарифолла аға, жуырда Мемлекет басшысының Жар­лы­­­ғымен «Парасат» орденімен марапат­талдыңыз. Құтты бол­сын! Әдетте жыл жабарда өткен жо­лы­мызға қайырыла бір қарап, ел алдында есеп беріп жа­та­мыз ғой.

– Алған мамандық, қуған ғылым саламыз тілші-лин­гвист бол­ғанымызбен, сонау 90-жылдардың басында Алаш арыстарының шашылып қалған мұрасын іздеп табу, жариялау һәм насихаттау ісімен айналысу біздің буынның мойнына артылды. Шама-шарқымызша сол борышты ат­қарып келеміз. Қазір арнайы жобалар жасап, нақты бір істерді жеріне жеткізе атқаратын заман ғой. Өзім құрған және жетекшілік жасап отырған репрессияға ұшы­ра­ған зиялылардың мұрасын зерт­тей­тін «Арыс» қоры (баспасы) биылдың өзінде біршама ауқымды іс атқарды. 1937-1938 жылдардағы ста­линдік «Үлкен террор» алып империя КСРО-ны былай қойып, көршілес іргелі мемлекеттер Қы­тай мен Моңғолияның өзіндегі бей­марал жатқан қазақтарға ажал құрығын салған екен. Биыл­ғы 31 мамыр қарсаңында реп­рес­сияға қатысты жарыққа шығар­ған оншақты кітабымыздың ара­сында екеуін ерекше атап көр­сет­кім келеді. Оның бірі – жазушы Сұраған Рахметұлының «Хужирты құрбандары. Моңғолия қазақтары бастан кешкен сталин­дік қуғын-сүргін» атты еңбегі. Атынан көрініп тұрғандай, бұл шерлі шежіреде жазықсыз жала­ға ұшыраған қазақ­тар трагедия­сы ру-руымен, ауыл-ауылымен құжат жүзінде хатталады. Екіншісі – зобалаң жылдарда жа­зық­сыз жалаға ұшырап, оққа ілінген Қырғызстандағы қазақ­тар­дың толық тізімі. Бұл мартирологте бүгінгі қазақ қауымына мүлдем таныс емес, сол жылдары Қырғызстан үкіметінің наркомдары болған (1946 жылға дейін министр лауазымдары осылай аталды) Ескендір Жоламанов, Мұсабек Таукин, Санжар Сегізбаев және Оқу-ағарту наркомының орынбасары Саймасай Тәтібеков туралы көлемді ғұмырнамалық очерк­тер берілген. Дәл осындай қуғын-сүргінге қатысты ақпараты мол еңбектер Өзбекстан, Қарақалпақстан және Ресейдің Омбы облысының қазақтары туралы да дайындалып жатыр. Жалпы, бұл үлкен жоба арнасында Қазақстанмен шектесетін, бір кезде өздерінің атамекенінде отырған Ресейдің ондаған губер­ния­сындағы қазақтардың қилы тағдыры туралы толық мәлімет жинастырылып жатыр.

– Енді бү­гінгі күннің көкейде үміт отын жа­ғатын жағымды жағы­на қарай ат басын бұрсақ. «Арыс» қоры қоржынынан ондай жаңа­лық­тар да табылатын шығар.

­­– Әрине, «Egemen Qaqzaqstan»-ның қадірменді оқырмандарын ұлық мейраммен құттықтай оты­рып, ерекше бір қуанышты жаңа­лы­ғымызбен бөлісу біз үшін үлкен ғанибет. Ол – «Шерлі шежіре. ХХ ғасырдың бірінші жартысында жарық көрген қазақ газет-журналдары» атты мәдени мегажобамыз. Рұқсат болса, бұл жайында тарқатыңқырап айтсақ.

Мен жоғарыда атап өткенімдей, кәсіби тарихшы емеспін. Маған Алаш туралы, ашаршылық туралы, т.б. бұрыннан өзіміз «ақтаң­дақ тақырып» деп атайтын мәсе­лелер бойынша сан алуан сұрақ қо­йылады. Білгеніңше, оқы­ға­­ныңа, тоқығаныңа сүйеніп, әри­не, жауап бересің. Айт­па­ғым – ұлтымыздың көкейін тескен мұндай зор-зор заманауи сұрауларға жақында үлкен «нүкте» қойылмақ. Бәріңіз жақсы біле­сіздер, ол Президенті «Қуғын-сүргін құрбандарын то­лық ақтау жөнінде комиссиялар құру туралы» арнайы Қаулы (№456, 15.11.2020) қабылдады. Мемлекеттік комиссия құрылды, мен де соның бір мүшесімін. 70 жыл құлып астында сартап бо­лып жатқан құпия құжаттар (біз бұрын бар «пәле», «бомбалар» НКВД-КГБ архивінде жасы­рылған деп ойлаушы едік, сөйтсек өзге де ондаған құқықтың ведомствоның «аса құпия» қойма-қорлары бар екен) том-том болып жарық көр­мекші. Тарихшылар мен кәсі­би архившілер һәм жанкешті өлкетанушылардың қисапсыз ең­бек­тері жанып, пәрмені жоғары «толық ақтау жөнінде» Жарлық жарық көреді деген үлкен үмітіміз бар. Бұрын «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» деп ұрандатып келсек, енді «Ашық азаматтық архивті» елге айналуға қадам басудамыз. Мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей нұқсан келтіретін құжат­тар­дан бас­қасы (оның өзі пәлен жылдан соң ашылуға міндетті деген қағидамен), әсіресе үлкен іс тындырып, сонымен бірге үлкен бұрмалаушылық жасап, үлкен қателік жіберетін үлкен ла­уазымды тұлғаларға қатысты мәлі­мет­тер ашық болуы – замана талабы. Әділетті Қазақстанымыздың бас­­пал­дағы, басты қадамы осыдан бас­талса игі.

Қаншама жылдар ғылым қуып жүргенде, бар уақытым архивте өтті деп жалған айта алмаймын. Кәсібім филолог, оның үстіне құ­дай қолға қалам беріп қойған соң өмір бойы көне мұраларды жинастыруды мұрат тұттым, тап­қан, білген нәрселерімді елге қайтару арман болды. Халқымыз айналдырған қырық жылда үш рет жазу-сызуын өзгертті ғой. 1929 жылға дейін ғасырлар бойы араб қаріпті жазуды қолдандық, 1930-1940 жылдары латын деп бас қатырып, одан беріде орыс графикасын тұтынып келеміз. Бажайлап қарасақ, Алаш қайраткерінің ке­секті дүниелері, кітаптары 1929 жылдан кейін мүлдем жария­лан­ба­ған екен. Бір сөзбен айтқанда, Алаш қайраткерлерінің қаламынан туған араб қаріпті кітаптардың, мақалалардың толық базасын жа­сау, ұлттық құндылыққа жататын мұраларды іздеп табу, оларды бүгінгі жазу үлгісіне көшіру, псев­донимдер мен лақап аттарды анықтау мақсат болды.

– Алдыңызда жатқан он томды көріп отырмын, бұлар сүйін­ші даналар ма?

– Жүз мыңдаған «egemen»-нің оқырмандарына елден бұрын сү­йін­шілеуімізге болады. Жуықта ғана қолымызға өзіңіз көріп отыр­ған он кітап – әйгілі «Қазақ» газе­тінің 1913-1918 жылдарды то­лық қамтитын 7 томы, 5 томды құрайтын «Айқап» журналының 1911 және 1912 жылдардағы қос жина­ғының факсимилді нұсқасы һәм 1917-1919 жылдары Семейде шығып тұрған «Сарыарқа» газе­тінің қолда бар сандары толық жинақталған басылымдары жа­рық көрді. Біздің бастамамызды қолдап, қол ұшын созған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының басшысы әрі «Алаш Орда» баспасының директоры Сұлтанхан Аққұлұлына зор ризашылығымызды білдіремін. Басылымның редакциялық алқа­сын­да профессорлар Дихан Қамза­бек­ұлы мен Сағымбай Жұмағұл, қоғам қайраткерлері Азат Перуа­шев пен Қазыбек Иса сынды алаш­шыл азаматтар бар. Барша қиын­дықты көтеріп, мәтіндерді қа­зіргі жазу қалпына келтірген – араб тілінің маманы, белгілі библиограф Толқын Замзаева.

– Бұл құнды мәдени мұра­лар туралы үлкен әңгіме алда әлі талай айтылатыны сөзсіз, қыс­қа­ша түйінді-түйінді мәселелерді бір шолып өтсеңіз.

– Әрине, басты мәселе – бұл газет-журналдардың барлығының ХХ ғасыр басында араб қарпінде жарық көруінде. Біздің ғалымдар қауымының орыстілділер және қазақ­тілділер болып екіге жары­ла­тыны ешкімге құпия емес. Ал­ғаш­қы қауым архивтік құжат­тан бірде-бір кемдігі жоқ, тарихи мәні аса жоғары бұл құнды материалдардың тіптен барлығынан хабарсыз болса, екіншілерінің арасында да оларды түпнұсқадан оқитын оқы­мыстылары бірен-саран. Біз мәсе­лен «Қазақ» газеті – ХХ ғасыр басындағы ұлттық энциклопедия» деген тұжырымды бостан босқа жиі қайталап жүрген жоқпыз. Жас ғалымдарға магистрлік, болмаса докторлық диссертацияларына осы басылым беттеріндегі мате­риал бойынша тақырып ұсынсаңыз, олар ат тонын ала қашады. Оған қарсы уәж де айта алмайсыз. Өйт­ке­ні кесімді екі не үш жылдық уақытын арабша нұсқаны ежіктеп отыруға рәсуа еткісі келмейді. Енді осы басылымдар факсимилді түрде әрі параллель қазіргі жазу үлгісімен жарық көргендіктен, үлкенге де, кішіге де, студентке де, академикке де қолжетімді, алдағы уақытта экономистер мен заңгерлер, мәдениеттанушылар мен дінтанушылар, саясаткерлер мен қарапайым оқырман өз керегін еркін табуға мүмкіндік туып отыр.

– Ұшан-теңіз мол қазынадан сіз әзірге 10 томды таңдап алып, шығарып отырсыз. Осы ша­руаға 30 жыл уақытым жұм­сал­ды дейсіз. Сонда осы басы­лым­дар­дың толық нұсқасы түгелдей табылды ма?

– Бұл жерде то­лық­тығы жа­ғынан тұңғыш жур­налымыз «Ай­қап» (1911-1915) тура­лы ғана ай­туға болатын сияқ­­ты. Тұң­ғыш­тың аты – тұң­ғыш. «Айқап» басына бақ қонған ба­сылым десек болады. Сірес­кен кеңес заманында да оған тыйым болмады, 88 саны көпке қолжетімді болды. Сол себепті оның материалдарын негіз етіп ондаған диссертация қорғалды, басылым мен оның шығарушысы Мұхамеджан Сералин туралы кітап­тар да шықты. Бірақ ешкімнің ойына оның факсимилді нұсқасын шығарайық деген ой келмеді. Бұл біздің өткенге, мәдени мұраға деген жадағай көзқарасымыздың көрінісі. 2022 жылы ақын, журналист, ұлттың тұңғыш журналын жанын жеп бес жыл бойы шығарған редактор Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығы лайықты аталып өтпеді. Әдеттегідей қар­жы жетіспеушілігіне байланыс­ты қос кітапты түрлі түсті етіп шы­­­ғара алмағанымызға біз де бар­­­ма­ғымызды тістеп, өкінеміз. Сонау 1911-1915 жылдары Троицк қаласындағы татар ағайындар, «Энергия» баспаханасының қыз­меткерлері барын салып, қол­дарындағы барша ою-өрнек, қаріп кассаларын тегін беріп, журналды түрлі түсті етіп шығарған бола­тын. Қайта басылымда сол бір ға­сыр бұрынғы татар ағайын­дар­­дың мәдени деңгейіне жете алма­ға­нымыз, әрине, бізге сын.

1917 жылдың 12 маусымында жарық көрді деп саналатын «Сарыарқа» газетінің (1917-1919) тұң­ғыш санын тауып оқу әлі күнге мүмкін болмай отыр. 1917 жылдың топтамасынан бұрын төрт саны табылмады деп келсек, қазір қолға түспегені екеу-ақ: №1 және №8. Өкінішке қарай, кеңестік-коммунистік режімнің «жемісті жетістігі»: 1918 жылдың бақандай 12 саны (№№43-44, 48-56 және №58) әлі күнге «хабарсыз кеткендер» санатында. Ал күні кешеге дейін зерттеушілер «Сарыарқа» газетінің 1919 жылы да тұрақты шығып тұрғанынан бейхабар еді. Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеудің ұшар басында тұрған, өткелекті тар заманда «жабық тақырыпқа» қорықпай барып, ерлікке барабар еңбектер жазған Үшкілтай Субханбердина да оның жалғасты үшінші жылы шығып тұрғанын білместен бұ дүниеден өтті. Оның 1919 жылғы 24 саны шетелден, ал соңғы саналатын 90-саны Семей архивінен табылды.

– Сонда бұл басылым­дар­дың, басқа да газет-журнал­да­ры­мыздың әлі жоқ сандары табылуы мүмкін бе?

– Ғылым сол үшін ғылым емес пе, жоқты таппаса, жаңалық ашпаса оның несі ғылым? Ең алғашқы қазақ газеті 1905 жылы Петерборда шығып тұрған татардың «Үлпәт» басылымына қосымша болып тіркелген «Серке» атты серкеміз ғой. Бірақ оны қолына ұстап көр­ген бір адам жоқ, егер бір жақ­сы­лық хабар болса, сүйіншіміз да­йын.

«Қазақ» та, «Сарыарқа» да және басқа сол аласапыран жылдарда жарық көрген ұлттық басы­лымдардың ешқайсысы «біз тоқ­­талдық», «жабылдық» деп соңғы сандарын шығарып, хабар шаш­паған. Мәселен, «Қазақ­тың» 266-саны, Күнбатыс Алаш­орда­сының органы «Еркін Қазақтың» бір саны соңғы жылдары ғана табылды емес пе? Сондықтан қазан аузы жоғары, әлі де үміт бар.

– Ұлтты ұйыстырған, «Алаш» партиясының негізін қа­ла­­ған, ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­­сынұлы шығарып тұр­ған «Қазақ» туралы айта түс­сеңіз.

– Бұл мегажобаның өзі о бас­та «Қазақ» газетін түгендеуге, оны рухани һәм мәдени ұлттық құндылық ретінде туған халқына толық күйінде оралту мақсатында жасақталған болатын. Жеті том «Қазақты» жеті күн, жеті түн парақтаған кез келген көзі қарақты оқырман түрлі-түрлі қазынаға жолығары сөзсіз. Мәселен, 1916 жылғы ақ патшаның қазақ жас­тарын қара жұмысқа алуы ха­қында білетініміз: Амангелді Иманов, Әбдіғапар хан, М. Әуе­зовтің «Қилы заман» хикаяты… Ал 1917 жылғы басылым бет­терінен бүгінгі Украина мен Бе­лоруссия майданының тылында қара жұмысқа жегілген қазақ жастарының аты-жөндерін, оларға қамқор болып артынан іздеп барған оқыған Алаш тұлғаларының қайраткерлігін, олардың шала сауат­ты жастарға құқықтық, меди­ци­­налық көмек көрсеткенін, Алла­сына сыйынар молласын тауып, халал ас дайындайтын аспазына дейін сайлағанын көреміз. Мұндай нақты құжатты сіз ешбір архив қо­рынан да таба алмасыңыз ақи­қат. Бірінші жиһангерлік соғыстың жай-күйі, туысқан түрік жұр­тына тілектес мақалалар, әсі­ре­се қазақ қыз-келіншектерінің алтыны мен күмісін бір кісідей жұмыла жинас­тырып, Түркияға көмек ретінде жөнелткенін оқып білесіз. Қазақ даласын жайлаған жұт­тар, қазақпен бір туған, бел­беулерін бір буған қырғыз аға­йын­дардың басындағы алапат ашаршылық, олар­ға ағайын­дық жолымен қол ұшын созу… Міне, осындай ал­ғаш көзіме шалын­ған­да өзіме де «ашыл­маған арал» болып көрінген мате­риалдар газет бетінде ұшан-теңіз.

Иә, тәуелсіздік бізге оңайлық­пен келіп, алақанымызға қона салған жоқ. Оған аталған басылым бетіндегі отты да өкінішті мақала­лар куә. Бұл жазбалар – біздің тарихи шежіреміз, ұлт­тық құндылыққа негізделген қазы­на­мыз. Арналы Алаш мұрасы ұлтпен бірге жасай береді.

 – Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»