Одаққа сыймаған диссидент
Қылышынан қан тамған Дң саясатына қарсы шығу екінің бірінің қолынан келмейтін іс еді. Әсіресе 1960 жылдары кеңестік идеологияның ызғары қатты болатын. Ол кезде идеологияның кемiстiктерiн көре бiлу үшiн ерекше бiлiм және көрегендік, сыни пiкiрлердi ашық айту үшiн жүрек жұтқан батылдық керек болды.
Диссиденттер туралы зерттеулерде бүкіл Кеңес Одағы бойынша қызыл идеологияға қарсы болған санаулы ғана қайраткердiң есімдері аталып жүр. Ал солардың ішінде Орталық Азия халықтарынан бiрде-бiр қайраткердiң есімі айтылмайды…
Бiз әңгiме еткелi отырған Махмет Құлмағамбетов – Орталық Азиядан шыққан диссиденттердiң көрнектiсi. Сондай-ақ ол дер кезінде шетелге шығып, атқарған жұмыстары туралы халықаралық баспасөзде кең көлемде мұра қалдырған. Оның өмiрбаяны туралы деректер, өзiнiң мақалалары Еуропаның түрлi баспасөз құралдарында неміс, француз, ағылшын, орыс тiлдерiнде жарық көрдi.
Мюнхенде жүргенімде Махмет ағамен армансыз сырластым. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған соң іле-шала мен де Мюнхенге келген едім. Онда Кеңес өкіметіне қарсы бағытталған «Азат Еуропа», «Азаттық» радиостансаларында Махаң да қызмет істеп жүрді. Бұл радиостансаны АҚШ конгресі қаржыландырып, Кеңес өкіметіне қарсы хабар таратып тұрған-ды. Махаң осындағы қазақ редакциясында қызмет етті. Бұл бөлім біздің елге бағытталған күн сайынғы алты сағаттық хабарында кеңестік басылымдарда айтылмайтын шынайы хабарларды эфирге шығарып отырды. Оларды, әрине, елімізде екінің бірі тыңдауға мүмкіндік болды деп айту шындыққа келмес. Себебі Кеңес өкіметінің арнайы мекемесі эфирді қосымша дыбыстар арқылы басып, оны бұқара халыққа жеткізбеуге тырысты. Басқа елдер кеңестік Қазақстанда болып жатқан жағдайларды, коммунистік режімнің елімізде жүргізіп отырған қылмыстық саясаты туралы шынайы ақпаратты осы Махаңның радиохабарларынан білетін.
Махмет Құлмағамбетов сексенінші жылдардың орта шенінде Кеңес елінен қашуға мәжбүр болып, ақыры Мәскеу арқылы Аустрияға өтіп кетеді. Әйелі Наташа екеуі Венадан кейін Мюнхенге барып, «Азаттық» радиосына қызметке тұрады. Ол кісі орысша, қазақшаға өте сауатты, дауысы зор, дикциясы жағымды, радионың нағыз жүргізушісі ретінде тыңдарманға кеңінен танымал болды. Махметтің әуе толқыны арқылы көтерген мәселелері жұртшылықтың көкейінен шығып жататын.
Қостанай облысының Меңдiқара ауданында 1930 жылдың 20 шiлдесiнде туған М.Құлмағамбетов Қазақ мемлекеттiк университетiнiң философия факультетiн бiтiреді. Сөйтіп ол Түрікменстан мен Қырғызстанда марксизм-ленинизм философиясынан, яғни диалектикалық және тарихи материализм деген пәннен сабақ берген. Өмiрдегi болып жатқан оқиғаларға сын көзiмен қарайтын ол философия мен саяси экономияның кейбiр теориялық жағдайлары кеңестік шындықпен сәйкес келмейтiнiн дәрістерінде ашық айтып жүредi. Мысалы, социалистік жүйенің сөз жүзіндегі артықшылықтарын, ал шындап келгенде теңгермешілік мәселелерін, іздену, дамудың тоқырап қалғанын, соның салдарынан ілгері басудың жоқтығын талдап, дәлелді түрде айтып жүреді. Маман есебінде өз пікірін жанындағыларға ашық айтады.
Жас маманның өмір шындығын басқалардан өзгеше пайымдауы институттың кейбір оқытушыларына ұнамайы. Махметтің бұл еркін ойлылығы көп ұзамай өзі дәріс оқыған жоғары оқу орнының бастауыш партия ұйымына, одан кейін арнайы органға да жетеді. Осыдан соң жас маманды саяси негізде қудалау басталады. Айтыс-тартысқа шыдамаған ол, Чаржаудан (Түрікменстан) «өз еркімен» кетуге мәжбүр болады. Содан кейін ол Қырғыз КСР-нің астанасы Фрунзе қаласындағы (қазіргі Бішкек) медицина институтына философия пәнінен оқытушы болып орналасады. Мұнда да соңына ерген «қоңыраудан» құтыла алмайды. Оқытушылар мен бастауыш партия ұйымы Махметті жиі-жиі сынға алып, тыныштық бермеген соң, бұл оқу орнын да тастап шығады.
Кеңестік идеология әрекетінің алдау-арбау, халықтың басын айналдырып, қисынсыз иландыру екенін терең сезген ол өз дәрістерінде бұл идеологияға қарсы дәлелді пікірлерін айтуды тоқтатпайды. Әріптестерінің бірі өзінің пікірлеріне студенттердің сауатты қарсылық білдіргенін байқаған соң, олардың Құлмағамбетовтен үйреніп жүргенін біледі де, оны аңдуға алады. Осылайша, алпысыншы жылдардың басында Махметтің ізіне МҚК қызметкерлері шырақ алып түседі. Бұл туралы мәлімет сол «үш әріп» жинаған құжаттарда бар. Нақтылай айтқанда, осы органның Қостанай облыстық басқармасының тергеушісі майор Дадыкин деген Махметтің ізіне түскен. Сөйтіп, оны 1962 жылы Қылмыстық кодекстің 56-бабымен жауапқа тартқан. Құлмағамбетовті барып тұрған ұлтшыл деп айыптаған. Ол ақырында сотталып, жеті жыл түрмеге, үш жыл сүргінге кесіліп, жер аударылады. Сондағы бар таққан айыбы (біреулердің айтуы бойынша) Сталинді адамзаттың жауы Гитлерге теңеген-міс. Режім оның «кеңестік жүйе жұмысшыларды қанап отыр» деген сөзінен ілік іздеген. Осы іс туралы Мәскеуде шығып тұратын МҚК-ның «Сборник» атты журналына кезінде көлемді мақала жазылыпты. Онда М.Құлмағамбетовтің біраз уақыттан бері айналасындағы кісілердің арасында өкіметке қарсы үгіт-насихат жүргізгені, ұлтшылдығы, бөгде ойы туралы мысалдар келтіріле отырып баяндалыпты. Ал қаралған істе Махметтің МҚК органының назарына қалай түскені, оның Кеңес өкіметі өміріндегі кейбір жағдайларға өзінің берген бағасы туралы деректер бар екен. Кезінде оны тіпті есі ауысқан деп санап, сараптама да жүргізіліпті. Сөйтіп М.Құлмағамбетовтің іс-әрекетінде 56-баптың қылмыстық құрамы толығымен бар екендігі, сондай-ақ алдын ала және сот тергеулерінде оның дәлелденгендігі туралы әлгі журналда анық жазылған.
«Ол кезде бүкiл Кеңес Одағы ұйықтап жатты. Қорылдап жатты. Барлық үйдiң шамдары өшкен. Тек қана Мәскеуде, Сталиннiң терезесiнде жарық сөнбеген. Себебi Сталин – бiздiң бақытымыз. Бiз үшiн қайғырып, қам жеп отыр. Тура осындай тәрбие алған едiк. Әкең өлсе өлсiн, Сталин өлмесiн» дейтін едік». Махмет Құлмағамбетов бізбен отырып кеңірек сырласқанда осылай деп еске алатын.
Сонымен, 1962 жылдың желтоқсан айында МҚК-нің Қостанай облыстық басқармасы Махмет Құлмағамбетовті Қазақ КСР Қылмыстық кодексiнiң 56-бабының 1-тармағымен жауапқа тартып, жеті жылға бас бостандығынан айырады.
Ол Сібірде, Мордовияда айдауда жүргенде жеті жылы бітпей жатып тағы сотталады. Сондағы таққан айыбы «тәртіпке бағынбайсың, жұмыстан жалтарасың, саяси сабақтарға бармайсың» деген мағынада болған. Осыны сылтау етіп, Мәскеуден 300 шақырымдай жердегі «Владимир» түрмесіне қайта айдап жібереді. Сол кезде жазасының мерзімі бітуіне екі жыл төрт ай қалған екен. Түрменің тәртібі өте қатал болған. Оны Махмет Құлмағамбетовтің өзі «Владимир түрмесіне қарағанда, Мордовиядағы лагерь «курорт» сияқты болатын» деп айтып отыратын. Оны сол жерде өлімнен арашалап қалған бір дәрігер әйел екен. Ол әйел Махметті аяп, оны «туберкулезбен ауырады» дейді де, түрмеден ауруханаға алғызып, тоғыз ай баққан. Осылайша, әупірімдеп екі жыл тоғыз айды өтеп шығады. Одан лагерьде өтеуі тиіс мерзімі тағы бар деп Сібірге қайта айдайды. Сөйтіп, Коми автономиялы Республикасына итжеккенге жіберген. Сол жерде жүріп, теміржолда жүк тасушы болады. Айдаудан босанған соң, 1974-1975 жылдары БАМ-да, 1975-1977 жылдары Коми АСР-інде, 1977-1979 жылдары Украинаның Харьков қаласында еңбек етті. Ол кісі Сургутте (Ресей, Түмен облысы) сүргінде жүрген кезінде көрген-білгендерін ойға түйіп, «Континент» журналында тұрақты жариялап тұрған.
Ол кезде КСРО азаматтарының шетелге оңайлықпен шыға алмайтыны белгiлi. Махмет Құлмағамбетов мақсатына жету үшiн Харьковте бiр еврей әйелге үйленедi. Сол арқылы арнайы шақырту алып, Венаға барады. Әлгi әйел Израильге жол тартады да, Құлмағамбетов Венада қалып қояды. Венада тұрақтап, артынан Германияға өтiп кетедi. Осылайша, Мюнхендегi «Азаттық» радиосында 15 жылдан аса уақыт жұмыс iстеп, 1995 жылы зейнеткерлiк демалысқа шықты.
Оның хабарлары мірдің оғындай дөп тиіп, тыңдарман жүрегіне жол тауып жатты. 1986 жылғы Желтоқсанда таяққа жығылған іні-қарындастарына қазақ бөлімінің бастығы Хасен Оралтай және Махмет Құлмағамбетов моральдық тіреу болды. Олар өздерінің күнделікті хабарында тоталитарлық жүйені, отаршыл саясатты әшкерелеп, коммунистердің бетпердесін ашты. Ол қазақ жастарының Одақта бірінші болып осы алып режімге қайсарлықпен қарсы шыққанын мақтанышпен эфирде айтудан тынбады. «Сендердің бұл көтерілістерің іргесі шайқала бастаған коммунистік режімді болашақта құлатады. Сендер сияқты қорлықта жүрген басқа халықтар осы бас көтеруден үлгі алады, алған беттеріңнен қайтпаңдар!» деп дем беріп отырды. Алаң қанға бөгіп, жастар жеңіліс тапқанда Махметтің қайғысында шек болған жоқ. Кейін Махаңның айтқаны айдай келді. Сол Желтоқсан көтерілісі егемендігіміздің қарлығашы болды. Бүгін, міне, Алаштың асылдары аңсаған тәуелсіздігімізге де қол жетті. Жастардың көрген азабы бос кетпеді. Бұған Махмет ағамыздың да қосқан үлесі зор.
КСРО ыдырағаннан кейін Қазақ КСР Бас прокурорының наразылығына байланысты 1990 жылдың 24 желтоқсанында Махмет Құлмағамбетовтің қылмыстық ісі Қазақ КСР Жоғарғы сотының пленумында қаралып, ол өзінің қаулысымен бұған дейінгі облыстық, республикалық сот органдары актілерінің күшін жойып, Махмет Құлмағамбетовтің іс-әрекетінде қылмыс құрамының жоқтығына байланысты оны толығымен ақтады. Осы қаулыда былай деп көрсетіліпті: «Құлмағамбетов Махмет алдын ала және сот тергеуі кезінде өзіне тағылған «антисоветтік үгіт және насихат жүргіздің» деген кінәні мойындамады. Ол саяси экономия және философия саласының маманы есебінде үкімет пен партияның іс-әрекеттерін сынға алып, оған өз пікірін айтып отырды. Бұл айтылған пікір өкіметке қарсы үгіт немесе насихатқа жатпайды, себебі онда советтік мемлекеттік және қоғамдық құрылысты даттайтын, одан шығарылған жалақорлық өтірік тарату жоқ. Ол өзінің пайымдауларында елде болып жатқан объективті болмысты көрсетті».
– Ұлт мәселесі де мені көп ойлантып, толғандырады, – деген еді кезінде Махмет ағамыз. – Өз басым ұлтшыл жан емеспін. Өз ұлтыңды басқа ұлттан жоғары ұстау, басқа ұлтты жек көру деген сияқты іс-әрекеттер менде жоқ. Ал орыс халқының кейбір өкілдеріне келсек, олар өздерінің басқалардан саны жағынан көптігін пайдаланып, аз халыққа менсінбеушілікпен қарайды. Себебі олар өздерінен басқаларды екінші сортты кісілерге, ақыл-есі жетісіңкіремейтін жандарға санайды. Сауатсыз, ешнәрсеге қабілеті жоқ кейбір орыстардың білімді, ақыл-ойы жоғары қазақтарды кекетіп, мұқатып тұрғанын кім көрмей жүр дейсіз. Сонда осындай мәдениетсіз, ой-өрісі төмен кісілер ұлтыма қарап менің ар-ожданымды аяққа басуларына бола ма?! Осындай жөнсіздікке жол беретіндердің көпшілігі партия қатарындағы шенеуніктер деп есептеймін. Сондықтан мен енді ешқашан да партия қатарына кірмеймін. Партияның және оның мүшелерінің бір-бірінен ешқандай айырмашылықтары жоқ. Демократия туралы сөз болса, ол бізде тек қағаз жүзінде ғана бар. Оның нағыз демократияға ешқандай қатысы жоқ. Мысалы, біздегі сайлауды алайық. Сайлаушылар өз қалаулыларын таңдап, оған дауыс бере алмайды. Тізімде көрсетілген, жоғарыдағылар көрсеткен адамға ғана бас шұлғиды. Бұл сайлау емес, жұртты құр алдау. Ал советтерге келсек, оның да рөлі тек қағаз бетінде. Ел басқару жүйесі билеп-төстеуші аппарат – партияның қолында. Партияға қарсы сөз айтуға, оны мінеп-сынауға болмайды. Мені Кеңес өкіметі оқытып жеткізді, адам қылды, бірақ мен оның «ақ» дегенін алғыс, «қара» дегенін қарғыс деп, барлық айтқанымен келісе беруге тиіс емеспін, әр адамның өз пікірі болуы керек.
Алматыда шыққан «Юридический вестник» деген газетте Махмет Құлмағамбетовке кеңестiк сот таққан айыптардың барлығы жазылған. Не үшiн, қандай айып тағылды, бәрі бар. Сол басылымда «Құлмағамбетов жазықсыз айыпталып, он жылға қамалды, ендi Жоғарғы соттың үкiмiмен ақталды» делiнген. Коммунистердiң әдетi де баяғы, алдымен адамды айыптап, соттап, итжеккенге айдап, азаптап, атып тастайды да, сосын барып ақтап жатады. Сол сияқты Махаңды да он жыл сорлатып, соттады да, кейiн ақтады. Ол кісі сол кезде шетелде жүрген еді. Кеңес Одағына, өзін өгейсіткен социалистік жүйедегі еліне өкпесі қара қазандай болатын. Ақыры ақталды. Қазақстан тәуелсiздiк алған соң ақталды. Махмет өзін «Одаққа сыймаған адаммын» деп отыратын. Ол азаттық алған өз еліне келе алмай дүниеден өтті.
Махмет Құлмағамбетов қашанда турашылдығымен кейбіреулерге жаға қоймайтын. Сондағы бір жағымпаз, жалбақай адамның жағымсыз тірлігіне шыдамай, әлгіні сабап тастайды. Сол үшін де радиодан қуылып, екі жыл әуре-сарсаңға түскені бар. Соңында әділдік жеңіп, ақыры сот шешімімен қызметіне қайта орналасады. Екі жыл бойы босқа жүрген уақытына орай тиісті қаражаты өтеліп, сол қаржыға, яғни 450 мың неміс маркасына Италиядан үй сатып алады. Бұл оның тоқсаныншы жылдардың басында өзі барып көрген, Италияның «Қазақстан» деген елді мекеніндегі жер екен. Сол маңайдағы шөбі шүйгін, өзіміздің кәдімгі жайлау секілді даласынан таңдап алған үйі еді. Төрт гектардай жері бар үйінің маңдайшасына үлкен етіп «Kazakstan» деп жаздырып қойғанын айтқан. Егер де Қазақстаннан біреулер келе қалса, бізге бұрылып, қонақ болсын деген оймен жазған екен оны. Зейнетке шыққан соң қалған өмірімді Наташамен бірге сонда өткіземін деп отыратын. Сөйтіп, Махмет Құлмағамбетов тоқсаныншы жылдардың орта шенінде «Азаттық» радиосынан зейнет демалысына шығып, Италияға қоныс аударғаны бар.
Алайда Махаң Италияда біраз тұрған соң белгісіз себептермен үйін сатып, 2000-жылдары Мюнхенге қайта көшіп келеді. Шамасы, қазағы сирек кездесетін Италия жерінде ол кісі жалғызсыраса керек. Соңғы рет мен Махмет Құлмағамбетовті 2002 жылы жазда, Германияның Кельн қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайында көрдім. Қасында баяғы Наташа деген әйелі бар. Оның екі көзі нашар көретін болыпты, сонда да Махаң бәйбішесін қасынан тастамай, Еуропадағы қазақтардың құрылтайына ертіп келген екен.
– Тағдыр маған ұрпақ сүюді бұйыртпады, бағым ба, сорым ба, ендігі ғұмырымды осы қосағым Наташамен бірге өткіземін, – деп еді сонда қайран Махаң.
Ол кісі Алматыдағы туыстарына – өзінен кейін соңында қалған іні-қарындастарының балаларына ұдайы қаражат салып, өзіне шақырып, сәлем-сауқат жіберуден жаңылмайтын.
Қарап отырсақ, бүтіндей бір кеңестік жүйеге сол тұста жалғыз өзі қарсы тұрып, «қарағайға қарсы біткен бұтақ» секілді болған азамат Махмет Құлмағамбетовтің өзі неге тұрады? Өкінішке қарай, бұл кісіні көпшілік біле бермейді. Бұл кісі кезінде марксизм-ленинизм іліміне ашықтан-ашық қарсы шығып, содан қуғын көріп, ақырында шетел асуға мәжбүр болған. Саяси тілмен айтқанда, Махмет Құлмағамбетов – қазақтан, тіпті күллі Орталық Азиядан шыққан дара диссидент. Қазақ зиялыларының ішінен есімі Хельсинкидегі саяси тұтқындар тізіміне кірген екі қазақтың бірі және алғашқысы осы Махмет Құлмағамбетов.
Ол кісіден ұрпақ қалмады. Махмет Құлмағамбетов 2008 жылы қараша айында Батыс Германияның Мюнхен қаласында көз жұмды.
Махмет Құлмағамбетовтің осыдан жарты ғасырға жуық шамасында жазған ой-пікірін бүгіндері ортаға салып талдап, саралап көрсек, ол өз заманының өзгеше туған ойшыл адамы деген тұжырымға келер ме едік, қайтер едік. Ол кезде екінің бірі осындай батыл іске бара ма? Өз ойын ашық айту сол кезде ерлік еді ғой. Тоталитарлық тәртіп шеңберінен шықпай, ғылыми диссертацияларын қорғап, көптің бірі болып жүре бергенде, бүгіндері Махаң атақты ғалымдардың бірі болатынына ешқандай күмән жоқ. Бірақ ол жеке басының күні үшін екіжүзділік жасап өтірік айта алмады, оған ары жібермеді. Маман есебінде өзінің ой-пікірін ашық ортаға салды. Келмеске кеткен КСРО-ны көксеп әлек болмай, нақақтан жапа шеккен осындай арыстарымызды мадақтасақ, қандай жақсы болар еді.
Саясат Бейісенбай, «Азаттық» радиосының 1991-2004 жылдардағы тілшісі,
«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері
Дереккөз: Egemen Qazaqstan