Коллективтендіру және оны іске асыру әдістері
Бостандық пен теңдікке ұмтылу, саналы адамзат тарихының қай кезеңінде болмасын ерекше орын алып келгені белгілі. 19І7 ж. Россиядағы февраль революциясы мен Октябрь төңкерісі, қарапайым халыққа, әсіресе езгіге түсіп, отаршылар тепкісінде келген аз ұлттар мен халықтарға, өздері ежелден аңсаған бостандық пен тәуелсіздік, әділеттік пен теңдік идеялары тез арада орыңдалатындай, болашақтан көп үміт күттірген еді. Әсіресе өкімет билігін қолына алған большевиктер партиясының еңбекші халықка барлық билікті береміз, таптық және ұлттық теңсіздікті жойып, социализм орнатамыз деген мақсаттары халықтың көпшілігінің көңілінен шыққаны рас. Бірақ уәде беріп, программалық мақсаттарды жариялау, халықтың көпшілігін өз жағына тартып, сеніміне ие болу бір де, сол уәдені орындап, қоғамды айтқан мақсатына жеткізу өз алдына басқа мәселе еді. Сондықтан социалистік идеяларды іске асырудың қандай жолдары бар, оған әлеуметтік-экономикалық алғышарттар бар ма деген мәселе сол 1917 ж. кейінгі кезеңде елдің зиялы қауымын селқос қалдырған жоқ.
Совет қоғамының даму жолдары туралы әртүрлі ұсыныстар айтылса да, большевиктер партиясы басқарған өкімет пен оның жергілікті жердегі орындаушылары азамат соғысынан кейінгі бейбіт кезеңде де сол өкімет билігін жеңіп алып, оны қорғап қалу тұсындағы қатаң әскери саясатынан арылған жоқ. Социализм орнату идеяларына жан-тәнімен берілген олар, бірінші дүниежүзілік соғыс пен революңия жылдарында әбден титығына жеткен Россия империясының жалпы зкономикалық даму деңгейін де, империяның ұлт аймақтарындағы отар халықтардың мешеулігін де, сонымон бірге ол халықтардың ғасырлар бойы қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық қатынастары мен табиғи болмысын да ескергісі келмеді. Большевиктер тұжырымына қарсы айтылған пікірлер мен ұсыныстардың барлығы да контрреволюциялық әрекеттер деп танылып, оларды уағыздаушыларға жау деген айдар тағылды, қатаң жаза колданылды.
Пролетариат диктатурасы мемлекеті әсіре тап күресін шиеленістіруді, халықтың әлеуметтік топтарын бір-біріне қарама-қарсы қойып, «жау» жоқ болған кезде қоғамдық өмірді жасанды түрде шиеленістіріп, халық жауларын қолдан жасауды мансұқ етті. Сөйтіп олар экономикалық даму дәрежесі мен әлеуметтік болмыс арасындағы теңгермелікті шайқалтып, социализм дегеніміз не, ол қандай қоғам деген мәселеде қарадүрсін бұлыңғыр идеялар жетегінде кетті.
Большевиктер өкіметі мен оның кейінгі ізбасарлары социализм орнату жолында өз халқын күшпен бақытқа жеткіземіз деп мастанды. Ал шындығында қорлық пен зорлық қыспағында жүріп, бақытты өмірге қол жеткізу мүмкін емес еді. Мұның өзі дүниежүзі алдында адамзаттың ұлы ойшылдары армандаған әділетті әлеуметтік қоғамдық құрылыс идеяларын қаралап қана қойған жоқ, сонымен бірге миллиондаған халықты орны толмас опатқа ұрындырып, орасан зор трагедияға ұшыратты.
Шын мәнінде совет қоғамындағы өзгерістер 20-30-шы жылдары қалыптасқан тоталитарлық режимнің қыспағымен, халықтың белгілі бір бөлігін құрбан ету арқылы іске асырылды. Бұл әсіресе жер мәселесінде, ауыл шаруашылығын коллективтік негізде қайта құру саясатында айқын керінді. 20-шы жылдардың екінші жартысынан бастап қоғамды әбден меңдеп алған аса қатал әкімшілдік-әміршілдік террор щаруаларды кооперация жолына түсіру идеясын бұзып қана қойған жоқ, сонымен бірге оның пайдалы жақтарын да жоққа шығарды. Сөйтіп ауыл шаруашылығындағы экономикалық заңдылықтарға жатпайтын «Үлы бетбұрыс» шаруашылықтағы бұрыннан қалыптасқан жүйені аяусыз қиратып, қоғамды неше түрлі қиындықтарға ұрындырудың алғы шартын жасады.
Коллективтендіруді іске асыру жоспарына сәйкес бүкіл ел әртүрлі зоналарға бөлініп, оларда бұл науканды іске асыру қарқыны мен аяқтау мерзімі белгіленді. Сөйтіп бүкіл ел майдандағы сияқты ұйымдасқан түрде «ұлы науқанды» іске асыру «шабуылына» кірісті. Қазақстан орталықтағы басшылықтың құзырымен коллективтендіруді негізінен 1932 ж. көктемге қарай аяқтайтын аудандар зонасына жатқызылды. Тек республикадағы көшпелі және жартылай көшпелі аудандарда коллективтендіруді кейінірек аяқтауға рұқсат етілді. Әйтсе де «ләппай» деп тұрған республикадағы бюрократиялық-чиновниктік аппарат үшін бұл мерзім қайтсе де жедел «секіріп» өтетін оңай тосқауыл секілді болды. Дәл осындай жағынудың, қалыптасқан тоталитарлық режим жағдайында орталық не айтса да алып-ұшып, асыра орындаудың үлгісі ретінде бір ғана мысал келтірейік: коллективтендіру науқанын орындауға байланысты 1930 ж. ақпанда өткен Қызылорда округтік партия комитетінің қарарларында 1930-жж. ішінде шаруаларды колхоздарға біріктіруді толығымен аяқтап шығу белгіленді1.
Тоталитаризм жағдайында баскаша ыңғай көрсету мүмкін емес еді. Өйткені басшы кадрлардың іс-кимылы кезекті екпінді науқандарды жүзеге асыруға осылай бейімделген болатын. Қандай мәселеде болмасын бір істі мерзімінен бұрын орындау, немесе орындату, оның, нәтижесіне, зиянды зардаптарына қарамастан белшесінен басып, орындап шыққандығы жөнінде жедел ақпар беру қалыпты әдетке айналды. Ал осындай «науқандарда» өзінің өмірлік мүдделері аяқка басылып жатқан жеке адамдар ғана емес, бүтіндей әлеуметтік топтар тап жауы ретінде құртылып жіберілді, немесе осы саясаттың құзырына еріксіз мойынсұнды. Сөйтіп жергілікті органдардың жұмысы ең алдымен коллективтендірілген шаруашылықтар процентімен бағаланатын болды.
Әрине, жоғарғы органдар шектен тыс алға кетіп қалудан сақтандырғандай сыңай көрсеткен болатын. Әйтсе де адам айтқысыз заңсыздық фактілері көбінесе «революциялық шыдамсыздық», немесе тәжірибенің жоқтығынан деп бағаланып, әрі кеткенде әкімшілік жолымен ғана жазаланып отырды. Сондықтан барлық қоғамдык организм сол кезде болып жатқан индустрияландыру, коллективтендіру, мәдени революция науқандарындағы, бұл қалыпқа симағандар аяусыз күйретіліп жатты. Бүкіл идеологиялық аппарат осы мақсаттарға аяусыз қызмет етіп, халықтың сапасына өзінің бақытты болашағы үшін бұдан басқа бірде-бір дұрыс жол жоқ деген ұғымды барынша сіңірумен болды.
Қоллективтендіру қарқынын мына мысалдардан-ақ айқын көруге болады: егер 1928 ж. Қазақстанда барлық шаруа қожалықтарының 2% колхоздарға біріксе, 1930 ж. 1 көкекте олардың 50,2%, ал 1931 ж. 1 қазанға дсйін 65% жуығы колхоз қатарына күшпен тартылды. Ал кейбір аса белсенділік көрсеткен «екпінді» аудандарда колхоздастыру қарқыны мұнан да жоғары болды. Мысалы Орал және Петропавел округтерінде осы мерзім ішінде шаруа қожалықтарының 70% астамы колхоздарға енгізіліп үлгерілді. Қарқынның үдере түскендігі сондай, 1931 ж. күзде республпкадағы сол кездегі 122 ауданның 78-інде коллективтендіруге мәжбүр етілген шаруа қожалықтарыныц саны 70-тен 109% дейін жетті.
Басшылықтың қай деңгейінде болмасын коллективтендіру қарқыны мен құрылған колхоздар саны оптимистік қолдау тауып отырса да, олардың сапа жағы сенімсіздік тудыруы әбден орынды еді. Сондықтан архив құжаттарында сақталғаи сол кездегі ресми есептердің өздерінде де «қағаз жүзіндегі», «желбуаз» немесе «жалған колхоздар» деген теңеулердің жүруі кездейсоқ нәрсе емес. Тіптен жоғарыдан айтылғанның бәріне де бас шұлғитын және есслеп орындауға әзір тұратын кейбір функционерлердің өздері де социалистік өндірістің жедел қарқынмен құрылған осындай шаруашылық түрлері ешқандай талапқа сай емес, оларды шаруашылық ошағы деп шартты түрде ғана айтуға болатынын мойындауға мәжбүр болды2. Бірақ мұндай ақпарлар өлкелік және орталық басшыларға ешқандай әсер еткен жоқ. Қайта олар коллективтендіру қарқынын онан сайын күшейтуге әрекет жасап бақты.
Өлкедегі колхоз құрылысының ұйтқысы ресми үгіт-иасихат баяндағандай шаруалардың өзі емес, ең жоғарғы басшы партия және совет органдары болды. 1927 ж. желтоқсанда өткен ВҚП(б) XV съезі коллективтендіру съезі деп дәріптеліп келді. Шын мәнінде ауылшаруашылығы съездің күн тәртібіндегі көптеген мәселелердің бірі ғана болатын. Жүре келе сталиндік даурықпа насихат бұл съезге коллектнвтендіру съезі деген айдар тағып, көкке көтерді.
Шаруаларды колхоздарға біріктіруде ресми жарияланған еріктілік жайына қалып, ашықтан-ашық зорлық саясаты орын алды. Қолхоздарға бірігетін ауылдарда өткен ашық жиналыстар шынтуайтқа келгенде «Кім колхозға кіргісі келеді?» деген мәселе емес, «Кім колхозға қарсы?» деген мәселе төңірегінде өткізілді. Шаруалар еріктілік білдірмеген жағдайларда, оларды «буржуазиялық ұсақ меншіктік пиғылдан» арылту үшін «тәрбиелік» жұмыстар жүргізілді. Олары қамау, соттау, жер аудару, ашық қарсылық көрсеткен жағдайларда атумен ұласып отырды.
Жалпы ауыл шаруашылығындағы репрессиялық саясат Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Қеңесінің 1928 ж. 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарын кәмпескелеу» туралы қаулысынан басталды. Осы қаулының негізінде жеті жүзге жуық ірі бай шаруашылықтары талқандалып, олардың иелері канаушы тап ретінде жер аударылды, кейіннен көпшілігі халық жаулары ретінде, атылып, немесе сотталып кетті. Осы саясат енді колхоздастыру кезінде онан әрі жалғасып, репрессияға орта шаруалар мен ауқаттылар жаппай ұшырай бастады.
Жаңадан құрылып жатқан колхоздарға қажетті ортақ мал және басқа да шаруашылық құрал-жабдықтарын құрастыру үшін байлардың мал-мүлкі тартылып алынған болатын. Олардан түскен малдың біразы кедейлерге таратылып берілді. Қейіннен құрылып жатқан колхоздарға қажет мал-мүлікті көбейту үшін, әрі өкіметке өткізілетін астық пен ет қорын ұлғайту үшін жоғарыда айтылған саясат енді ауқатты шаруалар мен орташаға қолданылды.
ССРО Орталық Атқару Комитеті мен Халық Қомиссарлары Кеңесінің 1930 ж. 1 ақпандағы «Жаппай коллективтеңдіру аудандарында ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды нығайту және кулактармен күресу шаралары женінде» деген қаулысының негізінде Қазақстан үкіметі де 1930 ж. 19 ақпанда дәл осындай қаулы қабылдады. Бұған тек жергілікті ерекшелікке байланысты қосылғаны «кулактармен және байлармен күресу» деген сөздер болды, Сөйтіп ендігі кезекте колхоз құрылысына «қарсылық жасап отырған қанаушы элемент», әрі пролетариат жауы деген желеумен кулактар мен байларды тап ретінде жою науқаны басталды. Осы қаулыға сәйкес әрбір аудан және ауыл көлемінде жойылатын, яғни мал-мүлкі тартылып алыньп, өздері жер аударылатын кулактар мен байлардың жалпы саны сонда тұратын халықтың 3-5% болуы керек делінді. Бұл репрессиядан аман қалатын кулактар мен байларға «тәрбиелік» мәні бар «сабақ» ретінде өтетін болды. Шын мәніне келгенде қазақ ауылында, тіптен Россияның басқа жерлерінде де (осы өзіміздің өңірдегі орыс деревняларында да), бай-кулак дегендер 1930 ж. қарай мүлдем құрып біткен болатын. Сондықтан бұл науқан шаруалардың қатты наразылығын тудырса да, орасан зор қысым мен қиянат жасау арқылы оларды түгелдей колхозға күштеп біріктірудің сонғы тәсілі болды. Бұған көнбегендері жауапқа тартылып, еш кінәсі жоқ болса да қорлыққа түсті.
Жергілікті басшы орындар мен ауыл белсенділері кулактар мен байларды тап ретінде жою науқанын асыра орындайтын болды. Қейбір жерлерде олардың кулактар мен байлар деп жер аударуға үйғарған шаруалар саны халықтың белгіленген 3-% мөлшерінен екі немесе үш есе асып кетіп отырды. Ал ондай мөшерде кулактары мен байлары болмаған жерлерде бәрібір жер аударылатындар саны белгіленген жоспарға жеткізіліп орындалды. Мысалы Петропавел округының Красноармейский ауданында барлық шаруа қожалықтарының 7% (496 отбасы) тәркіге түсті. Бұл ауқатты деп жеке салық төлеп тұрған меншік иелерінен үш есе көп болатын. Сол сияқты Қостанай округінің Боровской ауданында тек бір селодан 37 шаруа семьясымен жер аударылды.
Мұндай «жетістіктер» халықты жікке бөліп, тап күресін әдейі шиеленістіру саясатының нәтижесі еді. Мысалы 1930 ж. 1 ақпандағы қаулыдан кейін жалдамалы жұмыс күшін пайдаланып келген жеке меншік шаруалар (яғни «кулактар» меп «байлар») өздері-ақ онан бас тартатын еді. Шындыққа сүйенсек, дәл сол 1930 ж. жалдамалы еңбекті пайдаланып келгендар саны тым аз болатын. Репрессия көбінесе олардың мал-мүлкіне, шаруасының сипатына қарай жүргізілді. Мәселен, кулак пен бай қатарына шатырлы үйі бар, немесе су (жел) диірмені бар, азын-аулақ малы бар адамдар да жатқызылды. Жергілікті белсенділерге қарсы келген және ұнамаған адамдар да оп-оңай кулак болып шыға келетін.
Жаңадан құрылып жатқан артельдер мен колхоздар тез арада қалыпты жолға түсіп, экономикалық жағынан тиімді пайда келтіре қоюы иеғайбыл еді. Оның үстіне 20-шы жылдары пайда болған кооперацияның қарапайым да тиімді түрлерінен бас тартып, коллективтік шаруашылықтың жоғарғы түрлеріне бірдей секіріс жасаудың өзі тарихи тұрғыдан алғанда қателік болатын. Ал щындыққа келсек, ауыл шаруашылығындағы жеке меншік қожалықтарды экономикалық реформалар арқылы ретке келтіріп, ешкімді құрбандыққа ұшыратпай-ақ өкімет мүддесіне де, халық мүддесіне де тиімді жолмен еркендетуге болатын еді.
Бұл жөнінде кезінде әртүрлі пікірлер де айтылған болатын. Әсіресе Россия империясының бұрынғы отар елдерінде жергілікті ерекшеліктерді ескеру, ондағы экономнкалық кұрылым жүйесіне ыждаһаттылықпен қарау сияқты мәселелер төңірегінде талай айтыстар да туды. Мысалы, 20-30-шы жылдары бұрыннан келе жатқан қазақ зиялылары мен сол кездегі республиканың жаңадан өсіп шықкан көрнекті ннтеллигенция өкілдері мен басшы қызметкерлерінің ішінде қазақ ауылының, қазақ халқының тағдыры кандай болмақ деген мәселеде орталықтың, әсірссе большевиктердің жоспарынан өзгеше пікір де бар еді. Мысалы орыстың кейбір экономист ғалымдарын былай қайғанда, сол кездегі республиканың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Сәдуақасов, 3.Төреғожин және бақалары коллективтендірудің көшпелі және жартылай көшпелі қазақ ауылдары үшін қиын екендігін, халықты мүшкіл халге душар ететіндігін әлденеше рет ескерткен болатын. Бірақ оларды тыңдаған ешкім жоқ.
Шаруаларға қарсы репрессия тек Қазақстанды ғана қамтыған жоқ. Ол бүкіл елде осындай сипат алды. Қулактар деген айыппен шаруалар Қазақстанның өз ішінде бір округтен екінші округке, немесе ауданға жер аударылып қана қойған жоқ. Олардың кейбірі, «аса қауіпті» дегендері, немесе өкіметтің саясатына наразылық білдіргендері республикадан тыс жерлерге жіберілді. Ал оның есесіне Қазақстанның өзіне басқа республикалардан, әсіресе Россияның ішкі облыстарынан мыңдаған адамдар жер аударылып, арнайы қонысқа орналастырылды. Мысалы, тек бір ғана 1931 ж. жазда ашаршылық алқымнан алып, қазақ даласына ажал төніп келе жатқан шақта Россиядан жер аударылған 150 мың орыс шаруалары Есіл, Қорғалжын, Ақмола, Шұбартау, Тельман, Абыралы, Баянауыл, Аккелін аудандарына әкелінді. Оларға егіс көлемі үшін 350-400 мың га. жер бөлініп берілді3.
ОГПУ қарамағындағы лагерьлер Бас басқармасының кейбір мәліметтеріне қарағанда, 30-шы жылдары Қазақстанға шаруалардан 46 091 семья, немесе 180 015 адам жер аударылған екен. Олар негізінен Еділдің орта және теменгі бойынан, Россияның Орталық қара топырақты облыстарынан; Москва Тамбов, Рязань және басқа жерлерден әкелінген. 1938 ж. 1 шілдеге дейінгі мәліметке қарағанда колонияларда 355 243, түрмеде 350 538, ал концлагерьлерде 13 171 95 адам жазасын өтеу үстінде болған екен4. Бұлардың көпшілігі коллективтендіру кезінде сотталғандар болатын. Олардың ішінде мыңдаған қазақ шаруалары да азап шекті.
Қазақстанды алатын болсақ, 1930 ж. 15 наурызда, яғни кулактар мен байларды тап ретінде жою туралы қаулы шыққаннан бір айдан соң, ауылдарда 3313 адам тұтқындалып, 2450 шаңырақ өзі тұрған округтен тысқары жерлерге жер аударылды5. ГУЛАГ-тың (Главное управление лагерей) мәліметі бойынша 1930 – 1931 жж. Қазакстанда кулак деп 6765 адам жер аударылған екен. Әрине, бұл мәлімет толық деп айтуга болмайды. Ол әлі де тексеруді, жан-жақты ізденісті қажет етеді.
Қазақ ауылының шаруашылығына мал бағумен күнелтіп отырған көшпелі және жартылай көшпелі халықты күшпен отырықшылыққа көшіру саясаты да аса қатты соққы болды. Бұл ежелден қалыптасқан шаруашылық түрлерін түгелдей өзгертумен тығыз байланысты еді. Әйтсе де индустриалдық дәуірге дейінгі өндіргіш күштерге арқа сүйеген мемлекеттің қара дүрсін экономикалық жағдайда дәстүрлі аграрлық мешеулікті бұзып, оның орнына қолма-қол нәтиже беретін, әрі сол әдеттегі үйренген тұрмысынан айырылған халыққа жедел бақытты емір тудыра салатын кұдыреті жоқ еді. Онын үстіне көшпенділік сырт көзге қара дүрсін, артта қалған тұрмыс тіршілігі болып көрінгенімен, өзіндік ерекшелігі бар мәдени-шаруашылық және шым-шытырық әлеуметтік қатынастар болмысы екендігі ескерілмеді. Мұндағы рулық-қауымдық жүйе ғасырлар бойы адамдардың өзіндік ерекше сана-сезімін, өзіне тән дәстүрлі әдет-ғұрпын қалыптастырып, табиғи ортаға әбден бейімделген тұрмыс-тіршілігін өмірге келтіретін болатын. Сондықтан бұрын патша өкіметі тұсында шұрайлы егістік және жайылым жерлерінен айрылып, қорлық көрген қазақ шаруалары енді ұр да жық әкімшілік саясаттың қыспағына түсіп, «жаңа өмірдің» тауқыметіне тап болды.
20-30-шы жылдары қазақтың көшпенді шаруашылығы елдегі басқа аудандардың экономикасымен ауқымдаса отырып, өзінің табиғи шама-шарқын әлі де болса сарқа қойған жоқ еді. Сол кездегі индустриясы дамымаған, өндіргіш күштері әлсіз Қазақстан сияқты табиғи-географиялық ортада көшпелі мал шаруашылығы экологиялық жағынан да тиімді болатын. Өйткені жайылымды мал шаруашылығы қазақтың кең байтақ даласындағы шөлді және шөлейт жерлерді тиімді әдіспен игеріп, соншама кеңістікті өзінің әлеуметтік болмысына қызмет еттіруге бейімдеп, табиғатпен сіңісіп кетудің бірден бір тәсілі еді. Ал бұл ортаға ақылмен араласып, оны экокомикалық жолмен өнімді пайдалануға, мал шаруашылығын өндірістік жолмен игеруге болатыны айқын еді.
Бірақ осы дәлелдердің бәрі де ескерілмеді. Керісінше, бұған қарсы пікір айтқандардын бәрі де, егер жергілікті ұлт екілдері болса – «буржуазнялық ұлтшылдар», ал орыс ғаымдары болса – «ғылымдағы ұлыдержавалық шовинистер» деп айыпталды. Мұндай айып тағылғандардың тағдыры қалай аяқталғаны белгілі. Көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарды отырықшылыққа ауыстыру мынадай сипат алды: 1930 ж. – 87 136 қожалық, 1931 ж. – 11 508, 1932 ж. – 77 674, ал 1933 ж. – 242 208 қожалық отырықшы өмірге көшті.
Жоғарыда айтылғандай, Қазақстанда коллективтендіруді және отырықшылыққа көшіруді басқарып, байыппен іске асыра қоятын білікті мамандар болған жоқ. Жергілікті басқару органдарында, ауыл селоларда белсенділік көрсетіп, «шаш ал десе бас алатындардың» өздері ешқандай сауаты жоқ, не шала сауаттылар болатын. Қолхоздастыру науқаны отырықшылыққа көшірумен қатар жүргізілді. Казкрайком бұл науқанды жүргізуге 8 мың жұмысшыны тартты. Бұларға қоса республикаға әйгілі 25 мыңшылардан 1204 адам жіберілді. Олар Москва, Ленинград, Харьков және басқа өнеркәсіп орталықтарынан келген, жергілікті ұлт дәстүрінен, тарихынан, тілінен ешқандай хабары жоқ адамдар еді. Бұлар коллективтендіру мен отырықшылыққа көшіруді тек халықты бір жерге жинап коныстандыру, барлық мал-мүлкін ортаға салдыру деп тусінді. Сондықтан олардың көпшілігінің идеяның қара дүрсін тұрпайы орындаушылары дәрежесінен аса алмауы өзінен-өзі белгілі еді.
«Революциялык қызумен» желігіп алған отырықшылыққа көшірушілер кейбір жерлерде жүздеген шаруа қожалықтарын күшпен бір жерге жинастырып, орыс деревнясы үлгісімен сахарада қаз-қатар тігілген киіз үйлерден түп-түзу көшелері бар «поселкелер» жасауға кірісті. Мұның арты малшылардың шаруа кеңістігінен, жайылымынан қол үзуіне, малға қолайлы суаты мен жем-шөбінен айрылуына әкеліп соқты.
Казкрайкомның нұсқауы бойынша мал шаруашылығымеи айналысатын аудандардағы коллективтендіру қарқыны егіншілік аудандарымен біркелкі болуға тиіс еді. Қөшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы отырықшылыққа көшіру науқаны бұл жерлерде шаруаларды 100% коллективтендірумен аяқталуға тиіс болды6. Сондықтан мал өсіруші аудандар шұғыл түрде ауыл шаруашылығы артельдеріне біріктіріле бастады. Мысалы Абыралы ауданында барлық шаруалардың 70%, Жымпиты ауданында – 80%, Жәнібек ауданында 95% бірден колхоздастырылды. Республиканың басқа аудандарында да жағдай дәл осылай болды.
Халыққа жасалып жаткан зорлық елдің наразылығын туғызбай қойған жоқ. Қазақстанның әр жерінде шаруалардың бой көрсетуі, жаппай үдере қашуы мен көшуі, тіптен қарулы көтеріліске шығуы да жиілеп кетті. Бұларға қатынасқандардың бәрі де жау, контрреволюңиялық ұлтшыл элементтер деп айыпталғанымен, наразылықтың жаппай сипат алуы үкімет басындағыларды ойландырмай қоймады. 1930 ж. наурыз және көкек айларында И.Сталиннің «Табыстан бас айналу» және «Қолхозшы жолдастарға жауап» атты мақалалары жарияланды. Бұл екеуі де ұзақ жылдар бойы тарих ғылымында колхоз қозғалысын қалыпты арнаға түсірген кезеңдік мәні бар құжат деп дәріптеліп келді. Ал тарихи шындық «құдайдың кұдіретті» сөзінен кейін де Қазакстанда (жалғыз мұнда ғана емес, бүкіл елде де) террордың бұрынғыша жалғаса бергенін көрсетеді. Колхоз құрылысындағы жаппай зорлықты «барлық халықтар көсемі» қанша айыптағанымен, ол жергілікті жерлердегі партия бағытының бұрмалануы емес, қайта орталық пен республиканың ең жоғарғы басшы органдарынан шығып отырған саясат екені даусыз. 1931 ж. мамыр-тамыз айларындағы Казкрайком қабылдаған қаулы-қарарлардың бәрінде де жергілікті басшы органдарға коллективтендіру қарқынын үдете беру міндеттелді.
Оның үстіне мал шаруашылығы аудандарындағы саясат ешқандай ақылға симайтын еді. Кезінде Казкрайком мен Ф.И. Голощекин бұл жерлерде негізгі жұмыс барлық товарлық-өндірістік малдың ортаға (яғни колхоздарга) түгелдей алынуы бағытында жүргізілуі қажет деген шешімге келген болатын. Жергілікті жерлердегі белсенділер мұны асыра орындап, халықты әбден тұқыртты. Мысалы Торғай ауданының басшылары жеке меншікте тіптен жалғыз лаққа дейін қалдырмау керек деді. Осындай жағдай басқа аудандарда да меңдеп алды. Сөйтіп 1932 ж. ақпанға қарай Қазақстандағы колхозшылардың 87%, жеке меншік шаруалардың 51,8% малынан жұрдай болды. Барлық мал колхоздардың товарлы фермаларына жинақталды.
Соқыр саясаттың нәтижесінде 200 шақырым жердегі ауылдар бір жерге, бір колхозға біріктіріліп, алып өндіріс шаруашылыктары кұрылды. Мысалы Қордай ауданында 600 ден 800 ге дейінгі шаруа қожалықтарын біріктірген осындай колхоздар аз болган жоқ. Келес ауданында әуелде кұрылған 112 колхоздың орнына енді олар 35 колхозға біріктірілді. Арыс ауданында 138 колхоздың орнына 67 колхоз құрылды. Талас ауданында 300-400 қожалықтар бір «қалашықтарға» жинақталды. Ешкандай зоотехникалық шаралары қамтамасыз етілмеген, әрі жем-шөп пен су мәселесі ойластырылмаған ірі фермаларда малдың жаппай ауруы мен өлімі басталды. Сөйтіп Қазақстанның ауыл шаруашылығы мүлдем кұлдырап, куүйзеліске түсті.
Бірінші бесжылдық көзінде (1928-1932 жж.) одақтық товарлы астық өндірісінде Қазақстанның үлесі 9%-тен 3%- ке дейін төмендеп кетті. Ал бұл жылдары республикадағы егіс көлемі едәуір ұлғайтылған еді. Тек 1928-1940 жж. арасында дәнді дақылдар егісі 1,5 есе ұлғайғанымен, жалпы астық өнімі 1,5 есе кеміді. Сол жылдары әр гектардан алынған астық көлемі 9,2 центнерден 4,3 центнерге дейін төмендеп кетті7.
Әсіресе мал шаруашылығы орасан зор апатқа ұшырады. 1928 ж. 6509 мың бас ірі қара болса, 1932 ж. онан 965 мың бас қана қалды. Тіптен 1941 ж. соғыс қарсанында да бұрынғы мал басы қалпына келтіріле алмады. 18 566 мың қойдан 1932 ж. 1386 мың бас қана қой қалды (соғыс қарсанында республикадағы қой саны 8 млн. басқа әрең дегенде жетті). 1928 ж. республикадағы 3516 мың бас жылқыдан 3200 мыңы шығын болды (1941 ж. ол 885 мың басқа әрең ілікті). Өлкеге тән түйе шаруашылығы кұрып бітуге айналды: 1928 ж. 1042 мың бас түйеден 1935 ж. небәрі 63 мың бас қана түйе қалды8.
Мал басының мұншама кеміп кетуіне үкіметтің орталықтандырылған ет және астық, т.б. ауыл шаруашылығы өнімдерін даярлау саясаты да себеп болды. Индустрияландыру жылдарында елдің күш-қуаты мен ресурстарына қарамай, жаппай алып өнеркәсіп орындары мен темір жолдарын сала бастаған өкімет енді ондағы жұмысшылар мен қызметкерлерді, қала халқын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді көбейту арқылы азық-түлікпен қамтамасыз ету орнына, шаруалардың астығы мен малын зорлықпен тартып алып қамтамасыз етуге кірісті. Оның үстіне индустрияландыруға қажетті жабдықтар мен техниканы шетелден сатып алу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарды. Осының бәрі өз халқының мүшкіл жағдайын ойламай, тек шаруаларды, ауыл мен деревняны жаппай сыпыра тонау саясаты арқылы жүргізілді. Тіптен елді 1931-1933 жж. ашаршылық меңдеп алған кездің өзінде де Қазақстанда ет және астық, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін жинап, орталыққа жіберу тоқтатылған жоқ.
Өнеркәсіп аудандары мен қалаларға ет, астық, жүн, мақта, егістік тұқым дайындау жұмыстары әуел бастан-ақ төтенше науқанға айналып, өзінің мазмұны мен орындау әдістері жағынан азамат соғысы кезіндегі «әскери коммунизм» саясатымен тең болды. Елден жиналатын өнім мөлшерін жоспарлау органдары белгілегенімен, ол іс жүзінде халықтың қолында бар малымен, астығымен және басқа да шикізат мөлшерімен сәйкес келмеді.
Өрескел саясат нәтижесінде жергілікті органдарға барынша ерік беріліп, олар халыққа ойларына келгенін істеді. Өйткені жоғарыдан түскен бұйрықты өкімет орындатпай қоймады. Азық-түлік, ет, астық, жүн, мақта тапсыру жоспарын орындамаған шаруалар абақтыға жабылып, сотқа берілді. Өткізер малы, не астығы болмағандар барын сатып, соған тиісті затын сатып алып, өкіметке өткізуге мәжбүр болды. Кей жерлерде арқандарды тарқатып, не болмаса киіздерге дейін жинап, жүн орнына өткізуге тура келді. Суықта қойын қырқып, жүнін өткізгендер де болды. Мысалы 1930 ж. Алматы округінің Балқаш ауданында 300 мың басқа жуық мал өткізуге тапсырма берілді. Ал ондағы бар малдың саны 173 мыңға әрең жететін еді9. Дәл осындай жағдай ЬІрғыз, Созақ, Абыралы, Шыңғыстау, Қарқаралы және басқа да аудандарда болып, халықтың ерекше наразылығын тудырды. Мұның арты кей жерде қантөгіс көтеріліске ұласты.
Мұндай қатаң саясатқа, халықты негізгі күн көрісінен айыруға қарсы тұрғандар да болды. Бірақ оған ешкім назар аудармады. Ал Казкрайком мен Ф.Голощскинге бұл жөнінде тікелей наразылық білдіргендер қолма-қол жұмыстан қуылды. Мысалы сол кездегі дайындау халық комиссарының орынбасары Зейнолла Тереғожин республпкадағы мал басының саны мен ет дайындау науқандарында тартылып алынып жатқан мал есебінің балансын шығарып, «дәл қазіргідей мөлшерде мал дайындау саясатын жалғастыра берсек, республика мал шаруашығы бұған төтеп бере алмас» деп мәлімдеді. Зиялы азамат, әрі білікті маманның бұл дәлелді ескертулеріне баспасөз бетінде, пленум қарарларында, тіптен кейбір аудандық партия комитеттерінің шешімдерінде оңшыл оппортунист пікірі деген баға беріліп, оны қостағандарға «төреғожиншілдік» деген «айып» тағылды. 3.Төреғожин туралы «Большевик Казахстана» журналы былай деп жазды: «Баланста оңшыл оппортунистік, механикалық методологияның түпкі мәні, теориялық дәрменсіздік, маркстік-лениндік диалектиканы мүлдем түсінбеушілік айқын көрініс тапқан… Автор мал басы есебінің азайып кеткендігін бетке ұстаған. Бұл соңғысы – факт. Бірақ арам уклонист бұл фактіден басқа неғұрлым маңызды экономикалық және саяси езгерістерді …социализмнің шын өсіп келе жатқандығын көрмейді10». Ф.Голощекиннің тікелей нұсқауымен жазылған бұл мақала өзіне қарсы шыққысы келгендерге алдын ала тыйым салу саясаты еді. Ал 3.Төреғожин болса қызметінен алынып, Алматы облысына совхоз директоры етіп жіберілді.
«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сұрқия да ащы әзілмен белсенділер елдің малын осылай құртты. Әйтеуір ортаға кетіп қалады деген үреймен шаруалар малының көпшілігін жаппай сойып тастады. Сөйтіп мемлекет мүддесі деген желеумен жасалған заңсыздық осылай елдің берекесін кетірді.
Осының бәрі, әсіресе Қазақстандағы мал басының жойылып кетуі, сталиндік басшылықтың назарын еріксіз аударды. Сөйтіп 1932 ж. 17 сентябрьде ВҚП(б) Орталық Қомитетінің «Қазақстанның ауыл шаруашылығы және оның ішінде мал шаруашылығы туралы» деген қаулысы шықты. Осыған дейін ғылыми зерттеулерде бұл қаулы «нақты іс-қимыл бағдарламасы» болған «тарихи» шешім деп бағаланып келді. Шын мәнінде Қазақстанды ойсырата күйзелтіп кеткен колхоздастыру кезіндегі қылмыстар мен шаруаларға қарсы жасалған зорлық пен олардың басына түскен қорлық жөнінде, сондай-ақ ашаршылық алапаты туралы бір ауыз сөз айтылмаған бұл қаулының республика ауыл шаруашылығын өркендету деп «аса көрнекті» роліне толық күмән келтіруге болады. Оқиғаның алдын алмай, болары болып, халық қырылып, тірі қалғаны бас сауғалап, босқын болып кеткен кезде қабылданған «тарихи шешімнің» маңызы осындай еді.
Авторлары: М.Қ. Қозыбев, Қ.С. Алдажұманов, Ж.Б. Әділқожин.
«Қазақстандағы күшпен коллективтендіру: қорлық пен зорлық» кітабы, алматы, 1992. 3-16 бб.
Әдебиеттер тізімі:
- Ленинский путь (Қызылорда), 1930, 7 февраль.
- Қазақстан Республикасы ҒА Тарих және этнология институтының қолжазба қоры, инв. № 149, 20-б.
- Қазақстан Республикасы Орт. Мемл. Архиві (ҚР ОМА), 5-қ.т 21-т., 67-іс, 56-57 б.
- Земсков В.Н. Об учете спецконтингента НКВД во Всесоюзных переписях 1937 и 1939 гг. // Социалогические иследования 1991, № 2, с.75.
- Жұмабеков Ж. Ленинской дорогой. Алма-Ата, 1973, с. 155.
- Бюллетень Казкрайкома ВКП(б), 1929, №14, с. 14.
- Казахстан за 50 лет. Стат. Сборник. Алма-Ата, 1971, с. 74; Народное хозяство Казахской ССР. Юбилейный стат. Ежегодник. Алма-Ата, 1987, с. 68.
- Казахстан за 50 лет, с. 82-83.
- Шестой пленум Казкрайкома ВКП(б) 10-16 июля 1933 г. Стеногр. Отчет. Алма-Ата, 1936, с. 232ү
- Исаков П. Метедологические основы «торегожинщины». // Большевик Казахстана. 1931, № 11, с. 40.