Архивтердегі құпия қорларды ашу және саяси қуғын-сүргін құжаттарын ғылыми айналымға енгізу
Қайырлы күн құрметті әріптестер!
Алаштың астанасы болған Семей қаласына қош келдік! Еліміздегі алғаш болып Әлихан Бөкейхан есімін алған университетті шын жүректен құттықтаймын! Әлихан Бөкейхан есімін бір емес бірнеше ЖОО-на берсе де, лайықты тұлға.
Бүгінгі күні мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған мемлекеттік комиссия аясында Қазақстанның әр өңірінде, оның ішінде Семейде де жұмыстар атқарылып жатыр. Ең бастысы Кеңес заманындағы жазықсыз қуадаланған тұлғаларды ақтау. Өкінішке орай, 30 жыл тәуелсіздігімізді тойлап жатсақ та, әлі күнге ақталмаған аталарымыз, тұлғаларымыз бар. Осы ақтаңдақтарды жою үшін көптеген ғалымдар тобы жұмыс істеп жатыр. Бірінші кезекте, негізгі жұмыс біздің архивтерде болып отыр. Кеңес үкіметі құлағалы 30 жыл уақыт өтсе де, архивтеріміз әлі жабық. Елбасымыз айтқандай, тарихымызда біздер ұялатын ештеңе жоқ. Бірақ өз тарихымыздан қорқатынымыз бар болып тұр.
Бүгінгі таңда неге архивтердегі құпия қорлар ашылмайды дегенде, айтар уәждері ол жерде бәрі арыз, ашса қазақ бір-бірімен қырылысып кетеді, қазақ қоғамы оған әлі дайын емес дейді. Аталарымыз «бандит» деген үрей, оларды батыр деп айтуға батылымыз жетпей жүр. Осы мәселені ізерлете зерттеуге маман тапшылығы да бар. Егер зерттеймін деген адамға мемлекет тарапынан ешқандай кедергі жоқ. Бүгінгі таңда құқықтық орғандар, соның ішінде ҰҚК, Прокуратура, ІІМ құжаттарды құпиясыздандыру жұмыстарын бастады. Дегенмен де, арнайы органдар архивтеріндегі қылмыстық істерді жеке қарап жатыр. Өйткені, олардың арасында бір-бірінің үстінен жазған жалалар көп. Дегенмен де, жала дегенде, қорқытып, қинап, ұрып-соғып алынған жалалар. Ондай бір-біріне жазды деп айтуға бола ма?!
Әрине, құпия деректер шыққан соң, ел арасында түсініспеушілік немесе адамдар арасында араздық болуы түсінікті жағдай. Бірақ біз бұл кезеңнен де өтуге тиіспіз. Себебі, әр нәрсені қауіп санап, кешеуілдете берсек, әлі 30 жыл жүретініміз анық. Архивте қалған құжат бәрібір шығады. Сондықтан да осы мемлекеттік комиссия аясында ақтау үдерісін толықтай аяқтауымыз керек.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөніндегі комиссия жұмысын бастағалы бір жылдай уақыт өтті. Алайда, нәтиже көңіл көншітерлік емес. Соның бір себебі, құпия қорлардағы құжаттардың қолжетімсіздігінде болып отыр.
Енді атап өтетін екінші мәселе, Алаш қозғалысы бойынша атқарылып жатқан істер. Атап айтар болсақ, осы мәселе тұрғысында күні бүгінге дейін бірқатар ғылыми жұмыстар атқарылды. Әсіресе, Алаш әскері бойынша осы Семейдегі ғалымдардың көмегімен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, еңбек ретінде шығардық. Дегенмен де, әлі де ашылмаған деректер бар. Әсіресе, 1930 жылдардағы көтерілістерге бұрынғы Алаш әскерлерінің қатысуы. Архивтерде әлі күнге дейін олардың айыпталуында шекараға асуға көмектескен, Алаш әскері сапында қызмет еткен, командир болған деген кездеседі. Осы құжаттардың көбісі Өскеменде ішкі істер департаментінде тұр. Олардың бәрін шығарып, Алаш әскерінің құрамын зерттей беруіміз керек.
Біз әлі күнге дейін Алаштың тұңғыш құрбаны Қазы Нұрмұхамедұлына белгі қоя алмай жатырмыз. Қазының өлімі сол кезде Алашты дүр сілкінткен оқиға болды. Сондықтан, қалалық әкімшілік тарапынан осындай жұмыстар атқарылуы тиіс. Комиссияның жұмысы тек есімдерді анықтау немесе құжаттарды шығару ғана емес, осыны ары қарай насихаттау ұлтжандылық сезімді қалыптастыру, жастардың тарихқа деген қызығушылығын ояту. Назарларыңызға рахмет!
Берік Әбдіғалиұлы,
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, т.ғ.к.
Дереккөз: «XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін: себептері және салдары» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференциясының баяндамалар жинағы – Семей қаласы, 2021. 19 б.