Мұстафа Шоқай және Түркістандық соғыс тұтқындары

Мұстафа Шоқай және Түркістандық соғыс тұтқындары

Түркістан халықтары ұлттық тәуелсіздігінің ұлы күрескері және идеологы Мұстафа Шоқайдың ісі мен болмысынан қандай да бір мін табуға тырысушылық көбіне кеңес соғыс тұтқындарына «сатқындар» ретінде қараушылыққа байланысты. Мұндай пікірлердің авторлары соғыстың бастапқы кезінде қалыптасқан күрделі жағдайды және тұтқындар құбылысын тудырған басқа да факторларды еске алумен басын қатырмайды. 1941 жылдың жазы мен күзі айларында кеңес әскерлерінің барлық майданда бірдей аса ауыр жеңілістерге ұшырауы кеңес солдатының неміс тұтқынына қалай түскенін, әсіресе, мұнда адами фактордың маңызды рөл атқарғанын анықтайды.

Кеңес соғыс тұтқындарының тағдыры Қызыл Армияның герман әскерлерінің соққыларына төтеп бере алмауының көрінісі екендігін білдіреді. Соғыстың алғашқы айларындағы ұрыстар барысында бүтін полктер мен дивизиялар қоршауда қалып, тұтқынға түсуге мәжбүр болады. Маршал Г.К. Жуков өз естеліктерінде: «1941 жылдың 18 қыркүйегінде Киев пен Харьков түбінде 650 мың кеңес солдаты тұтқынға түсті» деп жазды. Кейбір зерттеушілердің мәліметтері бойынша, кеңес соғыс тұтқындарының саны 5,7 млн адамға дейін жеткен, олардың ішінде 3,8 миллионы немістер тұтқынына соғыстың алғашқы айларында түскен. Мұндай қасіретке әкелген себептердің бірі ең алдымен 30-жылдары жүргізілген Қызыл Армияның командирлері құрамын «тазалау» саясатынан туындайды. Екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында Қызыл Армияның басшы құрамының 7%-ының ғана жоғары білімі болды, ал 37%-ының орта білімі де болмады. Қызыл Армияның әскери қабіле­тінің төмендігі жөнінде тұтқынға түскен қазақ Темірлан Жангелдинді жауаптаған неміс офицерінің есебінде баяндалған. Қызыл Армияның кейбір жауынгерлері мен командирлері тұтқынға контузияға ұшырап, не қатты жараланған күйде түседі. Солардың бірі Лоховинца қаласының солтүстік жағында қанды қырғынның даласында үш күн бойы ес-түссіз жатқан Ғайпен Бейісов болатын. Кейбір кеңес әскери құрылымдарында қазақ жауынгерлеріне көрсетілген дискриминациялық әрекеттер майдангер, кейін Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың жазбаларында шынайы суреттелген. Түркістандықтарға (қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік) жетіп жатқан жағдайда ғана, қару ең соңғы кезекте берілді, себебі олар екінші сорттағы жауынгерлер ретінде есептелді. Өмірі қолдарына бұрын қару ұстамаған 19 жас шамасындағы қазақтар, өзбектер, қырғыздар, түрікмендер мен тәжіктер бақайына дейін қаруланған герман әскерлеріне қарсы қойылды, осылайша тура өлімге айдап салынды.

Әскери бөлімдердің командирлері негізінен славян халықтарының өкілдерінен тұрды. «Бізге жалғыз жеңіс керек» деген философияны ұстанған оларға соғыс кезінде сәл шегіншектеген солдатты ата салу дағдылы іске айналады.

1941 жылдың қараша айынан бастап Қазақстанда жасақталған ұлттық әскери құрамалардың өте нашар қаруландырылғаны соңғы кезде ғана белгілі болып отыр. Мысалы, құрамының көпшілігі әскери іске үйретілмеген және нашар қаруланған қазақтардан тұратын 106-Ақмола атты әскер дивизиясы Харьков түбінде неміс танктеріне қарсы қойылады. Дивизияның 3200 солдатына 102 винтовка, 125 миномет, 3100 қылыш беріледі. Нәтижесінде олардың барлығы бірдей қырғынға ұшырайды. Харьков қасіреті басқа да атты әскер құрамаларын айналып өткен жоқ. Сонымен бірге тұтқын мәселесін зерттеуде майданға кірген солдаттардың көңіл-күйіне, әлеуметтік жағдайына, қазақ елінің опан-топанын шығарған Кеңес өкіметінің көзқарасына онша мән бермейді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда кеңес қоғамы саяси да, этникалық, не әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан біртұтас болмады. Ауқатты шаруаларды тәркілеу, ауылшаруашылығын күштеп ұжымдастыру, діни қауыммен күрес, саяси қуғын-сүргіндер және Кеңес өкіметінің басқа да іс-шаралары ұрыс барысына теріс әсер етті. Әкелері немесе туыстары арнайы геноцид саясаты салдарынан аштықтан өлген немесе Сібірге айдалған, «әлеуметтік тазартуға» ұшыраған солдаттардан жанқиярлық ерлік күтуге бола ма?! 19-20 жасар бозбалалар Кеңес өкіметінің игілігін сезініп те үлгерген жоқ-ты. Сондықтан түркістандық соғыс тұтқындары арасында саусақпен санарлықтай болса да, немістерге өз еркімен берілгендердің болғандығын жоққа шығармаймыз.

Мұстафа Шоқай соғыс тұтқындары – түркістандықтардың есеп-қисабын жүргізген жұмысы жөніндегі жазбасында: «Тұтқын түркістандықтар екі категорияға бөлінеді: тұтқын қызыл әскерлер, яғни шын мәніндегі әскери тұтқындар және кеңес үкіметінің еріксіз еңбекке пайдаланылғандардан, кеңес сотының шешімімен өкіметке қарсы түрлі іс-әрекеттері және қылмыстары үшін сотталғандар, яғни жай тұтқындар» деп көрсетеді.

Мұстафа Шоқай екінші категорияға жататын әскери тұтқындарды барлық неміс лагерьлерінен ұшырастырады. Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының тұрғыны Хисметолла Абдрахманұлы Мұстафа Шоқаймен Погеген лагерінде кездескен кезінде әкесі Абдрахманның молда болғандығы, мешіт ұстағандығы, осы үшін 1928 жылы тәркілеуге ұшырағандығы, 1937 жылы «халық жауы» ретінде сотталғандығы, 1941 жылдың наурыз айында армияға шақырылған кезінде Орал қаласының түрмесінде отырғандығы турасында хабарлайды.

Армияда Хисметолла Литваның Критенг уезіндегі №349 құрылыс батальонында жұмыс істейді, қолына мылтық ұстамаған. Соғыс 22 маусымда сағат 4-те басталды, сол күні тұтқынға өз еркіммен түстім деп ағынан жарылады. Мұстафаның неміс лагерьлерін аралауы және түркістандық тұтқындармен араласу олардың тұтқынға қалай түскендігі, мұнда сағат сайын, күн сайын өмір үшін күресуге мәжбүр екендігі туралы адам сенгісіз сұмдық жағдайлардың бетін ашады.

Мұстафа Шоқай штурмбанфюрер Гейбель комиссиясының құрамында Ганноверге қарай 26 тамызда жолға шығып, Сувалки лагеріне келіп тоқтайды. Мұнда онымен бірінші ұшырасқан Нұрмамбет Хажиахметұлы әкесінің тәркілеуге ұшырап, түрмеде өлгендігін, өзінің 12 жасында жетім қалғанын айтып берді. Олар туралы М.Шоқай: «Түркістан­дықтар арасында жер аударылғандардың балалары немесе атылып кеткен «буржуйлар мен кулактардың» туыстары көп кездеседі. Олар, бұл жас адамдар, кеңес өкіметі үшін және жат отан үшін шынында да соғыспаған болу керек» деп ой түйіндейді. Бірнеше мысал келтіре кетейік.

– Созақбайұлы Зардыханның әкесі бұрынғы болыс ретінде он жылға сотталыпты.

– 21 жастағы Айнабай Әбілдаұлының әкесі кәмпескеге ұшырап, сотталып кеткен. Жетімдіктің күйін кешеді, қорлауға ұшырады, «болыстың баласы» деп жұмысқа да алынбайды.

– Қызылорда облысы Қазалы ауданының тұрғыны 20 жасар Демікбай Ақшаұлы да әкесінің кәмпескеленіп, сотталып кеткені жөнінде айтып береді.

– Әбдуәлім Сұлтанқұловтың әкесі төре (сұлтан) ретінде тәркіленіп, айдалып кетеді. Өзін институтқа қабылдамайды.

– Халық Тұрғамбайұлының әкесі, орташа болса да, колхозға кіруден бас тартқаны үшін сотталып, айдалған жағында өледі. Ұ.Құлымбетов ісіне байланыстырылып, халық жауы ретінде ағасы да сотталады. Совет өкіметінің саясатына наразы екендігі туралы Абылай Баймұханов, Қабиден Баймағамбетов және басқа да қазақтар сыр бөліседі. Жұмаділов Қаражан (Павлодар облысы Баянауыл ауданының тұрғыны): «Ұжымшарда күніне 200 гр. ұн береді, адамдар наразы, қарғайды, жылайды, аудандық атқару комитетінде тек орыс­тар ғана жұмыс істейді» деп олардың әңгімесін нақтылай түседі.

Кейбір тұтқындар ендігі жерде Германияда қалғысы келетіндерін білдіреді. Мұстафа Шоқай «жұмысқа кешік­кені үшін», «ұжымшар пішенін өртегені үшін», «қалыңмал бергені үшін», «кеңеске қарсы үгіт жүргізгені», «кеңшар мүлкіне зиян келтіргені», «ұжымшарда жұмыс жасаудан бас тартқаны», «колхоз пішенінде арамшөп табылғаны», т.б. «қылмыстары» үшін сотталып, жер аударылған, содан әскерге алынып, тұтқынға түскендері жөнінде көптеген материалдар жинастырады. Мұстафа Шоқайдың жеке мұра­ғаттық қорында соғыс тұтқында­ры­ның құжаттарын сараптап, Қызыл Армия солдаттарының тұтқынға түсуінің себептерін анықтаумен қатар, олардың сандық құрамына да өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді. Себебі зерттеулерде 1941 жылға дейін орын алған ұрыстардың құрбандары есепке алынбаған. Мысалы, Қажыгерей Әуталиев (1912 ж.т., Гурьев қаласының тұрғыны; Сувалки лагері), өзбек Әшир Ақиұлы 1939 жылы Латвияда, Әулиеата қаласының тұрғыны Барат Сильманов (1917 ж.т.) 1940 жылы, Айхан Дәріжанұлы (1920 ж.т.) сол жылы Эстонияда тұтқынға түскен. Латвия мен Эстонияда әскер қатарында болған бұл адамдар Кеңес Одағын отаным деп есептемеген, өз мемлекетінде өмір сүргісі келеді. Неміс лагерьлерінде осы пікірді ұстанған, тұтқынға өз еркімен түскен басқа да түркістандықтар болған.

Мұстафа Шоқай 1941 жылдың 26 тамызынан 9 желтоқсанына дейін Дебица, Сувалки, Лемберг, Ярослау, Деба, Просток, Эбенрод, Погеген, Ченстохов деген және басқа да неміс лагерлерін аралайды. Олардағы жалпы мобилизация бойынша майданға алынған түркістандық тұтқындардың оннан тоғызы винтовканы қалай ұстап, қолдануын білмеген болып шығады. «Тіпті кәсіби қызыл әскерлердің біраз пайызы винтовканы білмейді. Өте көп түркістандықтар әскери қызметті әскери саптан тыс ретте: арбалы керуенде, ат бағушы, азпазшы ретінде, қоймада, интендеттық жұмыста өткізеді» дейді

М.Шоқай. М.Шоқайдың мұрағаттық қорын­дағы материалдар түркістандық тұтқындардың басым көпшілігінің білім деңгейінің өте төмендігін көрсетеді. Көпшілігі орыс тілін, яғни команда тілін білмеді. «Топқа», «жүздіктерге» бөлінген олардың арасында тұтқындар тізімін жасауға бірен-сарандар ғана табылды. Олардың сауаттылық деңгейін мына фактілер дәлелдейді. Тізімдерді құрастырғандар «повар» дегенді «бобыр», «павир»; «повир», пекарьді – пекир; кладовщикті – кладопейк, рабочийді – рабаши, робаши; шоферді – шобер, шобыр, чопер; каменщикті – команшек; пастухты – пастек; вет.фельдшерді – бет перчил деп жазды.

Бұл мамандық аттары әдетте жиі қол­данылатын сөздер екендігі белгілі. Осыған қарамастан Қазақстан, Өз­бекстан және ортаазиялық басқа да республикалардағы «мәдени революция» дегеннің сиқы осы тұрпаттас болды.

Тұтқындармен бетпе-бет сөйлесу лагерьлердегі адам айтқысыз көріністі суреттеп береді. Олар аштықтан, аурудан өліп жатады, көп жерлерде тәулік бойы ашық аспан астында, түнді «қасқыр апаны» аталған өздері қазған шұңқырларда өткізеді. Еңбекшіқазақ ауданы Тескенсу ауылының тұрғыны, бұрынғы тұтқын Жанай Қиқымбаев: «Лагерьде неміс айуандықтарының бірнеше рет куәсі болдым. Олар жазалаудың ең қатыгез, әккі түрлерін қолданды: ұрды-соқты, адам төзгісіз жағдайда ұстады. Күн сайын адамдар аштықтан, сүзектен өліп жатты. Оларды әрқайсысы биіктігі үш метр, ұзындығы жүз метр шұңқырларда бірге жерледі» деп еске алады. Мұстафа Шоқай да: «Лагерь тәртібінен сәл-пәл жалтарғаны үшін тұтқындар соққыға жығылды, атып салу да дағдылы жағдайға айналды» деп қайталайды.

Просток лагерінде орыс тұтқындары арасында кісі етін жеушілік орын алды. Оны естіген Мұстафа Шоқай: «Біздің адамдар (түркістандықтар. – К.Е.) бұған жете қойған жоқ, жетпейді деп үміттенемін» дейді. Тамақтың жетіспеуі, тұтқындардың адам төзгісіз жағдайда ұсталуы, атып салу олардың санының тез қысқаруына әкелді. Неміс зерттеушісі Патрик фон Цюр Мюлен «Свастика мен қызыл жұлдыз арасында» деген кітабында Ченстохов лагеріндегі 30 мың тұтқыннан оба эпидемиясынан соң екі мыңы ғана қалды деп көрсетеді (басқаша авторлар 1942 жылдың сәуіріне қарай 3 мың адам тірі қалды дейді).

Татар және кавказдық тұтқындардан Дебица лагеріндегі 40 мың адамнан 25 мыңы ғана қалғанын естиді. Түркістандық соғыс тұтқындары­ның жағдайы кеңес үкіметінің әскери тұтқындардың құқықтары белгіленген халықаралық Гаага (1889, 1907 ж.ж.) және Женева (1929 ж.) конвенцияларын мойындаудан бас тартуына байланысты қиындай түседі.

«Біздерде тұтқындар жоқ, сат­қындар бар» деген Сталиннің қатерлі сөзі бұл адамдардың көпшілігін өлім жазасына кесті. Тұтқынға түскен өз адамдарының өмірі мен құқықтарын қорғау мемлекеттің міндеті екендігі ескерілмеді.

Қоғамдық және қайырымдылық ұйымдардың делдалдық көмегінен бас тартуы арқылы кеңес басшылығы тұтқындарды жаппай жоюға жол ашты. Кеңес үкіметі әскери тұтқындарды қорғау міндеті бола тұра, оларға опасыздық жасады. Ол қоғамдық санада «әскери тұтқындар» деген ұғымның «сатқындар», «опасыздар» деген ұғым ретінде қалыптасуы үшін барлық тәсілдерді қолданды. Ал 1941 жылдың 16 тамызында Мемлекеттік қорғаныс комитеті тұтқынға түскен кеңес армиясы жауынгерлерінің туыстары жөнінде қуғындау шараларын қолдану туралы бұйрық берді. Мұстафа Шоқай Кеңес өкіметінің адамгершілікке жат қадамдарына да, немістердің «азиялық тұтқындарға» «жабайылар» ретінде қарауына да қатты қарсылық білдірді.

Әскери тұтқындар шталагтарға, ал олар жүздіктерге және топтарға бөлінді. Соңғылары негізінен бір ұлт өкілдерінен тұрды.

Дегенмен, олардың арасында түркістандықтардан басқа ұлттардың өкілдері де болды:

  1. Исаев Александр, 1922 ж.т., орыс;
  2. Церенжапов Дамба, 1921 ж.т., монғол;
  3. Балбин Савлет, 1923 ж.т., алтайлық;
  4. Базаров Сергей, 1922 ж.т., бурят және т.б.

М.Шоқай түркістандықтармен шектелмей, ешкімнің ұлтына, дініне қарамастан, барлығына бірдей көмек қолын созды. Ресей Мемлекеттік думасының бұрынғы мүшесі, Грузияның ішкі істер министрі А.Чхенкели сол кезеңдегі (1941 ж.) М.Шоқайдың қызметі туралы 1942 жылы былай тебірене сөйлеген еді: «Совет-герман соғысы кезінде әскери тұтқындар лагерьлерінің бірінде М.Шоқай өзінің ержүректілігімен немістер еврейлер ретінде қабылдап, ату жазасына кесілген ондаған жас грузиндерді құтқарып қалды. Ол өмірін тәуекелге тіге отырып, сұмдық қателікті түсіндіріп, үкімнің орындалуын тоқтатады».

1941 жылдың қыркүйегінен желтоқ­сан айына дейінгі неміс лагерьлеріндегі түркістандық тұтқындардың тізімдерін олардың өздері құрастырады. Тек екі жағдайда ғана 50-60 адамның тізімін жасауға М.Шоқай қатысады. Аты-жөні, туған жылы, атамекені, әлеуметтік тегі, мамандығы, білімі, кейбір жағдайда шақырылған жылы туралы мәліметтер көрсетілген бұл бірегей құжаттарды М.Шоқай екі бағытта талдап шығады: біріншіден, Түркістан ұлттық мемлекетін құру үшін шетелдегі жиырма жылдық күресі барысында жасаған қорытындыларының дұрыстығын тексеру мақсатында; екіншіден, жұмысқа орналастыруға тұтқындардан кандидатураларды іріктеп алу үшін.

1941 жылдың 10 қарашасында Мұстафа Шоқай Гейбель комиссия­сына ұсыну үшін тек 471 адамның тізімінің алғашқы нұсқасын дайындау­ды аяқтайды. Алайда кімнің қандай жұмысқа ұсынылғаны жөніндегі түпкілікті тізім неміс тілінде жасалады. Бірақ бұл құжатқа Ченстохов лагеріндегі түркістандықтардан таңдап алынғандар енбей қалады. Себебі Берлинге қайтар жолда Мұстафа ауырады да, кейін ауруханада қайтыс болады. Тұтқынның лагерьлік нөмірі және мамандығы көрсетілген неміс тіліндегі тізімдер бойынша Мұстафа Шоқайдың Гейбель комиссиясына Лембергтен, Ярослау, Дебица-Кочановка, Деба-Майдан, Офлаг 325-тен жұмысқа орналастыруға 1592 адамды ұсынғаны анықталып отыр.

«Жұмысшы командасына» (arbeitzkommando) алынатын бұл адамдарды өңдеуші (bearbeiter), жүргізуші (karaftfahrer), етікші (schuster), егінші (landarbeiter), аспазшы (koch), наубайшы (bäcker), слесарь (schlosser), балық зауыттары жұмысшылары (arbeiter in fischkon servenfabrik), балықшы (fischer), шаштаразшы (friseur), тракторист, полицей мамандықтары бойын­ша пайдалануға ұсыныс беріледі. Әр мамандық бойынша бөлек-бөлек тізім жасалады.

Жиырма шақты адам насихатшылар тобын құрайды. Олар 1942 жылдан бастап қазақ, өзбек және басқа да ортаазиялық халықтардың тарихы мен мәдениеті жөнінде материалдарды жариялаумен айналысқан «Милли Туркестан», «Туркестан адабиети» деген журналдар шығарады. Қысқаша айтқанда, М.Шоқай тұтқындарды бейбіт мамандықтарға ғана ұсынады, ол бірде-бір адамды әскерге ұсынған жоқ. Түркістан легионына тұтқындарды іріктеу 1942 жылы басталады, ол кезде Мұстафа Шоқай тірілер қатарында болмайтын.

Түркістандық тұтқындар жөніндегі біздің есебіміз толық емес, себебі М.Шоқайдың жеке мұрағаттық қорында, Просткен, Едлин, Эбенрод және басқа да лагерьлердегі тұтқындар тізімі жоқ болып шықты.

Сонымен түркістандық тұтқындарға көмек қолын созып, олардың тірі қалуы үшін күрескен Мұстафа Шоқайдың терең гуманистік қадамын әр саққа жүгіртуге ешбір негіз жоқ. «Ит үреді, керуен көшеді» дейді қазақ. Мұстафа Шоқай есімі қазақ халқымен мәңгі бірге өмір сүреді

Көшім Есмағамбетов, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Дереккөз: К.Есмағамбетовтың “Түркістандық әскери тұтқындар” атты кітабынан алынды. “Арыс” баспасы, Алматы, 2019 ж. 25-32 бб.