Астыртын ұйым ақиқаты

Астыртын ұйым ақиқаты

Соғыс бітіп, тұтқында болған қазақ жігіттері елге асықты. Бірақ бəрі бірдей туған жеріне орала алмады, себебі, олар Сталиннің тұтқындарды жау санатында қарау жөніндегі əмірінен құлағдар болатын, елге аяғы жеткендерін соттап жатқанын да естігендер болды. Əсіресе, «Түркістан легионы» құрамасында, «Түркістан Ұлттық комитеті», «Түркістан Ұлттық Кеңесі» деген ұйымдарда мүше болғандарға аяушылық танытылмады. Ақын Мəжит Айтбаев 1945 жылы одақтастардың Дрезденді бомбалауы кезінде қаза тапты. Қалған ақын-жазушы Хамза Абдуллин («Сайран»), Мəулікеш Қайбалдин («Асан Қайғы»), Хакім Тыныбеков («Ғали Алтай») жəне т.б. (барлығы он тоғыз қазақ) РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-бабымен түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Олардың Қызыл Армияға қарсы ұрысқа қатыспағандығы, «Түркістан легионына» да өз еріктерімен кірмегені ескерілмеді.

Осы жолдардың авторларының бірі 1978 жылдың қыркүйек айында Измирде (Түркия) аталмыш легионның мүшесі болған Атабек (толық аты-жөнін ұмытыңқырап қалыппын, Атыраудың Доссоры жағынан болса керек – К.Е.) деген кісінің үйінде қонақта болғаны бар. Əңгіме барысында: «22 жасында өліп кету оңай ма?! Тұтқындарды қатарластарын тұрғызып қойып, бас тартқандарды көзімізше атып тастап жатты немістер», – дегені бар. Құдайы шындығы!

Соғыс тұтқындары тағдырын шешерде олардың қал-қадерінше елі мен жеріне сатқындық əрекеттерге бармауға тырысқанына, тіпті, антифашистік ұйымдарға қатысқандарына да көңіл аударылмады.

«Түркістан Ұлттық комитетіне» мүше болған қазақ жігіттерінің немістердің «өз халқының ұлтшылдық сезімін өрістету» жөніндегі тапсырмасын да қазақ тарихы мен мəдениетін насихаттауға пайдаланғаны «құр ертегі» ретінде қабылданды. Мəжит Айтбаев Абылай туралы дастан жазды, Абай өлеңдерінің құрылысы мен көркемдік ерекшеліктері жөнінде зерттеу жүргізді; Х.Абдуллин туған жерге сағынышын жырға қосты, тозақта жүріп, грузиннің атақты «Жолбарыс тонды жиһанкез» жыр дастанын қазақшаға аударды; Х.Тыныбеков қазақ тілінің тағдырына алаңдаушылық білдіріп баяндама жасады.

1944 жылдың 10 мамыр күні Австрия астанасы Вена қаласында Вена опера жəне балет театрында Қази Қазыбековтің «Ұлы адамның арманы» атты Сырым Датұлының азаттық күресіне арналған екі актілі спектаклі қойылады. Сырым рөлінде əнші Мұхамбетқали Батыргереев ойнайды. Сахнаға Мəжит Жақсылықов қояды да, музыкасын Вена консерваториясында оқып жүрген Ғалым Абсалямов пен «Түркістан легионы» көркемөнер үйірмесінің жетекшісі болып жүрген Əйткеш Толғанбаев жазады.

«Түркістан легионында» фототілші болған Ғайпен Бейісовтің есінде бір эпизод ерекше сақталыпты: «Екі көзі бірдей жоқ қарияны бір жас қыз жетектеп келеді. Қарт тұрып: Мұнар да мұнар, мұнар күн, Сəулесіз меңіреу қара түн. Қара түнді қақ жарып, Қазақтан шығар енді кім…– депті».

Ғ. Бейісов «Тамұқтан өткен тағдыр» (Алматы, 2002) деген кітабында Қази Қазыбеков Харьков Əскери академиясын бітірген деп көрсетеді.

Ғайпеннің өзі «Бұлбұл үні» деген кітап жазады, ол орыс («Голос соловья»), неміс («Динахтигаль») тілдеріне аударылады. Осы кітабына енген «Анаңның қамқорлығын ұмытпа» деген əңгімесінде: «Сен жігіт болып өстің, қан майданда жауыңмен алыстың, енді анаңның сүтін ақта! Анаң үшін, Отаның үшін, халқың үшін қызмет ет! Жауыңа қайырымсыз бол! Сенің амандығыңды анаң тілеуде, оның көзінен көл болып, теңіз суындай жастар ағуда. Кеше қан майданда, жауып тұрған қорғасын жаңбырдан аман қалдың, мүмкін анаңның тілегі үшін аман қалған шығарсың. Сен оны ұмытпауға тиістісің!», – деген жолдар бар.

Ғ.Бейісовке арқа сүйейін деп отырған себебіміз, осы кісінің айтуынша, «Түркістан Ұлттық комитетінің» ішінде құпия ұйым жұмыс істеген көрінеді.

Автордың есте сақтау қабілетінің ғажаптылығына, оқиғалар мен фактілерді баяндау тазалығына күмəн келтіруге болмайды.

Ғ.Бейісов Берлинде «Түркістан Ұлттық Комитетінде» істепжүрген ақын-журналистер: Мəжит Айтбаев, Хамза Абдуллин, Хакім Тыныбеков, Үсен Қошалақов, Саттар Алмамбетов, Мəулікеш Қайбалдин т.б. қазақ жігіттерімен танысады. Мұнан бұрын 1941 жылдың желтоқсан айында лагерьде ол М.Шоқаймен кездескен еді. Бұл адамдардың біразы – кезінде М. Шоқай тізімін алып, жұмысқа ұсынғандар.

«Түркістан легионының» насихат бөлігінде қызмет істеп жүрген қазақ жастарына Мəжит Айтбаев пен Хамза Абдуллин ақыл-кеңес беріп, олардың болашақта қандай да бір пəлеге ұшырап қалмауын ескертіп отырады. Мына бір жағдай алыста жүріп, өз тағдыры үшін ғана пұшаймандыққа бой ұрмай, басқаларға да бауырмалдық көрсетудің көрінісі деуге болады. Ол – мына əңгіме. М.Шоқай Берлин ауруханасында қайтыс болғаннан кейін сондағы қазақтардың арасында «билікке таласып, оны у беріп өлтірген Вели Каюмхан секілді-мыс» деген əңгіме тарап кетеді. Осының ақиқатын білуге келген Ғ.Бейісовке Мəжит Айтбаев былай деп ақыл береді. «Бұл əңгіменің шеті де, шегі де жоқ. Фото түгіл, жазылған жері де жоқ. Бұл əңгіме тек өз қара басыңның қадірін кетіреді. Ешкімді кінəлай, жазғыра алмайсың. Бұл əңгіменің келешек ұрпаққа бір жаман жері бар. Ол жанбай да, қоймай да бықсып иістене беруі мүмкін… Бұл əңгіме, өсек болғанымен, тату отырған қандас екі тума халықтың арасына от салатын əңгіме екенін кез келген түсіне бермейді… Бұл қан деген, кек деген қауіпті нəрселер. Осыдан сақтануға тиіспіз».

Ғайпеннің немістердің қолына түскен бір өлеңіжөнінде де М.Айтбаев оған қатаң ескерту жасайды. «Сен бұл жазғанында немістердің тұтқындарға жасаған айуандығын тамаша суреттегенсің. Мұны оқыған немістер… маңдайыңнан сипай қоймас… Шындықты жазған екенсің, 1941 жылғы Сталиннің «Менде тұтқын жоқ, тұтқынға түскен «халық жаулары» дегенін неге жазбайсың?», – деп ұрысып берді. Сонымен бірге «Кеңес – туған жеріміз. Ата-баба зау-затымыз жатқан жер… Қазір онда сенің жаныңа ет жақын санаған адамдарың тұрып жатыр», – дейді.

Сондықтан да болар, М.Айтбаев Ғайпенге: «Сен ең көрікті, қолға түсе бермейтін кісінің бірісің. Сен легиондарды аралап, лекция оқып жүресің. Арасында керекті əңгімелерді байқатпай қосып жіберуіңе мүмкіндігің бар, сонымен қымбаттысың», – деп, Отанға, туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілікті бүркемелеп айтып жүрудің керектігін құлағына құяды. Дегенмен, алғашқы кезде Түркістан комитетіндегілердің жасырын ұйымы бар екендігі туралы М.Айтбаев оған сыр ашпайды. «Кейін білсем, ұйым 1942 жылы құрылған екен. Берлинде тұрған үйдің екінші қабатында «Түркістан комитеті», үшінші қабатында «Еділ-Орал татарлары» комитеті орналасқан. Еділ-Орал комитетінде жасырын ұйымды Мұса Жалил басқарған да, ал Түркістан комитетіндегі жасырын ұйымды Мəжит Айтбаев басқарады. Мұса Жалил əшкереленгенде, Түркістан комитетін, оның бастығы Мəжит Айтбаевты айтпай кетеді», – деп жазады Ғ.Бейісов.

Ондай ұйымның болғандығын неміс құжаттары негізінде ізденіс жүргізген И.Гилязов та растайды. Ол «Идель-Урал» легионы (Қазан, 2005) деген кітабында: «Германиядағы ұлттық қозғалысты іштей бүлдіру, Шығыс халықтарының ұлттық əскери құрамаларына іріткі салу арқылы ұлттық комитеттердің антифашистік идеяларды басшылыққа алған бір бөлігі гитлерлік режиммен астыртын күрес жолына түсті» (285-бет) деп көрсетеді.

Тағдырдың ащы дəмін бірге бөліскен туысқан екі халықтың ұлттық комиттерінің мүшелері бір-бірімен араласып-құраласып тұрған. Олардың астыртын ұйымдары арасында байланыс орнауына тағы бір себеп болған секілді. Мұса Жалил тобында ұлты татар екі қазақстандық болды. Олардың бірі – 1917 жылы Петропавл қаласында туған Ахат Атнашев, екіншісі – Ақтөбе қаласында туып-өскен Гайнан Құрмашев (1919 ж.т.) еді. 1939 жылы Г.Құрмашев армияға Ақтөбе қаласынан аттанады. Радиобайланысшы болып жүріп, жау тылында қолға түскен оның іс-əрекеттері «Еділ-Орал» легионындағы жалилдіктерімен шектелмеген, қазақтарды да қамтыған болуы керек.

Ғ.Бейісов бұл ұйымдардың қандай бағыттарда жұмыс істегенін толық біле бермейді.

Тек оның мүшелерінің естеліктерінен ғана легионерлер арасында фашистерге қарсы үгіт-насихат жұмысын жүргізгені, Кеңес Одағына қарсы үндеулерге қатыспау, майданға аттандырған жағдайда өз елінің солдаттарына оқ атпау, мүмкіндікті пайдаланып Қызыл Армия жағына өтіп кетуді көздегені мəлім.

Ғ.Бейісовтің (бүркеншік есімі – Б.Ғайып) сол кезеңде жарық көрген «Жауынгердің күнделік дəптері» деген кітабында «Ері өлсе ел жоқтайды, елі жоқ ерді кім жоқтайды», – деп жазуы тағдыр тəлкегіне түскен қазақ жігіттерінің жалпы көңіл-күйін білдіретін еді. Оны Х.Абдуллин өзінің «Жолтай» деген поэмасына эпиграф етіп алады.

Ғ.Бейісовтің насихат бөлімінде істеуі əр жерде болып тұруға мүмкіндік туғызады да, оны түркістандық жасырын ұйым өз іс-əрекеттеріне орай пайдаланып отырады.

1944 жылы шілде айы шамасында Ғ.Бейісов насихат басқармасынан Словакияға барып қайту жөнінде тапсырма алады. Жолға шығардың алдында ол Сайранға (Хамза Абдуллинге) соғады да, осы жерде Арзыхан Жұмабаев деген адаммен ұшырасады. Бұл жөнінде Ғайпен: «Мен бұл кісіні көп біліңкіремеймін. Кездейсоқ кездестім деп түсіндім.

Сайранның əдейі сол кісінің шақыруымен алып келгенін көп кейін білдім. Бұрын ол кісінің фашистерге қарсы жасырын ұйым басшыларының бірі екенін білмейтұғынмын», – деп жазады.

Жұмабаев сөз арасында: «Сіздің баратын полкіңіздің командирі Алимов па, Азимов па, былтыр комитетке (Түркістан комитеті – авторлар) келгенде танысып көргенім бар еді. Сол келгенде ұятты былай қойып, бір жерлесімді тапсырып едім. Өзі шынжау, ауыра беретін жігіт еді. Менен сəлем дей саларсың. Көңілді жүрсе, «сол кісінің жерлесінің денсаулығы қалай?» деп сұрасаң жетіп жатыр… Тек көптің көзінше сұрамай-ақ қоярсың. Жолсапардан келген соң мені таба алмассың. Сайранды көріп жүресің ғой. Анадағы кісінің сəлемін айттым десең, Сайран маған жеткізеді ғой», – дейді.

Словакиядағы «Смертаки» атты селоға жеткеннен кейін Ғайпен ебін тауып, оңаша қалғанда Ғазизжан Азимовке Жұмабаевтың сəлемін жеткізеді.

Берлинге келген соң Жұмабаев тағы да «кездейсоқ» кездесе кетеді де, оған Ғайпен Азимовтың айтқан сəлемін жеткізеді: «Жерлесі – өзі аурудан шықпайтын жігіт. Жақында Братислава қаласына ауруханаға жатқызатын болып келіскен болдым. Күтіп жүрмін. Қай күні əкел деп хабар береді, сол күні апара саламын».

Осыдан соң Арзыхан «Сіздердің əңгімелеріңді біреу естіді ме?», – деп анықтап сұрайды.

Ал, Ғайпен: «Мен Жұмабаевтың неге былай сұрай беретінін ойыма да алған жоқпын. Тəжірибелі барлаушының мені байланысшы ретінде пайдаланып жүргенін көп кейін түсіндім. Мен Словакиядан келгесін бірнеше күн өткесін «Азимов өз полкін алып словак партизандарына өтіп кетіпті» дегенді Сайраннан естідім.

«Сəлемнің» сырын Ғайпен осыдан кейін ғана түсінеді.

1945 жылдың қаңтар айында кешке таман Ғайпеннің үйіне Х.Абдуллин телефон соғады. «Бүгін түнгі сағат 1.30-да Фридрих штрассе кіндік темір жол вокзалынан табылатын бол. Менен еш нəрсе сұрап уақыт алма. Өзім де білмеймін не болып жатқанын. Шамасы уақыт таянған болар, жол жүретін болармыз. Біржолата шық, қайта оралмайтын бол. Сен мені дұрыс түсін, бұл жай хабарлама емес, бұйрық деп түсін. Жоғарының бұйрығы», – дейді.

Ғайпен бұл кезде Берлиндегі Түркістан комитетіне жолсапармен келген, ал өзі Потсдамда ОКВ (Oberkommando der Wehrmacht) басқармасының насихат бөлімінде істейтін.

«Бұйрық» деп отырған себебі: Ғайпен бұл кезде Мəжит Айтбаев арқылы арнайы жасырын ұйымға қабылданған болатын. «Ол да, Хамза да – Отанын сүйген патриоттар», – дейді Ғайпен.

Ғ.Бейісов жасырын ұйымға Словакияға барып келгеннен кейін қабылданған секілді. Себебі, сол кезден бастап «Арзыхан Жұмабаев əр түрлі себептерді пайдаланып, жиі кездесіп қалған болып жүрді. Кейде маған бұйыра тəртіп беретін-ді», – деп жазады Ғайпен. Өзін мүшелікке қабылдаған жасырын ұйымды Ғайпен мүшелерінің аздығына қарамастан, өзінің əлсіздігін есептеместен, бірқатар жұмыстың басын қайырып істеп тастағанды», – деп бағалайды.

Сонда Арзыхан Жұмабаев деген кім? Ғайпеннің Х.Абдуллиннен естуі бойынша: ол – кеңес барлаушысы, бұрын Қырғызстан Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінде жауапты қызметте болған. Ош қаласының қырғызы. Ғайпенмен танысқан уақытында «Арбайт гемаиншафт» институында жұмыс істеп жүрген.

Жұмабаевтың арнайы жіберілген кеңес барлаушысы ма, əлде тұтқынға түскеннен кейін жасырын ұйым құрып, оған қазақ, қырғыздарды тартумен айналысып жүрген адам ба – ол жағын Ғайпен білмейді.

Қалай болғанда да, телефоннан түскен бұйрық бойынша 1945 жылы қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні Берлиннің «Фридрих Штрассе» темір жол вокзалынан он офицер Берлин-Братислава шапшаң пойызына мініп жолға шығады. Олар: Жұмабаев Арзыхан, Ақбергенов Жұмабек, Жүндібаев Ерғали, Əділов Мұхтар, Тұрысбеков Уахит, Шадыханов, Мүрсəлиев Айылшы, Қалдыбаев Ермек, Абдуллин Хамза, Бейісов Ғайпен.

Партизандарға қосылуға келе жатқан олар Германия жерінен өткенімен, Словакияда «СС»-тің қолына түседі. Жұмабаев бастаған 6 адам қашып шыққанымен, Ғ.Бейісов, Абдуллин Хамза, Мүрсəлиев Айылшы, Қалдыбаев Ермек қолға түседі. Олар Берлинге əкелініп, Түркістан легионынан қашқан қылмыстылар ретінде төртеуі де ату жазасына кесіледі.

Қандай да бір себептермен немістер үкімді бірден орындамай, оларды үш ай бойы Берлиндегі атақты Грюневальд түрмесінің өлім камерасында ұстайды. Наурыз айының аяғы, не сəуірдің бас кезі болса керек, түрмеге бомба түсіп, ақырында Ғайпен мен жолдастары аман қалады…

Үлкен қиыншылықтарымен елге оралғанымен, Гурьевте (қазіргі Атырау) қайтадан тұтқынға алынады. Немістердің қолына майдан даласында жараланып, ессіз қалуыма байланысты түстім… Мен Берлиндегі «Антифашист» ұйымының мүшесімін, жалғыз емеспін. Менімен бірге болған, гестапода ұсталып, атуға бұйырылған жолдастарым бар» деген сөздерін тергеуші хаттамаға да түсірмейді.

Ғайпен «Түркістан ұлттық комитетінің» ішінде «Антифашист» деген құпия ұйымның құрылғанын, оның бас ұйымдастырушысы Мəжит Айтбаев болғанын, ол ұйымның 1942 жылдан бастап Мұса Жалилмен байланыс орнатқанын, сол ұйымның басшылығымен он адамның Берлиннен Чехословакия партизандарына өту үшін қашып шыққанын қайталап айтады. Бірақ оны ешкім тексермейді де, шындыққа да баламайды. Оны РСФСР қылмыстық кодексінің 58-1 «Б» бабымен 10 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарылады.

Х.Абдулиннің де, Х.Тыныбеков, Ү.Қошалақовтың да ешқайсысының да сөзі қаперге ілінбейді, тергеушілер Сталиннің «тұтқын болған екенсің, халық жауысың» деген бір ғана қисынын басшылыққа алады.

Иə, жан берісіп, жан алысқан қанды майданда болмаған, тозақ отында күйіп-жанбағандар тұтқын болғандарды қайдан түсінсін?! Қазақ, қырғыздардың жасырын ұйымы əшкереленіп, не болмаса 1945 жылы оның тұтқынға түскен азаматтары атылып кетсе, мүмкін, олардың есімі Мұса Жалил секілді, тарихта патриоттар ретінде қалар ма еді?! Бізде адамды тірі кезінде ұлықтауға онша бейім көрсетілмейді ғой. «Өзіме бір пəлесі тиіп кетер» деген «қырағылардың» көптігінен, не өз тарихына өзгенің көзімен қарауға əбден еті үйреніп кеткендіктен болар. Əйтеуір, қазақ қазақтың аяғынан шалуға, бірбірінің жақсылығын көрмеуге бейім тұрады. Мұса Жалил өз халқының ұлттық батырына айналды. «Түркістан Ұлттық комитеті» ұйымындағылардан тірі қалған қазақтар Кеңес өкіметі үшін «сатқынға» айналды. Осылайша шешімі жоқ тағдыр тəлкегіне түскен қанша қазақ азаматтары арманда кетті?!

Осыдан бес-алты жыл бұрын ғана Ғ.Бейісов тынымсыз қажырқайратының арқасында ақталып шықты. ҚР Бас əскери прокурорының орынбасары А.М.Сұлтановтың анықтамасында: «Заключением Главной военной прокураторы от 20 апреля 2006 года в соответсвии с п. «в» 4 и ст 10 Закона Республики Казахстан «О реабилитации жертв политических репрессий от 14 апреля 1993 года «Беисов Хайпен признан жертвой политических репрессий и полностью реабилитирован», – деп көрсетіліпті.

Бұл құжат Ғ.Бейісовтің сөзінде, біріншіден, ешқандай жалғандықтың жоқтығын, екіншіден тұтқынға түскен қазақтардың антифашистік ұйымының болғандығын білдіреді.

Олай болса бұл құжатқа негізге алынған материалдар күші осы ұйымға мүше болған Х.Абдуллин, Х.Тыныбековке, жəне тағы басқаларға да таралуы керек. Жалпы алғанда Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен қазақстандықтардың ісі түгелімен қайта қаралып, тек тұтқын ретінде априорлық шешімге бағыт ұстамай, ізгілікті қадам жасалуы тиіс.

Сол зұлмат кезеңнен бері 70 жылға таман уақыт өтті, заман өзгерді, қазақтың өз тағдырын өзі шешуі керектігі жөнінде тəуелсіз ой-пікір қалыптаса бастады. Сталиндік жүйенің қатыгездіктерінен үзілді-кесілді арылу – демократиялық қоғам құрудың басты шарт- тарының бірі екендігі де аян. Осыны түсінген Ресей Федерациясы, Украина, Белоруссия секілді елдерде соғыс тұтқындарын ақтау жұмыстары кең көлемде жүріп жатыр.

Тек біздер ғана бұл бағытта бейжайлық танытып отырмыз.

Фин соғысына, фашистік Германиямен соғысқа қатысқандардың көбі мына дүниеде жоқ та сияқты. Оларға «ақтаудың» да, «даттаудың» да керегі бола қоймас. Бірақ, олар жөнінде жасалған адамгершілік іс-шаралар бүгінгі күнгі ұрпақтары, туыстары үшін керек, қазақ халқының тұтастығы үшін, болашақ үшін керек.

Көшім Есмағамбетов, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Дереккөз: К.Есмағамбетовтың “Түркістандық әскери тұтқындар” атты кітабынан алынды. “Арыс” баспасы, Алматы, 2019 ж. 16-24 бб.