Тамұқтан өткен тағдырлар
Екінші дүниежүзілік соғыстағы әскери тұтқындардың тағдыры – әлемдік тарихтың ең бір қасіретті парақтарының бірі. Соғыстың зардабы орасан зор әрі ауыр болды. Тек 1942 жылдың ақпанына дейін фашистердің тұтқынына түскен Кеңес әскерлерінің саны 3,9 миллион адамға жетті. Оның 2,8 миллионы қырылып қалды. Бұл сұмдық дерек көпке дейін бүркемеленіп келді.
Соғыс кезіндегі тұтқындар жөнінде Гаага (1899 ж., 1907 ж.) мен Женевада (1929 ж.) әскери тұтқындар туралы конвенция қабылданған болатын. Бұл конвенциялар шарты бойынша соғысушы мемлекеттер өз тараптарынан соған орай Бірінші, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында соғыс тұтқындарына адамгершілікпен қарады. Бірақ Кеңес өкіметінің тарапынан ұстанған қағидаға сәйкес «Бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар» деген ұстаным миллиондаған тұтқындардың тағдырына сұмдық әрі қатал, тіпті ауыр зардабын тигізді.
Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен түркістандықтардың еврейлермен пара-пар қорлық, сұмдық пен азапты бастан кешкенін архив деректері айғақтайды. Соғыстың алғашқы айларында түркістандықтарға (қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік, қарақалпақ) жетіп жатқан жағдайда ғана, қару ең соңғы кезекте берілді. Себебі олар екінші сорттағы жауынгерлер ретінде есептелді. Өмірі қолына бұрын қару ұстамаған 19 жас шамасындағы қазақтар, өзбектер, қырғыздар, түрікмендер мен тәжіктер бақайына дейін қаруланған герман әскерлеріне қарсы қойылды. Осылайша тура өлімге айдап салынды.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Кеңес қоғамы саяси, этностық, не әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан біртұтас болмады. Елдегі ауқатты шаруаларды тәркілеу, ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру, діни қауыммен күрес, саяси қуғын-сүргіндер мен Кеңес өкіметінің басқа да іс-шаралары ұрыс барысына теріс әсер етті. Әкелері немесе туыстары арнайы геноцид саясаты салдарынан аштықтан өлген немесе Сібірге айдалған, «әлеуметтік тазартуға» ұшыраған солдаттардан жанқиярлық ерлік күтуге бола ма?! Өйткені 19-20 жастағы бозбалалар Кеңес өкіметінің игілігін сезініп те үлгерген жоқ-ты.
Адамзат тарихындағы алапат соғыс ауыр зардаптарға ұшыратып, көп адамды Отанынан ажыратып, миллиондаған адамның өмірін қиды. Архив деректеріне сүйенетін болсақ, тек Атырау облысынан соғыста хабар-ошарсыз кеткен, қаза тапқан 26 мыңнан астам боздақтың тізімі жасақталған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерінің бірі ретінде соғыс тұтқындары туралы тереңірек қарастырған жөн. Бұл туралы өлкеміздің тарихында арнайы зерттеу жұмыстары жоқ.
Бізде көптеген оқиғаға, тіпті адам тағдырына өз мақсат-мүддеміз емес, өзгелердің көзімен, қоғамдық құбылыстардың барлығын еш реңксіз, «ақ» пен «қараға» бөле саралайтын идеология тұрғысынан қараушылық ызғары әлі де сезіледі. Бұл жағдай, әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен боздақтарға көзқарастан айқын байқалады. Майдан даласында жараланған қазақ жігіттеріне көмек көрсетілмеді. Ұрыс даласынан әкелінсе де емдеу пунктіне қабылданбады. Не басқалардан кейін, ең соңынан қабылданды. Мұндай жағдайға назар аударған қазақ командирлері (көпшілігі кіші шендегі) «ұлтшыл» атанып, олардың ісі трибуналға дейін жеткен.
Жаудың қоршауына ұшырап, қолға түсіп қалған жауынгердің тағдыры қатты өкіндіреді. Неміс лагерьлерінде тұтқындар ашық аспан астында ұсталды. Тамағы – үсіген қырыққабат пен қабығы ашылмаған картоп. Тұтқындар немістің концлагерінде болып, жаудан бір жапа шексе, елге оралған соң кеңестік лагерьлерде қорлық көрді. Алайда кеңес тұтқынының тағдыры туралы сөз болмай келе жатыр. Олардың тағдыры ұрпағына, бала-шағасына әсер етті. Сондай адамдардың айтылмай жатқан тағдыры қаншама? Олардың тарихтағы лайықты орнын беру әділеттілік болмақ. Шетелдік ғылыми орталықтар әскери тұтқындардың тағдыры туралы тақырыпты зерттеумен жеткілікті айналысады. Қоғамдық ұйымдар түрлі жұмыс жүргізуде. Тұтқындардың ағайын-туыстары архивтерге хабарласып, өлген, жерленген жері туралы ақпарат, оның тағдырын анықтау үшін қандай да бір дерек іздеуі соғыс жаңғырығының әлі толық жойылмағанын байқатса керек.
Кейбір тұтқындар соғыстан кейін өзін күтпеген, сенімсіздік танытқан Отанына оралды. Оларды әуелі тексеріп, лагерьлерде ұстады. Тексергеннен және адалдығына көз жеткізгеннен кейін еркіндікке босатты. Дегенмен бұрынғы әскери тұтқындар тұрақты түрде бақылауда болғаны белгілі. Енді біреулер Отанында күтіп тұрған ащы тағдырды сезіп, жат елде қалып қойды. Сөйтіп, өзі таңдаған тірліктің өкініш уын ішіп, күн кешті. Мұндай адамдар Отан тізімінде ұзақ уақыт бойы болған жоқ.
Оның бір мысалын Финляндия Республикасының Ұлттық архив қорынан табылған құжаттардан көреміз. Соның дәлелі – 1939-1940 жылдары кеңес-фин соғысында тұтқынға түскен Құрманғазы ауданының тұрғындары Нұрым Сарахметов, Сайын Зиналиев, Валит Ермаханов, Кемет Сарсенғали, Карим Жүнісов, Сатыбалды Иманғалиев туралы деректер (Жағаға қайтқан толқындар. «Егемен Қазақстан» газеті. 22 сәуір, 2014 жыл).
…Сол сұрапыл жылдары Мұстафа Шоқайға жерлесіміздің қолына түскен бір жапырақ қағазға жазып берген өтініші назар аударарлық. Қойын дәптердің парағына араб қарпімен жазылған бұл құжат аумалы-төкпелі заманда ғұмыр кешкен, бірақ қиындықтарға қарамастан алға ұмтылған қайсар қазақ жігітінің өмірінен белгі береді. Өлім алдында тұрса да, рухын жоғалтпаған бұл жасты тыңдап көрелік: «Сәлем бердік. Нашарға жағдай туғызу мақсатында алыс жерден келген мұсылман баласы. Сізге жүрегімнің терең түкпірінен шыққан махаббатқа толы сырымды ұсынып, төмендегі жағдайымды еске алуыңызды өтінемін.
Мен Гурьев (Үйшік) облысынанмын, Қаңбақтыны жайлаушы Қосымбай болыстың туған немересі Жалғасұлы Сембай боламын. Орта білімім бар. Мамандығым оқытушы, Гурьевтегі оқытушылар курсын бітірдім (мұғалім болар). Бірақ жасымнан газет-журнал жұмысына араласудамын. Бұл іс – өмірлік алға қойған мақсатым. Мұның қайнар бұлағы – ақын-жазушылық жұмысы. 30-жылдан жазушылық талаппен қазақтың көркем әдебиетімен таныстым. 31-жылдан өз бетіммен қолыма қалам алып, түрлі жағдайға арнап өлең, әңгіме жаза бастадым. Бірақ Қосымбай болыстың («бөрінің») тұқымы деп… менің шығармаларым керексіз пұлға айналып отырды. Мектеп бітіргеннен кейін облыстық газетке жұмысқа кіріп, қазақтың көне фольклорын жинау жөніндегі комиссияға іліндім. Сонымен «Алаш заманындағы ақын-жазушылардың сойылын соғушы» деп облыстық газет алқасынан шығарды. Көп адамдармен бірге мені де қуды. Сіздің есіміңіз біздің елде өшпес орын алды. Францияда дегенді естіп, елде жүргенде армандаушы едім. Сол тілегім орындалып, сізбен бүгін жолыққалы отырмын. Мен бір түпсіз тұңғиыққа батқан қара тастай қайғылы ауыр халде тұрмын. Болашақ жас талантты өлім халінен алып қалуыңызды сұраймын. 4-жұмысшы тобы, 2-барақ. Жалғасұлы Сембай. 19.Х.41» (Есмағамбетов К. Түркістандық әскери тұтқындар: Құжаттар мен материалдар жинағы – Алматы: «Арыс» баспасы, 2019. 14-15 бб.).
Осы тағдырлас соғыс тұтқындарының қилы тағдырларына тоқталсақ. Көктоғайлық Берекет Кенжебаев, таңдайлық Амандос Есенов, Бөтеш Байсұлтанов (Коми АССР-інде тұрды), бақсайлық Ғайпен Бейісов, индерліктер Тұқпатолла Қалымов, Айғали Көпжанов (Ресейдің Қорған облысында тұрды). Соғыс тұтқындарының бірі – жылыойлық Құрайыш Таңатаров (1924-1961 жж.) соғыстың алғашқы жылында-ақ тұтқынға түскен. Фашистердің концлагерінде екі жылдай болып, жан азабын шеккен боздақтардың бірі 15 жылға сотталып, Магадан облысында алтын өндіретін лагерьде ауыр жұмыстарға жегілген. Ал тұтқында болған индерлік Сейілхан Ғабдуллиннің қилы тағдырын тебіренбей тыңдау мүмкін емес. Ол кісі туралы 2007 жылы А.Жұмашұлы мен Н.Дүкенбайдың «Қилы тағдыр: Өмірнама» атты кітабы жарыққа шықты.
Индерліктер Жолдыбай Ахыбаев (1924-1994 жж.), Жұмагелді Баймұқанов (1921-1990 жж.) махамбеттік Биғали Есмағамбетов (1922-1998 жж.) және Б.Тетебеков (Солтүстік Қазақстан обл), Нұрлыбек Негиматов (Ақтөбе обл) 1942 жылы Харьков қаласы үшін болған шайқаста, яғни 22-30 мамыр аралығында қоршауды бұзу операциясы кезінде тұтқынға түсті. Бұл қоршауда 239 мың кеңес жауынгерлері жау қолына тұтқынға түсуге мәжбүр болды.
1945 жылдың сәуір айында тұтқындарды неміс концлагерінен америкалықтар азат етті. Соғыс тұтқындары ретінде америкалықтар оларға тамақ, киім беріп, лазареттерге орналастырып, естерін жиғызған. Кейін тұтқындар лагеріне әр елдің әскери өкілдері келіп, тұтқындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Кеңес тұтқындарын олар Америка, Аустралия, Канада, Англия, Франция елдеріне баруға шақырған. Бірақ олар Отанына қайту туралы шешім қабылдады. Арнайы тексерістен соң өкінішке қарай, Молотов облысының (қазіргі Пермь өлкесі) Гремячинск поселкасындағы көмір шахталарындағы каторгалық жұмыстарға жіберілді. Бұл соғыс тұтқындары туралы ардагер шахтер А.Ф.Глушков өз естелігінде: «Соғыстан кейінгі жылдары поселкаға соғыс тұтқындарын әкеле бастады. Көпшілігі Қазақстан, Орта Азия халықтарының өкілдері еді. Әскери тұтқындар №62 шахтаның ауласындағы барактарда қатаң күзетте өмір сүрді. Оларды ең ауыр да азапты жұмыстарға жекті. Кейбіреулері туған өлкелеріне қашқанымен ұсталып, жазаланды, атылды», деп жазды (Н.Песков. Жизнь, как она есть (из записок краеведа), Гремячинск, 2004. с.47.).
Пермь өлкесінің Гремячинск қалалық архив қорында туған жерінен жырақта, шахтада азапты жұмыстар атқарған Ж.Ахыбаев, Ж.Баймұқанов, Б.Есмағамбетов, Е.Тушовский, Б.Текебеков, Р.Зорманов, Б.Ерімбетов, О.Әлиақпаров, Ж.Бигшаев, Б.Мухаметжинов (Мухамбежинов), Б.Сабанқұлов, М.Төлендин сияқты отандастарымыз туралы мәліметтер сақталған. Олардың көпшілігі туған жерінен жырақта ауыр жұмыстардан, аштан, шахтадағы апаттардан қаза тапты. Көбі туған жеріне жете алмай, «Отанын сатқан», «сатқын», «тұтқын» деген жала жабылған сөздер мен қорлық таңбаны ар көріп, сол жақта тұрақтап қалуға мәжбүр болды. Соғыс тұтқындары ну орманда ағаш кесу, шахта қазу, жол салу, жаңа салынып жатқан қалаға аса қажетті аурухана, мектеп, клуб, әкімшілік, тұрғын үй ғимараттарын салу жұмыстарына қатысты. Техника жетіспегендіктен, көптеген жұмыс қол күшімен атқарылды. Соғыс тұтқындары әдеттегідей қара жұмысшы ретінде тартылды. Тұтқыннан оралғандардың жағдайы өте ауыр болды. Аштық, суық, жұқпалы аурулар адамдарды баудай қырды.
Гремячинск аймағында әр кезеңде 17 көмір шахтасы жұмыс істеді. Сол уақытта 800 млн тонна көмір өндіріліп, шахтерлардың үш ұрпағы өсіп, тәрбиеленіп жетілді. Соғыстан кейінгі жылдары да көмір шахталарындағы жұмыстың көпшілігі қол күшімен атқарылып, жүзеге асты. Шахта шурфына түсу, шығу жұмыстары да қолмен атқарылды. Көмір қазу ұңғымасына дейін жаяу барып, жаяу қатынап, жұмыс істеді. Өндірілген көмір вагонеткаларға қолмен тиеліп, түсірілді. Осы шахталарда жұмыс істеген индерлік Ж.Ахыбаевқа берген анықтамаға назар аударып көрейік. Пермь өлкесінің Гремячинск қалалық әскери комиссариатының 15 қазан 1990 жылғы №822 анықтамасы бойынша қатардағы жауынгер Жолдыбай Ахыбаев 1924 жылы туған. 1941 жылдың 11 маусымы мен 1942 жылдың 15 қазан аралығында Кеңес армиясының қатарында қызмет етті делінген. Ал 1993 жылдың 31 тамыз күнгі «Кизелуголь» өнеркәсібіне қарасты «Западня» шахтасының директоры В.Вахрущев пен кәсіподақ комитетінің төрағасы Л.Аникиннің Жолдыбай Ахыбаев туралы қатынас қағазында Ж.Ахыбаев 1921 жылы туған. Зейнеткер. Аталған шахтада 1946-80 жылдар аралығында жерасты тау-кен жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс атқарды. Жұмыс істеген кезеңінде шахта әкімшілігі тарапынан бірнеше рет мадақталды деп жазады.
Гремячинск қалалық архиві қорындағы 1949 жылдың 20 сәуірінде толтырылған жеке карточкасында 1924 жылы Куривская (архив құжатында солай, өз қолымен толтырылған болуы керек) облысы, Исвольский (Есбол) ауданында туған. 1-кластық білімі бар. Қазақ. Қатардағы жауынгер. Шахтада жүк тиеуші деп толтырылған (Архивный отдел администрации города Гремячинска Пермского края, Фонд-30, опись-2, дело-1172, л.6). Зейнеткерлікке шығуына байланысты 1979 жылдың 29 қаңтар күнгі толтырылған мәлімет бойынша 1924 жылы Гурьев облысы, Еспол ауданының, Аққала ауылында дүниеге келген. Жалпы еңбек өтілі 1946 жылдан басталған. Бір қызығы архив қорында бұл кісінің жұбайы Гүлзиян (Гүлжиһан) Шайхимарданованың (Ахыбаева) (1927 ж.т.) жеке карточкасы да сақталған. Ол кісі Татар АКСР-нің Чишма ауылында дүниеге келген. 3 кластық білімі бар. Шахтаға 1950 жылдың 10 шілдесінде жүкші болып орналасқан.
Тағы бір индерлік Жұмагелді Баймұқановқа 1948 жылдың 3 наурызында толтырылған жеке карточкада 1921 жылы Гурьев облысы, Еспол ауданы Степан Разин колхозында туғаны көрсетілген. Қазақ. 5 кластық білімі бар. Толтырылған карточкадағы мәлімет бойынша шахтаның №2 учаскесіне 1948 жылдың 27 наурыз күні тас қалаушы болып алынған. Ал архив деректеріндегі 1948 жылдың 30 қарашасындағы мәлімет бойынша махамбеттік Биғали Есмағамбетов 1922 жылы Гурьев облысы, Новобогат ауданы, Жамбыл ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 3 кластық білімі бар. Мақаттық Евгений Карлович Тушовский 1918 жылы туған. Орыс. Гурьев облысы, Мақат ауданы, білімі 8 кластық. Мамандығы шофер. Жалпы еңбек өтілі 1937 жылдан басталады. Шахтада бұрғышы, слесарь, қазушы болып істеген (Архивный отдел администрации города Гремячинска Пермского края, Фонд-30, опись-2, дело-1185, л.38).
Олардың кейінгі өміріне қысқаша тоқтала кетсек. Өмірдің заңдылығына сай жерлестеріміз сол жақта жүріп, өмірлік қосақтарын тауып, отау құрды. Азапты жылдарды басынан кешіріп, жерлестеріміздің кейбіреулері туған жеріне оралса, кейбірі сол жақта қалып қойды. Мысалы, индерлік Жолдыбай Ахыбаев Ресейдің Пермь облысының (қазір өлке) Гремячинск қаласында тұрып, татар қызы Гүлжиһанмен отау құрды. Әмина, Дінмұхамед, Дәулетбай, Зульфар, Фарид есімді ұл-қыздарын өсіріп, көмір шахтасында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шығыпты. 1994 жылы 70 жасында қайтыс болды. Балалары Дінмұхамед (Гремячинск), Дәулетбай (Воркутада), Зульфар (Кузбасста) да шахтада жұмыс істеді.
Ал 13-ауылдық Биғали Есмағамбетов татар қызы Ғалиямен бас қосып, 9 ұл-қыз тәрбиеледі. 50-ші жылдардың басында елге келген соң ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарып, 1998 жылы бақилық болды. Индерлік Жұмагелді Баймұқанов 1949 жылы башқұрт қызы Сәкина Габдуллинаға үйленіп, өмірге 3 ұл, 5 қыз әкелді. Елге 1951 жылы оралып, ұзақ жыл Индер бор руднигінде жұмыс істеді. 1990 жылы 69 жасында өмірден озды. Оның қыздары Жұмазия, Қалғыз, Әсия Саратов қаласында тұрып жатыр. Әкесінің шаңырағына Салауат атты баласы ие болып отыр.
Бұрынғы әскери тұтқындар өздерінің соңынан құзырлы органдар тарапынан бақылаудың барын білетін. Сондықтан «бетегеден биік, жусаннан аласа» тіршілік кешіп өтті. Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен кеңес жауынгерлері өмірі мен ерен ерлігін, мұңы мен қайғы-қасіретін, жан күйзелісі мен үміт-арманын өздерімен бақиға ала кетті. Олардың көпшілігі өле-өлгенше өз елінде майдангер ретінде ардақталмай, бұйығы өмір кешіп, дүниеден озды. Кейінгі ұрпақ оларға мәңгілік қарыздар екендігін естен шығармай, олардың ауыр тағдырына мінәжат етіп, бастарын иіп өтсе, азаматтық парызын өтегендік болар еді-ау.
ХХ ғасырдың жазықсыз жапа шеккен тұтқындарын саяси тұрғыдан ақтайтын мезгіл жетті. Фин соғысына, фашистік Германиямен соғысқа қатысқандардың көбі бұл өмірде жоқ. Тамұқтан өткен тағдырларға «ақтаудың» да, «даттаудың» да қажеті бола қоймас. Бірақ олар жөнінде атқарылған адамгершілік іс-шаралар бүгінгі ұрпақтары мен туыстары үшін, қазақтың тұтастығы үшін, болашақ үшін керек.
Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы
Дереккөз: https://egemen.kz/article/288369-tamuqtan-otken-taghdyrlar