Тектілікті тәркілеу
«Байлық» ұғымы мен байлар ұғымы бүгінгі қоғамның зердесінде аса құштарлықпен қолпаштайтын элемент емес екені анық. Оған себеп те көп. Бұрынғы қазақтың әлеуметіндегі маңайға құт болған қоғам қайраткерлері мен шаруашылық басқарудың мүлтіксіз майталман менеджерлеріне айналған топ кеңестік большивиктердің қызыл туын желбіретіп, желікпе ұрандарын айқайлап келуімен жауыз, қанаушы, қатыгез, қарапайым бұқара халықты тырнағымен тырп еткізбей, тығырыққа тіреген жезтырнақ кейпінде әбден сомдап, әкесінің құны байларда кеткендей кең көлемде табалау тенденциясы өршіп тұрды. Сол жарқыншақтан қалған жараның зақымы бүгінгі заманның сүйегін де солқылдатып, санасын сөзсіз торлап тұр.
«Мал иесі – Құдайдан» деп төрт түлікке ерекше ықыласы ауған жұрттың бірі біздің қазақ. Әр түліктің иесі барын мойындап, қадір-қасиетін шама-шарқынша рухани мәдениетіне енгізіп бағып, киесіне бойлай білген дала жұрты. Мынау ұлан-ғайыр атырапты малдың тұяғының мөрімен таңбалап, береке-құтын, сары бала, қара қазанының ырысын содан айырған халық. Кешегі ұрда-жық жүйе «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп қазақтың қолындағы несібесінен айырып, ту-талақай етіп, талай берекелі босағалардың ырысын сөгіп, тобылғы қамшы мен жүгендер жарамсыз затқа айналып кеткен де еді. 1928 жылғы кәмпеске қазаққа келген жұттың алғышарты болды. Сонау бабаларынан бастап аманат болған қыл құйрықтының басымен өлшенетін байлық қазақы қоғамға өз кезегінде қызметін етіп тұрды. Бұны орақ пен балға үкіметінің буы тарқағасын кейінгілер жазып та жүр. Бұрынғы қазақтың бай тіркесі орыстың «богатый» сөзінің баламасы емес екенін қазіргі қоғамның ғалымдары ажыратып, айқындап айтып та, жазып та жүр. Бірақ, кешегі тарих дәл қазіргі ырғақта ғарыштық жылдамдықпен зулап бара жатқан зымыран заманның жан қалтасында кешегі баба үміті мен төс қалтасында ұлттық болмыстың рухани мәні бар ма, яки жоқ па, мұны – әр субъективті пікір топшылай жатар. Бірақ, сан мыңдаған жылдар бойы тек пен терге байланысты құрылып, жұмысын атқарып, өз жемісін берген берекелік институттың бүгінгі жұрнағы болмаса да, ғибраты боларлық ой толғасақ өзге келіп кетер қазынаның қырқасы болмас.
Сонау есте жоқ ескі замандардан Құдайдан бұйырған бағы бар, істі дөңгелету мүмкіндігінің мехнатын мейлінше арқалап, тиімді жүргізудің шеберлігін атадан балаға мирас болған қабілетімен жандандырған әулеттерде бір күнде жалаң аяқ қалдырып, түгін қалдырмай тентіретіп жіберу үрдісі аса өрескел, өршеленген қалыпта жүзеге асты. Құдайдың бақ-дәулеті мен әкенің аманатын, жалғыз әулетіне емес бір ауыл болып жұмылған жамағатына, мал-мүлікке ие болып отырған ағайын, туыс-жұрағатын тегіс қамтып, барлық ас-ауқат пен той-жиын, ас-амалдардың демеуі болып отырған тірек, әкімшілік институтты әпсәтте тып-типылын шығарып, талай қазаны оттан түспеген берекелі шаңырақтардың орны, төрінен келелі кеңестері күмбірлеген киелі төңірегі тақыр жерге, күлі бұрқыраған азып-тозған жұртқа, шашылып, еңсесі қожыраған қоңсы қонысқа айналып-ақ кетті. Қайран замандар мен заманаларға үстемдік құрған тектілер қоғамы ит-жеккенге айдалып, жанұялары жан-жаққа тарыдай шашылып, шаттығын орақ пен балғаның үкіметі қып-қызыл жаласына қызыл жалауын желбіретіп тұрып, желкелеріне қадаған уақыт.
Жалпы қызыл империя идеологиясының ұстаханасының көрігін қыздырып, төсі мен балғасының сабын ұстаған саясаткерлер батыстық өмір салтына негізделіп жазылған К. Маркстардың сол қоғамның феодалдық шонжарларының жұмысшы тапты қанап, үлкен фабрикалар мен цехтарда, өндіріс орындарын иемденген ашкөз магнаттардың жүйесін қаралаған қағидаларын сонау бір алыста мың жылдардан әрі қалыптасып қалған, іргесі генетикалық иірімдермен өрілген, өзегі мен тегі тұрақты, экономикалық бағыты мүлде батыстық платформалардан алыс әлеуметтік ортаның арасына болмайтын заң мен жарғыны, берекесіз қалыпты күштеп орнатып, еріксіз тықпалады. Қазақ байларының қарамағында мал-мүлікке септесіп қызмет атқарушы топ сол байлардың жақын ағайындары мен рулас туысқандарынан құралатын. Асауды үйрететін білекті жігіттер жылқының үйіріне ие болып, барымта мен қасқырға алдырмайтын қосыннан тұрды. Ол жігіттердің үйленіп үй болуы, қалыңдығына төленетін қалың малы сол байдың үйірінен беріліп, сол мал мүлікке ие болып жүрген жақын інілеріне бас құда болып байдың өзі баратын болған. Бұл қоғамдық қалыптағы тұрақтылықта батыстық феодалдардың жалшылыққа салып, еңбегін бермей, жұмыс уақытын шамадан тыс мөлшерлей алмауынан туындаған идеологиялық бағыттардың қазақтың байларынан шақырымдық жағынан ғана емес, мағыналық жағынан да тым алыста жатқандығын шала піскен мырзалардың аңғарып, аңғармағанын Құдай біледі. Мәскеуден жеткен пәрменді анасының ақ сүтін ақтағандай орындайтын шолақ белсінділерді үлкен саясаттың қамшысын ұстаған большевиктік топ өте жақсы даярлай білген және оларды өз уақытында өз мүмкіндігінен сол қызметке асырып та қолдануды меңгерді. Сайын далада алаңсыз малын бағып, тыныш жатқан ұлтқа қанқұйлы амалдарын да аямай-ақ жасапты. Бұл халықтың өмір салтымен болмыс-бітімін, мінез иірімдерін соншалықты терең меңгергендері сондай, барлығын жылдам әрі өздері күткен нәтижиелерден де асыра орындалған жемістерін көп күттірмей, саяси астауларына тоғытып отырды. Бұл елді ғасырлар бойы ел етіп отырған бір әлеуметтік топтың барын анықтап, болжай да білген. Қазақтың «елміз ғой» деп әр ауылда айтылатын сөзінің астарында үлкен форматтың жатқандығы анық. Тентегін тезге салып отыратын, жесірін тентіретпей, жетімін жылатпай, біркелкі ұлысқа ұжданнан аттауға мүмкіндік бермейтін топтың қазақы қоғамның шегелері екенін ақыры тапқан. Заманалардан бері, генетикалық гармонияға тұрақтап, эстетикалық парасат биігінің Тектілік институты екендігінің жұмбағын шешкеннен кейін ғана қазақтың тізгіні уыстарына түсті. Қоғамнан шегелерін сөгіп алғасын, қаңқаны қалай икемдесең, солай иілетінін ұққан адамдарды данышпан дей алмайсың… Сол шегелердің бірегейі қазақтың байлары еді ғой.Шаруашылықты жүргізуді ата-бабасынан мирас қылып, жазылмаған заңдармен өлшеп меңгерген, дала академиясының дипломсыз менеджерлері. Күллі көшпенді халық малдың өнімімен күнін көріп, тіршілігін кешіп, алдындағы төрт түлігін пұл қылып, айырбастап ұн қылып отыратын тұрмыстың нәрі болатын. Одан айыру бұл жұртты тікелей аштыққа жолдама берудің өзі екендігін аса қатты ойланбай да топшылауға болады. Жеті атасы жарыған әулеттерді жойып, жұрнағы жоқ, бұрын-соңды елдік тізгін мен аманат ауқымды арқаламағанда, атқармаған да топаны мол топтан шолақ белсенділік үкіметін жасақтады.
«Жер бетінде арыма айырбастап алар асылымды, қолыма су құюға жарамайтын әлдекім рәсуаласа, оның күйігінен, оның өкінішінен ауыр не бар…» – деп, жазушы Оралхан Бөкей жазғаны секілді, талай тектінің ырыздығы мен ырысын, бағы мен басындағы дәулетін шолақ белсінділердің күнін оңынан, айын алдынан тудырған кезең құйынға буынған күлдей шашқаны күллі даланың іргелі иелерінің қасіретіне айна қатесіз айналып кетті. Бұл тұрғыдағы ойды сол заманның сюжетті кескінін шынайы суреттеген Мұхтар Мағауиннің «Абақтыда өлген Уан атам» әңгімесі. Кеңес үкіметінің ұсынған қызметіне паңданып, бұрыңғы сыйлас, талай шарапатын көрген тұлғаны таптауы төңірегіндегі, пенделіктің аумалы-төкпелі тұрақсыздығын, келген орақ пен балғаның жүйесінің шолақ белсенділерге кішігірім мансап ұсынып, ғасырлар бойы қалыптасқан далалық қоғамның жазылмаған заңдарын белден кешіп, өзгеріп шыға келген адамдардың сипатына сюжеттік сұлба жасағандай. Одан өзге Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» романы дәл осы қазақ байларының кәмпескеге ұшыраған тұсындағы оқиғаны өрбітіп жазған бірден-бір дүние. Омар байдың ортасынан түскен берекелі дәулеті мен большевиктік үкіметтің салған әлеуметтік ылаңын айна қатесіз суреттеген. Жазушы Смағұл Елубайдың «Ақбоз үй» шығармасы да осы тақырып тұрағынан мағыналық мәнісін жусатып жазады. Бұл көркем әдеби тұрғыда оқырманға тарихи шындыққа негізделген дүниелер. Ал, шын мәнісінде бұл науқан қалай, қашан пайда болғанын тарихи деректерге сүйеніп келтірелік.
1927 жылдың желтоқсан айында қазақ даласындағы байлардың мал-мүлкін тәркілеу жөніндегі заң жобасын әзірлейтін арнайы комиссия құрылды. 1928 жылы наурызда Қазақстан Өлкелік комитетінің бюросы ол заң жобасын әлденеше рет пысықтағандай кейіп танытып, ақыры бекітті. 1928 жылдың 27 тамызында Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінде тәркілеу жөніндегі заң жобасы қабылданды. Заң бойынша малы, дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байларға: көшпелі аудандарда ірі қараға шаққанда 400-ден астам малы бар, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден астам малы бар, отырықшы аудандарда 150-ден астам малы барлар және бұрынғы сұлтандар мен хандардың ұрпақтары жатқызылды. 1928 жылы тамыздың 30-да Қазақ АКСР ХКК-нің «Қазақстанның көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарын белгілеу туралы» арнайы қаулысы қабылданып, соған сәйкес аудандар белгіленді.Науқанды 1928 жылдың 1 қарашасында аяқтау жоспарланды, яғни бір ай ішінде бітіру керек деп шешті. Кейінірек ол тағы 10 күнге ұзартылды.
Осылай жер-жерде «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» деген ұрандарды белсенділердің ұртына толтырып, қазаққа келген орасан бір қолдан жасалған жұттың үлкені басталып кетті. Оның ұлтқа әкелген зардаптарын сөзбен суреттеп, әлеуметтік зияны мен қоғамға жасаған кесапатын нақты жеткізу мүмкін емес. Байларды жойып, тең үкімет құрамыз деген жалған пікірге негізделген саясаттың артында ұлттық болмысты ұсақтап, жүз мыңдаған жылдар бойы қалыптасатын тектілік қабатын қырқып тастады. Бұл тұтас ұлтқа төнген қасірет еді ғой. Оның орнын қашан, қайтіп толтыруға болатынын кім бас қатырып, кім шешімін іздеп жүргенін бір Құдай білер. Дала халқы әуелден елдің тізгінін тектілеріне беріп, өздері алаңсыз ғұмырын кешкен, жау келсе батырын алға шығарып, қалғаны өз руының ұранын қиқуға қосып, дұшпанына тап берген жамағат еді ғой. Ел билеу ісінде де, шаруашылықты жүргізу тұрғысында да ғасырлар бойы қалыптасқан стратегиялық білікті кадрлар тәрбиелейтін әулеттерді түгел жойып жіберу арқылы кеңестік үкімет өз идеологиясын тықпалағаны анық. Ұлттың көшін сүйреп жүрген жеті атасы жарыған қас батыр, қайран жақсылардың дәуренін деградациялап жіберді. Байдың малын бағып, жалшы болдыңдар деп кедейлер үкіметін құрамыз деп ұран тастап, өздері сол жұртты мал соңына салып қойғанына үкім айтып жатқан ешкім болмады. Айту да мүмкін емес еді. Бітпейтін жыл сайын төл алу жоспарларын бекітіп, қазақты сонымен жарыстырып қойып, өнімін өздеріне тасып отырған жүйенің ұлтқа жасаған қастандығы орасан деген теңеудің арғы жағында.
Өзіміз туып өскен аймақтан бала кезімізден естіген байлар жайындағы аңыз-әңгімелер көп болатын. Мұрағаттық деректерде Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданынан бес байдың дүние-мүлкі тәркіленіп, өздері жер аударылғанын білдік. Үлкендердің айтуы негізінде жалпы Қарабұтақ ауданынан кәмпескеге ұшыраған байлар 4 жылға жер аударылған.
1928 жылдың 4 қыркүйегінде байларды кәмпескелеу және жер аудару жұмыстарын аудандарда ұйымдастыру туралы Ақтөбе аймақтық атқару комитетінің президиумының отырысында кәмпескелеу жұмыстарын жүргізу үшін бөлінген қаражат мөлшері
1928 жылы Қарабұтақ ауданы бойынша кәмпескеге ұшыраған бірінші деңгейдегі байлар тізімі
Оның екі жылын Қарқаралыда, екі жылын Семейде өтеген. Жанұясымен қуғынға ұшыраған талай әулеттің мүшелері басына белгі тасы да қойылмай, әр жерде шашылып қалғанын жергілікті үлкендерден естіп білдік. Солардың бірі аталмыш екінші кестеде тұрған Итқарин Рысмағамбет. Байлығымен де, жомарттығымен де тұтас өлкеге танымал кісі болған өз заманында. Осындай бірнеше бабасынан бері байлықты өз ру қоғамының мүддесімен сабақтастырған атымтай жомарт байдың 1928 жылдың қараша айының қара суығында әр түлігін тәркілеп, шаңырағын жер аударып жібергенде, куә болған кісілердің кие ұғымына қатысты шежірелік әңгімесін жазғанды жөн санап отырмын.
Ақтөбе облысының Қарабұтақ аймағына жақын Үйтас, Тасөткел деген ежелгі қоныс, жаз жайлау болған мекендер бар. Осы аумақты мекендеген Әлімнің Төртқара руынан тарайтын Қасым-Торы аталығының алдында жүрген байы Рысмағамбет деген кісі өткен. Руы Қаракісінің Балта аталығынан. Өз заманында айналасына тиген шарапатын күні кешеге дейін үлкендер басы қосылса айтып отыратын. Сол Құдайдан маңдайға жұқ болған берекесін бүтіндей кәмпескелеуге келген орыстардың сан мыңдаған шұбар-ала жылқылардың ішінде тек бас айғырды ғана ырықтарына көндіріп, айдап әкете алмағаны жайында. Қыс қыстауда Кіші құмды мекендеп, көкек шыға Үйтасқа келіп құлындайтын жылқыларды сайға тығып, санап тұрған орыстарға шұбар-ала айғыр кісінеп көнбей, жер тебініп тұрады. Өз туған жерінен жыраққа айдалып кетерін жылқы баласы сезініп тұрса керек жарықтық. Тәркілеуді ұйымдастырып тұрған орыстардың, жанына ерген жез ілгек, шошақ мылтық солдаттардың астындағы мінген аттары шұбар-ала айғырдың жер тебінген кісінеген үнінен тыпыршып, тағат таптырмайды. Жан-жақтан құрықпен бұғалық, арқан тастап еріксіз бұғаулап алып жүруге кәмпескені басқарып келген ұлық бұйрық береді. Мойнына түскен бұғалықтарды үзіп, шыңғырып, өз даласына қарай қашып беттеген шұбар-ала айғырды атып алуға пәрмен тастайды. Жез ілгекті, арқасына шошайған мылтық асынған әскерилер атқан оқтар айғырға тимей, ақыры бас бермей өз мекиен құла түз жайлауына дауысы алыстан шыңғырып кетіп бара жатады. Оқиғаға куә болған үлкендер кәмпескеге келген үкімет адамдарының образын, киім үлгісін дәл осы қалыпта сипаттайтын. Иесінің басына нәубет келіп жер аударылып, талан-таражға ұшырайтынын, өзі басқарған үйірдің енді емін-еркін туған даласында жусап жүрмейтінін адамдай сезінген шығар деп, байды кәмпескелеуді көреміз деп барған жұрттың аузында осы әңгіме айтылып қалған. Айғырдың әрекетін қанша сезімтал болғанын, кие ұғымымен байланыстырып айтатын. Сан мыңдаған жылқының ішінде бір киесінің барын қазақ әуелден білетін халық.
«Шілдесінде шырақ көрмеген» деп, «уызына жарымаған» деп генетикалық жағынан да, әулеттік әлеуеті, шежірелік хронологиясы тұрғысынан да арғы аталарынан арғымақ болып атойлаған, елді бастап елдестірген, жауды жапырып қайыстырған, жұртты жарылқап жомарттық қылған, өнері тасып талайдан рухани үстем тұрған тегінде тұрағы болмас топты баяғы қазақ осылай бейнелеп, арнайы диагнозын да қойып кеткен. Бүгінгінің басты қасіретіне айналған жемқорлықтың нақты себебі осы бір тұста жатқанын неге ешкім ой қорытпайтыны қынжылтады. Қоғам болып шырақ алып жемқорды іздеуге көшкен заманда, одан әбден зардап шегіп, елдің қаражаты елдің аузына толық жетпейді деп күнде сайраған теледидардың жаңалығы мен хабарлары толастар емес. Бірақ, ешкім нақты себебін айтқан емес. Жалақыны өсіру жемқорлыққа тосқауылдың амалы деп қарастырған кезеңдер болды. Бірақ, бұның өзі оған құлан таза шипасын беріп, дәрісін дарытып, сауықтырып алатын амал емес.
Ата-бабасынан мирас болған байлық институты да жайдан-жай бір күнде құрылған қоғам емес еді деп қорыта қайталалық. Советтік орақ пен балғаның байрағын байлаған жүйе осы бір бай атауын жезтырнақтай құбыжық етіп, әлеуметтік танымға сіңіріп те жіберген еді. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық та жерге кіреді» деген осы шығар, бәлкім. Ал, ол жазықсыз жапа шеккендерді адами тұрғыда ақтап, қазіргі жастардың зердесіне қашан ұсынамыз. Себебі, ата-бабасымен қазаққа қызмет еткен менеджерлердің табан ақы, маңдай теріне тағзым тәуелсіз ұрпақтан болуы тиісті емес пе еді.
Кеңестік жүйе таққан теріс аттардан арашалап, бүгінгі қоғамға ғибрат ғұмыр иелері ретінде қайтару ұлттық болмыс пен тәрбиенің тиегіне бірден-бір құрал тарихтың осындай кейіпкерлері. Бұрынғы қазақ киенің қасиетін ұққан, обал мен сауапты екі бастан түсінгені анық. Қазіргі қазақты бізден кейінгілер айтар. Бірақ, қазақ даласында дүбірлеп өткен талай дүниенің ұшқыны бүгінгі қоғамға жарық бермесе де, ғибрат берсе екен деген ниет осы.
Берік НҰРМҰХАМЕДОВ,
гуманитарлық ғылымдар магистрі
Дереккөз:https://aqiqat.kazgazeta.kz/news/11395