Ауқатты шаруаларды тап ретінде жою

Ауқатты шаруаларды тап ретінде жою

Жаңа экономикалық саясат жылдарында бай мен кулаққа шаруалардың қандай әлеуметтік топтары жатады? – деген нақты сұраққа жоғарғы кеңес өкіметі органдары айқын жауап бере алмай, бұл мәселе өз шешімін таппай келді 2 [Солопов А. Кого считапи кулаком в 1924-1925 годах? – Трудные вопросы истории. Поиски, размышления. Новый взгляд на события и факты. М., 1991, 83-166 беттер.].

Бай-кулактар қожалықтарының белгілерін анықтау мәселесі КСРО ОАК мен ХКК 1929 жылғы 20 ақпандағы «Еңбек туралы заңдар кодексін кулактар шаруашылықтарында қолдану тәртібі туралы» және КСРО ХКК осы жылдың 21 мамырындағы «Еңбек туралы заңдар кодексі қолданылуға тиісті кулактар шаруашылықтарының белгілері туралы» қаулыларында алғаш рет айтылды 1 [Коллективизадия сельского хозяйства. Вгіжн пост… 127, 163 беттер]. Осы екі қаулының негізінде ҚазКАР ХКК 1929 жылы 10 қазанда соңғысына аттас қаулы қабылдады. Бұл заңдар бойынша Қазақстанда бай-кулактар қожалығына төмендегідей белгілері бар шаруашылықтар жатқызылды: а) жеке ауыл шаруашылығы салықтары салынса; ә) жалдамалы еңбек үздіксіз пайдаланылса; б) диірмендері, майшайқағыш, жарма тартатын мәшинелері немесе тары ақтайтын диірмені және т.б. кәсіпорындары барлар; г) мүшелері саудамен, алыпсатарлықпен, делдалдық сауда-саттықпен және т.б. еңбексіз табыс табумен айналысса, соның ішінде дінге қызмет етсе.

Осы белгілердің бәрі байқалған кез келген шаруа шаруашылығы, бірыңғай ауыл шаруашылығы салығын салған кезде ондағы жан басына шаққандағы табыс 300 сомнан, ал ер шаруашылыққа бөлгендегі – 1500 сомнан асатын болса бай-кулак шаруашылығына жатқызылды 2 [Систематическое собрание законов… 197 бет].

Осылайша аталған зандар шын мәнінде меншігінде мал-мүлкі бар кез келген шаруа шаруашылығын бай-кулакқа жатқызып айыптауға негіз қалап берді. Шаруалардың әлеуметтік құрамынан кулакты ерекше жау тап ретінде бөліп алып көрсету – И.Сталиннің осы жылдары ұстанған нақты бағыты міне осындай. БК(б)П Орталық Комитеті мен Орталық Бақылау Комиссиясының пленумында 1929 ж. сәуірде сөйлеген сөзінде ол: «кедей – жұмысшы табының тірегі, орташа – одағы, кулак – тап дұшпаны» деген тезисті ұсынса 3 [Сталин И. Шығармалар. 12 том, 43 бет.], ол өзінің осы жылғы 27 желтоқсанда марксист аграршылар конферендиясында сөйлеген сөзінде кулактарға ашық шабуыл жасауға шақырып, бұл «дегеніміз –    кулактарды қирату және оларды тап ретінде жою деген сөз» екенін атап көрсетті. Сөйтіп И.Сталин осылайша кеңес үкіметі басшылығының «соңғы уақытта кулактардың қанаушылық тендендияларын тежеу саясатынан кулактарды тап ретінде жою саясатына» көшкенін алғаш рет айқын мәлімдеді.

Өзінің келесі, 1930 жылдың 21 қаңтарында «Красная звезда» газетінде жарияланған «Кулактарды тап ретінде жою саясаты туралы мәселе жөнінде» атты мақаласында И.Сталин бұл саясаттың «деревняның дамуында» 1929 жылдың жазынан бері» басталғанын тағы да ескерте кетті 1 [Стапин И. Шығармалар, 12 том, 186, 196, 198 беттер.].

Кулактарды тап ретінде жоюға байланысты нақты шараларды белгілеу үшін БК(б)П Орталық Комитеті 1930 ж. 15 қаңтарда В.М. Молотов басқарған арнайы комиссия ұйымдастырды 2 [История советского крестьянства. 2 том. Советское крестьянство в период содиалистической реконструкдии народного хозяйства. Конед 1927-1937. М„ 1986, 206 бет.]. Орталықтың үлгісімен жергілікті жерлерде дәл осындай комиссиялар және партия комитетгері жанынан үштіктер құрылды. Соңғылар Орталықтан арнайы нұсқаулар алып, іске белсене кірісіп кетті.

БК(б)П ҚазӨлкелік комитеті жанынан құрылған Қазақстанда кулактарды тап ретінде жою шараларын дайындау және жүзеге асыру мәселесіне байланысты Үштік өзінің 1930 жылғы 23 қаңтардағы мәжілісінде «Кулактар шаруашылықтарын Қазақстанның ішінде қоныстандыру туралы» мәселені тындап, бірінші кезекте кулактарды жаппай ұжымдастыру аудандарынан Қазақстанның ішінде тарата қоныстандыруды қажет деп тапты. Мұндай кулактар қожалықтарының саны шамамен 20 мың болып белгіленді.

Отбасыларымен жер аударылатын кулактар қожалықтары Қазақстандағы өнеркәсіптік құрылыстардан, темір жолдардан және шекаралық аудандардан шалғай, жапан дапаларда жинақы топтастырылып орналастырылатын болды. Мұндай аудандар ретінде шамамен Адай, Балқаш бойы, Үстіртсам, Бөкей, Ырғыз және Қарқаралы округіндегі Шет ауданының және бұрынғы Атбасар уезінің оңтүстік бөлігі, сондайақ Торғай ауданы іріктеліп алынды. Қазақстанның ПП ОГПУ өзінің округтік бөлімдерімен бірге аталған аудандарға қоныстандырылған кулактар отбасыларын қалай пайдаланатындарын екі күндік мерзім ішінде шешулері тиіс болды.

Қоныстандыруға Қазақстанның ішіндегі барлық кулактар отбасылары жатты. Сондай-ақ Үштіктің осы мәжілісінде Қазақстанға сырттан келіп қоныстандырылатын кулактар отбасылары туралы мәселе де қаралды. Бұл бойынша Қазақстан алғашқы кезекте сырттан жер аударылған 30 мыңдай кулактар отбасыларын қабылдай алады деген шешім қабылданып, олардың да жоғарыда аталған аудандарда орналастырылатыны атап көрсетілді.

Осы мәжілісте сонымен қатар кулактар отбасыларының нақты есебін жүргізу үшін округтерде құрамына ОК хатшысы (төраға) ОАК төрағасы және ОГПУ-дің округтік бөлімінің бастығы кіретін оперативтік үштіктер құру туралы шешім қабылданды. Оларға кулактарды жер аударуға бағытталған алдын ала дайындық жұмыстарын аса құпия жүргізетіндері ескертілді.

Алдын ала есепке алуды округтік қаражат бөлімдерінің салық тізімдері негізінде 10 күндік мерзімде аяқтау белгіленді. Кулактардың барлық дүние-мүлкі есепке алынатын болды.

Бұл төтенше шешімді қабылдауға Республикалық үштік төрағасы Құрамысов, мүшелері Альшанский жене Асылбеков қатысқан 1 [ҚРПА. -141-қ., 1т., 2969-іс, 4-п.].

1930 жылы 30 қаңтарда БК(б)П ОК бюросының «Жаппай ұжымдастыру аудандарындағы кулактар қожалықтарын жоюға байланысты шаралар туралы» қаулысы жарық көрді және ол дәл сол күні телеграф арқылы барлық жергілікті партия ұйымдарына жіберілді 2 [История КПСС. 4т., 2кітап, 44бет; История советского крестьянства. 2 т., 207 бет.].

Бұл қаулыда жаппай ұжымдастыру аудандарында арендаға, жалдамалы еңбекті пайдалануға тыйым салынды, кулактардың мал-мүлкін тәркілеуге рұқсат берілді.

Кулактар үш топқа бөлініп жазаланатын болды. Алғашқылар, яғни контрреволюдиялық актив тұтқындалып сотқа берілуі, ал ірі кулактар жаппай ұжымдастыру аудандарынан солтустікке немесе алыс аудандарға жер аударылуы және соңғы топ – қалған кулактар отбасылары өздерінің аудандарында колхоздар бөлген жаңа жерлерге қоныстандырылуы тиіс болып белгіленді.

Жазалау шараларының орташаларға таралып кетуінен қауіптенген БК(б)П ОК жойылатын кулактар қожалықтары барлық шаруалар қожалықтарының орта есеппен 3-5 процентінен аспаулары керектігін де атап көрсетті. Ұлдары қызыл әскер қатарындағы кулактар отбасылары жер аударудан және тәркіленуден босатылды.

Осы қаулыны заңды түрде негіздеу КСРО ОАК мен ХКК 1930 жылғы 1 ақпандағы қаулысымен жүзеге асырылды 3 [Коллективизадия сельского хозяйств. Важн. пост., 267 бет.]. Онда жергілікті жердегі өкімет және үкімет органдарына «Бұл аудандарда кулактарға қарсы күресте барлық қажетті шараларды қолдану» құқығы берілді. Яғни кулактарды тап ретінде жою саясаты жергілікті жерлерде өмірге нақты енгізіле бастады.

1930 жылы 10 ақпанда БК(б)П Қазақ Өлкелік комитетінің кулактарды тап ретінде жою шараларын дайындауға байланысты комиссиясы өзінің мәжілісінде жоғарыда аталған БК(б)П ОК 30 қаңтардағы қаулысын талқылады. Онда осы мәселеге байланысты округтік партия комитеттеріне жіберілетін нұсқау қаралды. Комиссия Голюдовқа, Скороспешкинге және Альшанскийге осы нұсқаудың соңғы нұсқасын бір тәулік ішінде редакдиялап бітіріп, 11 ақпандағы кешкі сағат 800-де тікелей желімен округтерге беру тапсырылды. Дәл осы мерзімде бұл нұсқауды ОГПУ арқылы беруді Альшанский ұйымдастыруы тиіс болды. Нұсқаудың соңғы нұсқасы Өлкелік партия комитетінің комиссиясы мүшелерімен және Секретариатымен келісілетін болды. Сондай-ақ кулактардан қаражатты, займдарды және т.б. бағалы заттарды алу тәртібін белгілеген нұсқау да осында бекітілді.

Мәжілісте кулактар мен байларды жоюдың алғашқы әрекеттері жүзеге асырылатын жаппай ұжымдастыру аудандары, нақты 20 аудан белгілеңді.

Сондай-ақ осы мәжілісте сол аудандардан басқа, Қазақстанның жаппай ұжымдастыруға жатпайтын басқа аудандарында да бай-кулакты жоюдың жүргізілетіні ескертілді. Бірақ бұл аудандарда – мұндай саясат БК(б)П Қазақ Өлкелік партия комитетінің рұқсатымен ғана жүзеге асырылуы тиіс болды.

Бай-кулактарды жою шараларын шын мәнінде жүзеге асыру ОГПУ органдарына жүктелді. Қазақстан ПП ОГПУ орынбасары Альшанскийге осы жиналыста жоғарыдағы 20 ауданда жойылуға тиісті бай-кулактар санын нақты белгілеу және оларды жер аудару мерзімдерін, сондай-ақ көшіру тәртібін округтерге мәлімдеу тапсырылды.

Жаппай ұжымдастыру аудандарынан жер аударылған кулактарды қоныстандыратын аудандар да осы мәжілісте белгіленді.

Округтер қоныстандыру мекендерін дәлірек анықтап, оларды қандай жұмыстарға жегуге болатынын алдын-ала жоспарлауы тиіс болды. Бай-кулактар қоныстанатын поселоктардағы қожалықтар сандары 50 үйден аспайтын болып белгіленді.

Округтік партия комитеттеріне ауқатты шаруаларды анықтауға 7 күндік мерзім берілді. Сондай-ақ округтегілер бай-кулактарды қоныстандырған кезде оларға азық-түлік қорын және БК(б)П ОК саяси бюросының 30 қаңтардағы қаулысында көрсетілгендей кейбір қажетті өндіріс құралдарын, үй мүліктерін қалдыруға тиіс болды. Әрбір кулак отбасына 500 сомға дейін ақша ұстауға рақсат етілді 1 [ҚР ПА. -141=қ., 1=т., 2969=іс, 14-17=п.].

Осы қаулылар басқа да мемлекеттік органдардың, әсіресе сот-жазалау органдарының ерекше белсенділігін туғызды. Олар өз кезегінде өздерінің округтік, аудандық органдарына бай-кулактарды жоюға байланысты жаппай жедел тапсырмалар бере бастады.

Назар аударар нәрсе, сот-жазалау органдарының жергілікті жерлерге жөнелтілген жабық нұсқаулары өздерінің шектен тыс қаталдығымен, кейде тіптен адамгершілік қасиеттерден жұрдайлығымен ерекшеленді.

Мысалы, КСРО Юстиция халкомы Н.Янсенның өзі қол қойған, барлық өлкелік, облыстық прокурорларға және автономиялы республикалардың заң Халкомдарына 1930 жылы 3 ақпанда жолданған көлемді нұсқауда кулактардың бірінші категориясын – «контрреволюдияшыл кулак белсенділерін оларды концлагерлерге қамау арқылы жедел жою» ұсынылса, ал қастандық актілерін ұйымдастырушыларға – контрреволюдиялық бас көтерулер мен көтеріліс ұйымдарына дем берушілерге» ату жазасын қолдану ұсынылды.

Жоғарыда БК(б)П ОК 30 қаңтардағы қаулысында көрсетілген жер аударылған кулактар отбасыларына тек ең қажетті нәрселерді ғана қалдыру туралы нұсқау тек II және III категорияға жататын бай-кулактарға ғана арналғаны осы жабық хатта ескертілді.

Кулактарды жазалау колхоз мүшелерінің жалпы жиналысында, батырақтар мен кедейлер жиналыстарында жүзеге асырылатыны атап көрсетіле тұрса да, кулактардың бірінші категориясына қарсы шаралар Өлкелік партия комитеті өкілі мен өлкелік прокурор мүше ОГПУ жанындағы ерекше мәжіліс сеніп тапсырған құқықтар негізінде ПП ОГПУ арқылы жүргізілетін болды. Оның үстіне аталған Ерекше мәжіліске Өлкелік прокурор республика прокуратурасының өкілі жоқ болған жағдайда соның орнына ғана қатыса алды.

Жасырын нұсқау прокурорға наразылық білдіру құқығын «аса абайлап пайдалануды» ұсынып, мұның өзі шаруалардың кедейлер мен орташалар бөлігінің мүддесін білдірсе ғана мүмкін екендігін ескертті. Яғни жазалауға ұшыраған шаруалардың ауқатты бөлігі өзінің Конститудияда белгіленген азаматтық құқықтарын пайдалану мүмкіндігінен айрылды. Заңсыздық орын алған жағдайда прокуратура органдары оларға араша түсе алмайтын болды.

Осы жабық нұсқауда концлагерге айдалған кулактар отбасыларының өздері бұрын мекендеген жерлерде қалдырылулары мүмкін екендігі де айтылды. Бірақ оларда кулактардың өздерін әлеуметтік қорғау туралы ешқандай да шаралар белгіленген жоқ. Яғни бай-кулак отбасы мүшелері үкімет алдында ешқандай кінәлары болмаса да қорғансыз қалдырылды.

Ал енді кулактардың мал-мүлкін тәркілеуді міндетті түрде ауылдық кеңес төрағасы және колхоздың, батырақ-кедейлер тобының және батырақ комитеттерінің өкілдерінің қатысуымен аудандық атқару комитетінің ерекше уәкілі жүргізуі тиіс болды. Тәркілеуге 500 сомнан жоғары қарайғы барлық қаражат жатты. Тәркіленген дүние колхоздың бөлінбес қорына берілетін болды.

Кулактарға өз беттерінше көшуге, мал-мүліктерін сатуға тыйым салынды.

Көзделген шаралар кулактардың алғашқы екі категориясына ақпаннан бастап санағанда 4 айдың ішінде жүзеге асырылуы тиіс еді.

Жоғарыдан келіп түскен бұл жасырын нұсқау жергілікті жерлерде, соның ішінде Қазақстанда да тұтқындалған және жер аударылған кулактарды қалай жазалау керектігін толық түсіндіріп бере алмады. Әсіресе, кулактардың I категориясын жазалауды кім қалай жүргізуі керек деген мәселе айқындай түсуді қажет етті.

Жергілікті жерлерден түскен осы мәселелерге байланысты сұрақтарға нақтырақ жауап беру қажет болғандықтан КСРО Юстиция халкомы 24 ақпанда жергілікті жерлерге өзінің жоғарыдағы 3 ақпандағы нұсқауын толықтыратын келесі жабық хатын жолдады. Оған да халком Н.Янсеннің өзі қол қойған.

Бұл бойынша I категорияға жататын бай-кулактарды «жедел тергеуді ОГПУ жанында ұйымдастырылған үштіктер жүргізетіні, әлеуметтік қорғаудың негізгі шарасы – лагерьге қамау» болып табылатыны, тек «контрреволюдиялық ұйымдар мен топтардың қаныпезер белсенділері ғана» ату жазасына кесілетіні атап көрсетілді. Концлагерьге қамалғандардың немесе ату жазасына кесілгендердің отбасылары РКФСР-дың солтүстік аудандарына жер аударылуы тиіс болды. Ал олардын дүние-мүліктері тәркіленуге жатты.

Қазақстанның Юстиция халық комиссариаты мен Прокуратурасы 1930 жылы 19 ақпанда өзінің округтік органдарына жолдаған құпия нұсқауында Қазақстан бойынша бай-кулактарды тап ретінде жою жүзеге асырылатын 22 ауданды тағы атап көрсеткен. Бұлардың енді 20 болмай 22 болатын себебі Алматы округінен тағы екі аудан – Ыссық және Калинин аудандары кейініректе алғашқы тізімге қосылған.

Құпия нұсқауда бай-кулактарды осы аудандарда жоюға байланысты Қазақстан ОАК-нің нұсқауында осы жылдың 1 сәуіріне дейін толық жүзеге асырылуы тиістігі атап көрсетілген. Яғни Қазақстан басшылығы Орталық органдарға қарағанда бай-кулактарды жою саясатын әлдеқайда жоғары қарқынмен жүргізіп, оны жоғарыда біз келтірген КСРО Юстиция халкомының жабық нұсқау хатында көрсетілгендей, 4 ай мерзімде 1 сәуірге дейін жедел аяқтауға күш салды. Ал мұның өзі жергілікті жерлерде жаппай дүрбелең туғызды.

Тәртіпсіздіктердің белең алып кетуінен алдын ала сақтанған РКФСР Юстиция халкомиссариаты және прокуратурасы 1930 жылғы 25 ақпанда жергілікті жерлерге тағы да нұсқау хат жолдап, онда «бір қатар аудандарда кулактарды теркілеудің мүлде аппараттық жолмен, жалаң әкімшілік жолмен жүргізіліп жатқанын» ескертті. Кейбір жерлерде орташаларға, тіптен кедейлерге сорақы асыра сілтеулер жасауға жол берілді. Олардың мүлкі тәркіленіп, өздері кулак ретінде жер аударылды. Дәл осындай асыра сілтеуден қызыл әскерлер отбасылары да азап шекті.

Оның үстіне кулактарды тәркілеу кезінде жоғарыда көрсетілген нұсқаулар бұрмапанып, олардың «барлық киім-кешектері, іш киімдері, барлық азық-түлігі» тәркіленді. Ыдыс-аяқ, ұсақ-түйектің бәрі, балалардың іш киімдері тартып алынды» 1 [ҚР ОМА. -1380-қ., 1т., 243-іс. 1, 2, 3, 5, 59, 8-п.].

Мұндай жүгенсіздіктер Қазақстанға да тән болды. Қазақстанның өлкелік прокуратурасы 1930 жылы 25 наурызда өзінің жергілікті жерлердегі прокуратура органдарына жолдаған жабық нұсқау хатында «кулактарды тәркілеудің жергілікті жерлерде Партия мен үкіметтің 1930 жылғы 1 ақпанындағы нұсқауларын көпе-көрінеу бұрмалау түріне ие болып бара жатқанын» ескертті. Бай-кулактар ғана емес, агрономдар, дәрігерлер, орманшылар, мектеп қызметкерлері де кулакқа жатқызылып, тәркілене бастады.

Сонымен қатар «ауыл шаруашылығы мамандарын «зиянды элемент» деген сылтаумен сайлау құқынан негізсіз айыру» және оларды кулакқа айналдыру таралып кетті 1 [Сонда, 2т., 342-іс, 99-п.].

Жергілікті сот-жазалау органдары бай-кулактарды жою ісіне шаруашылықтық науқандарды белсенді пайдаланды. Мысалы, Павлодардың округтік прокуроры аудандық партия комитеттері хатшыларына астық дайындау науқанында түрмеге отырғызуға үлгермеген кулактардың қалған 30 процентін көктемгі егін егу кезінде тұтқындауды ұсынды. Өзінің жоғарғы органдарға жазған баяндау хатында Гурьев округінің прокуроры сот пен прокуратураның қатысуымен кулактарды тап ретінде жоюды көздеген «жүн дайындау науқанының да астық дайындау әдісімен жүргізіліп жатқанын» мәлімдеді.

Асыра сілтеулер ОГПУ жанында жұмыс істейтін үштіктер жұмысында да аз болған жоқ. Сондықтан бұған РКФСР Юстиция халкомы Н.Янсеннің өзі және ОГПУ прокуроры орынбасары Ланда бірнеше рет назар аударып, жергілікті жерлерде орын алған олқылықтарды жөндеу туралы арнайы нұсқау хаттар жолдауға мәжбұр болды. 1930 жылғы 3 сәуірдегі осындай нұсқауында ОГПУ үштіктері концлагерге қамауға үкім шығарғандар арасында «орташалардың, тіптен кедейлердің жоғарғы проценті байқалғаны» атап көрсетіліп, бұл істе абай болу қажеттілігі ескертілді, сондай-ақ «қаулыларды қайта қарау және қамалғандарды мерзімінен бұрын босату» ұсынылды.

Келесі 1930 жылғы 8 мамырда жергілікті жерлерге жөнелтілген нұсқау хатта жоғарыда аталған кісілер ПП ОГПУ үштіктері жұмысында орын алған және тексеру барысында ашылған кемшіліктерді тіптен нақтырақ көрсетті. Бұлардың кейбірі төмендегідей:

Кеңес өкіметіне қарсы насихат жүргізді (ҚК58-бабының 10-тармағы) деген бір адамға қатысты іс бойынша бірнеше адамды соттау әдетке айналған; контрреволюдиялық топтар немесе ұйымдар құрғанын дәлелдейтін мәліметтер жоқ болса да олар ҚК 58-бабының 11-тармағымен айыпталған; оның үстіне бұлардың бәріне дәлел жеткіліксіз бола тұрса да елеуметтік қорғаудың жоғарғы шарасы (ату) қолданылған 2 [ҚР ОМА. -1380-қ., 2т., 297-іс, 73, 77, 16, 25-п.].

Мұндай жүгенсіздіктерден БК(б)П ОК өзі де, сондай-ақ И.Сталин де жақсы хабардар болды. «Бізге керегі әйтеуір бір шабуыл емес, – деп атап көрсетті И.Сталин осыған байланысты, – бізге керегі белгілі бір таппен одақтасып, белгілі бір топқа жасалатын шабуыл емес пе? Диірменге ат қойғанда, Дон Кихот та жауға шабуыл жасадым деп ойлаған ғой. Бірақ ол бұл «шабуылды» жасаған бетінде шекесін жарып шыққаны белгілі.

Сірә, Дон Кихоттың даңқы біздің солшыл асыра сілтеушілерге ұйқы бермейтін болса керек».

Кулактарды тап ретінде жою науқанында асыра сілтеушілерді осылайша әжуалаған И.Сталин сонымен қатар кулактарға қарсы күресті күшейте түсуді талап етті. «Кулак – кеңес өкіметінің қас жауы», – деген өзінің белгілі тезисін берік басшылыққа алған ол, «бұдан былай ол бүйілерге, қанішерлерге шыдаудың қажеттігі жоқ», – дей келе кулактарды жою саясатын большевиктерден «табандылықпен, дәйектілікпен жүргізуді» талап етті 1 [СталинИ. Шығармапар. 12том, 236, 244–245беттер.].

Мұндай бағыт түрмелер мен концлагерлердің бай-кулак ретінде айыпталғандарға лық толуына алып келді. Қазақстанда қамаудағылар саны 22 000 адамға жетті. РКФСР прокуроры Крыленко жергілікті жерлерге 1930 жылы 15 мамырда жіберген нұсқау хатында «Халком кеңесінің қаулысымен белгіленген» түрмелер мен концлагерлерді жеңілдету, яғни сотталған адамдарды мерзімінен бұрын босату комиссияларының жұмыс істеп жатқандарына қарамастан түрмелердің «тағы да лық толғанын» ескертті.

Айта кеткен жөн, түрмелер мен концлагерлердегі тұтқындар сандарын азайту жұмысы Қазақстанда 1929 жылы қараша айынан бастап қолға алынды. Қамаудан орташалар мен кедейлер босатылуы керек болды. 1930 жылдың 1 шілдесіне дейін Қазақстан түрмелерінен осылайша 12 000 адам босатылды. Осы мәселеге байланысты округтерде арнайы ұйымдастырылған комиссиялар тұтқындағылар құрамын қайта тексеріп: 1) қастандық жасау актілеріне және контрреволюциялық қылмыстарға қатысқандардан басқа барлық кедейлер мен орташаларды босатуға; 2) контрреволюциялық қылмыстардан басқа, ҚК 61, 169, 107, 79 және т.б. баптарымен сотталған кулактар мен байларды бостандығынан айыру үкімін жер аударумен ауыстыруға; 3) қамау үйлерінде тек қана контрреволюционерлерді, қаныпезер ұрыларды және тергеліп жатқандарды қалдыруға шешімдер қабылдады.

Бұл шешімдерді орындау барысында Қазақстан бойынша түрмелер мен концлагерлерден 8000-нан астам кулактары жер аудару белгіленді. Бірақ алып жүретін күзеттің және көліктің жетіспеуіне байланысты олардың 4 000-дайы ғана жер аударылды. Оның үстіне жер аудару күткен нәтижені бермеді. Берілген нұсқауға қарамастан, біріншіден, жер аударылғандар ішінде кулактар мен байлар азшылық, ал орташалар мен кедейлер көпшілік болып шықты. Олардың арасында бұрынғы қызыл партизандар мен қызыл әскерлер де көп кездесті. Екіншіден, жер аударылғандар барған жерлерінде қиын жағдайларға кездесіп: жұмыс таппай, кей жағдайда орташалар қожалықтарына бекітіліп, кейде солардың есебінен күн көруге мәжбұр болды.

Осыларға байланысты жер аудару көп кешікпей тоқтатылып, ал бостандықтан айыру жазалары жер аударумен ауыстырылғандар енді тұтқын ретінде әр түрлі жұмыстарға жіберілді. Мұндайларға қамауда отырған 4 000-дай адамның 2908-і ілінді.

Жалпы алғанда 1930 жылдың 1 шілдесіне дейін Қазақстан түрмелерінде 9910 адам қалды.

Бай-кулак ретінде жазалау науқанында Қазақстанда қанша адамның жазықсыз жапа шеккенін асыра сілтеулерді түзетуге байланысты жұмыстардың төмендегідей нәтижесі біршама аңғартады: 1930 жылдың 1 маусымына дейін сот және прокуратура органдары мынандай шараларды жүзеге асырды: 2883 адамды соттау ісі тоқтатылды; 1598 адамға сот арқылы алынып қойылған дүние-мүлкі қайтарылды; 4998 адам түрмелерден босатылды; 2443 адам айдаудан қайтарылды; 1176 адамды жазалау шаралары жеңілдетілді. 848 адамнан әкімшілік жолмен салынған айыптар алынып тасталынды; 1756 қожалыққа кулак ретінде тәркіленген дүние-мүліктері қайтарылды; 3030 адамның сайлауға дауыс беру қүқығы қайта қалпына келтірілді.

Бұл жұмыстардың 10 шілдедегі қорытынды мәліметіне жүгінсек, Қазақстандағы жазықсыз бай-кулакқа айналдырылып тәркіленген және қуғын-сүргінге ұшыраған шаруалар қожалықтарының саны 5881 болып шығады 1 [ҚР ОМА. -1380к., 2т., 384-іс, 27, 110, 76, 111-п.].

Бірақ Ф.И. Голощекиннің VII Бүкілқазақтық партия конферендиясында (1930 ж., мамыр-маусым) өзінің баяндамасында келтірген ресми мәліметтеріне жүгінсек, кулакқа әдейі айналдырылып, одан жапа шеккен шаруалар қожалықтарының жоғарыда көрсетілгеннен әлдеқайда көп екенін байқаймыз. Негізінен орташаның көрген қорлығын ғана бейнелейтін бұл мәліметтер төмендегідей 1 [VII Всеказахская партийная конферендия. Стеногр. отч… 109 бет.]:

Иә, мұнда тек орташалар ғана бейнеленген. Ал жапа шеккендер ішінде кедейлердің де болғанын ескерсек, бұл көрсеткіш өсе түсер еді. Бірақ біздің қолымызда олардың есебі жоқ. Мұндай есептің жүргізілмеуі де мүмкін.

Бай-кулакқа қарсы ұранмен жүргізілген осы науқан шын менінде жаңадан құрылып жатқан колхоздарға ғана тиімді болды. Кедейлер мен орташалар бұдан ешқандай бас пайда тапқан жоқ. Мұны төмендегі, 1930 жылдың жаз айына дейін бай-кулактардың дүние-мүлкінің колхоздардың бөлінбес қорына қалай берілгенін бейнелейтін кестеден де көре аламыз 2 [История советского крестьянства… Т. 2. 217 бет.]:

Халықтың қалың бұқарасы орташалар мен кедейлер бай-кулактарды меншігінен айыру, тәркілеу науқандарында бәрібір меншікке ие бола алмады. Меншіктің жаңа түрлері колхозкооператив меншігі және мемлекеттік совхоз меншігі шықты. Бай-кулактардан алынған дүние-мүлікке осылар қожа болды.

Асыра сілтеуді түзету шаралары жаңа астық дайындау науқанына байланысты шұғыл жұмыстар барысында бәрібір аяқсыз қалды. РКФСР Юстиция халкомының және ОГПУ прокурорының 1930 жылдың 14 шілдесінде жергілікті жерлеріне жолданған нұсқау хатында «базарда жаңа астықтың пайда болуы, деревнядағы, сондай-ақ қаладағы буржуазияны» астықпен сауда жасауға итермелейді деген қауіп айтылды. Сондықтан жергілікті сот-жазалау органдары астықпен сауда жасауға қарсы «Жедел және батыл күресуі тиіс» болды. Ал астықпен сауда жасаушыларды ПП ОГПУ жанындағы үштіктер соттап, әлеуметтік қорғау шаралары: айдауға және 3 жыл мерзімге лагерге қамауға үкім шығарады деп белгіленді 1[ҚР ОМА. -1380к., 1т., 243-іс, 35-п.].

Бай-кулактарға қысымды үдете түскен Қазақстан Халком Кеңесінің 1930 жылы 6 тамыздағы мәжілісінің шешімі болды. Онда «Кулактар-байлар қожалықтарына селолық кеңестер олардың барлық артық тауарлары көлемінде мемлекетке сататын астықтың тұрақты тапсырмасын беретіні» атап көрсетілді. Бай-кулактар осы тапсырманы орындаған жағдайда ғана жалпы негізде тұтыну мөлшері бойынша өндіріс тауарларымен қамтамасыз етілетін болды.

Оның үстіне халком кеңесі осы жылдың 16 қыркүйегінде де, осындай астық тапсырудың тұрақты тапсырмасымен кулактар-байлар, ауқаттылар қожалықтарын неғұрлым көбірек қамтыған және олардың мерзімінде орындалуын қамтамасыз еткен аудандарға, колхоздарға, ауылдарға және селоларға сыйлықтар беру туралы шешім қабылдады. Мұндай сыйлықтарды сондай-ақ, кулактар мен байларға қарсы белсенді күрес жүргізген, олардың артық астықтарын іздеп тапқан комсомол мүшелері және белсенділер де алатын болды.

Сот-жазалау органдары да өз кезегінде бай-кулактар қожалықтарына қысымды үдете түсті.

Қазақстанның Юстиция Халкомы Айтмағамбетов 1930 жылы 19 қыркүйекте қол қойған және барлық жергілікті заң органдарына жіберілген нұсқау хатта астық тапсыру тапсырмасын орындамаған кулактар-байлар және ауқаттылар қожалықтарын ҚК 61-бабы бойынша жауапқа тартып, олардың өндіріс құрал-саймандарын тәркілеу және «қаныпезерлікпен» астық тапсырмаушыларды ҚК 35-бабымен жер аудару қажеттігі көрсетілді. Ал астықпен сауда жасаушыларға әйгілі ҚК 107-бабын қолдану ұсынылды 2 [Сонда. -1380=қ., 2=т., 384=іс, 103, 36-38, 44-45=п.].

Айта кеткен жөн, бай-кулактарды жоюда РКФСР Қылмысты істер кодексінің аталған баптарының ішінде әсіресе 61-бапқа баса мән берілді. Бұл бойынша астық тапсырудың тұрақты тапсырмасын орындаудан жалтарған кулак-элементтері мұндайға «тіптен бірінші рет барса да» және басқа адамдармен бірігіп, топ құрып «өкімет органдарына белсенді қарсылық көрсетсе» екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылды, дүние-мүлкі түгелдей немесе оның бір бөлігі тәркіленді. Олардың айдалуы да, айдалмауы да мүмкін болды 1 [ҚРОМА. -1380-қ., 390=іс, 158=п.].

Бұл қатал бапты, РКФСР Юстиция Халкомы омірдс қолдануға 1929 жылдың наурыз айында рұқсат берген еді. Бірақ бұл бап әкімшілік жаза берілгеннен кейін ғана қолданылуы тиіс болды.

Алматы, Қызылорда және Орал округтерінде ҚК 61-бабы кулактар ғана емес орташаларға да, тіптен, кедейлерге де көптеп қолданылып, бұл істе жүгенсіздік орын алды 2 [Сонда, 297=іс, 16, 74–75=п.]. Мұның бәрінен жақсы хабардар жоғарғы органдар мұндай асыра сілтеулерді тоқтатуға шын мәнінде дәрменсіз болды.

Кулактарды жою саясатының көлемін және негізгі бағытын бұрынғыша Мәскеудегі сот-жазалау органдары қатал бақылап отырды. РКФСР Юстиция Халкомы 1930 жылғы 21 қыркүйекте өзінің жергілікті органдарына жолдаған нұсқау хатында кулактар ауқаттылар қожалықтарына астық дайындауға байланысты тұрақты тапсырмалар берудің нашар жүзеге асырылып жатқанын айта келіп, мұндай қожалықтардың аудандарда халықтың 4-5 процентін, тіпті ары кеткенде7 процентін ғана құрайтыным атап көрсетіп, осындай қожалықтарды жоғарыдағыдай тапсырмалармен қамтудың нашарлығына қынжылыс білдірді.

Ал осы мекеменің келесі күнгі – 22 қыркүйектегі жергілікті жерлерге жіберілген нұсқау хатында РКФСР Халкомы Кеңесінің 1930 ж. 8 қыркүйектегі «Ауыл шаруашылығы кредиті жүйесінде барлық ұзақ мерзімді қарыздарды және жедел төлемдерді өндіріп алу туралы» құпия қаулысына сәйкес ауыл шаруашылығында қарыз беру жүйесіндегі халықтың қарыздарын жедел өндіру, ал кулактар мен ауқаттылардан бұларды мерзімінен бұрын өндіріп алу науқаны басталды. Бұл науқан әдейі шаруалардың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін мерзіміне сәйкес белгіленді. Осы жұмысты жүзеге асыру үшін жергілікті атқару комитеттері жандарынан арнайы үштіктер құрылды. Ал сот-жазалау органдары болса осы үштіктермен тығыз байланыста әрекет етулері тиіс болды.

Бұл шұғыл науқанда кулактар мен ауқатты шаруалардан қарыздарды және төлемдерді өндіріп алу 1930 ж. 1 қазанынан кешіктірілмей аяқталуы тиіс еді. Дәл осы мерзімде ауыл шаруашылығымен айналыспайтын адамдардан да қарыздарды жедел өндіріп алу көзделді. Кеңшілік кедейлерге ғана берілді: олар төлемдерді төлеуді 1930 жылдың 1 желтоқсанына дейін соза алатын болды 1 [ҚР ОМА. -1380-қ., 1т., 243-іс, 51, 46, 50-п.].

Осындай бай-кулактарға қысым жасаудың жаңа науқандары, түрмелердің адамдарға лық толуы ауқатты шаруаларды жаппай жазалаудың жаңа әдістерін іздестіріп, өмірге енгізуді қажет етті. Сондықтан Қазақстан Орталық Атқару Комитеті 1930 ж. 17 қыркүйекте «ҚазАКСР-нің, ауылдық, қыстақтық және селолық кеңестері жандарындағы көндіру камералары туралы» Ережені бекітті. Бұл бойынша аталған жергілікті кеңес органдары өздерінің жанынан жазаланушыларды уақытша қамауда ұстайтын абақты бөлмелерін ашуға арнайы нұсқау алды.

30 қыркүйекте Қазақстанның Юстиция халкомы және прокуратурасы осы өкімет шешімін қалай жүзеге асыру керектігін түсіндіріп барлық халық соттарына, прокурорларға және халық тергеушілеріне құпия нұсқау хат жөнелтті. Бұл бойынша көндіру камераларын ұйымдастыруға байланысты жұмыстар 1931 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқталуы тиіс болды.

Ал осы кезге дейін БОАК-нің және РКФСР-дың Халком Кеңесінің 1928 жылы 18 қазандағы қаулысына сәйкес ауылдық кеңестер жанында ұйымдастырылып жұмыс істеп келген көндіру комиссиялары енді таратылып, ал олардағы істер жаңадан ұйымдастырылатын көндіру камераларына берілуі тиіс болды 2 [Сонда, 2т., 389-іс, 68-п].

Көндіру камералары кеңес өкіметінің төменгі органдарына астық дайындау, салықтарды және қарыздарды төлеу, егін егу, бай-кулактар шаруашылығын тәркілеу, контрреволюциялық ұйымдарды «әшкерелеу» тәрізді төтенше науқандарда өздеріне ұнамаған кез келген шаруаны көндіру камераларына қамауға алып, оларды тергеу-жазалау жұмыстарын жүргізуге кең мүмкіндіктер ашты.

Осылайша жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған шаруалардың едәуір бөлігі бас сауғалап өздері тұратын елдімекендерді тастап, беттері ауған жаққа жаппай қашып көше бастады 1 [Сонда, 243-іс, 81-п.].

Қалхалком Кеңесі 1930 жылдың 2 қазанында «Астық дайындау және салық салу кезіндегі қысымға байланысты кулактар және байлар қожалықтарының өз беттерінше тарауы және қашып кетулері жайлы» құпия қаулы 2 [Сонда, 1т., 241-іс, 42-п.] қабылдап, соның негізінде жергілікті жерлердегі үкімет органдарына нақты нұсқау жөнелтті.

Бұл бойынша, аудандық және қапалық атқару комитеттері, сондайақ қалапық кеңестер «соңғы жарты жылда 1930 ж. сәуірден бастап басқа округтерден және аудандардан өз беттерінше келгендердің берін анықтаулары және оларға астық дайындауға байланысты тұрақты» міндеттер белгілеуі, салықтар салулары керек болды.

Ап басқа жаққа қашуға талаптанатындарды милидия, ОГПУ және ішкі істер органдары жедел тұтқынға алды және сотқа берді 3 [Сонда, 243-іс, 81-п].

Басқа округтер мен аудандардан қашып келгендер бай-кулакқа жата ма, жоқ әлде жатпай ма? – деген мәселені анықтау аса қиын болғандықтан, жоғарыдағыдай тәртіппен жазаланғандардың қатарларына тағы да орташалар мен кедейлер көптеп ілініп кетті.

1930 жылдың күзіне қарай байлар мен кулактар қожалықтарын анықтаудың өзі де қиын бола бастады. Кейбір жергілікті Кеңес органдары өздерінде астық тапсырудың тұрақты тапсырмасын беретін кулактар мен ауқаттылар қожалықтары қалмағанын айта бастады. Бірақ мұндай пікір білдірушілер жедел жазаланды 4 [Сонда. – 1380-қ., 2т., 272-іс, 38-39-п.].

1930 жылдың 15 қарашасында мемлекетке астық тапсырудың Қазақстан бойынша жоспарының совхоздарда 32 процент ғана, ал колхоздарда 71,7 процент ғана орындалғанын көрсетті. Мұндайда жекешелер қожалықтарына қысым жасамай жағдайды жөндеу мүмкін емес еді. Ал мұның өзі жоғарғы органдардың бәрінен бұрын жергілікті жерлердегі сот-жазалау органдарының жұмыстарына қысымды күшейте түсуіне алып келді. Қазақстан Юстиция хапкомы коллегиясының 1930 ж. 19 қарашадағы шешімінде кейбір аудандардың прокурорларына «кулактар және ауқаттылар элементтерін жазалау көзінде жұмсақтық  тантқандары үшін ескертулер мен қатаң сөгістер берілгені, егер жедел бетбұрыс жасалмайтын болса олардың жауапқа тартылатыны» ашық айтылды 1 [Сонда, 349-іс, 174-п.].

Яғни жергілікті органдар егер ауданда кулактар қалмаған болса, онда өздері жазадан қүтылу үшін орта-шапардың есебінен жаңа кулактарды тауып қолдан жасауға мәжбұр болды.

Жағдайды қиындата түскен КСРО ОАК мен ХККнің 1930 жылғы 13 қазанда жарық көрген «Кулактар қожалықтарындағы жалдамапы еңбек туралы» қаулысы еді. Бұл қаулы осы уақытқа дейін кулакқа кімдер жатқызылатынын жалпылама болса да анықтап келген «Еңбек туралы заңдар кодексі қолданылатын кулактар қожалықтарының белгілері туралы» КСРО Халком Кеңесінің 1929 ж. 21 мамырдағы қаулысының күшін жойды.

Өйткені мұнда көрсетілген кулактар қожалықтарының белгілері бар қожалықтар 1930 жылдың күзінде мүлде дерлік қалмаған да еді. Бірақ шаруалар арасынан кулактар мен ауқатты шаруалар қожалықтарын іздестіру және осыған байланысты жазалау бәрібір жүріп жатты.

Жоғарыда аталған қаулы енді кулактар қожалықтарын бірыңғай ауыл шаруашылығы салығы туралы қағидаларда көрсетілген белгілер бойынша анықтауды ұсынды. Айта кеткен жөн, КСРО ОАК және ХКК «Бірыңғай ауыл шаруашылығы салығы және орташа шаруаларды салықтан жеңілдету туралы» бұрын қабылданған (1929 ж. 8 ақпан) қаулысында кулактарға жатқызылып, салық салынатын қожалықтар орта есеппен барлық шаруалар қожалықтарының 3 процентінен аспауы керектігі ескертілген еді 2 [Коллективизадия сельского хозяйства. Важн. пост… 122, 82 беттер].

Бұл нүсқаудың Қазақстанда бұлжытпай орындалғанын бай-кулактар қожалықтарына жеке салықтар салуды бейнелейтін мына кестеден байқауға болады:

Рас, бұл кестеге әртүрлі себептермен 1929-30 жылы жеке салықтар салынбаған 14,5 мың кулак (үлесі 1,1 процент) кірмей қалған. Осыларды қосқанда Қазақстанда бай-кулакқа жатқызылып есепке алынған қожалықтар санының 54625 екенін көреміз.

Дегенмен бұлар негізінен 1930 жылдың жаз айына дейінгі көзеңде ғана қуғын-сүргінге ұшырап, мал-мүлкі тәркіленіп, кулактық белгілерден айрылып, от басылары ашаршылыққа ұрына бастаған қожалықтар еді.

Осы ауыр жағдай туралы Викторов аудандық прокуроры Передеркин Қазақ АКСР-ның прокурорына жазған көлемді мәлімдемесінде ашық айтты. Ол 15 қазаннан 30 қазанға дейінгі аралықтағы бірнеше бескүндікте сот пен прокуратураның қысымымен халықтан 800 ғана центнер астық жиналып алынғанын, бұл жұмыстың көктемде таратылып берілген тұқымдық қорды қайта жинап алу мақсатымен жүргізіліп, ал халықтың өзінің «ең соңғы азық-түлікке керек астығын» өткізіп жатқанын айта келіп, енді «колхоздардың тұқымдық және сақтандыру қорларынан жұрдай болатынын» атап көрсетті.

Мұндай жағдайда бұрынғы кулактарға қысым жасаудың тиімділігінің шамалы екенін аңғарған жоғарғы республикалық органдар енді «ауқаттылар» деген атпен шын мәнінде орта шаруаларға шабуылды бастады.

Жергілікті жерлерде шаруалардың ауқаттылар деген әлеуметтік тобын анықтау аса қиын болып, орташаларға қарсы тағы да жаңа зобалаң басталды. Мұның себебі жоғарғы органдардың өздерінің де ауқаттыларға кімдерді жатқызуға болатынын анық білмеуінен еді. Мысалы, Қазақстанның Юстиция халкомы мен республика прокуроры өздерінің 2 қарашада жергілікті аудандық прокурорларға жіберген нүсқауларында ауқаттылардың орташалардан айырмашылығын анықтаудың қолға алынбағанын айта келіп, сондықтан «қожалықтың ауқатты немесе орташа екенін шаруашылықтың әл-ауқатына және басқа белгілеріне қарай жергілікті жерлерде анықтау керек», – деп жазды.

Осылайша, жергілікті органдар кез келген орташалар қожалықтарын астық дайындау науқанында кулакқа жатқызып жібере алды. Айта кеткен жөн, бұған тіптен олар мүдделі де болды. Өйткені өздеріндегі қуғын-сүргінге ұшыраған кулактар сандарын аз көрсеткен аудандық органдар партия мен үкіметтің «кулактар және ауқаттылар қожалықтарына қарсы жазалауды күшейту туралы нұсқауларын орындамағандар» ретінде айыпталды.

Ауқаттыларды дәлме-дәл анықтау туралы нақты талап болмағандықтан аудандық органдар өздерінің жоғарғы, республикалық органдарға жолдаған есептерінде ауқаттыларды бәрібір арнайы бөліп көрсетпеді. «Аудандық атқару комитеті ауқаттылардың жеке есебін жүргізген жоқ, –    деп атап көрсетті, мысалы Феодоров ауданының прокуроры Гниломедов өзінің 1930 ж. 30 желтоқсанда Юстиция халкомына жолдаған мәлімдемесінде, – сондықтан айып салынған ауқаттылар орташалардан да, соңдай-ақ кулактардан да кездесуі мүмкін». Одан ары аудандық прокурор тіптен ашық кетіп, «дайындау қарқынын жылдамдатудың орташалар қожалықтарына да әкімшілік шараларын қолдануға мәжбүр еткенін» мойындап жазды. Дәл осындай мазмұнды мәлімдемені Заң халкомына 15 желтоқсанда Урицкий ауданының прокуроры да жолдаған.

Сонымен қорытып айтар болсақ, 1930 жылдың соңғы айларында басталған ауқаттыларға қысым жасау, шын мәнінде Қазақстан үкіметінің орташаларды жаппай жазалауына ұласты. Келесі 1931 жылы орташалардың жекеше қожалықтарын жою саясаты іс жүзінде нақты өмірге енгізілді.

Қазақстанда астық дайындау науқанында жақсы көрсеткіштерге жету үшін 1930 жылдың қараша-желтоқсан айларында бай-кулактар және ауқатты шаруалар қожалықтарын қайта айқындау және оларға тұрақты тапсырмалар беру жұмысы аса қарқынды жүргізілді.

Сондықтан бұл өте қиын жағдайда жүзеге асырылды. Көптеген жерлерде қуғын-сүргінге ұшырамаған кулактар отбасылары мүлде дерлік қалмағандықтан, жергілікті органдарда бай-кулактарды 1929 жылы жойып біткенбіз дегендей көңіл-күй орныға бастаған еді 1 [ҚР ОМА. -1380-қ., 2т., 372-іс. 406-407, 189, 404-405, 132, 189, 40-п.].

Бірақ Қазақстанның басшы органдары мұндай көзқарасқа қарсы белсенді күрескендіктен жергілікті жерлер кулактар мен ауқаттылар элементтерін «әшкерелеуден» жене оларды жазалаудан бас тарта алмады.

Қазақстанның Халком Кеңесі өзінің 1931 жылғы 13 қаңтардағы мәжілісіңде Қазақстанның 25 ауданында және Шымкент, Әулиеата, Алматы қалаларында байлар мен кулактар қожалықтарын анықтап табу және оларға салық салу жұмыстарының мардымсыз жүріп жатқанын, бұларда анықталған мұндай қожалықтардың «барлық қожалықтар жалпы санының 1 проценті көлемінде ғана» екендігін ескерте келе Қаражат Халкомына және аталған аудандардың атқару комитеттеріне «бай-кулактар қожалықтарын қосымша анықтайтын арнайы науқан өткізуді» ұсынды.

Сонымен қатар бұл мәселені талқылау кезінде Қазақстан үкіметі Крестьянский, Шыңғыстау және Шыңғырлау аудандарында бай-кулактар қожалықтарын іздеп табу жұмыстарының нәтижесінде аталған қожалықтардың шаруалардың жалпы қожалығындағы үлесі «тым жоғары 7%» болғанын да айта келіп, осыларды орташалар қожалықтарына да жеке салықтар салынғанын немесе салынбағанын анықтау үшін тексеру жүргізуді қажет деп тапты 1 [ҚР ОМА. -1179-қ., 3т., 1-іс, 30-п.].

Осылайша бай-кулактар қожалықтарын іздеп табудың жаңа науқаны Қазақстанда кең өрістеді.

Бұл науқанда әсіресе барынан жұрдай болып, кедей қатарына қосылған және басқа жақтардан жер аударылып келген бұрынғы бай-кулактарға тіптен қиын болды. Қазақстанның Юстиция Халкомының 1930 ж. 25 қарашадағы құпия бюллетенінде бұл туралы мынандай жолдар бар: «Бұрын кулак болғандарды жазалауды тоқтатуға болмайды, қайта керісінше, қазір партия мен кеңес өкіметінің шараларына олардың тарапынан қарсы әрекет күшейгенде жазалау жолымен олармен бұрынғыдан да батыл күресу керек» 2 [Сонда, 1380-қ., 2 т., 349-іс, 180-п.].

Қазақстанда бай-кулактарды жою туралы жаңа науқанға 1931 жылы 3 – 7 ақпан аралығында болып өткен БК (б) П Қазақ өлкелік комитеті мен Өлкелік бақылау комиссиясының біріккен пленумы шешуші ықпал жасады. Онда колхоздарға «бай элементтердің» көптеп кіріп кеткені және олардың ықпалымен «бірқатар аудандарда колхоздардың рулық белгі бойынша құрылғаны» атап көрсетілді.

Пленум шешімінде «колхоздарды кулактардан, байлардан және бүлдіруші элементтерден батыл тазартуға шаралар қолдану» ұсынылды 3 [Коммунистическая партия Казахстана в рөзолюдиях и решениях съөздов, конферендий и пленумов. Т. 2. 127, 128 беттер.].

Осылайша енді «бай-кулактар элементтерін» колхоздардан, яғни колхозшылар арасынан іздеу басталды, Қазақстанның бірқатар аудандарында колхоздарда «әшкереленген» бай-кулактардың жаңа легін тағы да жер аудару қолға алынды 4 [История советского крестьянства. Т. 2, 223бет.].

Бірақ кеңес өкіметінің жергілікті органдарын «бай-кулак элеметтерін» жер аудару ісі қанағаттандыра қоймады.

Қазақстанның Юстиция Халкомы және прокуратурасы өздерінің төменгі органдарына 1931 жылғы 22 маусымда жіберген жасырын нұсқауында «жер аударудың нақты нәтижелер бермей жатқанын», өйткені жер аударылғандардың өздері барған жерлерінде «өздерінің зиянкестік жұмыстарын жүргізетіндерін», оның үстіне олардың кейде өздері «бұрын жер аударылған жерлерге қайтып барғандарын» атап көрсете келіп, «кулак-бай және ауқаттылар элементтеріне әлеуметтік қорғау шарасы ретінде жер аударуды емес, «тек айдауды қолдануды ұсынды» 1 [ҚР ОМА. -1380-қ., 2т., 390-іс, 146-п.].

Ауқатты шаруаларды жер аудару және айдауға жіберу саясаты 1931 жылдың жаз және күз айларында астық дайындаудың тұрақты тапсырмаларын орындамады деген айыптауларға барып ұласты. Нәтижесінде тек 1931 жылы ғана Қазақстаннан тыс жерлерге 5500 бай-кулак ретінде қуғындалған шаруалар айдалып кетті 2 [История советского крестьянства. Т. 2, 224бет.].

Кулак және бай элементтері ретінде айыпталғандар шын мәнінде негізінен орташалар мен кедейлер еді. Мұны ҚАКСР Юстиция халкомы міндетін уақытша атқарған Кулетов өзінің 1932 жылдың басында барлық облыстық прокуратуралар мен соттарға жіберген жасырын нұсқау хатында мойындады. Онда «шаруашылықтық-саяси науқандармен байланысты сотталған кедейлер, орташалар және колхозшылар сандарының шамадан тыс көп екендігі, оның үстіне халық соттарының оларға кулактарға және байларға арналған шараларды көшіре салатындары» атап көрсетілді. Нұсқау хатта осының дәлелі ретінде 1931 ж. IV тоқсанында астық дайындауға байланысты сотталған 6316 адамның 37,3 процентінің ғана кулак екендігі, ал қалғандары еңбекшілер болып табылатыны айтылған. Оның үстіне бұлардың бәрі бас еріктерінен айырылумен бірге дүние-мүліктері тәркілеуге түсіп, өздері айдалған және жер аударылған 3 [ҚР ОМА. -1380-қ., 2т., 415-іс, 80-п.].

Осыны ескере отырып, Кеңес өкіметі 1932 жылы бай-кулак ретінде жаппай жер аударуды тоқтатты.

Бай-кулактардың тап ретінде күйреп біткенін И.Сталиннің өзі 1931 жылдың 23 маусымында-ақ шаруашылық қызметкерлері кеңесінде сөйлеген сөзінде мойындаған еді. «Ақырында, – деген еді ол, – біз кулактарды қираттық, колхоздар ұйымдастырдық…».

Осыған қарамастан И.Сталин 1933 жылға дейін бай-кулакқа қарсы ымырасыз күресу психологиясынан арыла алмай, оларды колхозшылар арасынан тынбай іздестірді жене басқалардан да осыны талап етті. «Кулактар қиратылды, – деді ол тағы да, өзінің 1933 ж. 11 қаңтарда сөйлеген сөзінде, – бірақ олар әлі біржолата жойылып біткен жоқ». Осы сөзінде И.Сталин енді кулак ретінде кімдерді жазалау керектігін анық көрсетіп берді. «Бұлар (кулактар – Т. О.) колхоздың өз ішінде отыр, колхозда қоймашы, завхоз, есепші, хатшы т.т. сондай қызметте отыр».

И.Сталин осы сөзінде коммунистерді «тап жауларын әшкерелеуге» және «антисоветтік элементтерге» қарсы «шиеленіскен қызу тап күресіне» шақырды 1 [Сталин И. Шығармаяар. 13 т., 59, 248 – 249, 247 беттер].

Осылайша бай-кулактарды тап ретінде жою саясаты біртіндеп, елеусіз түрде «тап жауын» жаппай іздестіруге ұласа бастады. Яғни жаңа сталиндік тоталитарлық жүйе енді кінәсыздарды жаппай жазалау науқанына бағдар ұстады. Ал мұның салдарының аса ауыр болғаны тарихымыздан белгілі.

Дереккөз: Т.Омарбеков, «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті», көмекші оқу құралы. – Алматы: Санат, 1997. 104-124 бб.