Аудан байларын кәмпескелеу қалай жүргізілді?

Аудан байларын кәмпескелеу қалай жүргізілді?

Кеңес қоғамындағы өзгерістер өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары қалыптасқан әкімшілдік-әміршілдік жүйенің қыспағымен, халықтың белгілі бір бөлігін құрбан ету арқылы іске асырылды. Бұл әсіресе жер мәселесінде, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру негізінде қайта құру саясатында айқын көрінді. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы тарихи оқиғаларды архив құжаттары арқылы зерделеу бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Архивтердегі құнды тарихи құжаттарды саралап және зерделеп, зерттеу арқылы тарихи үдерісті түсіну бүгінгі таңдағы басты мәселе. Аштық туралы есептер мен статистикалық деректер, байларды тәркелеу, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының еңбектері, корреспонденциялары кімдермен қарым-қатынаста болғандығы туралы материалдар бұрынғы Қауіпсіздік Комитетіне түскен, одан кейін қайтарылмаған. Ашаршылық, қуғын-сүргін тарихына қатысты көптеген құжаттар мен материалдар түрлі ведомостволардың қоймаларында қалдырылды. Ал, олардың көпшілігі Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, Бас Прокуратура, Ішкі істер министрлігі архивтерінде  сақталуда. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласының дамуы тарихына қатысты құжаттарды жинақтау және дайындау барысында  ауыл шаруашылығын ұйымдастыру тарихына қатысты 5 мың құжат анықталды, соның ішінде 310 құжат жинаққа енгізілді. Жинаққа енгізілген құжаттар қатарында қарарлар, бұйрықтар, шешімдер болатын. Қазақстандағы ауыл шаруашылығындағы  өзгерістер туралы, жер-су реформаларының  жүргізулері туралы құжаттар жинағы да баспадан шығарылды (Коллективизация сельского хозяйства Казахстана (1926-1941гг.). -Алма-Ата., 1967.- Т. I-II. – 957с.). Шығарылған құжаттық жинақтарға  өкінішке орай 1928 жылғы байларды  кәмпескелеу және 1930-1933 жылғы күшпен ұжымдастыру кезеңіндегі көптеген архивтік құжаттар енгізілмей қалды. Олардың барлығы үкімет тарапынан құпияландырылды.

Кеңес үкіметінің жүргізген саясатының нәтижесінде ата-баба тарихында мыңдаған жылдары бойы көшіп-қонып жүрген, жеке мал шаруашылығымен айналысқан халқымыздың тұрмысына күрделі бетбұрыс жасалды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында қолға алған саясатының бірі көшпелі халықтарды отырықшылыққа айналдыру, ол үшін әлділерді тәркілеу ісі қолға алынды. Бұл туралы тарихи құжаттар мен деректер Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві мен Қазақстан Республикасы Президенті архиві қорларында құпия болып келген байларға қатысты құжаттар тәуелсіздік жылдары құпиясыздандырылды. Солардың ішінде Новобогат (С.Исмағұлов, Қ.Мамеков, Е.Жармағамбетов, М.Омаров, А.Бисалиев), Есбол (С.Бегалиев,  М.Маймышев,), Қызылқоға (Б.Кемесаев, І. Жанасов, Д.Меңғалиев, Ж.Мырзағалиев, Б.Елеубаев, Д.Жабаев, Ж.Жұлдызов, А.Игіліков,  Д.Жұмабаев), Доссор (Е.Баетов, А.Қожағұлов, Қ.Бекмырзаев, Қ.Жұманиязов, А.Айжігітов, Ж.Қожағұлов,  Ж.Үмбеталиев, С.Нұржанов), Теңіз (Қ.Танашев, Қ.Құрманбаев, Ж.Салиев) аудандары байларының істері де бар.

Әлді шаруашылықтарды тәркілеу халықты жаппай ашаршылыққа алып келген жағдайдың алғы шарттарының бірі деп қарастыруға болады. 1928 жылдың 27 тамызында Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің «Ірі байлар шаруашылығы мен жартылай  феодалдарды шаруашылығын конфискациялау мен жер аудару» декреті қабылданды. Бұл декретттің қабылданып, қазақ байларын кәмпескелеу шараларының жүргізілгеніне де биыл 90 жыл толып отыр.

Қабылданған декрет бойынша байлар мен жартылай феодалдардың  мал-мүлкі, байлығы тәркіленіп, өздері отбасымен бірге жер аударуға жатты. Кәмпескелеу туралы заң бойынша малы, дүние мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байлар мен жартылай феодалдардың қатарына көшпелі аудандарда малы 400-ден асатын (ірі қараға шаққанда), жартылай көшпелі аудандарда 300-ден асатын, отырықшы жерлерде 150, кейде 100 малы бар сұлтандар мен хандардың ұрпақтары, ел билеген болыстар, атқамінерлер жатқызылды. Осы декрет негізінде сол жылдың күзінде қазақ өлкесінде 696 ірі бай, жартылай феодалдардың мал-мүлкі тәркіленіп, зорлықпен тартып алынды. Байларды тәркілеу үлкен зұлымдықпен аяусыз жүргізілді. Бір өкініштісі байлардың қатарында солақай саясаттың нәтижесінде көптеген орта шаруалар да қосылып кетіп, тәркелеуге ұшырады. Байлардың дүние-мүлкін тәркілеу барысында көптеген жағдайларда адам құқы мен заңдылықтың өрескел бұзылуына жол берілді. Ал өлке басшысы Ф.И.Голощекиннің Орталық Комитетке жазған мәлімдемесінде «қазақтардың коллективті шаруашылыққа өтудің ерекше қиын және күрделі жағдайында тіршілік етуге қабілетсіздігінде… Бұл қожалықтар өздерінің мал басын жойып, бір бөлігін мемлекеттік дайындауларға өткізіп, бір бөлігін жыртқыштықпен жоюда», – деп жазды. Ол коллективтендіру кезіндегі асыра сілтеуді, шолақ белсенділердің солақай саясатын, мал дайындау мүмкіндігі ескерілмей жоспарсыз жасалғанын мүлдем қаперіне де алмайды.

Кәмпескелеу науқаны Атырау өлкесінің барлық аудандарын шарпыды. Қазақстан Республикасы Президенті архиві қорында Атырау облысымен қатар басқа да облыстардағы конфискацияның қалай жүргізілгені туралы құжаттар сақталған. Бұрынғы Гурьев округінде байларды тәркелеу 1928 жылдың 6 қыркүйегінде басталған. Округ аумағында ірі байлардың мал, дүние мүлкін тәркілеу мақсатында 5 адамнан құрылған округтік комиссия құрылған. Комиссия құрамына төмендегі өкілдер енді.

  • Ж.Мыңбаев – Комиссия төрағасы, Орталық Атқару Комитетінің өкілі.
  • Мартынов – Комиссия мүшесі, Мемлекеттік саяси басқарма (ГПУ) бастығы.
  • Жиенбаев – Комиссия мүшесі, жерге орналастыру бөлімінен.
  • Сағындықов – «Қосшы» Одағының төрағасы, мүше.
  • Төрешев – Жер-орман басқармасы төрағасы, мүше.
  • Дауылбаев – Округ прокуроры (кеңесші дауыспен).

Барлық аудандарда комиссиялар құрылып, тәркілеу жұмыстарын жүргізген.

Мысалы, Новобогат ауданы бойынша құрылған комиссия құрамына назар аударсақ:

  • Қарпықов – Округ атқару комитетінің өкілі, БКП(б) мүшесі.
  • Дүйсекешов – Аудандық атқару комитетінің өкілі.
  • Богаудинов – «Қосшы» Одағының өкілі.
  • Омаралиев – «Қосшы» Одағының өкілі.
  • Т.Алдоңғаров – Аудандық жер бөлімінен.
  • Шалқаров – Қаржы бөлімінен, БКП(б) мүшесі ).

Құрылған комиссиялар аудандар аумағындағы ірі байларды тәркілеу жұмысына қатысып, ауылдарда түсінік, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Заң бойынша тәркілеу туралы шешімді ауылдың кедей-малшыларының жиыны анықтады. Ал, байлардан тәркіленген мал колхоздардың мүлкіне айналды. Бастапқы да Қазақ өлкелік комитеті Гурьев округі бойынша 40 шаруашылықты, оның 35-ін 1 топқа, 5-уін 2 топқа жатқызып тәркілеуді жоспарлаған.

Аудан бойынша тәркілеуге ұсынған ірі байлар туралы мәліметті төмендегі кестеден байқауға болады. Негізінен Атырау өлкесінде барлығы 24 бай тәркілеуге жатқызылған (Қазақстан Республикасы Президенті архиві, 141 қор, 1тізбе, 2058 іс, 195 п.).
Аудан бойынша тәркілеуге ұсынған ірі байлар
Байларды тәркілеу жұмысы әр ауданда жүргізіліп, жиындар өткізіліп, байлардың іс әрекеттері осы жиындарда әшкерленді. Мысалы Новобогат ауылында Жармағамбетов Ерғалидің (ақын Хамит Ерғалиевтің әкесі) мал мүлкін тәркілеу барысында өткен жиында кедей Жақып Жантазиев сөйлеген сөзінде «Бай Е.Жармағамбетов 1916 жылы старшын болып тұрған кезінде өзін тылдың қара жұмысына тіркеу тізіміне жазғанын және одан бір өгіз, 5 рубь ақша беріп, яғни пара беріп қалғанын және де бір мая шөп алғанын» баяндай келіп, тап жау ретінде тәркілеуді ұсынған. Оны орташа Бекмұхамедов қолдаған. Қаңбақты ауылында Исмағұлов Смадьяр атты байдың дүниесін тәркілеу барысында Демен Көпбосынов 1916 жылы патша үкіметі органдарына қазақ жігіттерін тыл жұмысына алуға көмектескенін және Уақытша үкімет органдарына материалдық көмек көрсеткенін айтқан. Байдың бақташысы Сүндет Алдабергеновтың аяғы үсіп, мүгедек болып қалған кезде емделу үшін көмек сұраған тұста, Смадьяр Исмағұловтың сабағанын жеткізе отырып, өзінің малын Дауытов дегеннің атына жазғанын және бөлшектеп таратқанын, салықтан жалтарғанын, тәркілеуден 95 қойын жасырғанын жиын барысында хабардар еткен. Новобогат ауданы Бегайдар ауылында жергілікті тұрғындар бай Жұмағали Жанғожинді қорғап сөйлеп, елді ақ бандылардан қорғағанын алға тартып тәркілеуге қарсылықтарын білдірген болса, ал Арыстанғали Бисалиевті 67 адам қол қойып, ұйымшылдықпен қорғаған. Осы ауданның Қаңбақты ауылдық Кеңесінің төрағасы Ықыласов пен аудандық комиссияның өкілі Т.Алдоңғаровты («Банды» Аманғалидың қайынағасы) байлар С.Исмағұлов және М.Омаровтың малдарын әдейі таратқандары үшін деген сылтаумен істері сотқа беріліп, қызметтерінен шеттетілді. Бұл азаматтардың үкімет тарапынан жүргізіліп отырған өрескел заңсыздықтарға қарсы болғандығы байқалады.

Барлық аудандарда байлардың мал-мүлкін тәркілеу барысында жиындар өткізіліп, кедейлер тарапынан қолдау тапқанын архив құжаттары нақтылай түседі.

Бүкіл елге танымал дәрігер Қажығали Мамеков тәркілеуде заңсыздықтарға жол беріліп отырғандығын, өзінің халық үшін атқарған игі істері туралы Бүкілодақтық Атқару Комитетінің төрағасы М.И.Калининге  және Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесіне арыз-өтініштер жазды. Кәмпескеге ұшыраған байлар тарапынан да арыз-шағымдар, жедел хаттар жоғары органдарға жолданған. Өкінішке орай олардың арыз-шағымдары қаперге алынбады.

Дегенмен де байларды тәркілеуді бүкіл халық қолдады десек артық айтқандық болар еді. Оның мысалы ретінде мына бір деректерге сүйенсек те болады. Теңіз ауданында өткен жұмысшылардың жалпы жиынында № 30 мемлекеттік балық тресінің есепшісі Аполихин комиссия өкілдерінің жұмыстарын тонаушылық деп бағалап, жұмысшылар мен кедейлерді тәркілеуге қарсы болуға ашық шақырған. Кейін ол жауапқа тартылған. Сөйтіп өлкемізде байларды тәркілеудің нәтижесінде ата қонысынан 24 байдың 20-сы Петропавлскіге, Қазақстан территориясынан тысқары жерге – 3, округ аймағынан тыс жерге тұрғылықты жерді таңдау құқығымен – 1 адам жер аударылды. Қазақстан аймағынан тыс жерге Теңіз ауданынан тәркілеуге ұшыраған Қ.Танашев, Қ.Құрманбаев және Қызылқоға ауданынан Ж.Жұлдызов айдалды. Сонымен қатар әкімшілік күштеу арқылы Новобогат ауданының байлары  М.Омаров және С.Исмағұлов жер аударылды. Жер аударылған байлардың жанұясынан 10 әйел өз арыздары арқылы ажырасқаны Азаматтық хал актілерін тіркеу (ЗАГС) органдарымен ресми түрде құжатталды. Сайып келгенде күштеп арыз жаздыруға да жол берілді. Сонымен қатар әйелдердің бала-шағалары үшінде амалсыз осындай іс-шараларға баруына да тура келгені ақиқат.

Атырау өлкесі бойынша тәркілеуден түскен малдар есебінен 24 колхоз ұйымдастырылды. Алайда байлардың алдымен жерін, одан соңы малы мен ауыл шаруашылық құрал-жабдықтарын тартып алу тиісті нәтиже бермеді, керісінше кедей шаруашылықтарын нығайту ісі ұзаққа созылып кетті. Байлардың дүние-мүлкін тәркілеу барысында көптеген жағдайларда адам құқы мен заңдылықтың өрескел бұзылуына жол берілді. Ел жадында кәмпеске деген тарихи оқиғамен есте қалған шара өлкемізде осылайша жүргізіліп, тарих шежіресінің сарғайған беттеріне айналды.

Сол жылдардағы қайғылы тәжірибені қоғамдық санамыз меңгермейінше және қазақстандық қоғамның да уақыт талабына сай нақты рухани жаңғыруға беттеуі қиын болса керек. Ол үшін ұлттық элита, күллі қоғам баршаға ортақ азаматтық сезімді түйсінер болса, сол түйсікпен тарих алдындағы жауапкершілікті бір кісідей сезінсе – діттеген санамызда рухани жаңғыру сәтті жүрері сөзсіз деген тұжырымға келуге болады.

Қазақ ұлтына жасалған осынау нәубетке саяси баға берілуі тарих алдындағы адалдық болмақ.

Аққали Ахмет,
т.ғ.д., Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің  профессоры.