Тәркілеу талқандаған тағдырлар
Коллективтендіру жоспар бойынша Қазақстанда 1932 жылы аяқталуға тиіс болса, 1931 жылдың 1 қазан айына дейін шаруалар шаруашылықтарының 65%-ы колхозға күштеп тартылды. Колхоздастырумен қатар бай шаруа-шылықтарын тәркілеу жөнінде ҚазақАССР Орталық комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің1928 жылдың 27 тамызында «Бай шаруашылықтарын кәмпескілеу» туралы қаулысы бойынша Қазақстанда 700-дей ірі байларды тәркілеп, олар қанаушы тап ретінде жер аударылды, кейбірі атылып та кеткен-ді. Соңғы жылдарда бүгінгі және кейінгі ұрпақтар біліп жүрсін деген мақсатпен Сыр еліндегі (Қызылорда облысы) 1916, 1930, 1937,1938 жылдардағы зұлмат жылдардағы оқиғалардың біразын архив құжаттары бойынша жазып, баспасөзде жарияладым.
1928-1929 жылдардағы байларды тәркілеу оқиғасын бірен-саранын жазғаныммен толық келтірмеген едім. Енді, бұны жазуыма бір оқиға себеп болды. 2018 жылдың күзінде «Алматы-Қызылорда» поезымен Қызылордаға бара жатқанымда купеде бір қарт, бір келіншекпен сапарлас болдым. Әңгіме үстінде келіншектің Тәжікстанда туып, Қазақстанға жақында ғана келгендерін сөз арасында білдім. Арғы бабасы Тұрымбет бай, оның балалары қудаланып Тәжікстаннан бірақ шығады. Әкесі сол Тәжікстанда туған. Әйтеуір, ол бабаларының қармақшылық Тоқсейіт Сарқасқа бай болып, қудаланғанын біледі екен. Басқадай деректерді айта алмады. Купедегі қармақшылық қарт та өз білгенімен ортақтасты. Мекенжайын жазып алмаппын, әйтеуір, Қызылорда қаласының бұрынғы «Коммунизм» аталған бөлігінде тұратыны есімде қалыпты. Сол сапарымнан оралғаннан кейін өзімдегі шежірелерді ақтарып, оның бабаларының есімін кездестірмедім. Ал тәркіленген байлар тізімінен Тұрымбетов Дүйсеннің аты кездесті. Енді, бұрынғы деректерімді толықтыру мақсатымен қайтадан архивте отырып, тәркілеуге қатысты құжаттарды қарадым. Қызылорда округынан 1928-1929 жылдарда 56 бай тәркіленіп, жер аударылған. Алайда, іздеу, зерттеу барысында тәркіленген байлар санының мұнан да көп болғаны анықтала түсті. Бір қызығы сол 1928 жылғы «қаралы» қаулыдан бұрын-ақ, қанша бай, қанша жерден тәркіленеді, оларды қай округке жер аудару керектігіне дейін алдын-ала ойластырылып, жоспарлаған. Мұны Кеңес үкіметінің жоспарлы түрдегі қылмыстық ісі, – деп қарауымызға да болады. 1928 жылдың 27 тамызындағы қаулыны орындау үшін арнайы Біріккен мәжіліс өтіп, оған: Ерназаров, Асылбеков, Рузиев, Жангелдин, Әлиев, Құрбанов, Құрбанғалиев, Нұрмақов, Құлымбетов, Арықова, Құрамысов, Литвин және ірі мекемелердің, газет-журналдардың басшылары қатысып, тәркілеуді дұрыс деп тапқан. Сондай-ақ, 30-шы тамыздағы шешімімен байлардың қай жерге жер аударылатыны хатталып, нақтыланған. Сыр еліндегі байларды негізінен: Адай, Қарқаралы, Семей, Орал округтеріне жіберу белгіленген. Сонымен қатар, қанша малды тәркілеу керектігін де алдын-ала жоспарға енгізген. Қаулы шығысымен 1928 жылы Қызылорда округы бойынша байлардың барлық малдарын есепке алып, оны 400 мүйізді ірі қараға айналдыру арқылы есептеуді тапсырған. Оны таблица арқылы беріп отырмын.
Арал ауданы бойынша тәркіленген байлар тізімі:
Әлімбаев Шегебай (балаларымен) – Қамыстыбас би болысы №5 ауыл тұрғыны, 5 жалшы ұстаған. 400 жылқы, 100 түйе, 1000 бас қой болған, одан тәркіленгені – 64 түйе, 226 жылқы, 809 қой, ірі қараға шаққанда 490 бас болған. Бес малшы ұстаған, Адай округіне жер аударылған. Бәйімбетов Құлсары – №5 ауылдан. 250 жылқысы, 350 түйемен 50 ірі қарасы және майда малдары тәркіленген. Далбаев (Дәкібаев) Мергенбайдан (46 жаста) – 150 жылқы, 150 түйе, 800 бас қой, 1929 жылы тәркіленген. Үш жалшы ұстаған, болыс болған кісі, әкесі Баймұратов Дәкібай – 75 жаста, Адай округіне жіберілген. Тәжекбаев Айжанның – 150 жылқысы, 200 түйе мен 1200 бас қойы тәркілеуге түскен. Кенжебаев Бабажолдан – 300 жылқысы, 400 түйе, 1200 қой тартып алу тапсырылған. Құлсариев Мырзағұлдан – 350 жылқы, 250 түйе, 1200 бас қой алынған. Қазалы ауданы бойынша: Айқышев Айнақұл (Әліқұл) – №8 ауыл тұрғыны. 1928 жылы 100 жылқы, 200 түйе, 600 қойы тәркіленуге жатқан. Ірі қара бойынша 412 бас. Бекжанов Асан (Нұрасыл) – №5 ауыл. Оның 90 жылқысы, 150 түйе мен 850 қойы тәркіленуге түскен. Жүндібаев (Жендібаев) Бектібай (Байдаулет) – 200 жылқы, 300 түйе, 2000 қой, 1928 жылы тәркіленген. Жанаев Ерімбет – №5 ауыл тұрғыны. Одан 400 жылқы, 200 түйе, 1000 қойы тартып алынған. Қанжаров (Көтібаров – Т.Д.) Әбдібайдан – 400 жылқы, 100 түйе, 1800 бас қойы тәркіленген. №5 ауыл тұрғыны. Көтібаров Мұсадан – 150 жылқы, 250 түйе, 1500 бас қойын алу межеленсе, нақты тәркіленгені – 113 түйе, 194 жылқы, 1443 қойы талауға түскен. Бұл да №5 ауыл тұрғыны. Көтібаров Әлдебай да тәркіленген. Бір әулеттен үш бірдей азаматтың басы дауға түскен. 1800 қой, 400 түйе, 10 жалшы ұстағаны қатталған. Қосқанов Мырзабай –№7 ауыл тұрғыны. Оның 90 жылқысы, 225 түйесі мен 700 бас қойы тәркілеуге түскен. Күйіков Пейісбайдан – 127 бас ірі қара есебінде малы тартып алынады. Мамбетов Қауменнен – 2000 бас қой, 300 ірі бас қара есебінен тәркілеуге түскен. Бәйімбетов Құлсарының малдары ірі қараға шаққанда 219 бас болған. Қармақшы ауданы бойынша: Бегенов Нажмадиннен – 130 түйе, 600 қой, Бегенов Шаммен бірге есептегенде 500 ірі қара бойынша тәркіленген. Түгелбаев Байжан – №10 ауыл тұрғыны. Одан 120 жылқы, 130 түйесі мен 1500 қойы тартып алынады. Жаманкөзов Мамырдан – 350 жылқы, 145 ірі қарасы, басқа майда малдары есепке алынған. Ол 5 ауыл тұрғыны. Естаев (Естаев Құлан – Т.Д.) Көбеннен – 1500 бас қойы, ірі қараға шағып есептегенде 434 ірі қара болған. Қабыланов Қазидың – 200 жылқысы, 130 түйесі есепке алынған. Қашақов Ғайнулла, оның орнына Қашақов Нұрыштан – 400 бас қой, 396 ірі қарасы есепке алынады. Ол №2 ауыл тұрғыны. Қашақов Досым «Мақұл» ауылының тұрғыны. Одан 1304 бас қой, 300 ден астам ірі қара есебінде болса, нақты тәркіленгені 238 бас болған. Ол 15 жалшы ұстаған деп қудаланған Қантаев Рахметтен – 1190 бас қойы, 1500 ірі қарасын тартып алу межеленсе, нақты 14 жылқы, 38 түйесі мен 165 қой тәркіленген. 9. Тәжібаев Нағметтен – 23 түйе, 40 жылқы, 2 сиыры, 50 қойы болыпты. №1 ауыл тұрғыны. 10. Мәнібеков Рахметтен – 2000 бас қойымен 125 ірі қарасы тартып алынған. 11. Ниязов Әлиасқарда – 98 ірі қарасы болып есептелінгенімен оны жер аударған. 12. Сәрсенбаев Құйрықбайдың – 1000 қойы, 315 ірі қарасы тәркіленген. 13. Мамыров Қаумен – Қызылтам ауылының тұрғыны. Одан 2000 қой, 300 ірі қарасы таланған. 14. Тұрымбетов Дүйсен – «Мақұл» ауылының тұрғыны. 1928 жылдың 5 қыркүйегінде тәркіленіп – одан 1000 бас қой, 220 ірі қара малы тартып алынған. 5 жалшы ұстапты. 15. Қалауов Нұржаннан – 300 бас қой, 400 ірі қарасы алынған. 16. Қайыпов Бисенбайдан – 1500 қойы, 400 ірі қарасы тәркілеуге түскен. 17. Шайкенов Жәкеннен – 2500 қойы, басқа малдарын есептеп, 400 бас мүйізді ірі қара есебімен тәркіленген. 18. Ауқауов (Ақауов) Байдрахметтен – 130 жылқы, 150 түйе, 600 бас қойы алынып, талауға түседі. 19. Жүргенов Қара (Сырлыбай – Т.Д.) – 1928 жылдың 4 қаңтарында «Жаркөл» болысының «Қазы» деген жерде малын алдын-ала есептеген. Онда Қ.Жүргеновтың 140 бас жылқысы, 120 түйе мен 50 сиыры, 500 бас қой-ешкісі және қам кесектен салынған үйі, 4 жалшы ұстайтындығы, күймесі барлығы да қағазға түскен. Сонымен 1928 жылдың 10 тамызында комиссияның есептеуінше 388 бас (ірі қараға шаққанда) малы қайта есептелінген. Қара Жүргеновтың өзі Елтай Ерназаров пен М.И.Калининге арызданған. Ал оның ұлы Ысқақпен немересі Ноғаев Миназарды тәркілеуден босатқан. Ал, Қ.Жүргеновты Қарқаралы округына жер аударған. Кей деректен Қ.Жүргеновтың 2000 жылқысы, 300 түйесі мен 3000 қойы тәркіленгенін оқыдым. (Қ.Жүргеновты кейде Ақтөбе облысынан тәркіленді деген жазба да бар). 20. Жиенбаев Қарамахан – 1856 жылы туған. Жамандария (Жамансыр Т.Д.) болысының №2 ауыл тұрғыны. 14 қыркүйек 1928 жылы Қостанай округында тәркілеуге түскен. Ол Жетіғара ауданының №3 ауылында тұрғанында 150 жылқы, 2500 бас қой, 300 түйе, 100 сиыры, тағы басқа малдарын ірі қараға шаққанда мал басы 1030 бас болыпты. Сабаннан салынған 6 үйі, 11 жалшы ұстаған. Тәркіленген кезде М.Жиенбаевтың жасы – 72-де, әйелі 65 жаста, отбасында 21 жан тұрған. Бірнеше жатақтың малы байдың малымен тәркілеуге түскенін Ө.Тайжанұлы жазған. М.Жиенбаев та Қостанай округында тәркіленіп, Семейге жер аударылған. Малымен бірге үй-жиһаздары да тартып алынған.
Тереңөзек ауданы бойынша:
Аймаханов Еңсебай (Аймахан, Әлімхан – әкесі-балалы) – малдарын ірі қараға есептегенде 165 ірі қара болған (тәркіленген). Бейсенбаев Шамен – №2 ауыл тұрғыны. Одан нақты: 17 түйе, 26 жылқы, 24 сиыр, 1345 бас қой, 1 үй мен 2 текеметі де тартып алынған. Нұржанов Жүргенбай – №17 ауылдан. Нұрманда 230 бас қой, 12 жылқысы болған. Алғашқыда Жүргенбайда – 400 бас қой мен 165 ірі қарасы есепте болса, нақты тәркілеуге түскені – 49 түйе, 75 жылқы, 30 сиыр, 870 қой болыпты (мүйізді ірі қараға шаққанда – 268-ді құрайды). Нұрмағамбетов Сейіт – ірі қараға шаққанда 402 бас болып есептеліп, тәркіленген. Одан 3 кілем, 9 текемет пен қора жайы қоса тартып алынған. Сейіт мырза кезінде Ташкент қаласында өткен үлкен жиналысқа қатысқан. №2 ауыл тұрғыны, жалшы ұстаған. Нұрмағамбетов Қыпшақбай – мүйізді ірі қарамен есептегенде – 268 бас болып, бәрі таланған. (2000 бас қойы, 25 жылқысы мен 30 түйесі болған). Оның баласы Иса Қыпшақбаев – ғылым докторы, белгілі ғалым болды. Балғымбаев Құлмағанбеттің – 220 түйесі, 200 жылқысы, 600 қойы тәркілеуге түскен. Бекбауов Құлбайдан – мүйізді ірі қарамен есептегенде 387 бас дегенмен нақты тәркіленгені – 58 түйе, 11 сиыр, 91 қойы тәркіге түскен. Ол №17 ауыл тұрғыны. 3 жалшыны жұмсаған, 3 текемет, 1 кілем, 1 көрпесі қоса алыныпты.
Аламесек ауданы бойынша:
Тәжібаев Қыстаудан – 900 жылқы, 300 түйе, 600 бас қой, 100 сиыры тәркіленген. Болыс болған кісі. Екінші бір құжатта басқа цифрлар. Алпысбаев Мұхамеджанның тәркілеуге малдарының саны жетпесе де ІІ-группамен тәркіленген. Шайменов Садық (Шайымов), Танабайлар тәркіленіп олардан 60 түйе, 73 жылқы, 550 қой тартып алынған. Ол №7 ауыл тұрғыны.
Шиелі ауданы бойынша:
Әбдіқожаев Шәмен – оның 120 ірі қарасы мен 3000 дай қойы таланған. Бұрын болыс болыпты, №20 ауыл тұрғыны. Есенжолов Әйімбеттен – 175 ірі қара, 3000 қойы тәркілеуге түскен. №17 ауыл тұрғыны, 65 жаста, отбасында 14 жан болған. Адай округына жер аударылған. Айтмұхамбетов Баймаханнан – 51 ірі қарасы, 600 бас қойы алынған. Жалпы Шиелі ауданы бойынша деректер толық емес.
Қызылорда ауданы бойынша:
Есқадыров Әбдіхалық – одан 40 түйе, 700 жылқы, 200 ірі қара, 600 қойы тәркіленген. Тағы бір деректе одан 322 жылқы, 106 бас ірі қара, 140 түйе, 407 бас қойы алыныпты. Құлетов Оспаннан – 1000 қой, 415 ірі қара малы тартып алынған. Жұмағұлов Қосымбай – 73 жаста, 3 жалшы жұмсаған. Оның 150 жылқысы, 20 сиыры, 500 түйесі, 100 бас ірі қарасы мен 1000 қойы талауға түскен. Құрмантаев Пірқұл № 30 ауыл тұрғыны, бұрын болыс болған кісі. Одан 150 жылқы, 200 түйе, 40 ірі қара мен 700 қойы тәркіленген. Сақиев Дүйсенбай (Жиенбай). №34 ауыл тұрғыны. Одан 400 бас мүйізді ірі қара есебімен малы алынған. Ол арызданып баласының, інісінің малдарының бөлектігін айтса да, тәркіленіп, айдалып кете барған. Қирабаев Мәмбетәлінің – 350 бас ірі қарасы тәркіленген. Сүлейменов Тәжібай (Танабай) – №34 ауыл тұрғыны, 1 группамен айдалған. Оның малдары ірі қара бойынша есептегенде 268 басты құраған. Омарбеков Әбдіраман – №16 ауыл шаруасы, тәркіленген. Тәшібаев Ізтілеу – оның 555 ірі қарасы алынған. Ағайдаров Бердібектің – 500 ірі қарасы тартып алынған. Байғабылов Кірбас – №19 ауыл тұрғыны. 300 ірі қарасы (Аяшпен бірге) тәркіленген. Нақтысы олардан – 78 түйе, 85 жылқы, 1467бас қой алынып, 1 группамен жер аударылған. Кезінде болыс болыпты. Малдарынан басқа – 7 түкті кілем, 1 палас, 6 ер, 12 жібек көрпе, 9 әртүрлі халат, 8 түскиіз, 4 жастық, 1 ағаш үй, 4 алты қанат киіз үй де талан-таражға түскен. Есқожаев Әбдіхамит 5-09. 1928 жылы тәркіленіп, Адай округына айдалған. Сарысу бойында көшіп жүргенде ұсталып – одан 700 жылқы, 40 түйе, 500 қой, 200 сиыры тәркілеуге түскен.
Қарсақбай ауданы бойынша:
Тышқанбаев Мәмбетәлі – 65 жаста. Оның 270 жылқысы мен 250 түйесі алынған. Жанайдаров Өмірбек – №16 ауылдан, малдары тартып алынған. Қасқабаев Қасен – №5 ауыл тұрғыны. Ел ішінде «Қасенхан» атанған кісі. Малдары тәркілеу ережесіне сай болмаса да тәркіленіп, жер аударылған. Жаубасаров Жұбан – №3 ауыл шаруасы, отбасында 7 жан болған. Одан 74 түйе, 260 жылқы, 17 сиыр, 302 қойы, 31 ешкісі талапайға түсіп, Адай округына жіберген. Нұркиев Арыстан – №4 ауыл тұрғыны, тәркіленген. Мамбетәлиев Жарқынбай – бірнеше рет арызданса да айдалып кете барған. Құрышев Арынның отбасында 9 адам тіркелген. Одан 24 түйе, 200 жылқы, 20 сиыр, 446 қойы тартып алынып, өзін Адай округына жер аударған. Қарсақбай ауданынан бұдан да көп байлар тәркіленген. Қолда бары осы.
Сырдария округына қараған Жаңақорған ауданы бойынша:
Арасанов Төлей – №10 ауыл тұрғыны, 50 жаста. Одан 200 ірі қарасы, 150 қойы алынған. Аралбаев Жанұзақ та тәркілеуге түскен. Арқабаев Әшірбек – №11 ауыл тұрғыны. 50 жаста. Оның 200 майда малы, 100 ірі қарасы тәркілеуде болған. Отбасында 8 жан. Кезінде жалшы ұстапты. Оралға жер аударған. Бабашев Дербек – тәркіленген. Бедешов Нұржан – тәркіленген. Бердашев Сердалы – одан 625 ірі қарасы және 2300 майда малы тәркіленіп, жер аударылған. Ол 15 жалшы ұстапты. Ізгіліков Бидаш – №8 ауыл тұрғыны. Одан 610 ірі қара, 500 майда малы алынған. Жамандық Төреғали – тәркіленіп, жер аударылған. Толқынбаев Әліп (Әли) – 55 жаста, №11 ауыл тұрғыны. Одан 74 сиыр, 1500 бас майда мал алынған. Түктібаев А. – оның да малдары таланған. Тұрсынқожаев Жәнібек – 76 жаста, әйелі Қаламқас – 71 жаста, балаларының ең жасы – 5-6 жаста болған. Отбасы – 17 жанды құраған. Оның малдары мүйізді ірі қарамен есептегенде – 689 бас болған. Орал округына жер аударылған. Толқынбаев Әлібай – №11 ауыл тұрғыны, 5 жаста, шешесі – 68 жаста екен. Оның 266 бас ірі қара есептеп малдары ортаға алынған. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданынан бұрынғы болыс, би, молда, ақсақалдық жасаған 29 адамды тіркеп жазылғаны кездесті. Демек, сол тізімдегі адамдарды да тәркілемек болған шығар. Осы зерттеуімде байқағаным, байларды әуелдегі тәркілеу жоспары мен нақты тәркіленген малдары арасында алшақтық бар. Бір құжатты екінші бір құжат басқаша көрсеткен. Оның себептері: сол тұста байлар Ырғыз, Торғай, Қызылқұм, Қарақұм, Арысқұм, Сарысу бойларында алыс жайлауда болып нақты деректердің алынбауы, екіншіден байлар өз малдарын балалары мен інілеріне, әйелдері аттарына жаздыруы, кедейлердің малдарының қосылып жазылған фактілері де көрініс берді. Тәркілеуге түскен байлар отбасының кейбірінде 17-19 жан есепте болған, олай болса сол кезде орта есеппен әрбір отбасында ең кемі 7-10 жаннан келетініне көзіміз жетті. Қазіргі Қызылорда облысынан 800-дей жан жер аударылып, азап шекті, кейбір қартаң кісілер, жас балалар алыс жолды көтере алмай жолда қалған. Жаңақорғаннан Адай округына жер аударылған Жәнібек Тұрсынбаев – 76 жаста, әйелі Қаламқас – 71 жаста, ең кішісі – 1 жаста болыпты. Олар – 17 адам екен. Ал, Әлібай Толқынбаев №11 ауылдан, жасы – 88 жаста болғанына да қарамаған. Көп байларымызды жалшы ұстады, кеңес өкіметіне қарсы сөз айтты, тағы басқа жағдайларды желеу етіп, тәркілеу тізіміне қосып отырған. Бұл жағдайға өздерінің қарсылығын білдіріп, тәркілеудің белгіленген тәртіппен өтпеген, байлардың 60-70%-ы, тіпті, Бүкілресейлік атқару комитеті мен ҚазЦИК-ке дейін, арнайы Ерназаров пен Калининнің атына арызданған. Олардың басым көпшілігі аяқсыз қалды деуге болар. Сөзіміз нақты болсын деп бір-екі байдың арызын сөйлетіп көрейік: Қармақшы ауданының №4 Төрткүл ауылының тұрғыны Құйрықбай Сәрсембаев 1928 жылдың 9-қазан айында жазған арызында: Өзінің отбасы 1926 жылдың тамыз айынан 1-ші әйелі Сабира (Сарықатын) Құрманбаева Қарақұмдағы Дөңгелек-сорда мал-жаны бөлектеніп, оған Абыла ауыл кеңесінің төрағасы Көздібай Шаудыров және мал санағы жөніндегі агент Ахмет Жанғалин, тағы басқалар куә болғандығын, ол жөнінде көрсетілген құжаттар есепке алынбағанын айтады. 1926 жылы бөліскенде онда 49 жылқы, 50 түйе, 180 бас қойы мен 10 сиыры, Сабирада (Сарықатын) – 30 жылқы, 30 түйе, 150 қой, 2 сиыр, әжесімен бірге тұрған Жұбатқан Сәрсембаевта – 67 жылқы, 32 түйе, 179 бас қойы бар. «…Между тем, мне Куйрыкбаю Сарсенбаеву уже 65 лет, я дряхлый старик, никому никогда не причинивший вреда, всю жизнь проведший в наших родных степях – должен покинуть теперь родные места. Это жестоко и несправедливо». 22 октября, 1928 г. Қармақшы өңіріне сыйлы азамат болған Мамыр Жаманкөзов 10 май 1929 жылы Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің төрағасы Калининге өтініш жазған. Бұл құжат 30 май 1929 жылы №38875 санымен есепке алынған. Осы архивтік құжатта М.Жаманкөзов өзінің 1928 жылдың 13 қыркүйегінде ірі байларды тәркілеу комиссиясының қаулысымен Адай округына жер аударылғанын айтады, 61 жылқы, 36 түйе, 187 қой, барлығы ірі қара бойынша есептегенде 112 басты құрайды. Мұнымен қоса бір ақбоз үйімен 1 кілемді тартып алды. Сондай-ақ, ол өзінің малы тәркілеуге жетпес еді, ауылдық кеңестің төрағасының жеке ынтасымен жүргізілді дейді. Бірақ, 18 қыркүйекте болған Құрайлы ауылында болған жиналыста 200 адам, ал 26 қазан 1928 жылы 300 тұрғын кедейлер атынан ұсыныс жасап, оны тәркілеуден босатуды сұраған құжаттар Адай округына жолданғанын атап көрсеткен. М.Жаманкөзов өзінің өтінішінде 1920 жылдан кеңес өкіметіне қызмет еткені: 1920 жылғы аштыққа қарсы мобилизацияға көмектескенін, 1926-1928 жылдарда Қарсақбай зауытының іске қосылуына (жүктерді Жосалыдан Қарсақбайға 7500 пұт жүк) барынша үлес қосқан. Ол 1926 жылдың 8 шілдесінде Құрайлы ауылынан делегат болып сайланып, Көктөбе ауылы арасында суға байланысты жанжалды шешуге қатысқан. Ол Қармақшыдан «Казтрест» серіктестігінде 1926-1927 жылдарда қызмет атқарғаны жайлы мөр басылып, қол қойылған құжаттары сақталған. Ол өзінің бұл өтініші – екінші екенін айтып жазған. М.Жаманкөзов сөз соңында: «…Я же слугой царя никогда не был и никакими услугами не пользовался, а при Советской власти работал только на пользу строящегося социализма» – дей келе жауап хатты Ойыл қаласына жіберуді сұрап 1929 жылдың 25 сәуірінде жазыпты. Ол бай болмаса да жергілікті басшылардың әрекетімен тәркіленгенін ашып көрсетіп, Калининнен араша сұраған. Мақаланың басында жазғанымдай, маған түрткі салған қарындастың бабасы – Дүйсен Тұрымбетов жайлы сөз қозғамақпын. Дүйсен Тұрымбетовті тәркілеу құжаттары 1928 жылдың 5 қыркүйек пен 8 қаңтар 1929 жыл аралығында. Оның іс қағаздарында Қармақшының «Мақұл» ауылының тұрғыны, жартылай көшпелі шаруашылық жүргізетіні жазылған. Оның 10 тамыз 1928 жылы 220 бас ірі қарасы, 1000 бас майда малы болғаны және 8 жалшыны ақысыз-пұлсыз жұмсағанын, ауылшаруашылық салығын толық төлемегені де айтылған. Жазда Торғай, қыста Қармақшы өңірінде тұратыны және кеңес өкіметіне қарсы пиғылды адам екені де назардан тыс қалмапты. Ол 1-2 группаға жатқызылып, жер аударылған. Ол 10 қараша 1928 жылы дұрыс тәркілемеді деп арызданған. Арызы қанағаттандырылмаған. Оның құжаттары арасынан Ерназаров, Асылбеков, Муценок, Катков, Сағитовтардың есімдері кездесті. Д.Тұрымбетовтың 75 түйесі, 92 жылқысы, 1384 бас қойы, 76 ешкісі нақты тәркіленген – ол ірі қараға шағып есептегенде 414 басты құраған. 1928 жылы ауыл кедейлерінің – 130-ы Д.Тұрымбетов жайлы сөз алып, тәркілеуді жақтаған. Оған комиссия мүшесі Оразбайұлы қатысқаны хатталған. Ал, екінші 1928 жылдың 27 қазанында Дүйсен Тұрымбетұлын 200 үйдің кедейлері тәркілеуге қарсы болғаны да арнайы істе сақталған. Байларды тәркілеуге арналған құжаттарда кейбір байлардың балалары мен інілері, өздерінің ұсталып, айдалуына себепші болған – әкелерін жазғыра жазғанын да кездестірдім. Қараұлы Ысқақтың (Т.Жүргеновтың туған інісі – Т.Д.) 1928 жылы өлкелік партия комитетінің ІІ хатшысы І. Құрамысовқа жазған хатында: «…Бір алжығанның қылмысына айырбастап, нақақтан түсіп, жас басым көктей болып қыршыннан қиылып құқықтан айыратындай жаңа өкіметке не жазығым бар». Бұл сөздерден әкесі мен баласын қарсы қойған кеңестік саясаттың ашық көрінісін көреміз, сеземіз. Жер аударуға жіберілген байлар отбасылары бар азапты бастан кешірген. Құйрықбай Сәрсембаевтың отбасындағы 8 жанның 4-уі айдалған жерінде қалса, Қален Ахметовтың 58-60 жастағы шешелері сол жақта қалып, ауыр жолды көтере алмаған 1 қызы жолда қайтыс болған. Қуан Естаев пен Бектібай Бадуловтың отбасыларының біраз мүшесі жол үстінде қаза болса, Арал ауданынан Адай округіне жер аударылған 14 жаннан – 1-ақ бала, ағайынды Құлсариевтердің отбасындағы 30 адамнан – 2 адам тірі қалыпты. Мұндай мысалдар өте көп. Осы аз ғана деректердің өзі Қызылорда округінен жер аударылған 800-ден астам жанның 30-40%-ы айдалған жерінде, болмаса жол-жөнекей қайтыс болды деуге негіз бар. Бай шаруашылықтарын тәркілеуге, ұжымдасуға (колхозға) біріктіру саясатына қарсы шығып, Қарақұм мен Қарақтыда көтеріліс жасалды. Олардың басым көпшілігі ұсталып, айдалып, атылып, болмаса жан-жаққа қашып кетті. Мұның арты 1932 жылғы ашаршылыққа ұласты. 1928-1929 жылдарда Қызылорда округында бай шаруашылықтарын тәркілеудің көрінісі осылай болған. Кеңестік өкімет, бұрын ел ішінде құрметке ие болып жүрген байларды жылатты, тіпті, бай болғанына өкіндірді десе болғандай.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеуші, этнограф, «Құрмет» орденінің иегері
Дереккөз: https://aqiqat.kazgazeta.kz/news/10396