1929 – 1931 жылдардағы халық көтерілістерінің себептері

1929 – 1931 жылдардағы халық көтерілістерінің себептері

Қазақстандағы ППОГПУ-дің саяси құпия бөлімінің 1931 жылдың 1 желтоқсанындағы мәліметтеріне назар аударсақ, 1929 – 1931 жылдар – халық наразылықтары аса белсенді көрініс берген кезең екеніне көзіміз жете түседі. «Бандиттік» бас көтерулер мен ата қонысты тастап, ауа көшулерді шығарып тастағанның өзінде, 1929 – 1931жылдары Қазақстанда 372 рет шаруалардың бұқаралық бас көтерулері болды. Жылдарға шаққанда, олардың 54-і 1929 жылы, 241-і 1930 жылы, ал 77-сі 1931 жылы орын алды. ОГПУ осынау бұқаралық халық қозғалыстарын қарулы көтерілістер ретінде көрсете отырып, бұл қозғалыстарға қатысқан көтерілісшілер топтарын да және оларға қатысушы көтерілісшілер сандарын да есепке алған. Бұл бойынша,1929 жылы – Қазақстанда көтерілісшілердің (ОГПУ құжаттарында  бандалар) 31 тобы әрекет етіп, оларға 351 адам қатысса, 1930 жылы – бұл көрсеткіштер 85 топ, 1925 адам, ал 1931 жылы – 80 топ, 3 192 адам. Яғни көрсетілген мерзімде көтерілісшілердің барлығы 196 тобы бас көтеріп, оларға 5 468 адам қатысқан болып шығады. Халық күштеу саясатына деген өзінің наразылығын көтеріліс түрінде ғана білдіріп қоймай, өкімет және кеңес белсенділеріне қарсы қастандық (террор) жасауға да, сондай-ақ колхоз және совхоз мүліктерін әдейі өртеу әрекеттеріне де барды. Көрсетілген кезеңде алғашқысы- ның саны 460 болса, ал соңғысы 127 рет орын алды.

Ресми партиялық құжаттар бұл деректерді нақтылай түседі. Мысалы, 1931 жылдың желтоқсанында Ф.И. Голощекиннің И.В. Сталинге жазған хатында мынандай жолдар бар: «Тап күресінің өрістеуін ГПУ-дің төмендегідей анықтамасынан білуге болады: соңғы екі жылда ірі бандалардың 34 000-дай адам қатысқан 15 бас көтеруі орын алды. Осы екі жылда 1350 контрреволюциялық топтар жойылды және оған қатынасқан 7,5 мың кісі қолға түсті…» .

Енді бұл наразылықтар неліктен туды? – деген сұраққа нақты жауапты 1930 жылы көктемде болған Қарақұмдағы халық наразылығына қатысушылардың Республика басшылығы жіберген мемлекеттік комиссияға жазба түрде қойған талаптарынан таба аламыз. Онда мынандай мәселелер көтерілді:

  1. «1928 жылы орташалардан әділетсіз тәркіленгендерді қайтару;
  2. Дін бостандығын беру, мешіттерді қайтару, діни салттар мен шараларға кедергі жасамау;
  3. Ірі байлар тәркіленгеннен кейін, енді тәркілеу болмайтыны туралы декрет шыққан еді, бірақ бұл іс орташаларға қарсы әлі жалғасуда;
  4. Колхоздарға зорлап кіргізу тоқтатылсын. Олар тек еріктілік негізде құрылсын;
  5. Қазақ даласында тапқа бөліп жіктеуді қою керек және бұл істі жүргізуге комсомолдарды жібермей, барлық мәселені ауылдың жалпы жиналысында шешу қажет;

Салықтарды мал-мүліктің санына карай салу керек. Егін екпейтіндерге астық салығы салынбасын…»[1].

Халықтың көтерілуіне басты себептер осы талаптардан анық көрініп тұрған жоқ па? Көтерілісшілердің атқа қонуларының себептерін және мақсаттарын, олар жазған «Қарақұмға жиналған азаматтардан!» деп аталатын үндеу де айқындай түседі: «Ірі байларды тәркілеген соң, «Еңбекші Қазақ» беттерінде енді тәркілеудің болмайтыны бірнеше рет атап көрсетілді. Бұған қарамастан, соңғы жылдары байларды ғана емес, тіптен орташаларды да тәркілей бастады, сондай-ақ оларды жер аударды. Қазақ даласында байлар жоқ, сондықтан 58-бапты басшылыққа алмай-ақ, 58-бап бойынша жер аударылған байларға тек тиісті салық салуды өтінеміз… Біз мемлекеттік міндеткерліктен ешқашан да жалтармаймыз, біз өкіметке қарсы шықпаймыз және қарсы наразылық білдірмейміз, адамша өмір сүру құқығымызды қамтамасыз етуді өтінеміз..»[2].

Иә, көтерілісшілер талабы ақылға сыйымды және шын мәнінде өтініш сипатын алып отыр. Солай бола тұрса да олар сол жылдардағы әкімшіл-әміршіл жүйенің саясатына қайшы келіп тұрғанын қазіргі кезеңде түсіну қиын емес. Сондықтан олар негізінен үкімет тарапынан қанағаттандырылған жоқ және жоғарғы органдарға да бұл талаптар «бандиттік» ұсыныстар ретінде жағымсыз сипатталып баяндалды. «Бандиттік қозғалыстар, – деп атап көрсетті Қазақ Өлкелік комитетінің хатшысы Рошаль 1930 жылы 18 наурызда И. Сталинге жіберген өзінің құпия жеделхатында, күштеп ұжымдастыруға қарсы, дінді қудалауға қарсы, жер аударуға қарсы, тұқымық қор жинауға қарсы, мүлікті тәркілеуді болдырмау үшін, ислам үшін, хан өкіметін ұйымдастыру үшін сияқты ұрандармен өтуде».

Келтірілген үзіндіден халық амалсыз ұсынған талаптардың Қазақстан үкіметі басшыларына мүлде ұнамайтыны байқалып тұр.

Халық көтерілістерінің өршіп кетуіне негіз болған тағы бір себепті Голощекин өзінің жоғарыда аталған 1931 жылғы желтоқсандағы хатында атап көрсетті. Ол «алғашқы кезеңде бандитизмге қарсы күрес әдістерінің дұрыс болмағанын», саяси ықпал жасауға бағытталған «ешқандай да елеулі әрекеттер» жасалмағанын, ал көтеріліс жасаушылар туралы хабарды алған ОГПУ округтік комитеттердің жетекшілігімен және рұқсатымен, көбіне тіптен оны тексерместен отрядтар ұйымдастырып және талдап жатпастан, күресті әскери әдіспен бастап жіберіп, саяси жұмысты басып-жаныштауды кейінге қалдырғанын» Мәскеудегі басшылықтан жасырған жоқ[3]. Бірақ бұл мәселеде де Голощекин ақиқатты бұрмалап, өзінен және өлкелік партия комитетінен басқаларды, яғни ОГПУ-ді және округтік партия комитеттерін кінәлады. Әрине, әскери жолмен жазалаудың үкіметке деген халық наразылығын өршіте түскені рас. Бірақ мынаны да ұмытуға болмас: жергілікті жерлерде ұйымдастырылған- коммунистік отрядтардеп аталатын жазалаушы күштер, Голощекин айтқандай, округтік партия комитеттері мен ОГПУ-дің жеке нұсқауларымен ғана ұйымдастырылған жоқ. Әдеттегідей, бұл жолы да мұндай нұсқауды Өлкелік партия комитеті және оның жауапты хатшысы Голощекиннің өзі берді.

1929 – 1931 жылдары бой көтерген халық наразылықтарының «кейбір жерлерде көтеріліс сипатын алғанын» Ф.И. Голощекин өзінің И.В. Сталинге 1931 жылы желтоқсанда жазған хатында ашық мойындады[4]. Бірақ осынау бұқаралық бас көтерулер Кеңес өкіметі жүргізіп отырған күштеу саясатына қарсы бағытталғандықтан, ресми партиялық және үкіметтік іс-қағаздарда, құжаттарда біржақты тұрғыда «бандиттік қозғалыстар» ретінде бағаланды.

Көтеріліске қатысқан бұқараның үкімет саясатын түсіне қоймағанын, тіптен осы көтерілістерді әскери жолмен жою үшін жіберілген Волга бойы әскери округінің қарулы күштерінің басшылары да байқап, олар Голощекинге «Советке қарсы қозғалыстың және пар- тия саясатының таптық мәнін түсіндіретін бірқатар бұқаралық листовкаларды таратуды және осы мақсатты орындайтын үгіт-насихат топтарын» ауылдарға шығаруды ұсынды.

Бұдан шығатын қорытынды: үкімет саясатын түсіне алмай, зорлық-зомбылыққа қарсы атқа қонғандарды «әдейі ұйымдасқан түрде мемлекетке, қоғамға қарсы қастандық жасаушылар», яғни «бандиттер» деп сипаттау тіптен де дұрыс емес. Екіншіден, қазақ шаруаларын көтеріліске өкімет пен партияның өзі жүргізген қатал саясат итермелегенін де ұмытуға болмас. Кеңес өкіметін құлату көтерілісшілердің басты мақсаты болған жоқ. «Халық Кеңес өкіметін құлату және өздерінің өкіметін құру мақсатымен қаруланып және жиналып жатқан жоқ», – деп атап көрсетті Қызылорда округтік атқару комитетінің төрағасы Жүнісовке 1930 жылы сәуірде жазған жауап хатында Қарақұм көтерілісі басшыларының бірі Жұмағазы Байымбетов,- қызмет адамдары жасаған қиянаттарға ешбір төзе алмаған соң, өздерін-өздері қорғау үшін бас көтерді»[5]. Иә, әрбір зәбір шеккен халықтың қозғалысын «бандиттік» деудің ешбір негізі жоқ.

1929 – 1931 жылдардағы көтерілістерге сипаттама бергенде тағы бір назар аударатын елеулі нәрсе кейбір көтерілістерде көтерілісшілердің хан өкіметін сайлауы немесе сарбаздар жасақтарын рулық негізде ұйымдастыруы және мұсылман дінінің дәстүр-салттарын қорғауы. Мұндай әрекеттер, әсіресе Созақтағы, Ырғыздағы, Қарақұмдағы, Адайдағы, Сыр бойындағы Ақмырза ишан бастаған және Батпаққарадағы көтерілістерде айқын байқалды. Қазақстандағы халық наразылықтарына тән осындай өзіндік, ұлттық сипаттағы ерекшелік- тер олардың бүкіл Кеңес елінде болған басқа шаруалар көтерілістеріне қарағанда нақты өзгешеліктері бар екенін байқатады.

Ал енді осы тұрғыдан қарағанда, 1929 – 1931 жылдардағы қазақ шаруаларының көтерілістерін ұлт-азаттық сипаттағы қозғалыс деп бағалауға бола ма?

Қазақстанда голощекиндік тәртіп қазақ шаруаларының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі шаруашылығын ғана емес, рулық қарым-қатынасқа және қауымға негізделген ұлттық келбетін, әдет- ғұрпын, болмысын және психологиясын күйретуді мақсат етті. Сондықтан бұл шаруалар көтерілістері негізінен қазақ ауылдарында орын алды. Ірі көтерілістердің ішінен славяндар қатысқан Өскемен және Зырян аудандарында 1930 жылы болған, бұрынғы қызыл партизан В. Толстоухов бастаған көтеріліс қана белгілі[6]. Осы аталған көтеріліс пен қазақ шаруаларының көтерілістерін салыстырып қарар болсақ, Кеңес өкіметіне тәуелсіз хандық жүйені орнықтыруға тырысып, ислам дініне бостандық талап етіп, байлар мен орташаларды тәркілеуге қарсы болып, рулық негізде жасақ құрып, қарулы күреске шыққан қазақтардың қозғалысының ұлт-азаттық сипатын теріске шығару қиын.

Егер Қазақстанның сол жылдары Мәскеудегі орталық белгілеген жеделдете индустрияландыру саясатын ауылшаруашылығы шикізатымен, азық-түлікпен қамтамасыз ететін аграрлы аймақ болғанын ескерсек, оның үстіне Қазақстандағы саясат негізінен Мәскеуде белгіленіп отырғанын мойындасақ және орталықтың осы солақай, күштеу саясатынан бәрінен бұрын Қазақстанда қазақ халқы ауыр қасірет шеккеніне назар аударсақ, қазақ шаруаларының Кеңес империясының зорлық-зомбылығына қарсы 1929 – 1931 жылдардағы бас көтерулерін – қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы әділетті ұлт- азаттық қозғалысы ретінде бағалағаймыз.

Зерттеулер 1929 жылғы Батпаққара, Наурызым және Торғай аудандарындағы, 1930 жылғы Ырғыз және т.б. оған көрші аудандардағы, Қарақұмдағы халық наразылықтарына қатысушылар қатарында 1916 жылғы көтеріліске қатысқандардың да болғанын көрсетіп отыр. Дәлірек айтсақ, 1929 – 1931 жылдардағы халық наразылықтары 1916 жылғы көтерілістер болған аудандардан әлдеқайда ұйымшыл және қуатты көрініс берді.

Көтерілісшілердің өздерінің әскери жасақтарын сарбаздарды ұйымдастыруы да 1916 жылғы үлгіде болды. Жоғарыда айтылды, бұл жасақтар рулық негізде ұйымдастырылды. Әрбір отбасы 1 салт аттыны шығаруға міндетті еді. Жылқы жоқ болған жағдайда екі отбасы бірікті, бірі жылқы, бірі адам берді[7]. Сарбаздарды мыңбасы, жүзбасы, онбасылар басқарды[8].

Егер 1916 жылғы көтерілісте қазақ халқы тылдағы жұмысқа адам бермеу үшін күрессе, ал 1929 – 1931 жылдары тәркіленіп түрмеге айдалғандарды құтқару үшін және дайындау науқандарындағы меншіктен, яғни малдан айыруға қарсы күресті. Алғашқысында да, кейінгісінде де оларды империялық орталықтың нұсқауымен келген тұрақты әскер бөлімдері қару жұмсап, қанға бояды, жазалады.

Ал енді 1929 – 1931 жылдарда болған көтерілістердің бастаушы күші кімдер еді? Сол жылдардағы Қазақстан басшылары өздерінің барлық ресми құжаттарында бұл көтерілістерді «байлар мен дінбасылары ұйымдастырды», – деп атап көрсетеді. Мұның алғашқысы сын көтере қоймайды. 1928 жылы ең ықпалды деген қазақ байларының тәркіленіп, жер аударылғандары белгілі. Сондықтан 1929 – 1931 жылдардағы көтерілістерде байлардан гөрі орта шаруалар белсенді рөл атқарды деуге негіз бар. Қазақстан басшылығының және ОГПУ органдарының бай деп жүргендері де негізінен осылар. 1928 – 1929 жылдардағы тәркілеу мен ет және астық дайындау науқандарынан соң бұрынғы бай, енді орта шаруаға айналды. Мұны қазір «Қазақ даласында байлар жоқ», деп атап көрсеткен 1930 жылғы Қарақұм көтерілісшілерінің жоғарыда аталған үндеуінен де байқар едік.

Осыған қарамастан, халық, әсіресе орта шаруа арасынан байды іздеу, бұлардың күн санап үлес салмағы азая түссе де, байлардың санын әдейі көбейтіп көрсету – біз әңгіме етіп отырған дәуірдің қайғылы шындығы болатын.

Көтеріліс жасаушылар негізінен, Голощекин айтқандай, байлардың соңынан ілесуді емес, қайта аудан орталығында бай аталып, жазықсыз қамауда отырған өздерінің ағайын-туыстарын тұтқыннан босатып алуды мақсат еткен (Созақ көтерілісінде де, Абыралы көтерілісінде де және т.б. осылай болған). Бұл жерде, әрине байға жатқызылып қудаланған ауқатты қазақ шаруаларының кеңеске қарсы наразылықтарда ерекше белсенділік көрсеткені айтпаса да түсінікті. Бірақ бұдан көтерілісті байлар ғана ұйымдастырды және басқарды деген біржақты қорытынды жасамағанымыз жөн. Ал енді дін басыларға келсек, олардың аталған көтерілістерді басқарғаны рас. Асадулла Ибрагимов, Айжарқын Қанаев, Мұқантай Саматов, Ақмырза және Тоқмырза Тасовтар, Жұмағазы Байымбетов және т.б. көптеген көрнекті діндарлар, молдалар көтерілістердің рухани жетекшілері болғаны белгілі. Бірақ бұған оларды емес, Кеңес үкіметінің ислам дініне қарсы ашық жаулық саясатын, жергілікті жерлерде мешіттерді қорлау, дінге сенушілерді «әлеуметтік кауіпті элемент» деп қудалау әрекеттерін айыптаған жөн.

Сол жылдары большевиктер партиясы өздерінің идеологиясын қазақ ауылында енгізуге кедергі жасайтын ислам діні деп білгені де құпия емес. Сондықтан 1929 – 1931 жылдардағы көтерілістерге байланысты жазалау көрнекті дінбасыларды түгелдей қамтыды. Тұтқындалғандардан бірде-бір дінбасы ақталып, босатыла қойған жоқ. Тек, Бостандық, Тақтакөпір, Созақ, Сарысу, Талас, Батпаққара, Балқаш және Шоқпар көтерілістеріне байланысты істерді қараған кезде ғана ОГПУ үштігі 8 ишан мен молданы ату жазасына кесіп, үкім шығарды. Ал 12 дінбасы әртүрлі мерзімдерге сотталды және жер аударылды. Сонымен, жоғарыда айтылғандарға қысқаша қоры- тындылар жасар болсақ: 1) 1929 – 1931 жылдардағы қазақ шаруаларының наразылықтары мен көтерілістері – кеңес империясы өктемдігіне қарсы ұлт-азаттық сипаттағы қозғалыс болды. Оның бір орталыққа бағынатын, ұлттық мүддені белсенді қорғайтын, тұтасқан тасқынға айналуына сталиндік-голощекиндік империя жүйесі дер кезінде кедергі жасап, бұл ұлттық қозғалысты жөргегінде тұншықтырып, қанға бояп басты; 2) бұл көтерілістердің бастаушы, жетекші күші – ауқатты қазақ шаруалары және халыққа ықпалды дінбасылары болды. Қазақ аулының ұлттық дәстүрлі мүдделерін империялық үстемдіктен қорғайтындай ол кезде қазақ қоғамында бұлардан басқа әлеуметтік күштер де қалған жоқ еді. Үлт-азаттық сипаттағы бас көтерулерге саяси бағдар беріп, оған басшылық жасауға қабілетті ұлттық интеллигенцияны – алаш қозғалысының көшбастаушыларын осы көтерілістің қарсаңында ғана коммунистік империяның басқарушы және жазалаушы аппараты біржолата талқандап, күйретіп жіберген еді. 3) сондықтан 1929 – 1931 жылдардағы қазақ шаруаларының сталиндік коммунистік империяның қатал саясатына, қазақ ауылын оның дәстүрлі даму жолынан тайдыру әрекетіне қарсы белсенді қарсылықтарын, кезінде патшалық Ресей империясының өктемдігіне қарсы жүргізілген қазақ шаруаларының жанкешті ұлт-азаттық қозғалыстарының заңды, табиғи жалғасы және ең соңғы кезеңі деп бағалағанымыз жөн. Осы соңғы,

1929 – жылдардағы сталиндік империяның бас көтертпес ауыр соққысынан кейін идеологиялық арбаудың шырмауына түскен, ұлттық санасы біржақты большевиктер идеяларымен уланған қазақ халқы – орталықтың империялық өктемдігіне қарсы тәуелсіздік үшін бас көтеруден қалды. Мұндай ұлттық мойынсұну, дәрменсіз де мүләйім күй кешу 1986 жылдың желтоқсан оқиғасына дейін, яғни 55 жыл бойы созылып келді. Осы оқиғада да осыншама жыл құлдық психологиямен күн кешсе де орталыққа бәрібір жақпаған қазақ халқы тағы да «ұлтшыл» атанды. Осылайша, ұлттық тәуелсіздік үшін күрестің жаңа кезеңі басталды. Бұл 1929 – 1931 жылдардағы қазақ шаруаларының ұлт-азаттық қозғалысының жаңа жағдайдағы қуатты жаңғырығы еді.

[1] ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 2953-іс, 82-п.
[2] ҚР ПА. 141-қ., 17-т., 454-іс, 98-п.
[3] ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 464-іс, 115, 109-п.
[4] ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 2948-іс, 108-п.
[5] ҚР ПА. 141-қ., 17-т., 471-іс, 220, 171-172-п.
[6] Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің архиві (бұдан былай – ҚР ҰҚКА). – 158-т., арх. №1, №49-іс, 1-т., 76-78-пп.
[7] ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 2953-іс, 48, 46-п.
[8] ҚР ҰҚКА. 158-т., арх. №1, №49-іс, 1-т., 42-43-п.

“1929 – 1931 жылдардағы халық көтерілістері” кітабынан
Талас Омарбеков