Ақан Бижановтың берген сұхбаты
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов тілшіге берген сұхбатында «Құран Кәрімді» қазақ тіліне аударған Халифа Алтайдың басынан өткен 30-жылдардағы ашаршылыққа байланысты мынадай мәліметтер келтіреді: «Халифа Алтаймен сөйлесіп, Президентпен кездесуге шақырдық. Көмекшілері Халифа Алтайды кездесуге ертерек алып келіпті. Халекең үлкен кісі ғой, күтіп отырып қалмасын деп кабинетіме шақырып, шәй беріп, әңгімелестік.
Әңгіме арасында елімізден ашаршылық жылдарында шетелге қоныс аудару жайын сөз еттік. Сонда Халекең былай деген болатын: «Ақан, айналайын, біз не көрмедік. Жағдайымыз қиын болып, аштықтан халық қырылғаннан соң біз елден алдымен Қытайға шекара асып бардық. Қытай мемлекетінде тыныштық болмай, өздері бір-бірімен соқтығысып жатқан кезі еді. Біз Қытай мемлекетінде біраз тұрып, жағдайымыз қиындап кетуіне байланысты Үндістанға бет бұрдық. Ол мемлекеттің ауа райы, суы, тағамы бізге жақпады. Медициналық көмек болмағандықтан, бәріміз жаппай ауырып, үлкен азаматтар, бала-шаға қырыла бастады. Содан кейін біз Пәкістанға қоныс аудардық. Пәкістанда суы тапшы, өсімдіғі жоқ, бір таулы-тастақ жерде тұрдық, жағдайымыз мүлде қиындай түсті. Осындай жағдайымызды сол мемлекеттегі Түркия елшісі біліп, мемлекет басшыларына хат жолдап, Түркия мемлекетіне көшіріп алды. Түркия мемлекетінің көмегімен бізге жағдай жасалып, қаражат, үй, жер берілді. Осылай біздің көзіміз ашылды».
Халеке, сонда біздің елден Түркияға жеткен қанша адам барды? – деп сұрағанымда, ол кісі: « Әрбір отбасындағы тоғыз адамнан бір адам аман қалды», – деп көзі жасаурай отырып жауап берді».
Жоғарыда аталған деректерден қазақтарды жер бетінен біржола жойып жіберуді көздеген Сталин бастаған большевиктердің саяси мақсаты анық көрініп тұр. Сондықтан да Кеңес өкіметінің басшылары Қазақстандағы бұрын-соңды болмаған сұмдық ашаршылықты қолдан жасап, тарихы тереңде жатқан қазақ халқын революция жолында құрбан етуді ойластырғаны қазіргі кезде нақтылы дерек көздері арқылы дәлелденіп отыр.
XX ғасырдың 30-жылдары болған нәубет ХҮІІІ ғасырдағы «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасынан кейінгі қазақ тарихындағы ең қайғылы алапат дәуір болғанын және сол ашаршылықтың ақиқатына енді ғана жеткендей болдық. Десек те, әлі де болса ашылмаған мәселелер жеткілікті сияқты. 1931-1933 жылдары Қазақстанның барлық аймақтарын түгел жайлаған, қазақтарды жаппай ашаршылыққа ұшыратқан, халқымыздың тарихында бұрын-соңды болмаған, ешқашан басына түсіп көрмеген нәубет XX ғасырдағы аса ірі апаттардың бірі болғаны бүгінге дейін айтылмай келді. Зобалаң жылдарды бастарьшан кешірген қарттардың естеліктерін жайбарақат отырып тыңдау мүмкін емес. Олардың айтқандарын естігенде жүрегің қақ жарылғандай сезімде боласың. Адам етін жеген небір сұмдықтарды айтқан кезде тебе шашың тік тұрып, зәрең зәр түбіне жетеді. Аштық салдарынан адамның психологиясы, бүкіл ішкі дүниесі түбегейлі өзгерістерге ұшырап, ақыл-есінен адасқан бейшаралар адам етін жеуге дейін барған.
XX ғасырдың отызыншы жылдарындағы Кеңес өкіметінің саясаты – қазақты қырып-жою, ұлттың рухын сындыру, сапалық қасиетін түп-тамырымен құрту болғандығы қариялардың естеліктері мен мұрағат деректерінен анық көрінеді. Қалай айтсақ та қазақ елінде болған ашаршылық – ұлт тағдырындағы орасан зор геноцид екендігі айдан анық. Қазіргі және келешектегі өскелең ұрпақ еліміздің басына төнген нәубет жылдардың тарихын білмейінше, олардың бойында туған жеріне, халқына, Отанына деген ыстық сүйіспеншілік қалыптасады деп айту да қиын. Сондықтан да мұрағат құжаттарындағы құрғақ деректерден гөрі, сол зұлмат жылдардың ауырпалықтарын, ауыр зардаптарын көрген қариялардың естеліктері жастарға патриоттық тәрбие берудегі маңыздылығы өте зор.
Дегенмен, Әулие-Ата өңірінде болған ашаршылық туралы Алматы орталық мемлекеттік мұрағаты мен Жамбыл облыстық мұрағатынан алынған деректерді сол заманды басынан кешірген куәгерлердің көріп-білгендері толықтыра түседі. Аштықты өз бастарынан өткерген, өз көздерімен көрген бүгінгі қарттардың естеліктерін тарихи фактілер ретінде қарастырып, ғылыми айналысқа енгізу – Қазақ елінің шын тарихын жазудағы ерекше үлес болып табылатыны анық. Кеңестік биліктің отаршылдық, шовинистік бағытымен жазылған Қазақстан тарихында 30-жылдардың зұлматы бұрмаланып, шын көрсетілмеді, тіпті, ол жөнінде айтуға тыйым салғаны белгілі. Ал, шындығына келетін болсақ, нәубет жылдардағы небір сұмдық оқиғаларды көрген, сол кезде бала болса да, қазіргі қариялардың естеліктерінен Кеңес өкіметі біртұтас халықты аштыққа ұшыратқаны айқын көрінеді.
Бұл қасірет туралы ашық айтуға, қорықпай жазуға еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана толық мүмкіндік туды. Нәубет жылдары аштықтың дәмін татқан жандардың естеліктеріндеғі халықтың басына ауыртпалық әкелген түрлі оқиғаларды қамти отырып, оның себеп-салдарын талдап, өскелең ұрпаққа жеткізу – біздің басты парызымыз деп санадық. Бүгінгі күннің негізгі мақсаттарының бірі – барынша тарихи әділдік орнату және елімізде болған зұлмат жылдардың қасіретін ұмытпай, қазіргі жастарымызды, сонымен бірге келешектегі ұрпағымызды туған жерін, Отанын қастерлеуге тәрбиелеу болып табылады. «Өткенді білмей, жаңа еске түспейді» дейді дана халқымыз.
Қорыта айтқанда, Әулие-Ата өңірін жайлаған ашаршылықтың негізгі себептері – ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың дұрыс жүргізілмеуі, қарамағындағы елді ешқашан аштыққа ұрындырмаған байлардың малын, дүние-мүлкін тәркілеу және көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан халықты ешқандай даярлықсыз отырықшылыққа көшірудің салдарынан осы өлкеге алапат ашаршылық нәубеті келді. Аштан өлу орын алды. Күнкөрістің қамымен шетелге үдере көшті. Әулие-Ата аумағындағы ашаршылық туралы Кеңес өкіметінің құжаттарында толық мәлімет берілмейді. Жасырып қалған.
Нәубет жылдарын көрген қариялар әлі де болса бар, бірақ жылдар өткен сайын азайып барады. Сол қарттардың зұлмат жылдардағы көрген-білгендерін, көңілге түйген ой-пікірлерін көп күттірмей хатқа түсіріп, естеліктерін дерек ретінде қарастыру – ауыр жылдардағы шындықты ашатыны күмәнсіз. Қандай тарих болсын мұрағат құжаттарына негізделіп жазылатыны рас. Ал қазіргі кезеңдегі елдің, мемлекеттің тарихына жаңа көзқарас бойынша ауызша айтылған естеліктер – өткен ғасырдың 30-жылдарында болған ашаршылықтың ақиқаты мен зардаптарын ашып көрсетудегі құндылығымен ерекшеленеді.
Әрине, уақыт – емші. Кешегі зұлмат жылдары миллиондаған жандар гүлдей солды, ал тірі қалғандардың жүрегінде дақ қалды. Қанша жерден жаның ашып тұрса да, нәубеттің азапты күндерін басынан кешірген адамның көңіл толқынын сезіне алмайсың…
“Әулие-Ата өңірінедегі ашаршылық” кітабынан