Депортация – Ұлы дала қасіреті
Заманында Кеңес Одағы сан тайпадан құралған үндістерді жойып, тірі қалғанын резервацияға күштеп көшіргенін АҚШ-тың бетіне басатын. Бірақ КСРО идеологтері орта ғасырдан кейінгі әлем тарихында кездеспейтін «халықтарды жаппай депортациялау» секілді жауыздық жайында ауыз ашпады. Оған қатысты көп құжат сол бойы жасырулы. Әйтсе де, бүгінде там-тұмдап «құпия» грифі алынып жатқан деректердің өзі адамның тұла бойын түршіктіреді.
«ХХ ғасыр ортасына таман халықтарды зорлықпен жаппай қоныс аудартудың баламасыз бұл науқанының астарында қандай себептер жатыр? Бұл мәселе ондаған жылдан бері ғалымдар мен сарапшыларды толғантып келеді. Алайда түпкілікті, нақты жауап жоқ. Ресми нұсқа «осы халықтардың өкілдері Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік басқыншылармен астыртын әрі белсенді ынтымақтасты, Кеңес әскерлерінің тылында бандиттік бүлік салу қозғалыстарын өрістетті-мыс» дегенге саяды. Ал жүргізілген егжей-тегжейлі, әрі бейтарап талдау бұл байламның жалған екенін көрсетіп отыр», – дейді белгілі зерттеуші, тарихшы ғалым, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті Манара Қалыбекова.
Қазақ жерінде: Кавказ халықтары
Қап тауы етегіндегі халықтарды қазақ еліне күштеп көшіру үшін тұтас операция әзірленген. Оның анық-қанығы былайғы жұрттан қатаң құпияда ұсталды, жергілікті тұрғындарға жаңсақ хабар таратылды. Көзбояу ретінде Халық комиссарлары кеңесі (ХКК) мен БК(б)П Шешен-Ингуш облыстық комитетінің «Солтүстік Кавказ әскери округі әскери бөлімдерінің тау жағдайындағы тактикалық жаттығуларын дайындауды қамтамасыз ету туралы» арнайы шешімі қабылданды.
Ресейлік тарихшы ғалым Илесс Сигауридің мәліметінше, Қап тауында азын-аулақ бандалық элементтер Ұлы Отан соғысына дейін әрекет етті, Германия басып кіргенде олар жағдайды пайдаланып қалуға тырысты. Неміс диверсанттары олармен байланысқа шығып, Шешенстанға әуеден қару-жарақ тастамаққа талпынған. Дегенмен бұл талаптар осы өңірдегі Кеңес билігіне елеулі қауіп төндірмеген. Оның үстіне, НКВД органдары сол мезетінде диверсанттардың көзін жойып отырды. ІІ жаһандық соғыс жүрген барлық жылда Шешенстан мен Ингушетияда ірі зауыттардың немесе көлік жолының бірде-бірінде ауқымды диверсия жасалмаған. Ендеше халықты көшіруге бұл салмақты негіз болмады.
Соған қарамастан, 1944 жылғы 23 ақпанда, жұрт шырт ұйқыда жатқан таң азанда шешендер мен ингуштерді толығымен Қазақстанға қоныс аударту бойынша кең ауқымды операция басталды. Оған НКВД, НКГБ және Смерш (әскери барлау) органдарының 19 мың арнайы жедел қызметкері, 100 мыңға жуық әскери офицер мен жауынгер тартылды. Баспанадан қуып шығу мақсатында әскери авиация ауылдарды бомбалады. Жазықтағы елді мекендерден көшіру қысқа мерзімде және еш қарсылықсыз іске асты. Ал тау арасындағы аудандарда операция қиындыққа кезікті. Қыс кезі болғандықтан таулы-құзды жолдар мен соқпақтарды қалың қар басты. Содан жинау пункттеріне қойдай үйірілген тұрғындарды жөнелту орындарына жеткізу мүмкін болмайтыны анықталды. Бұл кей жерде жаппай қыруға ұласқан. Мысалы, Илесс Сигаури Хайбах, Макайжой, Галанчож және басқа таулы ауылдарда жүздеген адам өлтіріліп, өртелгенін айтады. Урус-Мартан аудандық ауруханасындағы жүруге жарамайтын сырқаттар атып тасталды.
Мал таситын теміржол құрамдарымен Қазақстанға жеткізілген кавказдықтарды стансаларға апармай, жолай ашық далада тастап кетеді. Оларды қазақ ауылдарының тұрғындары тауып алып, тамақ берді, үйлеріне кіргізді, аштан өлуден, аязда қатып қалудан құтқарды. Өкінішке қарай, кейін әлденіп, күш жиған шешен-ингуштар ашуын қазақтан алды. Салдарынан қоныс аударғандар мен жергілікті тұрғындар арасында қақтығыстар болып тұрды. Ондай оқиғалар жайында бала кезімізде ересектердің аузынан талай естідік.
«Шешендерді депортациялаудың ресми идеологиясы олардың немістермен тізе қоса қимылдағанына сілтейді. Бұл – барып тұрған өтірік! ҰОС кезінде немістер Шешен-Ингуш республикасына дейін жеткен жоқ», – дейді саяси ғылымдарының докторы Абдурахман Авторханов. Сондай-ақ депортация жүрген 1944 жылы соғыс қимылдары Кавказдан аулаққа, Батысқа жылжыған болатын.
1945 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 88 513 шешен отбасы немесе 360 405 адам тіркелді.
Қазақ жерінде: кәрістер
Сталин басшылығы жүзеге асырған тұтас халықтарды қазақ жеріне күштеп көшіру көптеген саяси мақсатты көздегені сөзсіз. Соның бірі – жауынгер қазақты ұлт ретінде жойып, орыстандыру саясаты болды. Ол үшін қазақтарды өз елінде азшылыққа айналдыру міндеті белгіленді. Кеңестік кесір саясаттан зардап шеккендердің бірі – Корея тұрғындары. Оларды Қазақстанға көшіру себебінің ресми нұсқасы – «өңірге жапон тыңшылығының енуіне тосқауыл қою» болды. Тарихшы М.Қалыбекова сталиндік бұл саяси қадамның түп-төркіні тереңде екенін жеткізді.
«Шын мәнінде, корейлер КСРО-ның Қиыр Шығыстағы саясатының құрбанына айналды. 1937 жылғы шілдеде Жапония ішкі Қытайға баса-көктей кірді. Ай соңында олар Бейжіңді алды. Толық бодан болудан қауіптенген шың елінің негізгі саяси күштері – компартия мен гоминдан 1937 жылдың көктемінде өзара қырқысты және азаматтық соғысты тоқтату, жапондарға қарсы бірыңғай майдан құру туралы келісімге келді. Батыс державалары Азиядағы осы ірі мемлекетті қорғауға бас ауыртпады. Содан жергілікті компартия ықпалымен гоминдан үкіметі Кеңес Одағымен жақындасуға барды», – дейді ғалым.
Ал кәрістердің бұған қатысы не? КСРО мен Қытай 1937 жылғы 21 тамызда жауласпау туралы келісім бекітіп, Жапонияға қарсы соғысуға мәмілелесті. Дәл сол күні ХКК және БКП (б) Орталық комитеті сол кезде кеңестер қолына көшкен Қиыр Шығыс аудандарынан корей халқын күштеп қоныстандыру туралы қаулы шығарды. Осы арқылы Кеңес Одағы Қытаймен одақтастық қатынастарын қадір тұтатынын көрсетті. Тарихта корейлер біраз шайқаста жапонның одақтасы болғаны белгілі.
1937 жылы 100 мыңнан астам корей қазақ жерінен мекен тапты.
Қазақ жерінде: азшылық ұлттар
ІІ Дүниежүзілік соғыс қарсаңында және сұрапыл майдан қызған шақта Кеңес өкіметі идеологиялық тайталасты күшейтті, ішкі «жауларды» іздеу өрістеді. Солақай саясат аясында Түркиямен, Иранмен және басқа да бақталас державалармен іргелес жатқан КСРО аудандарындағы саны аз ұлттарға қиянат жасалды. Мысалы, Әзербайжан, Армения және Грузиядағы бірқатар этностар «сенімсіз» деп танылды. Өйткені олар шекараның ар жағындағы «бөгде» елдермен аралас-құралас еді, төскейде малы, төсекте басы қосылған ағайындар болатын. «Соцлагерьді» сыртқы әлемнен темір шымылдырықпен оқшаулаған Кеңес билігі осы этностардың ағайындық байланыстарын күрт үзуге кірісті.
Мысалы, Қырымнан және Грузиядан түріктер, күрдтер, қырым татарлары, болгарлар, караимдар, гректер секілді этностар қарумен қорқытқан соң, амалсыз Қазақстанға бет алды.
Тарихшы ғалым, профессор Г.Қадырқұлованың дерегінше, жалпы алғанда, 110 мың месхетин түріктері, 507 мың шешен, ингуш, балкар және карачай, 24 670 грек жер аударылды. Қарағанды облысының Мемлекеттік архивінің мәліметінше, Қазақстанға жалпы саны 191 мыңнан астам Қырым татары келді.
Тіпті, қалмақ халқының 20 мыңнан астам батыр ұланы Ұлы Отан соғысында жанқиярлықпен соғысып жатқанына қарамастан, 91 919 қалмақ Қазақстанға мәжбүрлі түрде қоныстандырылды. Қалмақ, Қырым автономды республикалары, Карачай-Черкес автономды облысы секілді ұлттық-мемлекеттік тарихи бірлестіктер жойылды.
Қазақ жерінде: немістер мен поляктар
1940-1941 жылдары Батыс Украина мен Батыс Белоруссиядағы аса ауқымды поляк диаспорасы – 102 мың адам Қазақстанға қайта қоныстандырылды.
Волга жақта сонау Петр патша заманынан бері тұрып жатқан немістердің автономиясы жойылып, олар да қазақ еліне күштеп көшірілді. Себебі «Германия белгі берсе, бұлар жаппай диверсия және шпионаж жасауға әзір отырады» деген айып тағылды. Бірақ зерттеушілер архивтерде осындай сигнал-белгілердің болғаны немесе немістердің гитлерлік Германиямен байланыс жасағаны туралы ешбір дерек таппаған.
Өзге этностардан ерекшелігі сол, неміс халқы КСРО-ның барлық аудандарынан жинап әкетілді. Грузия, Әзербайжан, Армения КСР-індегі, Украина, Кавказ, Мәскеу, Еділ жағалауы бойындағы немістер депортацияға ілікті. Әскер қатарындағы ұлты неміс офицерлер мен солдаттар кері шақыртып алынды. 1941-1942 жылдары 1 209 430 неміс қайта қоныстандырылды.
Депортация аяусыз, аса қатігездікпен жүрді. Бұл ретте қазақ халқының келісімі сұралған жоқ. И.Сталиннің «Товарищу Берия. Надо выселить с треском» деген қысқа тапсырмасы қалтқысыз орындалды. Қатты тарыққан қазақ халқы күштеп көшірілгендерді кеудеден теппеді, аштан өлтірмеді, көштен қалдырмады. Қазақ отбасылары соғыс жағдайында онсыз да аз қалған азық-түлігімен, тұрмыстық керек-жарағымен бөлісті. Ондай деректерді СҚО Тереңсай ауылында тұрған қазақтың қабырғалы жазушысы, аудармашы Герольд Бельгер өмірбаяндық шығармаларында баяндайды.
И.Сталин өліп, жылымық басталған соң, 1957 жылы көптеген халықтарға тарихи Отандарына оралуға мүмкіндік берілді, олардың автономды облыстары мен республикалары қалпына келтірілді. Алайда Қырым татарларына, түріктерге және немістерге бұрынғы тұрғылықты орындарына қайтуына рұқсат етілмеді.
Өзге халықтардың жүздеген мыңдық лекпен ағылып келуіне Қазақстан дайын емес еді. Кеңес өкіметі және компартия еңбек ресурстарын толықтыру үшін депортацияланғандарды ауылға жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл халықтар Шу арнасы секілді ірі нысандарды салуға қатысты, ауыл шаруашылығында, шахта, рудниктерде, немістер басып алған аумақтардан көшірілген зауыт-кәсіпорындарда істеді. Республикамыздың бой көтеруіне үлес қосты. Бүгінде олар Қазақстан халқының бөлінбес бір бөлігіне айналды.
Жалпы алғанда, 1937-1944 жылдары эвакуацияланғандарын қоса алғанда, Қазақстанға 1 миллион 740 мың өзге этнос өкілдері көшірілді.
Айхан ШӘРІ
Дереккөз: https://aikyn.kz/47578/deportaciya-uly-dala-qasireti/