І. Жансүгіровтің «Кәмпеске» поэма-толғауы

І.Жансүгіровтің «Кәмпеске» поэма-толғауы

Қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіровтің «Кәмпеске» атты поэма-толғауы 1928 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған. Аталмыш поэма-толғауында автор қазақ байларының талауға түскен тағдырын сөз етеді. Қазақтың қанын мойнына жүктеген қызыл үкіметтің солақай саясатын шерлі толғаумен іреген Ілияс ақынның аталмыш поэмасы – сол заманың зарлы шындығын көз алдымызға елестеді. Ақын поэмасы 1997 жылы С.Мұхтарұлының «Кәмпеске» атты көптомдығының бірінші томында басылыпты. Онда поэманың тағдыр-талайы туралы түсініктеме берілген. Біз бұл арада оқырманға ақынның поэма-толғауын жеке ұсынғанды жөн көрдік.  

КӘМПЕСКЕ

(поэма-толғау)

Қозғауы қозған қоғамым,

Қолқалап әңгіме айт десең,

Қобалжимын, қозғалам.

Қозғайын десем далаңды,

Домбыраң емес, қаламды,

Қобалжиым, қолға алам.

Көңілдің күйі келмесе,

Көп мылжыңға мен сараң.

Көңілдің күйі кернесе,

Көтерілем, ән салам.

Бүгінгі топты жара алмас,

Толғанбай Жанақ арсалаң,

Бүгінгі құлақ қана алмас,

Болдырған сөзге шаршаған.

Әңгімем менің бүгінгі,

Бүгінгі жиын аңсаған.

Ағытылды әңгімем,

Ал әлеумет, ал жаран!

Әңгімем алды тындасаң:

Осы бір заман, қай заман?

Бұл заманың сол заман:

Алатаудың баурынан

Аспанды аршып, жел желпіп,

Алтын күрек ескен күн;

Аруақтының аулынан,

Арыстан айдан мерт болып,

Ауырған аруақ көшкен күн.

Тау сілкініп, мұз босап,

Тас желіні иген күн;

Қыр қорқауы бөріге

Құл «жапалақ» шүйген күн:

Аунаған аруақ қордаға

Жиылып, тастай түйіліп

Ашынғандар тиген күн;

Борт-борт сынып босаға,

Орнаған аруақ ордаға,

Күң тепсініп кірген күн;

Алтын, күміс алынып,

Шынжырлы шен табылып,

Тығулы теңді тілген күн;

Мырза мінген жорғаны

Құл шайқалтып мінген күн;

Ханыша киген торқаны

Күң найқалып киген күн.

Бұл заманың сол заман,

Сүйтіп-сүйтіп түрленген,

Күннен-күнге, күннен-күн!

Бұл заманың сол заман,

Күннен күнге түрленген.

Ақ ордалар ойран боп,

Ақсүйектер сүрілген.

Аруақты белдің үстіне

Ел еркіндеп қоныстап,

Қараша үй қалың тігілген.

Иә, мұны кім қөрген!

***    ***      ***

Бұлқынғандай Алатау,

Жұлқынғандай ағын су,

Шулағандай мың дауыс.

Топыр-топыр, топ-топ жан,

Тозаңданған, шыққан шаң,

Дала даң-дұң, не дабыс?

 

Тасыды ма ұлы өзен,

Ышқынды ма қызыл жел,

Күрсіне ме күрең бел?

Жер қозғалтқан аяқтар,

Тау тулатқан таяқтар,

Жүгіргендер, жүргендер.

 

Оттаса алмай жауласып,

Қайда көшті лашық

Бай аулынан бөліне?

Ақ үй неге сасулы,

Қалды қазан асулы,

Қалды құлын желіде.

 

Бүгін лашық көшкендей.

Бүгін жасық өткендей,

Дала даң-дұң жиылыс.

Рас па, осы рас па?

Рас! Рас! Рас па!

Рас болып не тұрыс?…

 

Өңшең қызыл кеңірдек.

Өктем-өктем сөз сөйлеп,

Бір-бірінен қалыспай:

— Айдалсын, бұл айдалсын!

— Алсын, бұлар мал алсын!

Самсыды қол қамыстай.

 

Сол қалың көп ду жүріп,

Келді ордаға түйіліп,

Десті: бермен шықсын бай!

Мырза састы, сүрінді.

Мұқан түсі құбылды.

Ұлжан шықты мықшыңдай.

 

Шықты аларып Мұқан бай,

Жылан тиген бұқадай,

Түсінбей түкке тек тұрды.

Бастап келген балнамош.

(Көп алдында қарлығаш)

Бажайлап, жайлап ұқтырды:

 

— Арғы атаңыз хан өткен

— Алты атаңыз нән өткен

— Шынжырбалақ затыңыз.

Елді сордың Мұқан бай,

Кершеуледің мұқалмай.

Әйгілі, шулы даңқыңыз.

 

Ел бойында дерт едің,

Ер мойнында бит едің

Жұрт үстіне жайылған.

Кедей ие ел, малға,

Келіп тұрмыз айдауға.

Дайыңдан, тез дайындан!

Өкпесінен өтіп оқ,

Қансырап құр мең-зең боп,

Сеңгірде тұр сері көк.

Сол сияқты сүлесі,

Демеді де «Мұ несі?»

«Бүларың не?» деген жоқ.

 

— Айтқаны не, не сұмдық,

Соншалық біз не қылдық?

Түсінбеді, тұқырды.

Ұлжан бүйір таянды,

Мұқаңды улы ой алды,

Мырза жерді шұқыды.

***    ***  ***

Сыпырылды ақ үзік,

Белдеу, басқұр қиылып

Шарт-шұрт кетті шаңырақ,

Құлағанда босаға,

Шаң-шұң етті осы ара…

Шарт-шұрт етті шапалақ,

 

Мырза солық-солық жылады,

Мұқан іштен ыңыранды.

Ұлжан талды, жынданды.

Аңырады, бастады,

Алып бетті тастады.

Жылау, жоқтау, қарғанды:

 

«Қара бір шашым жаяйын,

Жаяйын да жияйын.

Қыналы бармақ, жез тырнақ

Күн өтті, қанға бояйын.

Албыраған ақша бет

Сүйегіне таяйын.

Жаудыраған қара көз,

Жылайын да ояйын.

Ойраны шыққан ақ орда,

Орныңа нені қояйын?

Орны тұрған кәрі аруақ,

Орныңа кімді қояйын.

 

Қүм жиылып тас болып,

Талқан болған шағымыз.

Құл жиылып бас болып,

Иесіз қалды тағымыз.

Бай, бай, бай, балшебек,

Кәмпескелеп, пәршелеп,

Бастан тайды бағымыз!

Азғанымыз емес пе,

Қойшыдан сынды сағымыз.

Ағайын, сенен рақым жоқ,

Талауға түсті малымыз.

Аруақ сенен жақын жоқ,

Осылай болды халіміз…

* * *  ***      ***

Кісінеп, мөңіреп, маңырап,

Қашаған қуып дабырлап,

Мал хатталды, саналды.

Қалды десті «енді не?»

Кәмесие келді де.

Ақсақалға қадалды:

 

— Шығарыңыз, алыңыз,

Алынды ғой малыңыз,

Артық па одан, табыңыз!

Мұқан сонда тіл қатты:

«Жоқ нәрсе ғой, кім айтты?»

 

Көн ауызы қымылдап,

Келді өкілге қырындап,

Жыртық шапан, көн тымақ;

Келді дағы күңк етті,

Көрсетіп бір бейітті.

Ауылдан аулақ, төрт құлақ.

 

Көрге қойма көміпті,

Оны қойшы керіпті.

Қабір қазды, ақтарды,

Алынды тең, түйіншек.

Алтын, асыл, күміс көп.

Алды тауып тыққанды.

 

Шынжырлы шен, шүбар тон,

Шықты көрден онан соң.

Желін жамбы, тайтұяқ.

Ақырын кеп күбірлеп:

«Көмді көрге, көрдім» деп

Байғүстың айтуы айту-ақ.

Мұқан тынды, түйтікті,

Түк айта алмай тұтықты.

Жалындады, қайнады.

Қайнады да «аһ» деді,

«Аһ» деді де, «кап» деді.

Қапты, бармақ шайнады.

 

Белгі еді ғой батсадан,

Қуат еді жатса да.

«Тасталап!»Ұлжан, албытты.

Тобына: тоқта, қой-қойлап,

Қолында медел айқайлап

Өкіл сөзді ағытты:

 

— Ей, еңбекші, еңбекші ел!

Осыны не демекші ең,

Танырмысың бұл жезді?

Болсаң мұны танитын,

Осы құлдық қамытың.

Ескіден белгі, ежелгі!..

 

Жаулағанда жеріңді,

Талағанда еліңді

Патшаса мақтап таққан жез.

Медел болса — бұл мерез,

Мерез болса — ішмерез,

Дене дерті, жатқан жез.

 

Талай жылдан жұрт қанын,

Улап сорған жыланың,

Сөліңе сүлік осы жез.

Бұл шынжырды қойныңнан,

Бұл шынжырды мойныңнан

Лақтырғаның осы кез!

 

Ал малыңды, бағып ал!

Ал егінді салып ал!

Мә, соқа! Мә, көлік ат!

Жарлы-жалшы топтасып,

Орташамен оттасып,

Мықты болсын ынтымақ!

 

Жасасын кеңес, шаруа!

Көркейсін! Оған уада,

Шартылдады шапалақ.

Жер қозғалды солқылдап,

Солқылдатып топ шулап,

Тулап жатты бөрік, тұмақ.

* * *     ***        ***

Ұлжан ұлып, күңірене,

Мұқан жүдеп, күйзеле,

Ел бойынан кешті дерт.

Егінге біткен ермен шөп!

Түпә, түпә, пәлекет.

Ту, пәлекет! десті жүрт.

 

Сол пәлекет бел асты,

«Күң» жұртынан күл шашты.

Шу тыншыды даладан.

Жарысқанда жүргендер:

Жадырады күрең бел.

Ел де, жер де мәз-майрам.

 

Даладан, күрең беліңнен,

Келесі кеңесті еліңнен

Кешкен сынды бір қырсық.

Қойшы үйіне қой қырқып,

Көрші үйіне сүт ұйытып,

Сып-сып етті төл ұршық!

 

Тұтқыш өңді түнеріп,

Тұр шіретте сілейіп,

Өрт шарпыған жалынша.

Бөрі Мұқан, бай Мұқан,

Айнала қар, күн тұман,

Бүл бір суық ыстанса.

 

Алмақшы еді бұл белет,

Алдырмайды кимелеп.

Айтарға тіл күрмелет.

Онан сайын күйзелет,

Күйзелте есет ызғырық.

Ұлжан тағы күңіренет:

 

«Күңірен, даусым, күңірен.

Күңірентіп кеткен соң,

Күңіреніп жиған дүнием.

Жылатып жиған жиһазым,

Жауға алдырдым, жайнатып,

Қайнаман, қалай күйінбен.

Толарсақты соқтырған

Торғын көйлек сөгіліп,

Тұлымы кесік күң киген.

Су төгілмес боз жорға,

Жал-қүйрығы төгіліп,

Құлағы кесік құл мінген,

Толған бір шарам шайқалып,

Толулы сабам тілінген.

Құл-құтандар қол салып,

Үлесіп, шауып олжалап,

Құлан бір құлап құдыққа,

Құлақта бақа жүгірген.

Ақсүйегі алаштың,

Айдалсаң бірге жыластым.

Керт басыңа кезігіп,

Кәнпескеге ілінген.

Ақ күмбезім қуарып,

Айдын көлім суалып,

Заманым шығар бүлінген…

Күңірен, көмей, күңірен,

Сылаусыз сіңір қос білек

Енді кетпе бүйірден.

Егіл де төгіл екі көз

Жу жалынды күйдірген.

Азына, азбан, азына

Айырылған соң үйірден.

Аңыра, бозда аруана,

Келеден кеткен дүзқара,

Су айдамай, зар айдап,

Саңқылда қу жақ тиірмен.

Аяғынан алдырды

Алаштан озған арғымақ.

Жаз қазанға шалдырды

Жайқала біткен жапырақ.

Бәйтерек ем, құладым,

Балталады батырақ.

Асылды буған тең едім,

Күң тепсініп, пышақтап.

Қыс ызғар, жаз шаң тимес,

Алатаудың аруы ем,

Қараның ханы затым ақ.

Сол басымнан күн өтті.

Күн өтті де, күңірентті.

Мал-мүліктен айрылып,

Қалдың қу жақ қақылдап.

Шара сағат шықылдайд,

Қалып па әлі жақындап?

Отарбасы осы ма,

Оның да іші от па екен?

Ішімде менің лапылдап,

Жанып жатқан шоқ па екен?

Қазаны қайнап, сақырлап,

Шығара ма бұл да шер?

***     ***     ***

«Айдаһрадай ысқырып,

Арғымақтай пысқырып,

Арба алуға ышқынды.

Айнала жау, бір ел жоқ,

Ағайын жоқ… біреу жоқ…

Көрді көз кек түтінді.

Анда-санда аһлап…

Әлде бұл да жау ма екен,

Екі көзі шатынап,

Әлсін-әлсін ақырад,

Әлде осы ма әзірәйіл,

Аузынан от бұрқырап.

Әнекей тағы біреуі:

Ырсылдап, саулап, сырқырап,

Келіп қалды-ау шырқырап.

Қуарған! Мұқан! (жулқылап)

Қолыңды әкел, қу шұнақ.

Қош, құрыған аруақ!

Қош жау ел! Қош, қу қоныс,

Бұйырмаған топырақ!

Беті қалай… білмейді,

Не болды, оны түймейді,

Меңіреу, сұлық, саңырау…

Әлде аруақ жын соққан,

Кәнпеске не, бір соққан?!.

Қаңғыр етті қоңырау.

 

Жан жармасты қобырап,

Мұқан көзі бұлдырап,

Тұрды есікте қуарып.

Құлдырады арба ұзап.

Бар қуаты жалғыз-ақ:

Бір белет, бір куәлік.

 

Иә, мұны кім көрген:

Бұл бір белең біз көрген.

Бұл бір мерей біз көрген.

Айналаға қарасам,

Оралған нұрға әуе, аспан.

Күн көрем де, нұр көрем.

Нұр кергенде не көрем;

Тандыры қайнап, бұлақтап,

Тақыры жайнап шуақтап,

Бөленген нұрға жер көрем.

Нұр үстіне нұр қосып,

Нұрлы дала жерлеген

Еңбекші қазақ – ел көрем!

Ел шетінде кім көрем:

Қақпандағы қасқырдай,

Мылқау… көзін төңкерген,

Мал, мүлікті алдырып,

Елден, жерден айрылып,

Күйзеу, жүдеу, меңдеген,

Айналада жау көрген,

Алдында азап, көр көрген,

Қаңғырып қалған бай көрем.

Еміс те еміс, есітсем,

Зарлаған үні, еңіреген:

Еңірегенде не деген:

Бүліндім, біттім, таусылдым!

Енді өлемін! Енді өлем…

Ел ішінде кім көрем:

Қабандағы қорқауға,

Қан қозып, кек кернеген,

Құралысып, байды айдап,

Қуанысып, малды айдап,

Кедей көрем кенелген.

«Бірлесейік» дегенмен,

Еңбекші көрем өрлеген!

Бұл көргендер көңілді

Бүгінгі күн тербеген,

Тербетер бұл талайды,

Көрмеген мұны кем де кем.

Қозғауы қозған қоғамым,

Қолқалап әңгіме айт десең.

Қобалжимын, қозғалам.

Қозғайын десем далаңды.

Домбыраң емес, қаламды,

Қобалжимын, қолға алам,

Кеше ғана ойнаған,

Темір емес, өмірді

Өзгеше соққан балғадан

Ойнаған да күй алғам;

Мінекей-біздің алған күй,

Мінекей-біздің салған ән.

Мінекей-біздің әңгіме,

Әлі де талай толғанам.

1928.
Дереккөз: Сейсен Мұхтарұлы. «Кәмпеске» кітабы. «Жалын» баспасы, 1997 ж.  402-406 бб.