Тамұқтан жеткен дауыстар
Неміс лагерьлеріндегі түркістандықтарға жалғыз ғана Мұстафа Шоқай (1890 – 1941) көмекке келеді. Ол, тұтқындарды өз мақсатмүдделеріне орай пайдалануды көздеген неміс командованиесінің тапсырмасымен, қажетті мағлұматтарды (ұлты, мамандығы, білімі, жасы т.б) жинау үшін Польша жеріндегі концлагерьлерді аралайды. 1941 жылдың тамыз-қараша айларында Просткен, Сувалки, Пагеген, Дебиса, Деба, Ярослау, Лемберг, Эбенрод т.б лагерьлерде болып, түркістандық (ортаазиялық) тұтқындардың жағдайымен танысады. Осы кезде кеңес əскери құрылымдары басшыларының өрімдей қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, тəжік жастарын ажал аузына айдап салғанын өз көзімен көріп, естіп біледі. Олардың қандай жағдайда тұтқынға түскені жөнінде М.Шоқайдың Францияның Шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институтының кітапханасындағы жеке мұрағаттық қорында сан алуан құжаттар сақталған. Солардың бірі – түркістандық тұтқындардан алған мағлұматтары негізінде жазылған «1941 жылғы Мұстафа Шоқайдың Германиядағы қызметі: əскери тұтқындармен – Түркістан тұрғындарымен байланыстары» деген құжат.
Соғыс жарияланған, кейін жалпы мобилизация бойынша майданға алынған түркістандықтардың оннан тоғызы (яғни 90 пайызы) винтовканы қалай ұстауды да білмейді. Көпшілігі орыс тілін меңгер- меген, яғни команда тілінен марқұм. М.Шоқайдың 1941 жылдың қазан айында Вели Каюмханға жолдаған хатында басқа да сұмдықтар жөнінде жазады. Дебиса лагеріне келген кезде ондағы 40 мың түркістандықтардан ауру мен аштықтан 25 мыңының ғана қалғанын анықтайды. Олардың біразы тұтқынға жол азабынан, тамақтың жетіспеушілігінен арып-ашыған күйде түскен. Кеңес казармаларында, əскери мобилизация бойынша армияға алынып, майданға жіберілгенге дейін, түркістандықтарға тамақ берілмейді. Мұның себебі, түркістандықтар нағыз «қызыл əскер» ретінде есептелмейді.
Ен далада мал бағып өскен ауыл балаларына «направо», «налево» деген сөздерді үйретудің өзі қиынға соғады.
Мобилизация бойынша армияға алынғандар қатарында бастауыш жəне орта білім оқу орындарының оқушылары жиі ұшырасады. Армияға мектептен балаларды түгел сыныптарымен алып кетеді.
Қазақ, өзбек, қырғыз т.б түрік-мұсылман халықтарының өкілдері мылтықпен, оқ-дəрімен жұрттың ең соңында жабдықталды, көп жағдайда оларға аңшы мылтығы да жетпей жатты.
№106 Ақмола атты əскер дивизиясының көпшілігі қазақ болған. Соғыс өнеріне үйретілмеген, жөні түзу қару-жарақ та берілмеген бұлар Харьков түбіндегі қоршауда түгелге жуық қырғынға ұшырайды. Бұл дивизиядағы 3200 жауынгерге 3100 (неміс танктеріне қарсы!) қылыш беріліпті.
Орыс жəне басқа да славян халықтарынан шыққан офицерлер құрамында шовинистік пиғылдағы командирлер қазақ, өзбек, қырғыз жауынгерлерін ауыр да қиын операцияларға арнайы аттандырып отырады. Оның өлімге жұмсау екені алдын ала белгілі еді. Мұнымен тынбай қылмыскерден құралған айып батальондары құрамына қазақ жастарының да қосып жіберілгендігі туралы фактілер ұшырасады. Бауыржан Момышұлының мұндай заңсыздықтарға қарсы тұруы осы жағдайларға байланысты еді («Жас қазақ», 2011, 24 маусым).
Майдан даласында жараланған қазақ жігіттеріне көмек көрсетілмеді. Ұрыс даласынан əкелінсе де, емдеу пунктіне қабылданбады, не болмаса басқаларынан кейін, ең соңында қабылданды («Егемен Қазақстан», 2010, 8 мамыр). Мұндай жағдайға назар аударған қазақ командирлері (көпшілігі кіші шендегі) «ұлтшыл» атанып, аяғы трибуналға да жететін.
Қатты жараланып ұрыс даласында қалған жауынгерлердің тұтқынға түспейтін ешбір мүмкіндігі болмады. Мысалы, Атырау (Гурьев) тұрғыны Ғайпен Бейісов 1941 жылы Украинаның Лоховица деген қаласының солтүстігінде өткен қырғын соғыста жараланып, 15-18 қыркүйекте ес-түссіз ұрыс болған жерде қалған, есін жиғаннан соң сол маңда қашып-пысып жүргенде немістерге тұтқынға түседі.
Мұндай жағдайлардан ар-ожданын бəрінен жоғары қоятын қазақ жауынгерлерінің тұтқынға қалай түскені жөнінде хабар алуға болады. Орыс генералдарының стратегиялық қателіктері, Кеңес Одағының соғысқа дайын еместігі, соғыс алдында елде кең көлемде орын алған саяси қуғын-сүргіндер – бұлардың барлығының 1941-42 жылдары үлкен апатқа, зор адам шығынына əкелгені бөлек əңгіме.
Мұстафа Шоқай мұрағатындағы құжаттарға қарағанда, қазақтардың 99 пайызы тұтқынға өз еріктерімен емес, мəжбүрлік жағдайда түскен, оларда немістерге өтейін деген ешбір идеологиялық мақсат болмаған. Қазақ тұтқындарының қолдарына түскен бір жапырақ қағазға, газет қиындысына өз қолдарымен араб, латын, орыс қаріптерінде М.Шоқайға жазып берген өтініштеріне құлақ асып көрелік:
– Бегімұлы Атығай, Əлжаппарұлы Мəжит: «Не жұмыс болса да қолымыздан келеді, 4 классты жəдидше оқығанбыз. Ең болмаса, тамағымызды асырайтын жерге жіберіңіз».
– Əміржанов Молдаш (Семей облысының Шұбартау ауданында 1919 ж.туған.): «Байдың баласысың» деп оқуға алынбадым, жасырынып жүріп 8 жыл оқыдым. Сонымен бірге бұл кісі əкесінің 1928 жылы «бай-кулак» ретінде кəмпескеленіп, сотталғанын, кезінде «Құнанбайұлы Абаймен жолдас болғанын» жазыпты.
– Əбішұлы Бекбауыл (Алматы облысының Жаркент ауданында мұғалім болған): «Менің сізден сұрайтыным, маған бір жұмыс жағын қарастырсаңыз».
– Бердіұлы Жақсылық: «Қандай жұмыс болса да [істеймін], мамандығым шофер. 11.IX.41».
– Ақбалаұлы Қамен. Сувалки лагері. 13.IX.41: «Мүмкін болғанынша тез жұмысқа орналастырсаңыз».
– Баймағанбетов Қайырден: «Мен өзім орысша, арабша, латынша жаза, оқи білемін. Ұлтым – қазақ. Орта мектепті бітіріп, мұғалім болып істедім. Жасым – 23-те. Қандай жұмыс болса да істеуге дайынмын».
– Ахметұлы Елеусін (Орал облысының Жəнібек ауданынан): «1916 жылы туғанмын. Арабша, латынша жəне орысша сауаттымын. 13.IX.41».
– Сұлтанұлы, Нұрбайұлы, Аңшыбайұлы: «Біздер, яғни өзіңіздің бауырлас қазақ балалары, жалынышты сөздерімізді айтып, өтініш етеміз. Осы қазақ арасынан жұмысқа адам алсаңыздар, бізді есіңізге аларсыз. 4-группаданбыз. 14.IX.41»
– Бекарыстан баласы Əзберген: «Туысқаным, ағай, Мұсеке! Көке, мені алып кет».
– Қараев Сəрсенбай. Сувалки. 15.IX.41: «1916 жылы туғанмын, ұлтым – қазақ. Келес ауданынанмын. Армияға 1939 жылы алынғанмын. Мамандығым – темір ұстасы».
– Ихсанов Қабден, Төралиев Бияш: «Комбайншымыз, мал бағамыз, қара жұмыстың қандайы да қолымыздан келеді».
– Симанов Барат (1917 ж. Əулиеатада туған): «1940 жылдың қазан айының 173-атқыштар полкінде əскерде болдым. Бабам Исмаил қажы Түркістан шаһарында тұрады. Өзімнің мекенім: Город Джамбул, ул. Буденного, 2-й тупик, дом 15».
– Жанабеков Əмірбек (22 жаста): «Шымкент облысының Сайрам ауданынанмын. Бір қызмет іздестіремін».
– Есмұрзаев Сейіт (Қызылордадан): «Ініңізге көз қырын салыңыз».
Тамұқтан жеткен осы секілді өтініштер жаныңды тебірентіп, оларға деген бүгінгі ұрпақтың қатыгездігіне іштей күйінесің. Қайтадан сол адамдардың мұң-зарына құлақ салайық.
1917 жылы Петропавл қаласында туған Қасенов Қажығали өз өтінішінде Кеңес өкіметіне қарсы болғандығы, екі рет сотталғандығы, «Құлымбетов, Есқараевтардың жағында екендігі» туралы жазып, бір қызмет ұсынуды сұрайды.
М.Шоқаймен туыстас болып шыққан Əбсадықов есімді азамат: «Мен сіз туралы «Азамат соғысының тарихы» деген кітаптан оқығанмын. Мен Есқараев Сүлеймен мен Жүргенов Темірбектің жақын туысқанымын. Сол себепті, мүмкіндігіңіз болса, менімен жеке сөйлесуіңізді сұраймын. Мен сізді Қызылордада, яғни Сұлутөбеде туып-өскен деп естігенмін. Мен өзім Қармақшыданмын, көп уақыт Қызылордада тұрып, сонда оқыдым… Сіз – ұлы есімдісіз жəне сізбен кездесуді үлкен бақыт деп есептеймін», – дейді.
Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тұрғыны Ақшаұлы Деменбай (жасы 25-те): «Əкем бай болған, 29-жылы сотталған. Кəмпеске болып, содан қайда кеткені белгісіз. Өзім – мал маманымын. «Əкең бай болды» деп, 38 жылы 10 ай түрмеде ұстады. Армия қатарына 1940 жылы алындым», – деген мағлұмат беріпті.
Арабұлы Макеш, «тұлдай жетім», əкесі 1928 жылы «кулак» ретінде сотталған, туған-туыстары 1930 жылғы көтеріліс кезінде қырылып қалған. «Соғысқа өз еркіммен аттандым, бірақ енді елге оралғым келмейді, мені өзіңізге бір қызметкер қылып алыңыз», – дегенді айтады.
Алматы облысының тұрғындары Жақсыбайұлы Мадияр, Тұрғамбайұлы Қалқа, Қожахметұлы Нұрмамбет, Сұлтанқұлы Əбдəлім, Созақбайұлы Зарлыхан (бесеуі де бір ауданнан) 1941 ж. 13 қыркүйекте М.Шоқаймен кездесу кезінде əкелерінің бірінің бай, бірінің болыс болып қуғын-сүргінге ұшырағандығы туралы айтып, «мына қиыншылықтан құтқаруды» сұрайды.
1941 ж. 13 тамызда Сувалки лагерінде жетімдігін айтып, жылап тұрып өтініш білдірген Əбділдаұлы Айнабай ешбір əскери дайындықсыз майданға аттандырылған. 1928 жылы əкесі тəркіленіп, айдалып кеткеннен бері кісі есігінде өскен. Айнабай «жоқ» деген сөзді жиі қолданады: «Əке-шеше тəрбиесінде болғаным жоқпын. Өкімет тəрбиесінде болғаным жоқ. Не коммунист, не комсомол тəрбиесінде болғаным жоқ. Не совет школында болғаным жоқ. Армияға биыл соғыс үстінде əкелді. Жасым 21-де. Күнім аға, жақсылығыңызды ұмытпаймын, өзіңізге адам керек болса, қолыңызға алыңыз. Жəрдеміңізді сұраймын».
Семей уезінде 1911 жылы туған Мұхаметжаноғлы Мұғаметмағзұмның «хаты» да араб қарпімен жазылыпты, себебі, жастайынан арабша оқыпты. Кейін «латынша», «орысша» оқып, мал технигі мамандығын алған. «Жат тап» ретінде қуғындалып, 1941 жылы наурыз айында шекара бекіту жұмысына алынғанын, содан тұтқынға түскенін мəлімдейді. Хат мəтініне қарағанда, онда айтылған жағдайлардың шынайылығына сенуге болады. «Менің үлкен əкем – Құдайберген қажы. Оның баласы Мұхамеджан бай болған, 1927 жылы өкімет кəмпескелеп, əкемнің 250 қойын, 175 жылқысын, 83 сиыр, 34 түйесін алып кетті, өзін он жылға түрмеге кесті. Бірақ қолға түспей, Аягөз деген жерде қашып жүріп өлді».
Қойын дəптердің парағына араб қарпімен жазылған мына бір құжат аумалы-төкпелі заманда ғұмыр кешкен, бірақ қиындықтарға қарамастан алға ұмтылған қайсар қазақ жастарының өмірінен белгі береді. Өлім алдында тұрса да, рухын жоғалтпаған бұл жасты да тыңдап көрелік:
«Сəлем бердік. Нашарға жағдай туғызу мақсатында алыс жерден келген туысқан мұсылман баласы. Сізге жүрегімнің терең түкпірінен шыққан махаббатқа толы сырымды ұсынып, төмендегі жағдайымды еске алуыңызды өтінемін.
Мен Гурьев (Үйшік) облысынанмын, Қаңбақтыны жайлаушы Қосымбай болыстың туған немересі Жалғасұлы Сембай боламын. Орта білімім бар. Мамандығым оқытушы, Гурьевтегі оқытушылар курсын бітірдім (мұғалім болар – авторлар). Бірақ жасымнан газетжурнал жұмысына араласудамын. Бұл іс – өмірлік алға қойған мақсатым. Мұның қайнар бұлағы (тіл бұлбұлы) – ақын-жазушылық жұмысы. 30-жылдан жазушылық талаппен қазақтың көркем əдебиетімен таныстым, 31-жылдан өз бетіммен қолыма қалам алып, түрлі жағдайға арнап өлең, əңгіме жаза бастадым. Бірақ Қосымбай болыстың («бөрінің») тұқымы деп… менің шығармаларым керексіз пұлға айналып отырды.
Мектеп бітіргеннен кейін облыстық газетке жұмысқа кіріп, қазақтың көне фольклорын жинау жөніндегі комиссияға іліндім. Сонымен «Алаш заманындағы ақын-жазушылардың сойылын соғушы» деп облыстық газет алқасынан шығарды. Көп адамдармен бірге мені де қуды.
Сіздің есіміңіз біздің елде өшпес орын алды. Францияда дегенді естіп, елде жүргенде армандаушы едім. Сол тілегім орындалып, сізбен бүгін жолыққалы отырмын.
Мен бір түпсіз тұңғиыққа батқан қара тастай қайғылы ауыр халде тұрмын. Болашақ жас талантты өлім халінен алып қалуыңызды сұраймын. Сізді «дұрыс жазушы адам» деп ұғындырушы еді. Қызылорда қазақтары. «Жазушы – адам жанының инженері» деуші еді ғой.
4-жұмысшытобы, 2-барақ. Жалғасұлы Сембай. 19.X.41». (L.Archives de Moustapha Chokay Bey -//- INALCO (Paris) Bigliotheque. Carton 2. Dossier 1)
М.Шоқайдың жеке мұрағаттық қорындағы соғыс тұтқындарының «өтініш» қағаздары мұнымен шектелмейді. Олардың бəрін бірдей бұл жерде тізе беру мүмкін де емес, қажеті де бола қоймас. Бірақ олардың бəріне тəн бір нəрсе бар: түркістандық тұтқындардың бірде-бірі «мені Қызыл Армияға қарсы майданға жіберіңізші» деп сұранбаған, бəрі де бейбіт өмірге оралуды, жұмысқа орналасуды ойлаған.
Дегенмен, тұтқындардың барлығы да бір сарында сөйледі, «Кеңес өкіметін шексіз сүйді» деп жазсақ, шындыққа қиянат болар еді. М.Шоқайға тапсырған өтініштерінде олардың өміріне де əсер еткен күшпен ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін, əкелерін, не ағайынтуыстарын тəркілеу т.б сойқанды оқиғаларға байланысты іштерінде жатқан реніш табы сезіледі. Симанов Барат «халық колхозға қалай разы болсын» деп ашығын айтады. Байбосынов Көптілеу, қаражаты жетіспегендіктен, университетті тастап кеткен. Əбуев Хасен, соғыстың қарсаңында «түрмеге отырғызуға сот үкімі шығып» қашып шыққан, оның əкесі де «халық жауы» ретінде сотталған. Тіпті, Кеңес өкіметінен онша жақсылық көре қоймаған бұлардың өздері де қару ұстап оған қарсы шығайын деген ниет білдірмейді. Оларды алдарына қандай да бір саяси, идеологиялық мақсат қойып немістер жағына шықты деп кінəлау – алды-артына қарамайтын шолақ белсенділер мен «урапатриоттардың» ісі. Ең қатты кеткен, «өкпесі – қара қазандай» дегендердің өздерінің мақсаты отбасы, ошақ қасынан аса қоймайды. Жаңағы М.Мұхаметжаноғлының «арманы» мынау: «Ендігі менің уайымым: 1) колхоз ажыраса, малымның қалдығын алатын кісім жоқ; 2) ел ішінде 4-5 коммунист-белсенді адам бар еді, солардың басына міне алмадым; 3) 63 жаста кəрі шешем, 14 жаста қарындасым ешбір көмексіз қалды. 1915 жылғы туған інім бар еді. Оны да фронтқа əкетті деп естідім. Осы жағдайлар маған өте ауыр тиіп тұр». М.Шоқайдың өзі де түркістандық тұтқындардан əскер жасақтап, оларды немістер жағында майданға аттандыру жөнінде ауызға алмаған. Сувалки лагеріндегі түркістандық соғыс тұтқындары алдында жүрегі қан жылап тұрып сөйлеген сөзінде: «Менің ең басты мақсатым сіздерді біздің болашақ Отанымыз – Түркістанды құруға қажетті мамандық алу үшін түрлі арнайы жұмыстарға орналастыру болып табылады», – дейді.
Кейін түркістандық тұтқындардың біразы немістер ұсынған жұмысқа орналасты, 1942 жылы тамыз айында құрылған «Түркістан легионы» атты құрамаға кірді…
Иə, осылайша өмір мен өлім арасындағы тайталас жүріп жатты. Ешкімнің де тектен-тек жарық дүниемен қоштасқысы келмеді. Жалаң қолмен неміске қарсы тұрмадың деп айыптау кеңес идеологиясына оңай ғой.
Көшім Есмағамбетов, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Дереккөз: К.Есмағамбетовтың “Түркістандық әскери тұтқындар” атты кітабынан алынды. “Арыс” баспасы, Алматы, 2019 ж. 10-16 бб.