Ет проблемасын шешуге байланысты орталықтың төтенше шараларының Қазақстандағы ауыр зардаптары
Жаппай ұжымдастырудың басталуына байланысты БК(6)П Орталық Комитеті шешім қабылдаған алғашқы қаулыларының ішінде «Ет проблемасын шешуге байланысты шаралар» (1929 ж., 20 желтоқсан) мал шаруашылығымен айнапысатын қазақ шаруаларының тағдырында шешуші рөл атқарды. Мұнда «ірі ет өндіретін мемлекеттік совхоздарды ұйымдастыру», колхоздардағы мал шаруашылығын өркендету және «ет өнеркәсібін жасау негізінде» мал шаруашылығын қайта құру көзек күттірмес міндет ретінде ұсынылды.
Қаулыда «жекеше кедейлер – орташалар шаруашылықтарында етті мал шаруашылығын өркендетуге ықпап ету» қажеттігі атап көрсетілсе де «оның тауарлылығының жене өнімділігінің төмендігі» және артта қалғандығы, яғни болашағының жоқ екені де ашық айтылды. «Ет проблемасы, – деп жазылған онда, – оны шешпейінше партия мен кеңес өкіметінің маңызды экономикалық міндеті болып табылатын жұмысшы табын азық-түлікпен қамтамасыз ету ісіндегі қиыншылықтар жойылмайды»1 [Коллективизадия сельского хозяйства. 246бет.].
Ет проблемасы туралы Бүкілодақтық «Союзмясопродукт» акционерлік қоғамының өзінің Қазақ өлкелік кеңсесіне 1929 жылғы 25 маусымда жіберген хатында нақтырақ айтылған. Онда «а/ш /ауыл шаруашылығы – Т.О./ өнімдерінің, сондай-ақ, әсіресе майдың жетіспеуі жағдайында Мәскеуде, Ленинградта және басқа да тұтыну орталықтарында етке сұраныстың күшті өскені» атап көрсетілген. Бұған қосымша жылдың үшінші тоқсанындағы базардағы қолайсыз жағдай және ет дайындаудың азайып кетуі жағдайды ушықтыра түскен 2 [ҚР ОМА., -1116-қ., 2т., 21-іс, 129-п.].
Кеңес өкіметі ет проблемасын оны жедел дайындау және шарт жасасу (контрактадиялау) жолымен шешуге күш салды. Шарт жасасудың заңдық негізі КСРО ХКК 1929 жылғы 7 қазандағы «Ауыл шаруашылығы өнімдерін контрактадияпау туралы» қаулысында қаланды. Онда шарт жасасудың «соңғы екі жылда ауыл шаруашылығы дақылдарының бәріне дерлік…» аса жедел таралғаны атап көрсетіле келіп: «Контрактадияның біртіндеп бытыраңқы нарықтық қатынастарды жоятыны және ұйымдаспаған шаруалар өндірісін жоспарлы негізге бағындыратыны» айқын айтылды 3 [Коллективизадия сельскогохозяйства… 206 бет.].
Қазхалком малға шарт жасасудың қажеттігін «жекелеген аудандарда ішінара өнім алынбауымен, жұт болуымен» түсіндірді. Осындай ауыр жағдайда Қазақстанда 1929 жылы қазанда малдың жас төлін базарға ұсынудың өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 2,5 есе көбейе түскені байқалған еді. Яғни әсіресе малдың төлінің тауарға айналуы мал басының шұғыл қысқаруына басты негіз болатыны байқалды. Қазақстан үкіметі малға шарт жасасуда осыған рұқсат берген РКФСР Экономикалық Кеңесінің 16 қыркүйектегі шешімін басшылыққа алды.
Шарт жасасуға ірі қара төлінің үш категориясы жатты: алғашқылар – сегіз – он сегіз айлық жас арасындағылар, екіншілері – он сегізден отыз айға дейінгілер, үшіншілер – отыз айлықтан жоғары жастағылар. Шарт жасасуды мынандай ұйымдар жүзеге асыратын болды: «Живсоюз» «Колхозсоюзбен» басты келісім негізінде бірінші көзекте колхоздарда, онан соң кооперативтердегі әлауқаты төмен жекеше қожалықтарда; «Союзмясопродукт» совхоздарда, сондайақ тұтыну жүйесінде кооперадияланған қожалықтарда және кооперативтендірілмеген әлауқаты төмен қожалықтарда шарттар жасады.
Кулактар мен ауқаттылар қожалықтарында шарт жасасу тек жоспардан тыс және аванс төлемей жасалатын болды. Шарт жасасу мерзімі алғашқы категорияда – екі жыл, екіншіде – он ай, үшіншіде – алты ай болып белгіленді. Шарт жасасумен қамтылатын малдардың негізгі бөлігі – 70 проденгі 1929 жылдың соңғы тоқсанында, ал қалғандары 1930 жылдың қаңтар-ақпан айларында келісім-шартқа тіркеліп бітулері тиіс болды. Ары кеткенде бұл жұмысты 10 наурызға дейін аяқтау көзделді.
Шарт жасасқан колхоз, бастауыш серіктестік немесе шаруа келісім-шарт бойынша аудандық серіктікке өзі бағып-қаққан малды шартта көрсетілген мерзім біткеннен кейін аман-есен тапсыруы тиіс болды. Өткізілетін малдың тірі салмағының әрбір дентнеріне КСРО Сауда халкомы белгілеген бағамен ақы төленді.
Ал шартқа енгізілген мал жоғалып кетсе, өліп қалса немесе айырбасталып жіберілсе, онда мал иесі қылмыс жасаушы ретінде жауапқа тартылды. Яғни колхозшы, совхоз мүшесі немесе шаруа өзі аштан өліп қалса да, шартқа тіркелген, сөйтіп шындығында үкімет меншігіне өткен малды аман-есен сақтауға міндетті болды.
РКФСР Сауда халкомы 1929-30 жылы Қазақстанға шарт жасасудың үлкен жоспарын берді. Мұны төмендегі кестеден анық байқауға болар еді.
Сонымен кестеден керінетіндей, Қазақстандағы мал басына байланысты шарт жасасуды «Животноводсоюз», «Союзмясопродукт», «Скотовод» деген ұйымдар жүргізді. 1929-30 жылда олар 276900 бас малды шартқа отырғызуға міндетті болды.
ІІІарт жасасушы ұйымдар мал иелерін аванс төлеу арқылы қызықтыруға тырысты. Шарт жасалған кезде колхоздарға, кооперативтерге және кедейлер қожалықтарына теленетін шартта көрсетілген бағаның 50 проценті ақшалай аванс түрінде берілетін болды. Ал колхоздарға және кооперативтерге мүше болып кірген, малдары түгелдей қауымдастырылмаған орташаларға, сондай-ақ әл-ауқаты төмен жекеше орташалар қожалықтарына аванс 40 процент көлемінде төленді.
Бірақ алғашқы айларда-ақ шарт жасасу ісі сәтсіздіктерге ұшырай бастады, Мәскеуге, «Союзмясопродуктіге» 1929 жылғы 17 желтоқсанда хат жолдаған осы ұйымның Алматыдағы мекемесінің бастығы Артемьев былай деп атап көрсетті: «Ерте түскен қатал қыстың салдарынан жем-шөптің жоқтығынан кедейлер, орташалар қожалықтары шартқа отырғызуға жататын малдарды базарға шығаруда, өздерінің тұтынуы үшін сойып алуда…».
Осындай күрделі жағдайға қарамастан, Мәскеудегілер 1929 жылдың күз айларынан бастап Қазақстанға бұрын белгіленген шарт жасасу жоспарынан тыс тағы да үстеме, қосымша тапсырмаларды көптеп бере бастады. Мысалы, жоғарыдағы кестеден көрінетіндей, «Союзмясопродукт» кеңсесі Қазақстанда түтыну кооперадиялары арқылы 1929 жылы 45000 бас мүйізді ірі қара төлін шартқа кіргізуі керек еді. Бірақ қараша айында Мәскеудегі осы мекеменің орталығы жоспарға қосымша тағы 800 бас ірі қара төлін шартқа кіргізуді ұсынды.
Оның үстіне Ладис бастаған шартқа отырғызу мәселесіне байланысты Қазақстанда жұмыс істеген мемлекеттік комиссия желтоқсан айының басында Өлкелік мекемеге тағы да 250 000 бас саулық қойды шартқа кіргізуді жүктеді. Ал желтоқсанның ортасында Мәскеуден керсетілгендерге қосымша жаңа тапсырма – 15 000 бас ірі қара төлдерін және 20 000 бас шошқаны шартқа отырғызу туралы жаңа нұсқау келді.
Жоспарға қосымша мал басын шартқа отырғызуға байланысты ұсынысты тек Мәскеудегі орталықтар ғана жасаған жоқ. Қазақстанның басшы органдары да шартқа кіргізілетін мал басын көбейте түсуге мүдделілік танытты. Мысалы, Қазақстанның Сауда халкомы ірі қараны ғана емес, қойды да шартқа отырғызу қажеттігін өзінше дәлелдеп, мұндай қой малының санын 500 мың басқа жеткізуді Мәскеудегі орталықтан өтінді. Өтініш, әрине толық қанағаттандырылды.
Тереғожин, Беков, Қошанбаев, Леонов 1930 жылы 7 ақпанда қол қойған Қазақ Сауда халкомының жергілікті органдарға жіберілген нұсқау хатында осы шешімге байланысты қой малын шартқа отырғызу көзінде колхозшыларға сол көздегі шартты бағамен 60 процент, кедейлерге 50 процент, орташаларға 40 процент аванс төлеу ұсыныл-ды. Бірақ әр қойдың басына төленетін ақша орта есеппен 5 сомнан аспауы тиіс болды.
Жоспардан тыс шартқа кіргізілуі тиіс мал санының біртіндеп өсе түскенін Одақтық «Союзмясоның» Қазақ өлкелік «Казкрайсоюз» кеңсесіне және Қазақстанның Сауда халкомына 1930 жылы 24 қаңтарда жолдаған жедел телефонограммасынан да байқаймыз. Онда Орталықтың нұсқауымен жоспардан тыс шартқа кіргізілетін мал басы 53 000 екені көрсетілген. Осы құжатта ҚАКСР халкомы кеңесінің 1929 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысына сәйкес кулактар мен байлар қожалықтарында аванс бермей шарт жасасуды кеңінен қолдану, мұндай шарт жасасуды жалпы жоспардың 25 процентіне жеткізу ұсынылды.
Бұл нұсқау ауқаттылардың малын алғаш тізімге тіркеп, онан соң тегін, ақы төлемей-ақ тартып алындар дегенмен бірдей еді.
Мал иелерінен малды жаппай тартып алу әсіресе КСРО ОАК мен ХКК 1930 жылғы 16 қаңтарда бірігіп қабылдаған «Малшы жыртқыштықпен сойып тастауға қарсы күресу шаралары туралы» қаулысынан кейін күшейе түсті.
Қаулыда аудандық атқару комитеттеріне «өздері малды жыртқыштықпен өлтіріп жатқан немесе осыған басқаларды арандатушы кулактарды жерден айыруға және олардың мал-мүлкін түгелдей тәркілеуге рұқсат берілді.
Сонымен қатар осы тәркіленген мал иелері соттың шешімімен екі жылға дейін бас еріктерінен айрылатын және басқа жерлерге жер аударылатын болды.
Қаулы жеке шаруалар қожалықтарын ғана емес, колхоз мүшелерін жазықсыз жазалауға да жол ашып берді. Онда «өздерінің малдарын сойып алған немесе сатып жіберген» шаруаларды колхоздарға қабылдауға тыйым салынды. Оның үстіне осындай әрекеттерге барған колхоз мүшелері колхоздардан шығарылуы тиіс болды.1 [Коллективизадия сельского хозяйства. 260бет.].
Бірақ бұл қаулы меншік иелерін қуғын-сүргінге ұшыратудың жаңа науқанына негіз қалап қана қоймай, сонымен қатар жергілікті жерлерде ет дайындау қарқынын төмендетуге де алып келді. Жергілікті органдар малды союға және мал тұрмақ, тіптен ет өнімдері атаулыны сатуға тыйым салатын бұйрықтар шығарды. Сөйтіп, кейбір аудандар да ет дайындаушылардың жұмыстары шын мәнінде тоқтап қалды. Сондықтан ақпан айында Өлкелік партия комитетінің хатшысы Құрамысов, Халком Кеңесінің төрағасы Исаев, Сауда халкомы Төреғожин қол қойған арнайы нұсқау барлық округтерге жіберілді. Онда: «Округтік атқару комитеті, аудандық атқару комитеті төрағаларының жеке жауапкершіліктерін үзілді-кесілді талап етеміз: халықтың соғымдық малын союына, сатуларына ешқандай кедергілер жасалмайтын болсын», – деп атап көрсетілген. Нұсқау берушілер малды сойып тастауға тыйым салушыларды жазалауды да естен шығармады: «Тексеріңіздер, кінәлілерді жауапқа тартыңыздар».
Барлық дайындаушыларға көмек көрсетуді және «жақын күндерде дайындауда түбірлі бетбұрыс жасауды» талап еткен бұл нұсқау, БК(б)П ОК-нің «Союзмясоға» бүкіл елдегі он екі миллион жұмысшыларды, әскери мекемелерді етпен жабдықтауды тапсырғанын селолық кеңестерге түсіндіруді қажет деп тапты.
Осылайша жергілікті жердегілер жоғарыдан қарама-қайшылыққа толы нұсқаулар алды. Олардың бірінде малды сойып тастаушыларды жазалау талап етілсе, ал екіншілерінде малды сойып тастауға тыйым салушыларды жазалау қажеттігі айтылды.
Жоғарғы органдар бұларға қосымша шартқа отырғызылған мал басы шағын болған жағдайда да жазалаудың орын алатынын жасырмады. Бұл туралы 1930 жылы 4 ақпанда «Союзмясоның», «Живсоюздың», «Потребсоюздың» жергілікті органдары, аудандық атқару комитеттерінің сауда бөлімдері өздерінің бастықтарынан шартқа тіркелген мал басының амандығын қамтамасыз етпегендердің «істерін прокуратураға тапсырыңдар, олай етпеген жағдайда өздеріңіз жауап беретін боласыздар» деген жедел нұсқаулар алды.
КСРО ХКК 1930 жылғы 11 наурыздағы шешімімен ірі қара малын, қойларды және шошқаларды шартқа тіркеу жоспарын белгілеу КСРО Сауда Хапкомына тапсырылды. Ал «Союзмясо» мекемесі осы шартқа тіркеу жұмысының жүргізілуіне және етпен жабдықтау мәселесіне, сондай-ақ социалистік секторды малмен жасақтауға жеке-дара басшылық жасайтын болды. 1930 жылы «Союзмясо» «Совхоздентрді», «Скотоводты» және «Овдеводты» малмен қамтамасыз етуді міндеттеді.
Сонымен бірге «Совхоздентрге», өз бетінше, Сауда Халкомының жергілікті бөлімдерінің рұқсатымен мал сатып алуға рұқсат берілді. Ал «Скотовод» пен «Овдеводқа» мұндай рұқсат берілмеді. Олар бұл жұмыста және ет дайындауда «Союзмясоға» тікелей тәуелді болды.
Аталған мекемелердің неліктен құрылғаны «Союзмясоның» өлкелік Кеңсесінің өзінің жергілікті жерлердегі мекемелеріне 1930 жылы 26 ақпанда жөнелткен нұсқау хатында анық айтылған. «Халықтың к/бай (кулакбай – Т.О.) бөлігінің, – деп атап көрсетілген онда, – малды қыруының және жоюының күшеюінен туындаған мал шаруашылығы шаруашылықтарын қайта ұйымдастыру мал санының кебін қоғамдық сектор қолында ұстау қажет шығар дегенге келіп тіреледі».
Әсіресе хаттағы мынандай жолдар еріксіз назар аудартады: «Мемлекет мал колхоздарын дамытумен және нығайтумен қатар, жекеше сектор қорынан қарқынды түрде алу есебінен етті мүйізді ірі қараны бағатын, өсіретін және қондандыратын («Скотовод» акционерлік қоғамын), қойларды («Овдевод» акдионерлік қоғамын) және т.б. малдар түрлерін жақсартатын («Совхоздентрді») ұйымдар ұйымдастыруға дәл қазір кірісуді қажет деп тапты».
Бұдан көрінетіні, жаңадан құрылған мал шаруашылығы тек жеке шаруалар қожалықтарының малдарын алып қою есебінен ғана жасақталатын болды. Оған сылтау да дайын: жекешелер малды қырып жатыр.
Ап колхоздарға келсек, аталған хатта оларда да едәуір малдың басы шоғырланатыны атап көрсетілген. Бірақ онда сонымен қатар «мал шаруашылығын қайта құрудың бірқатар маңызды міндеттерін» жүзеге асыруға «жас, әлі нығаймаған колхоздардың шамаларының келе бермейтіні» де ескертілген 1 [ҚР ОМА. -1116-қ., 2т., 61-іс, 1-2, 12-13, 30, 61-62, 2, 15, 44, 88, 68 95, 87, 315, 148-П.].
Белгіленген өндірістік жоспар бойынша «Скотоводқа» кіретін совхоздар саны 1930 – 1933 жылдары 37-ден 130-ға дейін, ал олардағы мал басы 715 000-нан 3141,8 мың басқа дейін жедел өсуі тиіс бодды. Дәл осындай көрсеткіштер «Овдеводта» керсетілген жылдары 23тен 110-ға және 590 800 бастан 1861,4 мың басқа өсуі тиіс еді 1 [Материапы к отчету Казахского Краевого Комитета ВКП (б) на VII Всеказахской партконферендии. 16-17беттер.].
Қазақ ауылының ғасырлар бойы қалыптасқан жеке-меншікшіл психологиясын көзге де ілмеген және оның ауыр салдарлары болулары мүмкіндігін мүлде ескермеген осындай ауқымды міндет қазақ ауылындағы мал мәселесі төңірегінде әбден шиеленіскен жанжалдарды одан әрі ушықтыра түсті. Малды шартқа тіркеу ісі күн санап жоғарыдан түскен қатал нұсқаулардан жаңа қарқын алды.
Жоғарғы органдар өздерінен төмендегілерге малды шартқа тіркеудің «көктемгі егін егу науқанына тең келетін маңызды саяси кезең болып табылатынын», сондықтан да бұл «жұмысты шұғыл түрде жеделдету» қажеттігін қайта-қайта ескертуді де ұмытқан жоқ.
Осындай үздіксіз қысым көп кешікпей-ақ өз нәтижесін бергендей болды. Мәскеудегі «Союзмясо» басқармасының жергілікті жерлерге жолдаған хатында 20 ақпандағы мәлімет бойынша Одақ көлемінде малды шартқа тіркеу жоспарының орындалғаны атап керсетілді.
Қазақстандағы осы мекеменің органы да өзінің осы 1930 жылғы 24 наурызда Мәскеудегі орталыққа жолдаған мелімдемесінде осындай жоспардың Қазақстан бойынша орындалғанын, сөйтіп жоспардағы 308 000 бас ірі қараның орнына 312 343 бас ірі қараның шартқа тіркелгенін, яғни жоспардың 101 процентке орындалғанын, ал енді үшінші тоқсанда 92 мың бас ірі қараны шартқа тіркейтіндерін, сондай-ақ барлық жерлерде қойларды шартқа тіркеудің басталғанын атап көрсетті.
Бірақ Мәскеудегілер жергілікті жерлерден түскен мәліметтерге сене қоймады. Жоғарыда көрсетілген «Союзмясо» басқармасының хатында «10 наурыздан қалдырмай барлық аудандарда шартқа тіркелген малдарды жедел тексеру» ұсынылды. Бұл жұмысқа байланысты тексеру бригадалары ұйымдастырылып, жүрт алдында айыптыларды ашық соттау процестері өткізілуі тиіс болды.
Бұл жұмыс Қазақстанда да қызу қолға алынды. Айта кеткен жөн, басқалар тәрізді мұнда да малды шартқа тіркеуде өрескел қателіктер орын алған еді. Жоғарыдан үздіксіз жасалған қысымға шыдамаған Қазақстандағы жергілікті органдар қоғамдық сектордағы барлық мал басын түгелдей шартқа отырғызды. Мал басы кұн санап азайып жатқанда, жергілікі жердегілерде жоспарды орындаудың бұдан басқа амалы да қалмаған еді. Мұны ет мәселесінде шарт жасаушылардың Мескеу жұмысшылары бригадасы өкілдерінің және жергілікті банк қызметкерлерінің Алматыда бірігіп өткізген 1930 жылғы 9 ақпандағы кеңесінің хаттамасынан үзінді келтірсек анық ұғамыз:
«Тындалды: мал дайындаушы ұйымдардың өздерінің барлық жоспардағы тапсырмаларын орындау барысы туралы.
Ж.Вигдерзон (округтік жоспарлау): «Союзмясо» белгілеген жоспарды қабылдауға болады, бірақ дегенмен де мынаны ескерген жен: мал басының қысқаруы қазірдің өзінде 14 процент болып отыр.
Ж.Зуев («Живсоюз»): дайындау жоспарын орындау қиын. Байқалып отырған малды жыртқыштықпен союдың әрине базардың ұсынысында көрініс бермеуі мүмкін емес. Колхоздар тарапынан барлық мал түгелдей дерлік шартқа тіркелген. Мұндай жағдайда мынаған жауап беруге тура келеді: мал шаруашылығы колхоздарын малмен жабдықтау керек пе немесе оларды тарату керек пе?
Ж.Эрин (Мәскеудің өкілі): …бірақ бір жағынан 12 000 000 жұмысшылар мен Қызыл Армияны тоқтаусыз жабдықтау қажеттігін де естен шығаруға болмайды. Өнеркәсіп орталықтарын қамтамасыз етуде қалыптасқан жағдайға байланысты жөнелту жөнінде тапсырмаларды орындау үшін жедел де батыл шаралар қолдану және сүт еметін бұзаулардан бастап төлдерді шартқа отырғызуды барынша жеделдету керек. «Животноводсоюздың» жанынан осыған ықпал ететін ұя құру қажет. Шошқаны жылқының орнына өткізген дұрыс болар еді».
Бұл шағын пікір алысудан мынаны аңғара аламыз: жергілікті жерлерде мал басы едәуір қысқара бастаған, ал колхоздар осы бағыттан қорқып, малды аман алып қалу жене оларды шартқа тіркеу жоспарларын орындау үшін барлық малды дерлік шартқа тіркеген. Ал Мәскеуден келген өкіл Бұларға назар да аударғысы келмеді. Оның мақсаты біреу-ақ, өнеркәсіп орталықтары мен Қызыл Армияны Қазақстанның етімен қамтамасыз ету.
Бұл айтылғандардың ішінде қоғамдық сектордың, яғни колхоздардың барлық малды шартқа отырғызуы бұл істі өрескел бұрмалау жене асыра сілтеу еді. Сондықтан жоғарыда айтылғанындай, осы мәселені тексеру туралы Мәскеуден тапсырма алған Қазақстанның Сауда Халкомы өзінің жергілікті бөлімдеріне, «Союзмясоға», «Казживмолсоюзға» 1930 ж. 28 наурызда жолдаған жеделхатында «мұндай келісімдерді шұғыл түрде қайта қарап, шартқа тіркеу көлемін азайту бағытында» шара қолдануды, «ал мұндай келісімдер жасауға жол берген адамдарды жедел сот жауапкершілігіне тартуды ұсынды»1[ҚР ОМА. -1116-қ., 2т., 61-ІС, 235, 193, 207, 193, 289, 251-п.].
Ал енді жоғарыдағы мәжілісте кетерілген шошқа малын шартқа тіркеу немесе оны жылқының орнына өткізу туралы мәселеге келсек, 1929-30 жылдарға арналған жоспар бойынша қазақстандықтар 20000 бас шошқа малын шартқа тіркеулері керек еді 2 [Сонда, 57-іс, 6-п.]. Бірақ 1930 жылдың көктеміне қарай жергілікті жерлерден олардың округтерінде шошқа қалмағаны туралы хабарлар түсе бастады. Мысалы, 13 наурызда дәл осындай хабар берген Қостанай округі өздерінің қазан-ақпан айларында бір ғана бас шошқаны етке өткізуге дайындай алғандарын айтса, Ақмола округіндегілер 1 наурызда округтегі орыс шаруаларында бар болғаны 303 бас қана шошқа қалғанын атап көрсетіп, «шошқаны дайындау, шартқа тіркеу жоспарын өздерінің орындай алмайтындарын» ашық айтты.
Мал басының жалғыз шошқа ғана емес, басқа түрлерінің де Қазақстанда азая бастауы 1930 жылдың екінші тоқсанында малды шартқа отырғызу жоспарының орындалу қарқынының күрт төмендеуіне алып келді. Мәскеудегі Бүкілодақтық ет өнеркәсібі бірлестігінің 1930 жылғы 20 мамырдағы мәліметі бойынша, Қазақстан шартқа тіркеу жоспарын 57,2 процентке орындаған. Бірақ «бұл санның өзі асыра көрсетілген, тексеру нәтижесінде әлдеқайда аз болып шығады» 3 [Сонда. -1116-қ., 2т., 256, 355-п; 61-іс; 449-п.]. Осылайша, Қазақстанда «өнеркәсіп орталықтарын және Орта Азияны көктемгі және жазғы кезендерде, дайындау базарларында бағаның көтерілуі және тұтыну базарларында ет өнімдерінің жетіспеушілігі кезінде етпен қамтамасыз етуді көздеген» мал басын шартқа тіркеу сәтсіздікке ұшырай бастады 4 [Сонда, 57-іс, 4-п.].
Мал басын шартқа тіркеуде мұндай қиыншылықтың орын алған себебі үкіметтің жекешенің малын шартқа тіркеу мөлшеріне шек қоймағанына қарамастан, жергілікті жерлерде шын мәнінде жекешенің малын шартқа тіркеп, оған аванс төлеп және оны жем-шөппен қамтамасыз етумен айналысуға ешкімнің де құлқы болмады. Сондықтан жекеше қожалығында шартқа тіркеуден гөрі ет дайындау әлдеқайда белсенді жүргізілді. Мұндайдың белең алып кеткен себебі жергілікті басшы органдар жекешелердің шартқа тіркелген малды белгіленген мерзімде аман сақтайтынына және мемлекетке өткізетініне сене қоймады.
Осыған байланысты малды шартқа тіркеудің негізгі салмағы колхоздарға, дәлірек айтсақ, колхоз мүшелеріне түсті. Егер 1930 жылдың 1 маусымына қарай колхоздарда барлық малдың 21 проценті ғана шоғырланғанын, ал жалпы мал басын шартқа тіркеудің 42 проценті колхоздарда жүргізілгенін ескерсек, колхоз мүшелеріне де жеңіл болмағанын байқар едік.
Колхоздарда шартқа тіркелген мал сүтін сауу, жайылымда жайып семірту және бордақылау үшін колхоз мүшелерінің қарауларына берілді. Бұл малға, әрине, ет дайындаушылар тиісе алмады. Сондықтан соңғылар жекеше шаруалар қожалықтарының малдары есебінен ортапықтың ет дайындауға байланысты нұсқауларын орындауға аса мүлделі болды. Ал мұның өзі жекешелер қожалықтарын малдан күштеп айырып, оларды жүдете түсті 1 [ҚР ОМА. -1116к., 1т., 19-іс, 17-п.].
Оның үстіне Қазақстанның Сауда Халкомы Мәскеуден түскен нүсқаулар негізінде малдарын шартқа тіркегендерге төленетін аванстар көлемін де біртіндеп азайта түсті. Жоғарыда айтылғанындай, аталған мекеменің жергілікті жерлерге 1930 жылы 7 ақпанда жіберген нұсқауында малдарын шартқа отырғызған колхозшыларға сол көздегі шартты бағамен 60, кедейлерге 50, орташаларға 40 процент көлемінде аванс беру көзделді. Арада біраз уақыт өткен соң, осы жылдың 20 наурызында төленетін аванстар кедейлерге 30, ал орташаларға 20 процент болып белгіленіп, едәуір азайтылды 2 [Сонда, 2т., 61-іс, 88, 224-п.]. Ал енді 1930-31 шаруашылық жылында жекешелер секторына аванс 15 процент көлемінде ғана теленетін болды. Бірақ шартқа тіркелген мап басына және оның дайындалған етіне төленетін ақының 4 проценті астық, ап 20 проценті өнеркәсіп тауарлары түрінде берілуі керек еді. Рас, астықпен ақы төлеу негізінен астық екпейтін аудандарда ғана қолданылатын болды және ол малдың құнының шамамен 11-12 процентіне төленді. Дегенмен малды етке өткізуге төмен баға қойылуы да жекешелерді түңілдіре түсті. Егер ірі қара мал дайындаудың орташа өзіндік құны әр басқа шаққанда орта есеппен 40 сомнан ғана айналса, ал қойда бұл көрсеткіш 8 сом ғана болды.
Мап етін дайындаудың 50 проценті шартқа тіркеу жолымен жүзеге асырылса, ал қалғаны тікелей дайындау арқылы орындалуы тиіс болды 1 [ҚР ОМА. -1116-қ., 1т., 19-іс, 17-18-п.].
Кеңес өкіметінің мұндай төтенше науқандары әсірес, мал шаруашылығымен айналысатын қазақ шаруаларына ауыр тиді. Өйткені күштеп ұжымдастырудың алғашқы ке зеңінде малдың басым көпшілігі негізінен қазақ шаруаларының қолында еді. 1930 жылдың 20 ақпанында Қазақ станда 6899 колхоз тіркелді. Олар халықтың 36,7 проденіім біріктірді.
Оларда қауымдастырылған барлық малдың басы 1252309, ал оның ішінде жұмыс малы 269611 бас болып, яғни өлкедегі барлық малдың 21,7 процентін құрады.2
Осылайша негізгі малдың жекеше қазақ шаруалары қол дарында екенін жақсы білген жоғары өкімет органдары ет дайындау жоспарын жекешелер есебінен орындауға күш салды. Мұны біз ет дайындаумен айналысатын Қазақ өлкелік «Союзмясопродукт» Кеңсесінің округтерге 1929 жылы 12 сәуірде жіберген нұсқау хатынан айқын аңғара аламыз. Онда Ресейдегі Орталық өнеркәсіп аудандарым да және Орта Азиядағы орталықтарда етке сұраныстың өсе түсуіне байланысты Қазақстанда ет дайындауды күшейту қажеттігі атап көрсетілген. Бұл жұмыс «негізінен қазақтар тұратын жерлерде» олардан мүйізді ірі қараны және қойды сатып алу түрінде жүргізілуі тиіс болды. Аталған хатта әсіресе түкпірдегі алыс аудандарды қамтуы баса назар аудару қажеттігі нақты айтылды 3 [Сонда, 2т., 62-іс, 32-п.].
Сөйтіп, осылайша ет дайындаудың басты ауыртпалығы негізгі халқы қазақтар болып табылатын шеткергі және шалғай аудандарға көшірілді. Бұл аудандардағы әртүрлі ұйымдардың 1928-29 дайындау жылының он айы ішіндеігі көрсеткіштері төмендегідей болды 4 [Сонда, 1т., 18-іс, 73-п.].
Кестеден көрінетіндей, қазақтар тұратын алыс аудандарда ет дайындаумен бірнеше ұйым белсенді айналысқан. Бірақ олардың ішінде ақшасы және тауары бар тұтыну кооперадиясынан басқалары тым жоғары жоспарды орындай алмаған. Әсіресе Одақтың негізгі өнеркәсіпті қалаларына және Орта Азияның мақта өсіруші аудандарына, сондайақ Қызыл Армияға ет дайындайтын «Союзмясоның» жоспары тіптен жоғары. Оны орындай апмаса да, бұл ұйымның дайындаған мал басының өзі де аз емес.
Ресейдегі Одақтық екі үлкен астана Ленинград пен Мәскеуге ет дайындаумен Қазақстанда арнайы айналысқан «Ленмясо» мен «Мосмясо» ұйымдары да өздеріне берілген жоспарларды орындауға тырысып баққан. Мұны біз Мәскеулік жұмысшылар бригадасы өкілдерінің қатысуымен 1930 жылы 5 ақпанда болып өткен мал дайындаушылар ұйымдарының кеңесінде орталық ұйымдардың өкілдерінің сөйлеген төмендегі сөздерімен және осы мәжілістің қаулысымен танысқанда айқын байқаймыз.
«Ж.Эрин (мәскеулік):… өнеркәсіптік жұмысшы аудандарын және военведті (әскери мекемені – Т. О.) жабдықтауды үкімет енді тек «Союзмясоға» жүктеді. Осыған байланысты, оның берілген жоспарлы міндеттемелерді, дәлірек айтқанда, етті тиеуге байланысты тапсырмаларды орындауын қамтамасыз етулері керек.
Қолдағы жергілікті жерлерден түскен мәліметтерге қарағанда, көптеген аудандардың мекендерінде мал сою тоқтатылған… Қандай малды союға болатыны туралы шалғай жерлерге дәл бүгін анық та қатаң нұсқаулар беру керек. Шартқа тіркеуді кең өрістетуді ұсыну және малды соятын жерге айдап апаруды қамтамасыз ету, етті тиеуді жедел бастау қажет.
Ж.Шенкман: («Союзмясо»): Малды жыртқыштықпен сойып тастаудың нәтижесінде әрбір шаруа қожалығында еттің үлкен қоры бар екеніне күмәндануға болмайды. Оларды сығып алу қажет. Сойысты жеделдету мақсатымен малдәрігерлік кедергілерді қайта қарау және малды соятын жерлерге айдау мүмкіндігін қарастырған жөн.
Қаулы етілді: 2) Мал етін дайындайтын ұйымдарға шаруалар сойып алған етті дайындауға байланысты ең батыл шаралар қолдану, сондай-ақ малды шартқа тіркеуді осы жөніндегі жоспарлы тапсырмаларды ауылға, селоға және әр аулаға жеткізу арқылы барынша тездету тапсырылсын».
Бүдан көрінетіні, орталықтан келген ет дайындаушыларды қазақ шаруаларының ауыр халі еш толғандырмайды. Мақсат – тек қана ет дайындау және бұл жұмыс негізінен қазақ шаруалары мекендейтін шалғай аудандарда жүргізілуі тиіс. Бұл шұғыл жұмыста шаруаларға қатал қысым жасалып, олардың қолдарындағы малды ғана емес, етті де түгел сыпырып, «сығып алу» басталды.
Ал мұның салдарлары аса ауыр болды. Жекешелср малы тұрмақ, колхозшылардың жалғыз сиырын да, тіптен буаз сиырларды да ет дайындауға байланысты келісім шартқа тіркеу жаппай орын ала бастады. Бұл жағдайдан хабардар болған Мәскеудегі Одақтық Сауда Халкомы жәже «Союзмясо» орталығы наурыз айында қабылданған Сауда Халкомы коллегиясының бір ғана сиыры бар колхозшылардың буаз сиырларын шартқа тіркеуге, етке еткізуге тыйым салған шешімімен Алматыдағы өздерінің органдарын хабардар етті 1 [ҚР ОМА. -1116-қ., 2т., 61-іс, 291-293, 519-п.].
Жергілікті жердегілер жоғарыдан түсірілген көлемі тым үлкен ет дайындау және малды шартқа тіркеу жоспарларын орындауды ең басты міндет деп қабылдады. Мұны 1929-30 жылдарға арналған аталған мәселелерге байланысты Қазақстанға берілген жоспарды бейнелейтін төмендегі кестеден де байқай аламыз 2 [Сонда, 1116-қ., 1т., 29-іс, 55-п.].
Айта кеткен жөн, кестеде «Скотовод», «Союзмясо», «Живсоюз» дайындайтын 15000 бас жылқы және 35000 бас түйе көрсетілмей қалған.
Ал енді кестеде көрсетілген мәліметтердегі тағы бір назар аударар нәрсе, Қазақстанда жергілікті жабдықтауға белінетіннен сыртқа тасылып әкетілетін мал басы әлдеқайда көп, яғни егер алғашқысы 23715 бас қана мал болса, ал соңғысы 2 млн 422105 бас мал болып шығады.
Рас, мал, ет дайындаушылар Бұл ауқымды жоспарларды түгелдей орындай алған жоқ. Мұны төмендегі кестеде бейнеленген «Союзмясо» ұйымының Қазақстаннан тыс жерлерге 1929 жылдың 1 қазанынан 1930 жылдың 30 қыркүйегіне дейін, яғни тұтас бір жыл ішінде жөнелткен мал, ет өнімдері туралы мәліметтері көрсетіп бере алады. (Мәліметтер тоннамен берілген) 1 [ҚР ОМА. -1116-қ., 1т., 24-іс, 224-п.].
Кестеде кейбір мәліметтер жеке көрсетілмей жалпы берілген. Мысалы, Мәскеуге кестедегі 60094,4 тонна еттің 3647,0 тоннасы, Ленинградқа – 4351,6 тоннасы жөнелтілген. Қазақстан бұл жылдары Орта Азияның Ташкент, Самарқан, Бұхара, Әндіжан, Ашхабад тәрізді ірі қалаларын және Кавказды етпен негізгі жабдықтаушы болды 1 [ҚРОМА. -1116к., 1т,, 56-іс, 73-п.].
Ал Ресейге келсек, Қазақстаннан әкелінетін етпен тамақтанған қалалар мен аудандар тіптен көп. Бұларға кейде Қазақстандағы комбинаттар малды союға қабылдамағандықтан, мал тірідей жөнелтілді. Мұндайда жүк вагонына малмен бірге олардың жем-шөбі де қоса тиеліп, Мәскеуге немесе т.б. қалаларға жеткізілді 2 [Сонда. – 24-іс, 220-п.].
Қазақстаннан тыс аудандарды Қазақстан губернияларының (кейіннен округтерінің) етпен жабдықтауы мынандай тәртіппен жүзеге асырылды: Ресейдің орталық және екінші қатардағы өнеркәсіпті аудандарына жоғарыда айтылғанындай, мал тірідей немесе мұздатылған ет, сондай-ақ консерві түрінде Қазақстанның солтүстік аудандарынан жөнелтілді.
Ал Орта Азияның мақта өсіретін аудандарына мал негізінен Оңтүстік Қазақстаннан, ал ұсақ мал Ақтөбе және Семей губернияларындағы жәрмеңкелерден (Темір, Ойыл, Қоянды) жіберілді.
Кавказға болса, мал Адай, Бөкей уездерінен Каспий теңізінің Астрахан және Уридкий порттары арқылы Махачкала және Баку порттарына жеткізілді 3 [Сонда, 2т., 20-іс, 26-27-п.].
Әрине, 20-30-жылдарда Қазақстаннан қанша мал басының немесе еттің сыртқа тасылып әкетілгенін дәлме-дәл айтып беру мүмкін емес. Десек те, қолда бар мәліметтің негізінде қазақ шаруалары үшін ашаршылық апатының асқынған кезеңі болған 1932-33-жылдардың қарсаңындағы жылдарда қанша малдың арам өлгенін немесе тұтыну және ет дайындау үшін арнайы сойылғанын архив қорларындағы мал айналымын көрсететін мәліметтер негізінде шамамен анықтауға болады, Қазақстандағы малдың басты үш тұрі – жылқыдан, мүйізді ірі қарадан, қойдан 1927/28 және 1930/31 шаруашылық жылдары аралығында барлығы 11753,1 мың бас өлген, ал 10022,8 мың бас мал сойылған. Соңғы көрсеткіш негізінен ет дайындау және оны ішкі қажеттілікке тұтыну нәтижесі болып табылады. Егер Қазақстанда сойылған еттің жергілікті жабдықтауға не бары 8-9 проценттейі ғана қалдырылғанын ескерсек, жоғарыдағы 10022,8 мың бас малдың 9120,7 мың басы көрсетілген жылдары Қазақстаннан сыртқа әкетілген 1 [ҚР ОМА. -1116-қ., 1т., 29-іс, 220, 55-п.]. Ал енді жалпы 1929 – 1933 жылдар ішіндегі қазақтарды ашаршылыққа ұрындырған мал басының шұғыл кему процесіне осындай талдау жасасақ, осы жылдары шығын болған Қазақстандағы 36 млн-ға жуық бас малдың шамамен 15 млн-ны мал, ет дайындау науқандарында сойылған және оның басым кепшілігі Қазақстаннан сыртқа тасылып әкетілген деп қорытынды жасауға болады 2 [ҚРПА. -141-қ, 1т., 6366-іс. 337-338-п.]. Ап қалған шығынның 1,5-2 млн бастайын, егер Ф.Голощекиннің И. Сталинге 1931 жылы желтоқсанда берген мәліметтеріне сенсек, қазақ босқындары өздерімен бірге айдап әкеткен 3 [Сонда, 605-іс, 108-п.]. Мұндай қорытындыларды Қазақстан өкіметінің ресми мәліметтері де растайды 4 [РФМА. – Р6985-Қ., 1т., 1т., 4-іс, 154-п].
Кестеден көрінетіндей, ет дайындау қарқынының үдей түсуіне байланысты мал басы да шүғыл қысқарған. Көрсетілген жылдары Қазақстанда 2 млн 422 мың 105 центнер ет дайындалған.
Қорытып айтқанда, ет дайындау науқандары мал басының кемуіне басты себеп болған. Бірақ Мұндай көзқарасқа Ф.Голощекиннің айтқандары сәйкес келе бермейді. Ол өзінің И.Сталинге жазған аталмыш хатында «мал басының Мұндай апатты құлдырауының себептері неде?» деген сұраққа өзі былай деп жауап береді: «Ұлтшылдар және оппортунистер бәрін мал дайындауға (ет дайындауға – Т. О.) әкеліп тірейді. Бұл дұрыс емес. Рас, мал дайындаудың соңғы екі жылдағы жоспарлары өте үлкен, қалыпты өсу қажеттігін ескермейді. Рас, мал дайындау кезіндегі «Союзмясо» органдарының жүгенсіз жұмыстары және жергілікті органдардың асыра сілтеулері салдарынан мал басының бір бөлігін қырып-жою орын алуда. Бірақ негізгі себептер мұнда емес.»
Бұдан көрінетіні, Ф.Голощекин ащы шындықты амалсыз мойындай отырып, бірақ одан басқаша, жалған қорытынды жасауға тырысады. Оның ойынша, мал басы шығынына негізгі себептер – ұжымдастырудағы асыра сілтеулер, қазақ ауылының жем-шөп базасының артта қалуы, ондағы тап күресінің шиеленісуі және т. б. 1 [ҚРПА. -141к., 1т., 605-іс, 107-108-п.].
Қазақстандағы мал етін дайындаудың аса қатал, қорқыту және қысым жасау әдістерімен және жартылай әскери тәртіппен жүргізілгенін Ф.Голощекиннің айтқысы келмейді. Пікірімізге дәлел ретінде «Союзмясоның» Қазақстандағы өлкелік Кеңсесінің меңгерушісі Прокудиннің аудандық партия комитеттеріне ай сайын «мясное» деген бұрыштамамен үздіксіз жолдап отырған көп, шұғыл жеделхатының бірінің мазмұнымен толығырақ танысайық: «Біздің қатал нұсқауларымызды сіздердің орындау мүмкіндіктеріңіз бар екендігіне қарамастан жүкті (етті – Т. О.) тиеу қылмыскерлікпен баяу жүргізілуде. Сіздердің тарапыңыздан оңбағандықпен қараудың арқасында Қазақстан үш айдан бері орталыққа ет тасып жеткізуді бүлдірді, сөйтіп пролетарлық жұмысшы ядросын етпен қамтамасыз етуді орындамады. Жиырма бесінде желтоқсан тапсырмасын, сондай-ақ тиелмеген жүкті бұлтарыссыз тиеп бітуді бұйырамын. Көрсетілген мерзімде орындалмаса, үздіксіз орындамау ретінде сотқа тартып, іс қозғаймын. Телеграфпен хабарласыңыз. Прокудин. 17.XII. 30 ж. Алматы. «Союзмясо» 2 [ҚР ОМА, – 1116-қ., 1т., 24-іс, 234-п.].
Осындай қатал талап бай-кулактар және ауқатты шаруалар қожалықтарына 1930-31 жылдары тұрақты ет дайындау тапсырмаларын беру түріндегі қысым әдістерімен қатар жүргізілді. Мұндай бағыттың мал шаруашылығын және онымен белсенді айналысатын қазақ халқын күйзелтпеуі мүмкін емес еді.
Амал қанша, Кеңес үкіметі және оның басқарушы Коммунистік партиясы өздері жүргізіп отырған саясаттың апаттылығын тым кеш ұқты, бірақ қателіктерін бәрібір кейін де толық мойындамады.
1931 жылы 7 желтоқсанда КСРО ОАҚ мен ХКК «Жылқыны союға тыйым салу және жылқыны заңсыздықпен сойғаны және жыртқыштықпен пайдаланғаны үшін жауапкершілік туралы», ал 1932 жылы 10 мамырда КСРО ХКК мен БК (б) П ОК «Ет дайындау жоспары және колхозшылар мен жекеше еңбекші шаруалардың етпен сауда жасауы туралы» қаулылар қабылдады.
Бұл шешімдердің алғашқысында жылқыны союға тыйым салынса, ал соңғысында ет дайындаудың 1932 жылғы 3 тоқсанына арналған ет дайындау жоспары КСРО барлық аудандарында едәуір төмендетілді. Қазақстан енді бұрын белгіленген 255500 тоннаның орнына 56000 тонна ет дайындайтын болды.
Көп кешіктірмей БК (б) П ОК 1932 жылы 27 мамырда осы бағытта тағы бір: «Жылқының басын сақтау және дамыту туралы» қаулы қабылдады. Мұнда «жылқыға жыртқыштықпен және немқұрайды қарау жылқының жаппай өліміне жол берсе, халық шаруашылығы мүддесіне қарсы қылмыс ретінде қарастырылатыны және заңмен барынша қатал жазаланатыны» ескертілді 1 [Коллективизадия сельскогохозяйства… 400-401, 416-417, 420 беттер.].
Бұл шешімдер жағымды рөл атқара бастаса да, кезінде орын алған өрескел қателіктердің ауыр салдарларын жоя алмады. Мал шаруашылығының дамуы ұзақ жылдарға тежелді.
Қырылудан қалған мал басын сақтауға байланысты нақты шаралар шын мәнінде БК(б)П ОК «Қазақстанның ауыл шаруашылығы және соның ішінде мал шаруашылығы туралы» 2 [Коллективизадия сельского хозяйства Казахстана. 1926 – июнь 1941 гг., ч. 1. 538-539 беттер] қаулысынан және осыған сәйкес КСРО ХКК осы жылы 5 қазанда қабылдаған осы аттас шешімінен соң ғана біртіндеп жүзеге асырыла бастады 3 [ҚР ОМА. -1179-қ., 1т., 15-іс, 2-3-п.].
Бұл шешімдер көп кешікпей 19 қазанда Қазақстан үкіметі мен Қазақ өлкелік партия комитетінің біріккен мәжілісінде талқыланып, толық мақұлданды. Енді Қазақстан алдағы бес тоқсан ішінде (1932 жылдың 1 қазанынан 1934 жылдың 1 қаңтарына дейін) әр тоқсанда бұрынғыдай 56000 тонна емес, 34000 тонна ет дайындайтын болды. Әрине, алапат ашаршылыққа ұрынған Қазақстанға мұның өзі де оңайға түспейтін еді. Тағы бір жеңілдік: орталыққа ет дайындаудан көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы 206000-дай колхозшылар, кедейлер, қазақтар отбасылары босатылды 1 [ҚРОМА –1179к., 1т., 1-іс, 213-п.].
Мал-жанын аштық жалмап үлгірген қазақ даласының ауыр қасіретінің орнын жоғарыдағылардың бұл шешімі толтыра алған жоқ. Бұл қаулылар бар болғаны осы апатты процеске тосқауыл қойып, оның одан әрі кең өрістеп кетуін тежеді.
Дереккөз: Т.Омарбековтың “20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті” кітабы.
“Санат” баспасы, Алматы, 1997 ж. 62-81 бб.