«Кәмпеске» құрбаны — Зында бай
Мықтыны әлсірете отырып,
әлсізден күштіні жасауға болмайды.
Байды құрта отырып, кедейге
көмектесу мүмкін емес.
Авраам Линкольн
Қазақ халқының қайғы-қасіретімен қызығы мол қуанышы қатар жүрді десек жаңсақ айтқан болармыз. Дегенмен де қуанышы мен қызығы көш ілгері қалып отырғанға ұқсайды. Жаһандану кезеңінде төл тарихымыздың тұманданып қалған тұстарын ұлан-ғайыр даламызда қайтадан жаңғырту шеңберінде, салмағы ауыр аса зор жауапкершілікті талап ететінін, демек, заман талабына ойыса отырып, жаңаша бір көзқараспен ой түйіндеуге толық мүмкіндік бар десек артық айтқандық болмас. Патшалы Ресей мен кеңес үкіметі тұсында қазақ халқының тарихы мен тарихи тұлғалары жайлы шындығын айтып, кеңінен құлаш сермеп ой толғауға еш мүмкіндіктің болмағанын жасырмаймыз. Сол себептен, ұлттық құндылықтарымыздың тағдырын отаршылдар шешіп, бодандықтың қамытын кигеніміз баршамызға белгілі жайт. Десек те, барымыз бен жоғымызды, асылымыз бен жасығымызды жоғарыдан сүзе қарап, таразыға тартатын кешегі кеңестік жүйе келмеске кетті.
ХХ ғасырда да қазақ жұртының басынан өткерген небір қан құсқан қырғын кезеңдерін есімізге алып сараптасақ тіке шашың тік тұрады. Белгілі тарихшылардың зерттеуінше, сол жылдардағы голощекиндік «кіші қазан» төңкерісі, күштеп колхоздастыру, байларды кәмпескелеу, қолдан жасалған ашаршылық, ұлт зиялылары мен білімді азаматтарды «халық жауы» деп танып, ел арасына ірткі салу салдарынан 2 млн. 200 мыңға жуық адам құрбан болған деген дерек бар. 1 млн. астам қазақ туған жерін тастап, босып кеткен.
«…1929-1933 жылдар аралығында Қазақстанда ОГПУ органдары 3386 адамды ату жазасына кесті. 13 мың 151 адам түрлі мерзімдерге түрмелерге қамалды. Бұл жылдарда барлығы – 100 000-дай адам сотталды».
«…Сол отызыншы жылдарда аштық пен аурудан 2 500 мың адам өлді».
(«Қазақстан тарихы», 3-том, 213–214-беттер).
Алайда, белгілі бір деңгейде ұлтына ұйытқы, қалың қазағына пана болған әулеттер санатынан, бөле-жара айтар болсақ, Шорман және Сәтбай әулеттері десек еш жаңылмаған болармыз. Қызыл империяның «қызыл қырғыны» қазақ халқына жасаған кешірілмейтін қиянаты сол тұстағы маңдайалды бетке ұстар текті әулеттердің түп тамырына дейін талқандап, бұзып, жою саясаты жоспарлы түрде іске асқан болатын. Әлбетте, әулетке жасалған қуғын ол ұлтымызға қара күйе жағумен парапар десек қателеспейміз.
Осыған орай ауыз толтыра айтатын көшпелі қыр қазақтарының ішінде маңдайалды марқасқа серкесі іспеттес, қарапайым жұрттан бір табан болса да озық отыратын, мал мен жанға өз аумағындағы жерге иелік жасаған ауқатты байлар болды. Олар өз қарамағындағы меншігін ұйымдастыра отыра, маңайындағы кем-кетік кедейлерге қарайласып демеушілік қызметті атқарған. Осындай асыл да текті адамдар елдің сөзін ұстаған қазақтың байлары аяқ астынан қанаушы тапқа жатқызылды. Мал-мүлкі тәркіленіп өзі немесе отбастарымен жер аударылды.
Кеңес үкіметінің сол кездегі солақай саясатының кезінде, ел ішінен шыққан (кедей тобынан) шолақ белсенділер бас көтерді. Көздері қанталаған бөрілер құсап ойларында тек байлардың көзін жою мақсаты тұрды. Сөйтіп, ғасырлар бойғы қалыптасқан ел дәстүрінің астаң-кестеңі шығып, салт-санадан ада бола отырып өз туысымызды жау санап, дұшпанымызды досқа теңедік.
Міне, осындай үрейлі нәубеттің тағдыр тәлкегіне түскен, «кәмпеске» науқанының құрбаны болған атақты Шорман бидің немересі, сол тұстағы білімді көзі ашық, аса ірі бай Зында (Шаһзында) Исаұлы Шорманов еді. Зында Исаұлы 1863 жылы Баянауыл, Ақкелінде дүниеге келген. 1928 жылы дүние-мүлкі тәркіленіп Ақтөбе облысы Ырғыз ауданына жер аударылады. Кейін Омбы облысы Марьяновка станциясының маңында кешегі шалқып жүрген адам жоқшылықтың зардабынан 1935 жылы қайтыс болған. Кеңес дәуіріндегі тарихта Шорман әулеті ата тегімен дәулетті бай болғаны туралы ғана баса айтылып теріс пікір қалыптасуына ықпал етті. Сондықтан да, халқы мен туған елі үшін істеген қыруар жақсы жақтарын баспасөз бетіне жазбақ түгіл, ауызға алуға сескеніп келгеніміз баршамызға аян. Бес Мейрам атанған, Сүйіндіктен өрбейтін, қалың Қаржастан тараған біршама рубасылар Баянауылдың күнбатыс шебіндегі Ақкелін бұйраты, Ащысу өзенінің бойында мекен еткен.
Заманынан озып туған дара тұлға, ғұлама-философ, әулие ақын, шежіреші М.Ж. Көпейұлы Мұса мырзаға арнаған азалы жоқтауында:
«Арғы атасы сұралса — ізгі өткен мырза Анай-ды,
Қаржастың қасқа-жайсаңы Анайдан өрбіп тарайды…» — деп жырлаған екен. Демек, Зында атамыздың арғы бабаларының сүйегі асыл да текті болғандығын көреміз. Түп тамырын ғұлама ғалым Ш.Уәлихановтың жазбасында да атасы Шорман Күшікұлы туралы он төрт жасынан билік айтқанын келтіреді: «ақыл-айласымен атағы шыққан Шорман — «шешен» деген құрметті атаққа ие болған».
Зында Шормановқа байланысты жерлесіміз жазушы — ғалым Ш.Қ. Сәтбаева «Әбікей Сәтбаев» деген қос тілде жарық көрген еңбегінде былай деп жазған: «Тәркілеу науқанына іліккен көрші бай Шорман ауылының иелерінің біразы атақонысын тауып, әр тарапқа шашырап, күнкөрісте болыпты. Олардың біразы сонау Омбы шаһарының маңындағы Мариановкаға қоныстаныпты. Баянауылда олар өте бай, үйір-үйір жылқылары бар, аттарын көбіне шетелдерде асыл тұқымды ат өсіретін жерлерден алғызып өсіреді екен де, Зынданың аттары сондықтан сырты сұлу, «мінезді» саналады екен…».
Алайда, Зында есіммен бала кезімізден құлағымыз қанық болып өстік. Неге десеңіз, Теңдік ауылының қадірменді ақсақалдары бүгінде бақилық болған Қамыш, Жәпіш аталарымыздың аузынан талай-талай әңгімелерін тыңдап едік. Тіпті марқұм әкем де «Зынданың елімен қоштасуы» деген атпен ел арасында сақталған өлең жолдарын жатқа айтып отыратын, сол кезде бірер шумақтарын жазып алғаным бар. Ауыл адамдарына өте сыйлы, беделді болған, жас кезінде Ақкелін бастауыш мектебінде білім алған көзі ашық, сауатты ескі аңыз әңгімелерді, ел тарихын жетік білген бүгінде дүниеден озған Қалымова Рақима әжеміздің өз аузынан бала кезімде осы өлеңді естіген едім. Сол өлеңнен үзінді келтіргенді жөн көрдім:
«Уа, Алла, зарымды айтып зарланайын,
Несіне зар айтуға арланайын.
Жазықсыз жас жеткенде жерден ауып,
Біздерге сол қиямет болды ағайын.
Жуанды жіңішкертіп жоңған заман,
Жіңішке жуандалып толған заман.
Сұңқардың қара қарға орнын басып,
Қарқылдап бақшасына қонған заман…
Айрылдық бас айналып ақыл-ойдан,
Күш-қуат, сана-сезім кетті бойдан.
Сатса да, сойса дағы ерік өзінде,
Бағамыз болды төмен ақсақ қойдан…
«Ақкелін» — алтын бесік туып-өскен
Жерім ең кірім жуып кіндік кескен
Доп ойнап, асық атып, қақпай қаққан,
Кетпейді бала күнің ақыл-естен.
Ақкелін, саған қанша қылдым жазық,
Сарт-ноғай, орыс-қазақ болдың азық.
Кешегі жалпандаған ағайындар,
Қояды күнде алдымнан орды қазып.
Ал енді, қош есен бол «Ақкелінім»,
Біреуге сор, біреуге бақ келінім.
Жеккөргенің мен болсам, кеттім міне,
Жақсыңды менен де артық тап келінім.
Сен дағы қош-есен бол «Сарықамысым»,
Түйе жүрсе көрінбес, нар қамысым.
Жұмақтың миуасындай сәулеленіп,
Көзіме көрінуші ед әр қамысың…
Аман бол мың сан қара айдаған жер.
Көк шалғын, мөлдір бұлақ жайнаған жер.
Ақ орда тоғыз қанат үйді тігіп,
Биені шатырлатып байлаған жер», –
деп ұзақ өлеңді арнаған екен.
Өлеңдегі Ақкелін атауы қазіргі Теңдік ауылындағы шағын ғана таудың аты. Таудың тұрқы шағын болғанымен, аты алты алашқа әйгілі болған. Баянаула дуаны тұсында Ақкелін болысы атанған. «Сен дағы қош-есен бол, Сарықамысым» деген өлең жолдарындағы жердің аты болып табылады, яғни мансап, билік туралы аңсамай туған елімен қимай қоштасқанын көреміз. Сарықамыс Зында байдың қыстауы болған. Осы жерге иелік еткен.
Ал енді осы Зында Исаұлына байланысты Сейсен Мұхтарұлының «Кәмпеске» атты көптомдық тарихи-анықтамалық басылымның бірінші кітабында құнды мұрағат құжаттарына кездесеміз. Мысал ретінде бір деректі көрсетсек:
«Мені, балам Кәрімді үй-ішімізбен Ақтөбе өкірігіне жер аударуға бекіткен екен. Менің өз басым Неколай заманында не болыс, не ауылнай, не би болған емеспін. Әкем Иса да Шорманнан туғаны болмаса ел билеп халық қанаған кісі емес. Калшак келгенде менің оған шағынып орынға мініп, пұл көмек бергенім жоқ…
Қызыл әскерде қызмет қылғандарға мәлім. Сол өткен әскерге 30-40 сиыр 100 қой сойысына бердім. Онан Палак соғысы болды. Әскер кәмисары Лебшенкоға 120 ат жәрдем бердім… Қостанай аштарына 150 ірі қара бердім. Баянның ауру-сырқау қызметкерлеріне, санаториаға 30 бие ноқта-желісімен бердім. Жетім балалардың 30-ын 2 күтушісімен 3 ай асырадым. Осының растығына Міржақып Дулатұлы жә қызыл керуенмен келген Құлжан келіні, Тоқтыбай, Қангедей Жангелдіұлдары біледі…
Тұжырымдап айтқанда, бір ғана Шорман әулетінің мал-мүлкін тәркілеп жер аудару үшін 300-ден астам кедей-батырақ, 100-ге жуық ауылдың, ауданның, аймақтың белсенділері бірер жыл жұмыла күрессе керек.
«Тау мен тау кездеспесе де, адам мен адам кездеседі», – деген нақыл сөз бар. Осыған орай Теңдік ауылының тумасы Сатыбалды Мұзафаровтың 1979 жылдары қызмет бабымен Ақтөбе қаласында болғанда Зында атамызға қатысты мынандай бір оқиғаға кез болғандығын айтады: «Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының бір топ мұғалімдері мен студенттерін жаз айында ауыл шаруашылығына көмек ретінде Ырғыз ауданына жіберген еді. Бұл аудан Ақтөбе қаласынан өте алыс шалғайда Шығыс бөлігінде орналасқан болатын. Жол бойы не бір қиыншылықтарға тап болдық. Сол жылдары жолсыз жерлер көп кездесетін. Қонаға кешқұрым ауданға келіп тоқтадық. Алдын-ала хабарлап қойса керек, келген мұғалімдер мен студенттерді әрбір үйге бөліп-бөліп жайғастырды. Ал өзімді сол ауданның бас мал дәрігері өз үйіне шақырып қонақ болуын өтінді. Үй иесі бәрімізді қонақжайлықпен қарсы алды. Үйге кіріп табалдырықтан аттап төрге өтіп бара жатқанымда, сол жақтағы бөлмеге көзімді салып қарап едім, әжептәуір жасқа келіп қалған кейуана көзіме түсті. Дереу жаңағы жерде үлкен адам ғой, қолын ұстап амандасайын деген ниетпен алдына бардым. Әлгі жерде әжей қолымнан қатты қысып ұстап тұрып «Мыңның түсін білгенше бірдің атын біл» деген балам қай жақтансың, сүйегің кім деп жөн сұрасты. Содан мен аты жөнімді айтқаннан кейін Павлодар облысынанмын дедім. Сол мезетте төмен қарап ойланып отырған әжеміз басын көтеріп маған тура қарады да, Павлодардың өзіненбісің деді.
– Жоқ, Баянауыл деген жерденмін дедім. Әжеміздің Баянауыл дегенде аң-таң болып қысқан қолымды одан сайын қатты қыса түсіп, өзіне қарай тарта түсті. Қарт ананың алдына тіземді қалай бүгіп отырғанымды аңғармай да қалдым. Әлгіндей болған жоқ әжей маған қарап, сен балам Зында деген асыл азаматтың елінен болдың ғой деді. Иә, мен сол Шорман ауылы Зында атамыздың дәл туған жеріненмін дедім. Әжей біраз көздеріне жас алып, менің маңдайымнан сүйіп шер тарқатар әңгімені бастап кетті. Сөйтіп, жаюлы тұрған дастарқан жайына қалды. Жаңағы жерде әжеміздің Зында атамыз туралы суреттеп айтқан әңгімесі өте керемет еді. Ол кісінің адамгершілігі, парасаттылығы, сымбаттылығы, білімділігі туралы айтқаны әлі де болса есімде. Мен ол кезде кішкентай ғана қыз едім деп есіне алды қарт ана. Осы ауылда алты-жеті айдай уақыт шамасында жеке киіз үйде тұрғандығын айтты. Қысқа мезгілде басы айдауда жүрсе де, ауылда балаларға мектеп ашып хат танитындай білім бергендігін, тіпті ауылдың үлкен-кішілерін жинап ескі қисса-дастандарды айтып, сахна құрып пьесалар қойғаның сондай өнерлі жан екенін айтқаны бар. Күзге таман қолына кісен салып Шалқар ауданына алып кетті. Кейін хат алысып тұрдық. Соңғы бір хатында енді көремізбе, көрмеймізбе бір Алла өзі біледі, бізді Қызылға әкетті деген хабар келді деп егіліп отырып есіне алғаны бар». Енді ойлап қарасақ, Қызыл бүгінде Ресей қарамағындағы Тува Автономиялық республикасының астанасы. Демек, қазақ жұртына «Итжеккен» деген атпен белгілі Сібір аймағы болса керек.
Алайда, Шорман әулетінен тікелей тараған ұрпақтары бүгінде Алматы, Қарағанды қалаларында тұрып жатқанын білеміз.
Жалпы, осы тақырыпқа қалам тартуыма негізгі себеп, ол Павлодар қаласындағы облыстық Мұрағатта құжаттар қарастырған болатынмын. Сол кезде Зында Исаұлына байланысты 1928 жылғы төмендегідей мұрағат құжаттарына тап болдым.
К.С.С.Р. Н.К.В.Д. 14.YI. 1928 г.
Ответственному Секретарю УКОМА ВКП /б/
Копия Пред.Уисполкома. Сов.Секретно
По имеющися сведениям со стороны баев имеется тенденция-противопоставления сов.власти средняков,используя для этой цели провокационные слухи об экспроприации среднячества. Так в момент отправки Чормановых в гор. Павлодар Зында Чорманов собравшийся для их проводов толпе казахов перед отъездом сказал: «народ мы разрушены и уходим, очередь за вами»
Пред.вика Егеубаев /член ВКП/б/ заметил осужденному Карыму Чорманову, что будут пользоваться поддержка родственников средняков. На что Карым ответил отрицательно, так как средняки дабы не быть экспроприированными реализуют имеющийся у них скот. В связи с распространением слухов об экспроприации байства бай Кызылтавской волости. Имеющийся у них скот продают и распределяет в кредит и ведут усиленную подготовку для реализации скота на Куяндинской ярмарке, так бай аулов той же волости: Кайдар Омаров, Ереженов Смагул, Енсебаев Мусапыр говоря, что скот будет взять в пользу государства сговариваются, продают часть скота на ярмарке. Есть случаи продажи и раздачи скота в кредит одно-аульцам. Сообщается для сведение.
УПОЛ. ГООГПУ
По Павлодарскому уезду: /Долгов/
Пом.Уполномоченного: /Заитов/
Сов.Секретно. Из Баянаула.
При обыске Чормановых Рахимтая и Зынды Упол.Сергазиным которых обнаружена изьять золотой монеты 960 руб золотых суперков 13 золотые часы футляром Чормановых арестованы вещи временно сдань почте просим дать приказания.
Сергазинов, Воробьев.
Обратной стороне: Баянаул Сергазинову, Воробьеву.
Вещи арестованных материалами доставить охраной Павлодар
Кудочкин, Нурмакин Пред.Пав. Окружного Испол. Комитета.
Сайып келгенде, Ақкелін жерінен шыққан тарих атты таралымда өз алдына сүбелі із қалдырған, кешегі Шорман және Сәтбай әулеттерінің біртуар тұлғаларының соңынан ерген, тектілердің ұрпағы Зында (Шаһзында) Исаұлы Шормановтың жарқын бейнесі ұрпақтары мен жерлестерінің жадында мәңгі сақталмақ.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының
археология-этнологиялық және палеонтологиялық
орталығының ғылыми қызметкері
Болатбек Мұзафар.