Аралтөбе көтерілісі: тарихы мен тағылымы
Е.И. Стамшалов¹.
¹Ш. Уəлиханов ат. Тарих жəне этнология
институтының 2-курс магистранты. Қазақстан, Алматы қ.
ҒТАМР 03.20.00
Теги: Аралтөбе, губерниясы, Жетісу, аштық, саясаты, жетілдіру, шаруашылығын, ауыл, Аралтөбе, көтерілісі, астық, дайындау, науқаны.
Аннотация: Аңдатпа. Мақалада кеңестік ауыл шаруашылығын жетілдіру саясатына алғашқы ұйымдасқан халық қарсылығы көріністерінің бірі – 1928 жылдың сəуір айының 19-ынан 24-іне дейінгі аралықта болған Жетісу губерниясы Талдықорған уезінің Қоғалы болыстығына қарасты Аралтөбе селосындағы көтеріліс тарихы баяндалады. Ғылыми əдебиетте бұған дейін зерттелмеген Аралтөбе көтерілісі 1928 жылы Жетісу губерниясының кейбір аудандарында орын алған аштық көріністерінен советтік азық-түлік дайындау науқанының салдарынан ұйымдасқан бас көтеру болды. Негізінен орыс шаруалары қатысқан көтерілістің басты мақсаты, туып келе жатқан аштық жағдайында астық дайындау науқаны бойынша жиналған астық қорын Аралтөбе аумағынан шығаруға кедергі болып, оны керісінше, ашыққан халыққа таратып беру болды. Осы мақсатта көтерілісшілер Астық тарату комиссиясын құрып, коммунистер мен советтік қызметкерлерді биліктен шеттетіп, олардың үйлерін тінтіп, өздерін қарулы бақылауға алды. Өз кезінде ҚАССР көлемінде үлкен дүрлігу туғызған
Аралтөбе көтерілісі ОГПУ тарапынан басып жаншылып, оған қатысушыларға қарсы сот процесі өңір шаруаларына дөңайбат көрсету мақсатында ашық, көрнекі түрде өткізілді. ОГПУ мен Қазақстан өлкелік, губерниялық партия органдары көтерілістің шығуына түрткі болған негізгі себептерді советтік аграрлық саясаттың солақайлығынан іздемей, «кулактардың арандатуы» ретінде бағалады.
Кіріспе. Қазақстан тарихының ең бір қасіретті кезеңін құрайтын ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы күштеп ұжымдастыру мен аштық зобалаңын тəуелсіздік тұрғысында зерделеу отандық тарих ғылымы үшін маңызды. Қазақстанда жүргізілген күштеп ұжымдастырудың зардаптары ретінде оған қарсы халық көтерілістерінің тарихын айтуға болады. Тарихи зерттеулерде 30-жылдардағы күштеп советтік жетілдіру саясатына Қазақстандағы халық наразылығының ұлттық құрамы, басталған кезеңі туралы біртұтас пікір қалыптаспаған. Шындығында кеңестік биліктің саясатына қарсылық жалпыхалықтық сипатта болды. Қазақ ауылдарымен қатар орыс шаруалары мен кулактары да қарсылық əрекеттерін жасады. Атап айтқанда, Семей округіне қарасты Өскемен жəне Зырьян аудандарында бұрынғы коммунист, қызыл партизан Толстоухов бастаған көтеріліс болды. Мұнда кеңестік өкіметке
қарсы ұйым болып, арнайы съезд шақырылып, «Кеңес өкіметі жойылсын, ерікті еңбек жасасын!» деген ұран төңірегінде қимылдар болды. Көтерілісшілер құрамы кулактар, ақ офицерлер, Сібірден келген жақтастардан тұрған. Толстоухов бастаған көтеріліс кеңестік саясатқа тек қазақ шаруалары ғана қарсы болмағанын көрсетеді.
Тарихи зерттеулер 1929-1931 жылдар кеңестік күштеу саясатына қарсылықтың айрықша белсенді болған кезі ретінде қарастырады. Бұл аралықта Қазақстанда 372 шаруалар бас көтеруі болған. Жетісу жеріндегі халық көтерілістерінң жай-жапсары жеке зерттеу аясында қарастырылмағандықтан, мәселенің географиялық ауқымы, хронологиялық шегі, өңірлік ерекшеліктері, тарихи тұлғалары тиянақты зерттелген емес. Осы бос кеңістікті толықтыру мақсатында төмендегі мақаламызда Жетісу өңіріндегі ауыл шаруашылығын кеңестік модернизациялауға қарсылық тарихының беймәлім тұстарына тоқталмақпыз.
Материалдар мен әдістер. Бұған дейін отандық тарих ғылымында зерттелмеген Жетісу губерниясы Талдықорған уезі Қоғалы болыстығына қарасты Аралтөбе поселкесіндегі көтерліс тарихын жүйелеп жазу үшін Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архиві (бұдан әрі – ҚРОМА), Қазақстан Республикасы Президент архиві (бұдан әрі – ҚРАП), Алматы облыстық мемлекеттік архиві (бұдан әрі – АОМА) қорларында зерттеу жүргізілді. ҚРОМА-нің 5-қоры (Қазақстан АССР Орталық Атқару комитеті ), ҚРПА-нің 141-қоры (БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті), Алматы облыстық мемлекеттік архиві 84-қоры (Алматы округтік соты) бойынша Аралтөбе көтерілісіне қатысты бұған дейін жарық көрмеген мағлұматтар жинақталып, көтерілістің алғышарттары, барысы, салдары жүйеленді, ғылыми, сыни деректік талдау жасалды. Зерттеу жұмысының өзегін осы қорлардың «құпия» белгісімен зерттеушілер назарынан тыс қалып келген мемлекеттік және арнаулы органдары құжаттары, сотқа дейінгі тергеу және сот материалдары құрайды. Құпиялық себебімен Аралтөбе көтерілісі туралы өз уақытының мерзімді баспасөзінде жарияланбады.
1928 жылғы Жетісі губерниясы аумағындағы егін шықпауына баланысты дағдарысты әлеуметтік-экономикалық ахуал 2013 жылы жарық көрген «Трагедия казахского аула» атты құжаттар жинағының 1-томы мағлұматтары бойынша жазылды (Трагедия казахского аула. 1928-1934: Сборник документов. Т.1.2013).
Зерттеу жұмысында жан-жақты тексеру арқылы ғылыми объективті талдау басшылыққа алынды. Аралтөбе көтерілісінің туу себептері, көтерілісшілер іске асырған шаралар, салдары, жергілікті партия-кеңес орындары тарапынан бағалануы жан-жақты шынайы көрсетілді. Ғылыми зерттеу мақала жинақтау, салыстырмалы талдау, қорыту әдістері қолданылып жазылды. Тарихи объективтілік қағидасы басшылыққа алына отырып, кеңестік ауыл шаруашылығын жетілдіру саясатының табиғатын шынайы талдайтын озық жаңашыл тұжырымдар басшылыққа алынды.
Талқылау. Тәуелсіздік жылдарында ғана күштеп ұжымдастыруға қарсы халық көтерілістері жете зерттеле бастады. Зерттеушліер Т. Омарбеков, Қ. Алдажұманов, Т. Алланиязов, А. Таукеновтердің еңбектерінде Қазақстандағы күштеп ұжымдастыруға қарсы халық көтерілістері жалпы қарастырылды (Омарбеков, 1994; Омарбеков, 1997; Омарбеков, 2018; Алдажуманов, 1998; Алланиязов, 2002; Алланиязов, Таукенов, 2009). Бұл еңбектердің ішінде Қ. Алдажұманов, Т. Омарбековтың зерттеулерінде Жетісу өңіріндегі ауыл шаруашылығын күштеп жетілдіру саясатына қарсы халық көтерілістері туралы мағлұматтар берілген. Белгілі ғалым Т. Омарбеков өз зерттеулерінде Шұбар, Балқаш, Шоқпар, Сарқанд аудандарындағы көтерілістерге тоқталады (Омарбеков, 1994). Көрнекті тарихшы Қ. Алдажұмановтың еңбегінде Алматы округіне қарасты Биен-Ақсу, Лепсі, Балқаш, Шоқпар аудандарындағы бас көтерулер қамтылған. Бұған қоса бұл ғалым Алматы округы Балқаш, Шоқпар, Іле, Еңбекші қазақ, Биен-Ақсу, Сарқанд, Жаркент сияқты шекара маңындағы аудандарынан Қытайға көшпек болған халықтың ауыр хәлін баяндайды. Қызылағаштағы көтерілісшілердің жазалаушы отрядтпен қақтығысы біршама кең суреттеледі (Алдажуманов, 1998: 83-86). Қарастырылып отырған кезеңдегі Жетісу өңіріндегі халық бас көтерулерінің жайы қамтылған соңғы зерттеулердің арасында американдық ғалым С. Камеронның еңбегі де бар (Камерон, 2020). Бұл зерттеушінің еңбегінде Қытай-қазақ шегарасындағы босқыншылыққа жеке тарау арналып, архив деректері негізінде Алматы округі Қаратал ауданындағы халық бас көтеруі және оның жаншылуы баяндалған (Камерон,2020: 157-158).
Тарихи зерттеулер 1929-1931 жылдар кеңестік күштеу саясатына қарсылықтың айрықша белсенді болған кезі ретінде қарастырады. Бұл аралықта Қазақстанда 372 шаруалар бас көтеруі болған (Омарбеков, 2018:190). Солай дегенмен де, Жетісу өңіріндегі халық наразылығы 1928 жылдың өзінде-ақ көрініс бере бастады. Тарихшылардың арасында демографиялық апатқа әкеп соққан ашаршылықтың мерзімі ретінде 1929-1933 жылдар аралығының алынуына да әрқилы пікір бар. Ашаршылық көріністері кейбір аймақтарда ертерек басталған. 1927-1928 жылдардағы Қазақстанның бірқатар аудандарында «Аққоян жұты» орын алып, халықтың аштыққа ұшырағаны жөнінде мәлімет бар (Құдайбергенова, 2012: 68).
Тарихи зерттеулерде 1928 жылдың сәуір айындағы Талдқорған уезіне қарасты Аралтөбе көтерілісі туралы мағлұмат кездеспейді.
Зерттеу нәтижелері. 1927 жылы Жетісу губерниясына қарасты кейбір егіншілікпен шұғылданатын уездерде құрғақшылық салдарынан егін шықпай қалды. 1928 жылдың 28 қаңтарында БК(б)П Қазөлкелік комитеті хатшысына БК(б)П Жетісу губерниялық комитетінің хатшысы Манаевтың «өте құпия» белгісімен жолданған губерниядағы жағдай туралы жабық хатында «биылғы жылы губернияны құрғақшылыққа байланысты (ауыл шаруашылығын аз өнім өсіру тәсілінің салдарынан ушыққан) стихиялық апат басқаны», астық алқаптарының шықпай қалып, жекелеген аудандарда мал басы қырылып жұт болғаны» хабарланған (Трагедия казахского аула. 1928-1934: Сборник документов. Т.1.2013: 103).
БК(б)П Қазақ Өлкелік жауапты хатшысы Голощекинге 1928 жылдың 24 сәуіріндегі ОГПУ Өкілетті өкілдігінің КАССР бойынша саяси және экономикалық жағдайға қысқаша шолуында (ақпан-сәуір 1928 жыл): «..Осындай тұрғындардың кедей шаруа бөлігінің төтенше ауыр жағдайын Жетісу губерниясының құрғақшылықтан зардап шеккен аудандарынан көреміз. Аштықтан Лепсі, Черкасск, Герасимовск болыстарының станицаларында – 2 адам, Байзерек мекенінде -1 адам, өлген. Ал Лепсі станицасынан 20 отбасы, Тополовски станицасынан 70 отбасы және Сарқанд болыстығының Жамантеректі хуторлары шектен шыққан ашығу хәлінде тұр.» – делінген (Трагедия казахского аула. 1928-1934: Сборник документов. Т.1.2013: 43). ОГПУ осы аштыққа байланысты жергілікті халықтың, әсіресе оның кедей бөлігінде төтенше бастырылған көңіл-күй қалыптасқанын, Колпаковка селосында кедейлер ауылкеңеске барып дереу астық беруін, өйтпеген жағдайда артық астық қоры бар кулак шаруашылықтарды басып аламыз деп қорқытқанын жазады. Ал Сарқанд станицасында шаруалар кулактардың астық қоймаларын талқандауға әрекет жасаған (Трагедия казахского аула. 1928-1934: Сборник документов. Т.1.2013: 43). Осы 1928 жылы сәуір айында орын алған азық-түлік тапшылығы салдарынан Алматы округі Талдықорған уезіне қарасты Аралтөбе мекеніндегі көтеріліс туралы ғылыми әдебиетте мағлұмат жоқ. Архивтердің осы кезең бойынша құпиясыздандырылған құжаттарға зерттеушілердің қол жеткізуі бұл көтерілістің тарихына байланысты жаңа мағлұматтар берді. Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Е.Ерназаровқа ҚССР Біріккен Мемлекеттік Саяси басқарма (ОГПУ) Қазақстандағы өкілетті өкілдігі 1928 жылдың 3-қыркүйегінде жолдаған баяндау хатында Аралтөбедегі халық бас көтеруі «азық-түлік жетіспеушілігінен туған наразылық» деп бағаланған (ҚР ОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 80-бет.).
Жетісу облысының Талдықорған (бұрынғы Қапал) уезіне қарасты Қоғалы болыстығына қарайтын (Справочник по админстративно-территориальному делению Казахстана (август 1920 г. – декабрь 1936), 1959: 75) Аралтөбе поселкасында орын алған шаруалардың бас көтеруі губерния көлемінде дүрлігу туғызды. Әкімшілік басқару жағынан Қоғалы болыстығына Царицин, Көксу, Аралтөбе (бұрынғы аты Попутное), Луговое, Круглое, Кривошеевка, Голубиновка елді мекендері кірді. Жоғарыда көрсетілген Е. Ерназаровқа жолданған ОГПУ Қазақстандағы өкілдігінің баяндамасымен бірге 38-беттен тұратын іс материалдары да жөнелтілген. Ал Алматы облыстық мемлекеттік архиві 84-қоры, 1 тізбе, 50-істе Аралтөбе көтерілісінің құжаттары сақталған. Бұл құжаттар бойынша оқиғалардың өрбуі төмендегідей болған.
1927 жылы астық шықпай қалуының кесірінен аралтөбеліктер азық-түлік тапшылығын сезініп, осы жылдың күзінен бастап жергілікті өкімет орындарынан өздерін келер жылғы науқанға дейін азық-түлікпен, ұрықтық бидаймен қамтамасыз етуді сұрап өтініш жасайды. ОГПУ мағлұматына сәйкес, өтініш алғаш жекелеген адамдар тарапын болып, ауылкеңеске 130 арыз түскен (ҚР ОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 81-бет.). Кейінірек аштық белгілері қатты біліне бастаған кезде жергілікті тұрғындар былтырғы картоп алқаптарын, ондағы шіріген картопты қазып алып, қорек етуге мәжбүр болады. 1928 жылдың көктеміне қарай егін себу мезгілі жақындаған сайын халықтың жергілікті өкімет орындарына талап қоюы белсенді бола бастады. Осы жылдың наурыз-сәуір айларында РКП (б) өлкелік комитетінен Жетісу губерниясына өкіл болып келіп, жұмыс істеген Ф. Оликов өзінің 18-сәуірдегі өлкелік партя комитетінде жасаған баяндамасында Қоғалы ауданының қуаңшылықтан зардап шегіп отырғанын, бұған қоса ауданда жерге орналастыру жүргізілмегенін, әсіресе, көршілес Чубаровка, Төменгі Херсоновка және Устиновкадан шығарылған шаруалардың әлі орналастырылмағанын атап көрсетеді. Өнім өндіру қарқыны түсуі жағдайында тұтыну көлемі артқан. Өкіл осы жағдайға қарамастан астық дайындау бойынша тиісті 17 000 пұдтың, 20 ақпанға дейін 12 000 пұды орындалғанын хабарлайды (ҚРПА,141-қор, 1-тізбе, 1934-іс, 13-парақ).
Аралтөбе тұрғындарының ауылсоветке жиналып, өтініштерін айтуы 18 сәуірде басталған. Талап етуші шаруалар арнайы жиналыс өткізіп, өз талаптарын хаттап отрған. Аралөбеліктердің жергілікті өкімет орындары әрекетіне наразы жиналыстарының 5 хаттамасы сақталған (АО МА 84-қор, 1-тізбе, 18-24 (айқарма) парақтар). Осы күні ауылкеңеске жиналған халық жиыны тәртіппен өтіп, хаттама толтырылады. Онда: «Аралтөбе ауылы кедейлерінің жалпы жиналысы құрамына ауылдық ұйымдардың өкілдерін ала отырып, Аралтөбе Өзара Көмек қоғамы Белоносов жолдастың төрағалығымен, кедейлер жағынан жолдас Литвиновтың, хатшы Егоренковтың, ВЛКСМ ячейасы өкілі Куянцев жолдастың, ауылсоветтен Дученко, Белоносов, Тимошенконың, жалпы кедейлердің 41 өкілінің, Аралтөбе поселкелік Кеңесінің төрағасы Герасимовтың қатысуымен күн тәртібіндегі келесі мәселелерді талқылады: Күн тәртібінде: 1) Нан туралы, 2) Көктемгі егін себу туралы, 3) Әртүрлі», – делінген (АО МА, 84- қор, 1-тізбе, 50-іс, 19-парақ.). ОГПУ ақпарындағы хаттама көшірмесінде бұл алғашқы жиын, қатысқандар саны 41 адам деп көрсетілген. Ал АОМА сақталған іс материалдарында бұл жиналысқа қатысушылар саны 56 адам (АО МА, 84- қор, 1-тізбе, 50-іс, 19-парақ.). Бейбіт түрде басталған жиында 1927 жылғы егін шықпауының салдары, орын алып отырған аштық, жергілікті өкімет өкілдері арқылы жоғары орындарға жолданған өтініштердің жауапсыз қалуы талқыланды. Жиын соңында қатысушылар атынан жергілікті өкіметтен жоғары орындарға кедейлер өкілдерінің өтініш жолдауына рұқсат берілуін, Жетісу Губзу (жер басқармасы), Губком, Губатқаруком ұйымдарына өтініштердің жауапсыз қалуы себепті кедейлердің атынан жергілікті өкімет орындарының рұқсатымен ҚазЦИК-ке аштан өлмеу үшін бидайды халыққа беру туралы нұсқау беруін сұрап, телеграф арқылы өтініш жолдау туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, қатысушылар көктемгі егіске шаруаларға ұрықтық астық берілуін де сұрады. Қаулыға сәйкес, әрбір кедей шаруаға 1 десятинадан кем емес егін салу мүмкіндігін жасау керек деп шешілді (ҚР ОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 90-парақ). 1928 жылдың 20 сәуірінде өткен жиналыста жиналғандар дәл 18 сәуірдегі күн тәртібін қайта талқылады. Алдыңғы жиналыстан бір айырмасы, бұл жиынға қатысушылар саны 123 адамға өскен еді (ҚР ОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 91-парақ). Халық жиынының № 2 хаттамасында «нан беру туралы өтінішті екінші рет жолдау керек… өйткені 130 аула халық осы күні бір фут та астығы жоқ жағдайда, оларға ешқандай астық берілмей отырғаны, адамдардың бірнеше тәуліктен бері аш отырғаны…, бұл аштықтың кең ауқымда орын алмауы үшін жергілікті өкімет жедел түрде жоғарғы жақтан келесі жылғы өнімдерге дейін астық беруін сұрап өтініш жолдау талабы» баса көрсетіледі (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 91-парақ). Екінші мәселе –көктемгі егіс бойынша жиын «биыл егін салынбаса келесі 1929 жылы аштық көлемі көбейіп, соның кесірінен тұрғындар мекенін тастап, нан табу, өзін құтқару мақсатында …басқа аймақтарға көшу» қаупі ескертілді. Сол себептен шаруалардың 2 десятина, көпбалалы отбасылар 3 десятинадан егін салу кереткігі айтылды. Аштық қыспағында қалған халық ауылсоветтен өз өтініштерін жоғарыға жіберген-жібермегенін, егер жіберген болса, квитанция түріндегі құжаттық дәлелдерді көрсетуді талап етеді. Алайда, ауылсовет төрағасы мен БК(б)П бастауыш ұйымының өкілі Кирил Беляев тұрғындарға жауап беруден жалтарып, «Сендердің (жоғарыға) жеделхат берген-бермегенімізде шаруаларың болмасын, біз сендерге квитанцияларды көрсетпейміз» – дейді (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 81-парақ). Оның қасында тұрған БК(б)П бастауыш ұйымының тағы бір мүшесі «Сендер азаматтар емес, ақ партизансыңдар» – деп жауап қатады. (ОГПУ тергеуіне 19.07.1928 ж. берген жауабында көтеріліс жетекшілерінң бірі М. Л. Егоренков шаруаларды «ақ партизансыңдар» деп айыптаған БК(б)П ячейкасының мүшесі Дмитрий Гончаренко екенін көрсетеді (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 105-парақ.). Қызды-қыздымен жергілікті өкімет өкілдерінің бірі, БК(б)П бастауыш ұйымының мүшесі Кирил Беляев: «Сендерге нанның орнына мыс оқтар, жер-зираттар берсе, сұрауды ойға алмас едіңдер!» – дейді (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 82-парақ.).
Аралтөбелік шаруалардың тамақтық және тұқымдық астығы жоқтарға көмек жасалуы керектігі туралы талабы аяқ астынан пайда болған жоқ. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Аралтөбеге жоғарыдан келген уәкілдер Ф.Оликов, Стеблевскийлер шаруаларға кулактардың қолындағы басы артық астықты қоймаға тапсыртуға шақырған. Уәкілдер бұл астықтың керек болған жағдайға кедейлерге үлестірілетініне сендіреді. Шындығын айту керек, Қызылордадан келген уәкіл Ф.Оликов өзінің өлкелік партия комитетіндегі баяндамасында Аралтөбеліктердің жиналған астық сыртқа әкетілуінен қауіп қылып отырғанын тәпіштеп көрсеткен. «Қоғалы ауданында егіннің шықпай қалуына байланысты, – деп жазады өкіл: – тұрғындар бұл (жиналған) астықтың ауданнан шығарылып әкетіліп, олар егін себу науқаны кезінде тұқымдық астықсыз қала ма деп қауіптенеді. Бұл мәселені астықтың орнында қалдырылуын қажет деп тапқан уездік органдар арқылы да, губерниялық органдар тарапынан да шешуге тура келді.» (ҚРПА,141-қор, 1-тізбе, 1934-іс, 13 (қ)-парақ).
Байқалып отырғанындай, Аралтөбедегі жағдай бірте-бірте шиеленісе берді. Тұрғындардың келесі 21 сәуір күнгі жиынына 300 адам қатысып, олардың 190-ы әйелдерді құрады ( АО МА, 84-қор, 1-тізбе, 50-іс, 22 парақ.). Жиналысқа кедейлермен қатар орташалар да қатысты. Жиынды Архип Литвинов басқарып, Иван Иванов мүше болып, Егоров хатшылық қылды. Күн тәртібіне кедейлер аш, егіске ұрық жоқ жағдайда Аралтөбе аумағынан әкетілгелі жатқан «Жаңа өмір» тұтынушылар қоғамы дайындаған нан өнімдерінің жайы талқыланды. Жиналғандар қабылдаған қаулы бойынша «Жаңа өмір» тұтынушылар қоғамына тиесілі астықтан жоғары жақтың арнайы нұсқауын күтпестен тамақтыққа келесі астық жинауға дейін әрбір алушыға 3 айға 1 пұдтан, ал егін себу үшін астығы жоқтарға 2 десятинаға жетерлік ұрық беру, астық таратуды отбасы жан санына сай жүргізу шешілді. Кімге қанша астық берілуге тиістігін айқындау үшін арнайы комиссия құрылып, оның құрамына Михаил Тюринов, Афанасий Попов, Александр Соболов және Афанасий Чемоданов сайланды (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 92-бет.). Қаулыда мұндай шұғыл шараның қабылдану себебі ретінде бірнеше мәрте уезге, губернияға жазбаша түрде де, телеграф арқылы да өтініштерге ешқандай жауаптың болмағаны, егіс науқанының таяп қалғаны, егін себілмесе аштық болатыны баса көрсетілді. Шаруалар сондай-ақ, қаулыда: «Оның үстіне біз қазір жейтін наннан жұрдаймыз, аштан өлуіміз мүмкін»- деп көрсетті (АО МА, 84-қор, 1-тізбе, 50-іс, 22 парақ). «Жаңа өмір» тұтынушылар қоғам төрағасына Аралтөбе шаруаларынң 18,20,21 сәуір күнгі жиналыс қаулысына сәйкес аш адамдарға астық тарату үшін қоймалардың бірінің кілтін беруін талап еткен қатынас хат жөнелтілді. Оған Чемоданов пен Литвинов қол қойған (АОМА, 84-қор, 1-тізбе, 50-іс, 33-парақ). Астықты тарату жұмысына дереу кірісу шешілді. Иелігінде 1 ат, 1 сиыры барларға, жалпы көпшілікке астық несиеге беріліп, олар қарызды осы жылғы, егер астық шықпай жатса, келер 1929 жылдың өнімінен беруге тиіс болды. Астықты кедейлерге тарату жөніндегі комиссия астық сақталатын қойма кілтін беруден бас тартқан Герасимовқа талап хат жазып, қойманы ашады. Комиссия астық таратып жатқанда қойма маңына Луговое селосына астық әкетуге келген арбалар келеді. Жиналған көтерілісшілер Аралтөбеден ешқайда астық шығарылмайтынын айтып, кірешілерді қайтарады. Бұл жайында А.В.Чемоданов 29 сәуір 1928 жылы ОГПУ тергеуіндегі жауабында көрсеткен (АОМА, 84-қор, 1-тізбе, 50-іс, 117-парақ). Астық таратылатын шаруалар тізімін Соболов пен Попов жасайды. Астық таратылып жатқан қойма маңындағы митингте Николай Тонких деген шаруа: «Егер жергілікті өкімет кедейлердің жағдайын түсінгісі келмей, (астықты) бермесе, онда өз бетімізше әрекет етуге болады. Халық өкіметі өз бетінше жұмыс істей алады, бұл үшін ешнәрсе болмайды. Егер барлық қоғам істесе, өкімет келгенмен, ешнәрсе істей алмайды, барша халықты (түрмеге) отырғыза алмайды.» – деген (АОМА, 84-қор, 1-тізбе, 50-іс, 117-парақ). А. Чемодановтың жауабында бұдан басқа да маңызды жәйттер бар. Ауылкеңес кеңсесінде астық таратылатын шаруалар тізімін түзуге ауылкеңес мүшесі Лишанский және басқалар да қатысады. Көтерілісшілер жиналысы сайлаған комисия мүшесі А. Соболев ауылкеңес мүшелері мен комсомолдарға «тізім жасап, жұмыс жүргізуге кедергі келтіресіңдер» – деп кеңседен шығуын талап етеді. Бұдан кейін комиссия БК(б)П мүшесі Балаков пен комосомол Константин Беркутовтарды жиыннан шығарып жіберген (АОМА, 84-қор, 1-тізбе, 50-іс, 54, 54(а)парақ.). Олар кеткеннен кейін А. Соболев қалған комиссия мүшелеріне Лишанскилерді ауылкеңес мүшесі болған себепті шығарып жібергенін, азаматтардың қаулысымен сайланғандықтан, енді комиссия өз бетінше жұмыс істеуі керектігін айтқан. ОГПУ-ге берген жауабында А.Чемоданов та: «Жеке өз басым комиссияда айтқанымдай, халық сайлағандықтан, өзімді дербес үкіметтің мүшесі санадым,» – деп ағынан жарылады (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 118-парақ). Чемодановтың жауаптарында халық ауылкеңеске астық талап етіп жиналғанда Архип Литвиновтың: «Табанды түрде талап етіңдер, көтеріліңдер. Аштар бар Қоғалыда да, басқа поселкедегілер де солай істеуі керек» – дегені көрсетілген. Сондай-ақ, А.Литвинов Аралтөбеге келген қазақтарға да: «Біздің қоғам астықты тартып алып жатыр, сендер де қоғам болып ұйымдасып солай істеулерің керек» – деген. Ал ол қазақ болса, өзінің Көктерек ауылына барып, жұртқа түсіндіріп, солай істейтінін айтқан. А. Чемодановтың тергеуге берген жауабында Қоғалыға арыздану үшін барып қайтқан Василий Скворцовтың: «Қоғалыға Алматыдан астық әкетуге арбамен қырғыздар (қазақтар) келген екен, қоғалылықтар астық бермей оларды қуып жіберіпті, тіпті бір қырғызды (қазақты) атқан да екен. Ал жаркенттіктер (сол мақсатта) келген кезде таразыларын жасырып қойыпты.» – дегенін жеткізеді (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 118-парақ).
Жергілікті билікті Аралтөбедегі, жалпы губернияның ішкі өңірлеріндегі астықты бұлайша тасымалдауын өңірдегі аштық мәжбүрлеген еді. Жаркент уезіне қарасты үш болыс ашығып отырғаны, Беркетмен болыстығында шаруалар ауқаттыларға шабуылдап, жаппай Қытайға қашу орын алғаны, екі партячейка хатшысы қашып кеткені жайлы жоғарыда айтылған губком хатшысы Манаевтың партияның жоғарғы органдарына жолдаған жабық хатында көрсетілген. Жабық хатта, сондай-ақ, «қазіргі сәтте губерниялық комитет бұйрығымен Талдықорған уезінен Жаркент уезіне 600 пуд (астық) тасымалданып жатыр, олардың 200 пуды жеткізілгені» хабарланған (Трагедия казахского аула, том 1, 2013: 109-110). Өлкелік партия коммитеті уәкілі Ф. Оликовтың иландыруымен астықты ауданда қалдыруға келіссе де, уездік органдар жеме жемге келгенде астықты селодан шығаруға шешім қылған. Өйткені, Алматыға Аралтөбенің астығын жеткізу де жоғарғы өкімет орындарының тапсырмасымен жоспарлы түрде іске асырылып жатқан шаралар болатын. Бұл кезде Алматыны нанмен қамтасмасыз етудің көлемі артқан. Бұған Алматыдағы Түрксіб құрылысшылары, Алматыға астананы Қызылордадан көшіруге орай келген жұмысшылар көлемі артуы және басқа да себептермен губерния орталығының нан қажеттілігі көлемі 458000 пудқа, маңайындағы ауылдарға керек тұқымдық астық көлемі 258 000 пуд, жалпы қажет астық 716 000 пудты құрады. (Трагедия казахского аула, том 1, 2013: 108).
Аралтөбе ауылкеңес төрағасы Герасимовтың бұның алдында Жетісу губериялық атқару комитеті мен БК(б)П губерниялық комитетіне жолдаған хаты да іске тіркелген. Көшірме түріндегі мерзімі көрсетілмеген бұл хаттың мазмұнына зер салғанда 1928 жылдың сәуір айының басында жолданғанын анықтауға болады. Қатынас хатта Герасимов сәуірдің басынан бері Талдықорған уезінің Аралтөбе мекенінде күн санап аштық өршіп келе жатқанын, олардың саны 74 жанұяға жеткенін, 213 жанұяға ғана астық осы жылғы өнімге дейін жететінін, ал 57 жанұя әртүрлі уақытта астықсыз қалатынын айтып, дабыл қаққан. Қазөлкелікодақ мекемесінің Алматыға 1000 пудты жөнелту туралы талабына қарсы шыққан Герасимов, керісінше Аралтөбе тұтынушылар қоғамының есебінше келер өнімге дейін тамаққа 1352 пуд астық, 6125 пуд тұқым қоры қажет екенін, бұл мөлшердің тұқым қорында жоқ екенін тәпіштеп баяндаған (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 99-парақ.). Жоғарыда көрсетілгендей, аштық құрсауындағы наразы тұрғындар жергілікті өкімет орындарынан жоғарғы органдарға қатынас хат жолдауды талап етіп қана қоймай, өздері де жеделхаттар жолдаған. Қызылордаға, ҚазОАК-не жолданған кедейлер жиналысы төралқасы атынан жолданған жеделхат мазмұнының Герасимовтың жоғарыдағы қатынас хатымен ұқсастығы назар аудартады. Жеделхатта; «Талдықорған уезінің Аралтөбе мекенінде 1927 жылғы егін шықпай қалуының салдарынан халықтың жартысы астықсыз қалды. Уездің губернияға жолдаған тамақтық астық пен егіске тұқым беру туралы өтінішіне жауап жоқ. Аштық белең алып барады. Астық сатып алатын жер жоқ. 127 жанұяға тамаққа 1352 пуд, тұқымдыққа 6125 пұд астық керек. Кедейлер қауымы Сіздерден астық беру жағынан көмек сұрайды.» – делінген (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 99-парақ.). Көрініп тұрғанындай, тамаққа және тұқымдыққа қажетті астық көлеміне сұраныс мөлшері қатынас хат пен жеделхатта бірдей. Наразы шаруалардың өзі ауылкеңес тұрмақ, уезд тарапынан губернияға жолданған сұраныстың жауапсыз қалғанын ашық айтып отыр. Бұл жағдайлар бар жауапкершілікті жергілікті өімет орындарына артып, өздерін таза етіп көрсеткісі келетін ОГПУ мәліметтеріне сын көзбен қарау керектігін байқатады.
Аралтөбедегі өкімет өкілдері қашып кеткеннен кейін 24 сәуір күні наразы тұрғында тағы жиналады. Жиналыс хаттамасында 9 ауылкеңес мүшесі, азаматтардан 120-әйел, 80-ер адам, барлығы 200 тұрғын қатысып отырғаны көрсетілген. Карп Мешинский төрағалық етіп, төрағаның жолдасы болып Мария Чернова, хатшылыққа Сошникова сайланады. Күн тәртібіне сол астық жайы, оны қалай тарату мәселесі қойылады. Жиын қаулысында: «жергілікті өкіметтің (өкілдерінің), ұйымдар өкілдерінің жоқ болуы, олардың қоймаларды жауып кету салдарынан кедейлер ұйымы астық беруді олар келгенше тоқтатуды, №№ 1,2,3 жиналыс хаттамалары мен қаулыларын орындай отырып, құлыптар мен мөрлерді бұзбай, заңдылықтың сақталуына» шешім етеді.
ОГПУ баяндамасында Герасимов «өз қауіпсіздігін сақтайтын жалған қаулы» қабылдады деп айыпталған. 24 сәуір күнгі жабық мәжілісте қабылданған бұл қаулы да, хаттама мазмұны да қызғылықты. Жабық жиналыстың №1 хаттама мазмұнында қатысушылар қатарында Аралтөбенің барлық ұйымдарының өкілдері көрсетілген. Партия мүшелерінен Куянцев, Герасимов, Белоносов, комсомол мүшелері Мария Шестерова, Феоктиста Шестокова, К.Взорова, К.Беркут, партияда жоқтар: Антон Афтинкин, Яков Цыцарев, төраға орынбасары Гаврила Беляева, мектеп меңгерушісі Взоров, тұтынушылар қоғамы басқарма мүшелері Федор Чадов, Иван Куянцев қатысты. Жиналғандар ұйымдар жиналысының Аралтөбедегі контрреволюциялық бас көтерулер туралы жалпы пікірлерді тыңдап, барлық партия мүшелері мен комсомолдар тыныштандыру және бұзылудан сақтау үшін халық арасына баруға тиіс деп тапты. Сонымен қатар бүлікшілердің еш қайсысына тиіспейтінін, олардың әрекетін кешірілетіні туралы жалған қаулы шығару арқылы халықты сабырға шақыру, өздерінің селода болуының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ елді мекенде тыныштық орнату арқылы қоршаған селоларда, әсіресе жергілікті халықтың бас көтерулеріне жол бермеуге тоқтам жасады (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 93-парақ.).
Аралтөбедегі жағдайдың бақылаудан шығып бара жатқаны Алматыдағы губерниялық өкімет орындарын мазасыздандырды. Аралтөбеге маңайлас жатқан Қоғалымен телеграф арқылы Алматыдан байланысқа шыққан арасында губерниялық атқару комитетінің өкілі Румянцев бар, Щаборин, Исмагилов, Горашенколар арасындағы әңгіме телефонограммасы бірқатар мағлұмат береді. Румянцевтер Алматыдан жауап беруші Горащенко Қоғалыдан. Осы жеделхаттан үзіндіге назар аударайық: «Алматы: Не болып жатыр?
Қоғалы: Аралтөбедегі бейбастық жалғасуда, қазіргі уақытта ауылкеңес жоқ, коммунистер қашып кеткен. Басқа ауылдардан жазбаша түрде бейбастықты тоқтатуды талап еттік. Жауап әзірге белгісіз. Аралтөбені қарулы қақтығыссыз алу мүмкін емес, басшыларын қолға түсіру үшін де Алматыдан біз сұрап отырған отряд қажет. Бұл туралы Сіздердің нұсқауларыңызды күтеміз, жағдай қазірге уезден астықты шығармау керектігін қуаттайды. Бұл Аралтөбедегі жағдайдың Луговое, Круглое, Қоғалы елді мекендерін де шарпығанын қосымша хабарлаймыз. Сондай-ақ, Қарабұлақ, бірінші кезекте Қаратал, Қапал тіпті Талдықорғанға да таралу қаупі бар…
Алматы: Сұрақ: 1) Аралтөбеліктерді басқарып отырған кім?
2) Олардың ұрандары қандай?
3) Бағынғысы келмейтіндердің жалпы саны қанша?
4) Аралтөбедегі жағдай басқа поселкаларды шарпыды деген нені білдіреді?
5) Аралтөбеліктердің қарулары бар ма, болса қандай?
6) Аралтөбеліктердің қарулы қарсыласуы туралы болжам неге негізделген?»
Аралтөбедегі шынайы жағдайды білу үшін қойылған бұл сұрақтардан губерния орталығы – Алматыдағы өкімет орындарының дүрлігуі байқалады.
Қойылған сұрақтар бойынша Қоғалыдан мынадай жауап берілген: «Ретімен жауап беремін: 1.(Көтерілістің) белсенді жетекшісі Владимир Первухин орташа шаруа. (Ол сәуірдің) 20-ы қоймаларды бұзуға шақырды, 21-і бұл іске асты. Осы сияқты белсенді қатысушылар шаруа Попов, орташа Афанасий Чемоданов, бұрынғы кулак қазір орта шаруалар Архип Литвинов, Игнатий Сотниковтар. Бұлар сияқты осылардың айтқанын орындайтын белсенді қатысушылар саны 100-ге тарта, қазіргі сәтте Чемоданов басқаратын астықты тарату комитеті құрылып, олардың қаулысына бағынатындарға (астық) таратылды. Толығырақ телефон арқылы Талдықорғаннан хабарлаймын.
2) Кедей бетбейнесін тағынып тамақтық және тұқымдық астық ауқаттыларға да берілуде, нанды өз поселкасынан тіпті көрші поселкеге де шығармау, жетекшілерін ұстап бермеу, бірлесіп жауап беру.
3) Халықтың үштен екі бөлігі, шамамен 200-дей адам.
4) Әйелдерді пайдалана отырып Қоғалы мен Луговоеде астықты өз қолдарына тартып алуға әрекет жасалды.
5) Дробовик мылтықтар бар, саны белгісіз.
6) (Оған негіз) олардың қаулылары мен жергілікті өкімет (өкілдерін) ұру әрекеті» (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 86-парақ.).
Жоғарыдағы губерниялық комиссия мәселесі Жетісу губкомының 23 сәуір күнгі № 8 жабық жиналысында талқыланған болатын. Губком бюросы мүшелері Алманов, Таиров, Степанов, Шевченко, Айтхожин, Раздобреев, Филимонов, Смотряева қатысқан жабық мәжіліс Аралтөбедегі жағдайды егін себу науқаны бойынша өкілдің жеделхаты бойынша қарайды. Губком бюросы «(Аралтөбедегі) тәртіпсіздіктің туу себептерін анықтау және оны жою мақсатында» құрылған арнайы комиссия төрағалығына Степановты бекітті (ҚРАП 141-қор, 17-тізбе, 271-іс, 12-парақ). Өлкелік партия комитетіне жоданған губкомның бұл хаттамасы «қатаң құпия» белгісімен сақталған.
Іс материалдары құпияланып, тарихшылардың назарынан тыс қалған Аралтөбе оқиғасының жай-жапсарын жергілікті өкімет орындарының өзара қатынас хаттары, аралтөбеліктерге қарсы қылмыстық іс матриалдары бойынша ғана анықтау мүмкін болып тұр. Бұл материалдарды ОГПУ-дың Қазақстандағы өкілетті өкілдігі тергеу бөлімі жинаған. Негізінен көшірме түріндегі бұл құжаттардың түпнұсқаға сәйкестігін ОГПУ тергеу бөлімінің уәкілі Фильченков растаған. Аралтөбенің өзінің, уездік , губерниялық өкімет орындарының көтеріліске байланысты позициясын сол органдардың өзара хат алмасулары айқындайды.Уездік өкімет орындарының оқиғаға қатысты ұстанымын уезден келген комиссияның 22 сәуір күні Алматыға БК(б)П губком хатшысы, губерниялық атқару комитеті төрағасына, губерниялық прокурорға, ОГПУ-дің губерниялық бөліміне жолдаған «өте құпия, жедел» деп белгіленген хабарламасынан білуге болады. Хабарламаға Исмаилов, Омаров, Горащенко қол қойған. Онда: «Аралтөбедегі жағдай туралы ақпаратқа қосымша комиссия астықты ұйымдасқан түрде басып алу аштықтың салдарынан емес, тек қана село аумағынан астықтың шығарылуын болдырмау үшін істелгенін анықтады. Астық олардың (көтерілісшілердің) ұйымына бағынатындарға ғана, олардың арасында кулактар да бар, таратылып, керісінше оларға бағынбаған кедейлерге берілмеген. Контрреволюциялық комитет тарапынан күзетші қойылып, өкімет тарапынан біреулер келген жағдайда (шіркеу) қоңырауы соғылып, барлығы олармен кездесу үшін жиналады. Жиналғандардың ұрлыққа барып, жергілікті өкіметке күш көрсету фактілері бар. Ауылкеңес жойылған, партия мүшелері мен өкімет өкілдері қақтығыстан қорқып тығылған немесе Көксу поселкесіне кеткен. Қимылдар арқылы (олардың) Совет өкіметіне қарсы екені айқындалды, үгіттің пайдасы жоқ. Қарулы күштер арқылы кіруден қазірше тартынып тұрмыз. Өйткені, көп мөлшердегі әйелдер өкімет өкілдері көріне қалған жағдайда тас, кір тасы және басқалармен қаруланып, оларды ұруға әрекеттенуде» – делінген. Уездік комиссия өз хабарлмасы соңында көтерілісті дереу жою үшін олардың бастаушыларын тек қана қарулы күшпен басып алу керектігін атап көрсетеді. Уездік комиссия көрші селолардың Аралтөбені қолдамайтынын да айтады (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 87-бет.). Бұл хабарлама мазұнынан уездік комиссияның губерниялық басшыларды қарулы күш қолдануға итермелеп отырғаны байқалады. Сондай-ақ, Аралтөбе оқиғасының көрші селоларға әсері туралы ақпараттың жоғарыда келтірілген тікелей желідегі телеграф арқылы талқылауда айтылған мәліметтермен қайшы келетіні көзге ұрып тұр. Телеграф желісімен тіке байланыста Қоғалы мен Луговое селоларында астықты тартып алу үшін шабуылдар болғанын хабарлаған уездік комиссия құпия жеделхатта оған кереғар сөйлеп тұр.
Аралтөбе көтерілісіне қатысушылардың көрші Қоғалы мен Луговое селоларына барып, ондағы шаруаларды астық қоймаларын басып алуға шақырғаны туралы ОГПУ мәліметтерінде де айтылған. 26 мамыр 1928 жылы КАССР халық комиссарлар кеңесі төрағасы Н.Нұрмақовқа нан дайындау науқаны бойынша кеңес өкіметіне қарсы бас көтерулерге қысқаша шолуда (№ 23726/2) Аралтөбе көтерілісіне де тоқталған. Мәліметте Аралтөбеде болған жағдай баяндала келіп:, «22 сәуір күні 30 адамнан тұратын Аралтөбеліктер Қоғалыға келіп, ондағыларды астықты (селодан) шығарып әкетуге жол бермеуге шақырды. Нәтижесінде Қоғалыдағы астық (қоймалары) басып алынды, алайда астықты басып алуға қатысқан кедейлердің кулактарға нан үлестіруден бас тартқандығынан таратылған жоқ. Ал 24 сәуірде Луговое селосында осындай астық қоймаларын талқандауға әрекет жасалды. Баскөтеру мұнда ОГПУ әскері мен комиссияның келуімен тоқтатылды.» – делінген (ҚРОМА 5-қор, 20-тізбе, 87-іс, 109 -бет.).
Аралтөбедегі жергілікті өкімет өкілдерінің қашып кетуі көтерілісшілерді де бей-жай қалдырмады. Қоймадағы астықты ашыққан халыққа және көктемгі егіске тұқымға беру барысында уақытша комитет барынша заңдылықты сақтауға тырысады. Бұлай деуге Герасимов бастаған ауылкеңес өкілдері қашып кеткен соң көтерілісшілер көрші Көксу станицалық атқару комитетіне жолдаған өтінішінен көруге болады. Өтініште көтерілісшілердің хаттамаларында көрсетілген Аралтөбедегі ауыр ахуал сиппаталып, шаруалардың ашығуы, егіс науқанына керекті тұқымның берілмеуі, жергілікті өкімет орындарының сөзбұйдаға салып мәселені шешпеуі салдарынан астықты тарату жұмысын өз қолдарына алғанын хабарлайды. Аяқ астынан ауылкеңес төрағасының кетіп қалуы жағдайында «істі реттеу» мақсатында Көксу станицалық атқару кеңесінен жәрдемдесуін сұрайды (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 96-бет.). Аралтөбе көтерілісінің ұйымдасқан сипатын көрсететін бұл өтініш арқылы көтерілісшілер жетекшілері өз әрекеттеріне барынша заңдық сипат беру мақсатында көрші станица өкімет орындарын астық тарату шарасына араластыруды көздегені байқалады.
Аралтөбе көтерілісіне уездік өкімет орындарының саяси бағасы 23 сәуір күні көтерілісшілерге жолданған үндеуде көрініс тапқан. « Аралтөбе селосының азаматтарына!, – делінген үндеуде, – Уездік комиссия мемлекет қазынанасын тонап, жаппай бей-берекеттік туғызып, жергілікті өкімет орындарына күштеп қарсыласу қимылдарын туғызған Аралтөбедегі өздігімен құрылған топтың әрекетін контрреволюциялық деп санайды. (Сіздерден) дереу арада Аралтөбедегі бей-берекеттікті тоқтатып, өздігінше құрып алған барлық комиссия атаулыны (өздігімен билік ету) таратуды, жергілікті мемлекеттік өкіметтің нұсқауларына бағынуды ұсынамыз». Бұған қоса уездік комиссия көтерілісшілерден келіссөздер жүргізу үшін 3-6 адам көлеміндегі өкілетті өкілдерін ертесі 24 сәуір таңғы 8-ге Қоғалыдағы болыстық атқару комитетіне келуін талап етті (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 88-парақ). Уездік комиссияның бұл әрекетін ОГПУ басшысы Волленберг өзінің Е. Ерназаровқа баяндамасында «дөрекі түрдегі саяси қате» деп бағалайды. Чекистер басшысы уездік комиссия қорқып кетіп, жағдайды дабырайтып көрсетіп, көтерілісті контреволюциялық деп таныды және жіберілген үндеу-хат салынған конверттің сыртына «Уақытша үкімет комитетіне» -деп жазып қойды деп кінәлайды (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 83-парақ). Уездік комиссиядан келген бұл хат көтерілісшілерді абдыратып тастағаны М. Егоренконың ОГПУ-ға берген жауабында баяндалған. Алдымен бұл конвертті ашу-ашпау керектігін талқылаған шаруалар, шіркеу қоңырауын соғып, халықты жинайды. Конвертті ашып, ондағы уездік комиссия талаптары көпшілікке оқылады. «Азаматтар бұл қағаздың ауылкеңес төрағасына емес, уақытша үкіметке бағытталғанына қарсылығын білдіріп, (жоғарыға) жалған арыз жөнелтілген екен деп у-шу болды.» – деп көрсетеді М.Л. Егоренко (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 106-парақ). Аралтөбе шаруалары көтерілісінің ұйымдасқан сипатына ОГПУ да көз жұма алмады. Оқиғадан кейін халық комиссарлар кеңесі төрағасы Н. Нұрмақовқа жолданған жоғарыда көрсетілген ОГПУ хатында Аралтөбеде көтерілген шаруалар кулактар В. Превухин мен А. Чемодановтың басшылығымен «Нан тарату комитетін» құрғанын баса көрсеткен (ҚРОМА 5-қор, 20-тізбе, 87-іс, 109 –парақ.).
Қоғалыдағы уездік комиссия Аралтөбе көтерілісінің жетекшілері туралы жан-жақты ақпарат жинайды. ОГПУ жүйесі бойынша түскен жедел әрі құпия жеделхаттардың бірінде Талдықорғаннан Жылқыбаев деген митинг ұйымдастырушы көтеріліс жетекшілері Михаил Попов, Владимир Первухин, Ефим Сошиков, Михаил Егоренколардың Түрксіб жұмысшылары екендігі туралы мәлімет барын хабарлайды. Аралтөбе көтерілісіндегі «Түрксіб ізі» туралы болжам негізсіз емес. Алайда, көтеріліс жетекшілері Түрксіб теміржолының Көксу бөлігінде ұзақ уақыт істемеген. Көтеріліс басшыларының бірі Владимир Первухиннің 1928 жылдың 27 сәуірінде ОГПУ тергеуіне берген жауабында Түрксібтің Көксу бөлігінде 1928 жылдың 8-сәуірден 14-сәуірге дейін ғана жұмыс істегенін көрсетеді (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 108- парақ.).
Герасимов бастаған жергілікті өкімет орындары қашып кеткеннен кейін Аралтөбедегі жағдай қалай өрбіді? Уездік комиссияның талаптар қойған хатын алғаннан кейін көтерілісшілер сол күні, 23 сәуірде түскі сағат 13-те 5-ші мәрте жиналды. Жиналысқа жалпы саны 213 адам қатысады. Жиынға Соболев төрағалық жасап, Карп Анархин төрағаның жолдасы болып сайланады. Күн тәртібіне уездік комииссияның талап хаты талқыланады. Архивтегі ОГПУ іс қағаздарындағы уездік комиссияның талап хаты көшірмесінде оған қол қойғандардың аты-жөні, лауазымы көрсетілмеген. Ал көтерілісшілердің № 5 жиналыс хаттамасында олардың кім екені нақтыланған. Олар: уездік комиссияның төрағасы, уездік атқару комитетінің төрағасы Исмаилов, БК(Б)П уездік комитетінің өкілі Шабарин, мемлекеттік прокурордың көмекшісі Омаров, ОГПУ уәкілі Гаращенко және әскери комиссар Ануфриевтер (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 94-парақ). Жиналғандар уездік комиссияның талап хатында шаруалар наразылығын контреволюциялық деп сипаттағанына қарсы шығады (АОМА 84-қор, 1-тізбе, 50-іс, 24-парақ). Хаттама мазмұнында шаруалардың мүшкіл хәлі жанұшыра суреттелген. «Кедейлер барынша тырысып жергілікті және жоғары өкімет орындарына (жағдайды түсіндіруге) ұмтылды. Аштан өлмеу үшін шын сенімділікпен, шынайы түрде өз мұқтажын жоғары өкіметке тіке айтқысы келді» – делінген хаттамада. Алайда, жергілікті өкімет кедейлердің мұңын көзге ілмей, оларға жаулықпен қарағаны айтылады. Жиналыс уездік комиссияның талабымен өздерінің атынан өкіл қылып Ефим Сошнин, Владимир Первухин, Анисия Калугиналарды сайлап, олардың қолына алдыңғы 1-4 мәжілістердің хаттамаларын беріп, келіссөз жүргізуді тапсырады. Бұған қоса уездік комиссиядан Аралтөбедегі астық тарату жағдайын, шаруалардың шынайы хәлін білуге уәкіл жіберуін сұрайды (ҚР ОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 94-парақ.).
Көтерілісшілердің аяғына дейін іске асырып үлгермеген бастамаларының бірі – коммунистер мен жергілікті өкімет өкілдерінің үйлерін тінтуі. ОГПУ анықтамасында бұл мәселе жалпылай ғана айтылмағанымен, тінтудің қалай іске асырылғаны көтерілісшілердің тергеудегі жауаптарында көрсетілген. Көтеріліс басшыларының бірі В. С. Первухиннің 27 сәуір күні ОГПУ тергеушісіне берген жауабында тінту туралы былай дейді: «22 сәуір күні (ауылкеңес) төрағасы Герасимов поселкеден кетіп қалған соң…жиналыста Архип Литвинов пен Андрей Щеглов өз сөздерінде: «бізге қанша астық барын білу үшін өзіміздің өкіметтің (үйлерін) тінту керек.» – деді. Совет (ауылдық) қызметкерлерінің пәтерлерін тінту-тексеру жөніндегі комиссия құрамына Елена Сошникова, Сергей Литвинов, Графина Иванова, Андрей Баталов, Андрей Первухин, Вера Есютина сайланды. Содан кейін 6 адамнан тұратын топ тінтуге кеттік.» (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 110-111-парақтар.). Жергілікті өкімет өкілдерінің үйлерін тінту жөніндегі комиссия алдымен БК(б)П мүшесі Борис Егоровтың үйіне барады. Одан кейін Василий Белоносов, Цицеров, Взоров үйлері тінтуге барады. Тінту жөніндегі комиссияны мұғалім Взоров, Герасимовтың үйіне кіргізбей қояды. Андрей Первухинге Взоров бұл жасап жатқандарының дұрыс еместігін айтады. Оған А. Первухин тінтудің дұрыс-дұрыс еместігін талқыламайтынын, өзіне бұл жұмыс тапсырылғанын айтып жауап береді (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс,111-парақ.).
25 сәуірде Аралтөбе халқы базардан Қоғалыға кеткен өкілдердің оралғанын естіп, шаруалар ауылдық кеңес басқармасына жиналады. Өкілдерден не болғанын сұраған олар, уездік комиссияның олардан тек жалпы жағдайды тәпіштеп сұрақ сұрағанын білген соң, тарап кетеді. Бір уақытта базарға келген комсомол мүшелері өкілдер мен басқаларды қайтадан жиналысқа шақыра бастайды. Осы күні автомобильдер толы қарулы қызыләскерлер Аралтөбеге әкелінеді. Қайтадан жиналысқа жиналған халық арасынан белсенділерді тұтқындай бастайды. Шаруаларға таратылған астық кері қайтарылады. Жиналып алынған астық бір айға әр жан үшін 30 фут мөлшерінде қайтадан таратыла бастайды. Өзінің ОГПУ тергеуіндегі жауабында М.А. Попов: «Болған жағдайға бойынша менің ойым мынадай: егер астық өз уақытында халыққа берілген болса, Аралтөбеде еш оқиға болмас еді. Бәрібір сол қоймалардан астық таратылды ғой. Неліктен сол астық халықтың наразылығына жеткізбей-ақ берілмеді?» – деп көрсеткен.
ОГПУ-дың Жетісу округтік бөлімі Аралтөбе көтерілісі бойынша 10-кулак, 10-орташа, 21-кедей, жалпы саны 44 адамды жауапқа тартты. Олардың ішінде 3- орыс-казактар болса, 2 адам БК(б)П -дан шығарылғандар, 1 адам ЛКСМ-нің бұрынғы мүшесі. Тұтқындалғандар саны 9 адамды құрады (ҚР ОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 83-парақ.). «Бас көтерудің нағыз контрреволюциялық ролін жоққа шығармаған» ОГПУ өкілетті өкілдігі Аралтөбе ісін Жоғары сот қарауына беріп, көтеріліс болған жерде көрнекі сот процесін өткізуді ұсынады. ОГПУ баяндамасында «наразылықтың алдында болған жайларды жеткілікті зерттей отырып, процесті кулактарды айыптауға бағыттауды есеп қылатынын» жасырмайды (ҚР ОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс,84-парақ.). Бұл енді сот орындарына берілген ашық түрдегі саяси тапсырма болатын. ОГПУ Қазақстандағы тұрақты өкілдігінің ұсынысын қараған республика прокуратурасының ГПУ органдарын қадағалау жөніндегі прокурор көмекшісі Мусихин қол қойған қорытындысында: «Кедейлер мен кулактар арасындағы жікті айқындау, антисоветтік пиғылдағы элементтерді анықтау мақсатында қоғамдық маңызды саналатын бұл істі оны жалпы сот тәртібімен қарау жөн болады.» – деп атап көрсетеді (АОМА, 84-қор, 1-тізбе, 50-іс, 379-парақ.).
ОГПУ баяндамасына тіркелген тергеу хаттамаларында айырмашылықтар байқалады. Бірқатар көтерілісшілерді тергеу көтеріліс басылған соң бірден сол сәуір айының соңында жүргізілгендіктен, олардың жауаптарында қалыптасқан ахуал нақты әрі біршама шынайы берілген. Ал кейінірек, 1928 жылдың маусым, шілде айларындағы көтерілісшілерден жауап алу хаттамаларында жоғарыдағы сот процесін «кулактарды айыптауға бағыттау» туралы саяси тапсырманың әсері байқалады. Көтеріліс жетекшілерінің бірі деп танылған В.С. Первухиннен көтеріліс жаншылған соң 27 сәуірдегі жауап алу хаттамасындағы жауабында «мүліктік жағдайы» деген жерде «бұрын да ештеңем болған жоқ, қазір де ештеңем жоқ» деп көрсеткен (ҚР ОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 108-бет.). Первухиннің жауап алу хаттамасы, басқа да құжаттардағы өмірбаянында оның бірде Алматыда, Талдықорғанда диірменде жалданып жұмыс істесе, бірде Түрксіб темір жол құрылысының Көксу бөлігінде істегені көрсетілген. Өз алдына шаруашылығы, егіні, малы бар кулактың бұлай әр жерді кезіп, жалданып жүрмейтіні анық. Көтерілістің тағы бір жетекшісі А.В. Чемодановтың 29 сәуірдегі жауап беру хаттамасында «мүліктік жағдайы» деген сұраққа «бұрын иелігімде 2 сиыр, 2 ат болған, қазір ештеңем жоқ» – деп жауап берген (ҚРОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 115-бет.). ОГПУ дәстүріне сай айыпталушыларға қысым көрсетілгені анық. Бұл жағдай 5 баласы бар кедей шаруа М. А. Поповтың 15 шілдедегі жауаптарында көрсетілген. ОГПУ Жетісу губерниялық бөлімінің өкілетті өкілі Алексеев айыпталушыдан: «Сіз не себепті бұрын қазір айтып отырғандай жауап бермедіңіз?» – деп сұрайды. Айыпталушы М.А.Попов оған: «Мүмкін ол кезде мен ұмытып қалған шығармын. Олар туралы білмесек те, (бізге) кулактарды көрсету туралы көп сұрақ қойылды…Тергеу кезінде жауап берушілерге айқайлады…» – деп жауап береді (ҚР ОМА, 5-қ, 20-тізбе, 88-іс, 102-парақ).
Аралтөбе көтерілісі бойынша сот хаттамасына сәйкес сот мәжілістері 26 қараша 1928 жылдан 1929 жылдың 2 қаңтары аралығында өткен. Сот мәжілісінде 36 сотталушының 11-і өз қылмыстарын толық мойындамайды, қалғандары бір бөлігі ішінара, кейбірі тағылған айыпты толық мойындаған (АОМА, 84-қор, 1-тізбе, 50-іс, 464, 464(айқ), 465 парақтар.). Айта кететін көрініс Е.Сошникованың жауабы: «Балалар ашығып жатты, мен өкіметтен астық сұрадым, менің кінәм сол-ақ.» – дегені (АОМА, 84-қор, 1-тізбе, 50-іс, 4-парақ). 1929 жылдың 3-қаңтары күні түнгі сағат 12-де 11 көтерілісші ҚК-тің 58 бабының әртүрлі тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, мүліктерін тәркілеусіз, құқтарынан айырмай 2 жылға әлеуметтік қорғау үшін бас бостандығынан айыруға, 18 адамға ескерту арқылы ақтауға, 11 адам шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім етілді (АОМА, 84-қор, 1-тізбе, 50-іс, 507 (айқ), 508, 508(айқ), 509 парақтар.). Алматы округтік сотының 1929 жылғы 20 ақпан күнгі ұйғарымымен сотталушылардың бір бөлігіне бас бостандығынан айыру үкімі мәжбүрлі еңбеккүндеріне алмастырылған. (АОМА, 84-қор, 1-тізбе, 50-іс, 51-парақ.).
Қорытынды. Қорыта келгенде, Талдықорған уезіне қарасты Аралтөбедегі бас-аяғы 5 күнге созылған көтеріліс Жетісу өңірі бойынша үлкен дүрлігу туғызған оқиға болды. Жергілікті және жоғарғы кеңестік өкімет орындары көтерілістің ұйымдасқан сипатынан қауіптенді. Көтерілісшілердің Астық тарату комитетін құруы, ұйымдасқан түрде астық қоймаларын басып алып, шаруаларға тамақтық және тұқымдық астық таратуы, комитет жұмысынан коммунист, комсомол, совет қызметкерлерін шеттетуі, жергілікті өкімет өкілдеріне қарулы күзет қойып, олардың мекен-жайларын тінтуі, уездік комиссияға өз өкілдерін келіссөздерге жіберуі Совет өкіметіне ұйымдасқан қарсылықтан туған болатын. Көтерілісшілердің өз әрекеттерін хаттап, жоғары өкімет орындарына жеделхаттар жіберуі өкіметтің ауыл шаруашылық саясатындағы кемшіліктерді ашық көрсетуінен туды. Аштыққа ұрынған шаруалардың көктемгі егіс науқанында тамақсыз аш, тұқымсыз қалуы, өкімет орындарының шаруалар тілегін сөзбұйдаға сала отырып, шешпеуі, шаруалардың Совет өкімет орындарының жағдайды оңалтуға қабілеттілігіне сенімнен айырды. Шағын бір село деңгейіндегі осы наразылықтан кеңестік тоталитарлық биліктің табиғаты жан-жақты ашылды деуге болады. Аралтөбе көтерілісі барысында бұдан кейінгі 1929-31 жылдардағы кеңестік аграрлық жетілдіру саясатына шаруалар қарсыласуында ресми өкімет ұстанған бұл қозғалыстардың жалпыхалықтық сипатын мойындамау, барлық себепті кулактар, байлардың әрекетінен іздеу саясаты сыннан өтіп, қалыптасты. Советтік өкімет орындарында кәмпеске, күштеп ұжымдастыру, салық, астық дайындау науқандарына кез келген қарсылықтың астарынан кулак-байлардың, діндарлардың таптық бас көтеруін іздейтін ресми саяси ұстаным орнықты. Бұл саяси ұстанымның ақыры 1931-1933 жылдардағы геноцид деңгейіндегі аштыққа ұрындырып, Қазақстандағы тарихындағы аса ірі демографиялық апатқа әкеліп соқтырғаны белгілі.
Әдебиеттер мен деректер тізімі:
Алдажуманов К. Крестьянское движение сопративления. //Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы. – Алматы: «Арыс»-Казахстан, 1998. – 428 С. (С.66-92).
Алланиязов Т. К. Крестьянские выступления 1929-1932 в Казахстане: опыт и проблемы изучения. – Алматы: фонд «XXI век», 2002. – 272 с.
Алланиязов Т. К., Таукенов А. С. Последний рубеж защитников номадизма. История вооруженных выступлений и повстанческих движений в Казахстане (1929-1932 годы). – Алматы: ОО «ОЗТ-XXIвек», 2009. – 424 с.
АОМА, 84-қор, 1-тізбе, 50-іс.
Камерон С. Аштық жайлаған дала. Ашаршылық, озбырлық және кеңестік Қазақстанды орнату. /Ағылшын тілінен аударған С. Батаева, З. Батаева. Алматы: 2020. – 304 б.
ҚРОМА 5-қор, 20-тізбе, 87-іс.
ҚРОМА. 5-қ, 20-тізбе, 88-іс.
ҚРПА. 141-қор, 1-тізбе, 1934-іс.
ҚРПА 141-қор, 17-тізбе, 271-іс.
Құдайбергенова А. И. Қазақстандағы XX ғ. басындағы ашаршылық жайлы //Отан тарихы. – 2012 ж. – № 4. – 68 б.
Омарбеков Т. Зобалаң (Күштеп ұжымдастыруға қарсылық). Оқу құралы. – Алматы: «Санат», 1994. – 272 б.
Омарбеков Т. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті. – Алматы: «Санат», 1997. – 320 б.
Омарбеков Т. 1929-1931жылдардағы халық көтерілістері. – Алматы, «Арыс», 2018. – 480 бет.
Справочник по административно-территориальному делениюКазахстана (август 1920 г. – декабрь 1936 г.) / Сост.: Ф.Н.Базанова; Под ред.: к.и.н. Г.Ф.Дахшлейгера. – Алма-Ата, 1959. – 286 с.
Трагедия казахского аула 1928-1934:Сборник документов/ Сост. А.С.Зулкашева (ответств.)Г.Т.Исахан, Г.М.Каратаева.– Алматы: Раритет, 2013. – Т.1. 1928-апрель 1929.– 744 с.
References:
Aldajýmanov K. Krestánskoe dvıjenıe sopratıvlenıa. //Deportırovannye v Kazahstan narody: vremá ı súdby. – Almaty: «Arys»-Kazahstan, 1998. – 428 S. (S.66-92).
Allanıazov T. K. Krestánskıe vystýplenıa 1929-1932 v Kazahsstane: opyt ı problemy ızýchenıa. – Almaty: fond «XXI vek», 2002. – 272 s.
Allanıazov T. K., Taýkenov A. S. Poslednı rýbej zashıtnıkov nomadızma. Istorıa voorýjennyh vystýplenı ı povstancheskıh dvıjenı v Kazahstane (1929-1932 gody). – Almaty: OO «OZT-XXIvek», 2009. – 424 s.
AOMA, 84-qor, 1-tizbe, 50-is.
Kameron S. Ashtyq jaılaǵan dala. Asharshylyq, ozbyrlyq jáne keńestik Qazaqstandy ornatý. /Aǵylshyn tilinen aýdarǵan S.Bataeva, Z.Bataevalar. – Almaty, 2020. – 304 b.
QROMA. 5-qor, 20-tizbe, 87-is.
QROMA. 5-q, 20-tizbe, 88-is.
QRPA. 141-qor, 1-tizbe, 1934-is.
QRPA. 141-qor, 17-tizbe, 271-is.
Qudaıbergenova A. I. Qazaqstandaǵy XX ǵ. basyndaǵy asharshylyq jaıly //Otan tarıhy. – 2012. – № 4. – 68 b.
Omarbekov T. Zobalań (Kúshtep ujymdastyrýǵa qarsylyq). Oqý quraly. –Almaty: «Sanat», 1994. – 272 b.
Omarbekov T. 20-30 jyldardaǵy Qazaqstan qasireti. – Almaty: «Sanat», 1997. – 320 b. Omarbekov T. 1929-1931jyldardaǵy halyq kóterilisteri. – Almaty, «Arys», 2018. – 480 bet.
Spravochnık po admınıstratıvno-terıtorıálnomý delenıý Kazahstana (avgýs 1920 g. – dekábr 1936 g.) / Sost.: F.N.Bazanova; Pod red.: k.ı.n. G.F.Dahshleıgera. – Alma-Ata, 1959. – 286 s.
Tragedıa kazahskogo aýla 1928-1934:Sbornık dokýmentov/ Sost. A.S. Zýlkasheva (otvetstv.) G. T. Isahan, G. M. Karataeva. – Almaty: Rarıtet, 2013. – T.1. 1928-aprel 1929. – 744 s.
МРНТИ 03.20.00
АРАЛТЮБИНСКОЕ ВОССТАНИЕ: УРОКИ И ИСТОРИЯ
Е.И. Стамшалов¹
¹Магистрант 2-курса Института истории и этнологии имениЧ.Ч. Валиханова,
Казахстан, г. Алматы.
Аннотация. В статье описывается организованное народное сопротивление советской политике модернизации сельского хозяйства – восстание в селе Аралтюбе Когалинского уезда Талдыкорганского уезда Жетысуйской губернии, которое произошло с 19 по 24 апреля 1928 года. Восстание в Аралтюбе, ранее не изученное в отечественной исторической науке, было организованным восстанием против советской продовольственно-заготовительной кампании, против голода в некоторых районах Жетысуйской губернии. Основной целью восстания, в котором в основном участвовали русские крестьяне, было воспрепятствовать вывозу из села Аралтюбе хлеба, собранного в рамках хлебо-заготовительной кампании во время голода, и раздать его голодному населению. С этой целью повстанцы создали комиссию по распределению хлеба, изгнали коммунистов и советских рабтников, обыскали их дома и взяли их под вооруженный контроль. Восстание в Аралтюбе, вызвавшее большой резонанс в КАССР, было подавлено силами ОГПУ, а его участники осуждены показательным открытым судом, с целью преподать урок всему крестьянству. ОГПУ, местные и губернские партийные органы Казахстана не искали основных причин восстания в насильственной советской аграрной политике, а охарактеризовали выступления крестьян как «кулацкой провокацией».
Ключевые слова: Аралтюбе, модернизация сельского хозяйства, голод, Жетысуйская губерния, восстание в Аралтюбе, хлебозаготовительная кампания.
IRSTI 03.20.00
ARALTYUBES REBELLION: HISTORY AND LESSONS
E.I. Stamshalov¹
¹Ch.Ch. Valikhanov InstituteofHistory and Ethnology, Master’s Student
Kazakhstan, Almaty
E-mail: kun2013@mail.ru
Abstract: The article describes the organized popular resistance to the Soviet policy of agricultural modernization – the rebellion in the village of Araltyube, Kogalinsky district, Taldykorgan district, Zhetysu province, which took place from April 19 to April 24, 1928. The Aral-Tobe uprising, which had not previously been studied in domestic historical science, was an organized uprising against the Soviet food procurement campaign, against famine in some areas of the Zhetysu province. The main purpose of the uprising, in which the Russian peasants took part, was to prevent the export of grain from the village of Araltyube, collected during the grain procurement campaign during the famine, and to distribute it to the hungry population. To this end, the rebels created a grain distribution commission, expelled the communists and Soviet workers, searched their homes and took them under armed control. The uprising in Araltyub, which caused a great resonance in the KASSR, was suppressed by the forces of the OGPU, and its participants were condemned by a showy open trial in order to teach a lesson to the entire peasantry. The OGPU, local and provincial party bodies of Kazakhstan did not look for the main reasons for the uprising in the violent Soviet agrarian policy, but described the actions of the peasants as “kulak provocation.”
Keywords: Araltyube, modernization of agriculture, famine, Zhetysu province, rebellion in Araltyube, bread-procurement campaign.
Дереккөз: https://edu.e-history.kz/ru/publications/view/1579