Жазықсыз жапа шеккендер немесе күштеп кәмпескелеу құрбандары
1928 жылы жаңа ғана қабырғасы қатайып келе жатқан әкімшіл-әміршіл тоталитарлық жүйе жүзеге асырған қазақ байларын күштеп кәмпескелеу және оларды зорлап жер аудару тұтас бір халықты ашықтан-ашық қуғын-сүргінге ұшыратудың және бұқараны жаппай қырудың бастауы болды. Қазақ байларымен қатар елдің игі жақсыларын да, Алаш интелегенциясының көрнекті қайраткерлерін де топтап түрмеге қамауға баса мән берілді. Көзі ашық оқыған жандар, қазақ байларын ұлттың ең іскер де пысық бөлігін жойып жіберудің күллі халыққа қасірет әкелетінін, оны сөз жоқ ашаршылыққа ұрындыратынын дер кезінде көре білген еді. Бірақ олардың үніне құлақ асқан ешкім болмады.
Алаш қайраткерлерін айтпағанда, қазақ байларын күштеп жою саясатына ашықтан-ашық қарсы шыққандар сол жылдары Ф.И.Голощекин басқарып тұрған Қазақстан большевиктерінің өз ішінде көрініс берген еді. 1927 ж. VI жалпы қазақтың партия конференциясында «Садуақасов – Қожанов тобын» Голощекин осындай бағыты үшін сынға алған және бұл топтың (мұндай топшылдық шын мәнінде өмірде болған емес) басшылары Смағұл және Сұлтанбекті Қазақстаннан кетуге мәжбүр еткен еді.
Дереккөз: “Ақиқат” журналы, 9 сан, 1992 ж. 44-52 бб.