Кенесары ханның Құраны кесенеге қойылады
Кенесары ханның Құраны Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына табыс-талды. Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы табылғаны және оның елге оралғаны жайында мәлім еткен болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Кенесары ханның Құраны Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына табысталатынын атап өткен еді.
Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мүфтиятқа барып, Кенесары ханның Құранын табыстады.
Мемлекеттік кеңесші Құранды отандық және шетелдік жоғары білікті, тәжірибелі мамандар толықтай зерттегенін, бірауыздан оның Кенесары ханға тиесілі екенін анықтағанын айтты. Сонымен қатар ол Құранның жан-жақты сипаттамасын баяндап, ерекшеліктерін жеткізді.
Ғалымдар Құранның бұл нұсқасы қазақ халқының тарихи жәдігері екенін растап, оның тарихи және музейлік құндылығы өте жоғары деп бағалап отыр.
Салтанатты рәсімге қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Ұлттық құрылтайдың мүшелері мен дін қызметкерлері қатысты.
Ал алдағы уақытта Құран қайда қойылады? Бұған қатысты Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы пікір білдірді.
– Бабамыздан жеткен құнды жәдігерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қабылдап алып жатыр. Құран құтты орнына оралды. Құнды мұра қалпына келтірілген соң, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылады, – деді Бас мүфти.
Наурызбай қажы Тағанұлының айтуын-ша, екі ғасырлық тарихы бар жәдігерді қарилар оқып, сауабы Кенесары хан мен Марал ишан бабаларымызға бағышталмақ.
Сондай-ақ Бас мүфти діни басқарманың ұйытқы болуымен Марал Ишанның есімін жаңғырту мақсатында республикалық конференция өткізу жоспарланып отырғанын айтты.
Сол жиында Марал бабамызды жан- жақты зерттеп, зерделеп, тарихи фактілермен ол кісінің ұлттық бейнесін қалыптастыру, Кенесары хан тұсындағы ислам діні жайында жаңа мәліметтер, тың дүниелерді тарату жоспарға енді. Алла қаласа, бұл жұмыстарымыздың да куәсі боласыздар, – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.