Голощекинге ашаршылыққа байланысты апаттың ауқымы туралы хат
1932 жылы 4 шілдеде қазақ қайраткерлерінің бір тобы – Ғабит Мүсірепов, Мансұр Ғатаулин, Мұташ Дәулетқалиев, Емберген Алтынбеков және Қадыр Қуанышев Филипп Голощекинге ашаршылыққа байланысты апаттың ауқымы туралы хат жазды. «Бесеудің хатында» қазақ ауылындағы социологиялық қайта құрулар бүкіл халықтық қасіретке айналып, барлық әлеуметтік топтарды — байларды, орташаларды, кедейлерді қамтығаны, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, алым-салық жинаудағы қиянаттар жұрттың жаппай аштық пен індетке әкеп соққаны баяндалды. Олар “Голощекин партияның ұжымдастыруды жүзеге асыру жөніндегі жалпы бағытын бұрмалады әрі халықтың мал шаруашылығын дамытуға деген ынтасын жойды, бұл мал шаруашылығына деген жеккөрініш туғызды” деп айыптады.
Хаттың қысқаша мазмұны:
БК(б)П Өлкелiк комитетiне, Голощекин жолдасқа!
…«Бүгiнгi Қазақстан – бұл 163 миллион сомның товарлы өнiмiн беретiн, 40 миллион малы бар өлке», – деп жаздыңыз Сiз, Голощекин жолдас, 1930 жылы «Октябрь революциясының жеңiстерi» деген мақалаңызда («Қазақстанның 10 жылдығы» атты жинақ). …Бiрақ қазiр, Сiздiң мәлiмдемеңiзден кейiн 2 жыл өткен кезде Қазақстанда мал шаруашылығы саласында мал басының қисапсыз кемiп кеткенi әмбеге аян: 1930 жылғы мал басының 1/8 бөлiгi (40 миллионнан 5 миллион) ғана қалды. Тек байлар мен кулактардың ғана емес, тек жекеменшiктi орташалар мен кедейлердiң ғана емес, сонымен бiрге, негiзiнен алғанда, колхоздар мен колхозшылардың (iшiнара совхоздардың да) қоғамдастырылған және қоғамдастырылмаған малы да осындай зор шығынға, сұрапыл қырғынға ұшырады…
…Мал басының қисапсыз кемiп кетуi мен көптеген қазақ аудандарын қамтып, адамдардың жаппай қырылуына әкеп соққан ашаршылық (қыстың екiншi жартысынан бастап) жөнiнде әлi күнге дейiн ауыз ашпай отыру қаншалықты дұрыс?.. Нағыз көзбояушылар, көпiрме жоспарлар жасаушылар, оның үстiне өздерiне жүктелген нақты iс басқара алмаған, көзбояушылықпен «бәрi де жақсы» деп тұжырымдап, өнеркәсiп саласындағы жетiстiктерге арқа сүйеген, сөйтiп, осынау елеулi мәселелерге жұртшылық назарын әлсiреткен жер органдары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерi одағының мүшелерi неге бүкiл жұртшылық алдында сабақ боларлықтай сазайын тартпайды?
Мүсірепов, Ғатаулин, Дәулетқалиев, Алтынбеков, Қуанышев.