Заңғар заңгер
2002 жылдың ақпанында Алматыға арнайы барып, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде он күндей жұмыс істеудің нәтижесінде, бұрын бірер еңбектерде есімі ғана елеусіздеу ескерілетін Алаш арыстарының бірі Сейдәзім Қадырбаев туралы деректерді молынан қарпуға мүмкіндік туған еді. Ол қазіргі Қостанай облысының Жанкелдин ауданындағы Қызбел ауылында 1885 жылы дүниеге келген. Міржақып Дулатұлы екеуі бір елдің тел тумасы. Еңбек жолын Орынбор округтық сотының аудармашысынан бастап, 1922–1929 жылдар аралығында Қазақ АКСР Юстиция Халық Коммиссариатының заң шығару және сот ісін бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымына дейін көтерілген.
Ал енді С.Қадырбаевтың айналымдағы деректерде кеңінен қамтыла бермейтін, сайланған әрі тағайындалған қызметтік міндеттерінен қысқаша түзіліс жасағанның артықтығы болмас. Ол 1918 жылдың қаңтар айында Орынбор қаласын большевиктер басып алған соң, 4 ай қалаға жақын ауылда жасырынып жүреді. Орынборды атаман Дутов қайтадан азат еткен соң, Ә.Бөкейханның ұсынысымен Комучтің Торғай облысындағы өкілі болып тағайындалады; М.Есболов 1918 жылдың маусым айынан бастап Алашорданың Қостанай уездік бөлімінің төрағасы болды. Сол жылдың шілде айында Қостанайға келген А.Байтұрсынұлымен бірге Орынборға аттанады. Орынборда ол кезде Самара комитетінің Торғай облысындағы өкілі С.Қадырбаев пен С.Досжанов бар еді. 1918 жылдың күзінде Торғай бөлімі Торғай облыстық әскери кеңес ретінде қайта құрылымдалды. Әскери кеңестің төрағасы М.Есболов, мүшелері М.Дулатұлы, А.Байтұрсынұлы, С.Қадырбаев болды; 1919 жылдың басында Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сейдәзім Қадырбаев, Ғаббас Нұрымов, Асылбек Сейітов, Ғазымбек Бірімжанов, Қырымгерей Сейдалин бастаған Алаш әскері Міржақыптың ағасы Асқар Дулатұылының ауылына келіп қоныстанды. 200-ге жуық милициямен келген олар осы Қызбел ауылында бір-екі ай болды. А.Байтұрсынұлы мен Ә.Ермеков Кремльге алты миллион қазаққа тиесілі жердің шекарасын анықтауға барған. Әуелі 1920 жылдың 18 мамырында №2043 мандатпен Мәскеуге Ә.Ермеков аттанады. Осы себепті Мәскеуге әр деңгейде ықпал ету үшін У.Танашев, С.Қадырбаев, Е.Омаров, М.Әуезов сынды қазақ азаматтары да аттанады… Міне, осындай азаттық жолындағы күрестерде Алаш арыстарының алдыңғы сапынан табыла білген С.Қадырбаевтың көтерілген шырқау биігі деп оның Алашорда үкіметі – Халық Кеңесінің мүшелігіне кандидат болуы дер едік.
Әрине, Сейдәзімде жоғары дәрежелі заң білімі болмағанымен практикалық қызмет барысындағы асқан зердесі мен таңғажайып жадына сүйеніп, сот саласын дамытуда саяси-құқықтық көзқарастарын ұдайы жетілдіре отырып, таңданарлық нәтижеге жетті. Бұл тұрғыда ол Алашорда үкіметінің мүшесі, аса көрнекті заңгер-ғалым Жақып Ақбаевтың үзеңгілес серіктерінің бірі болды. Үйрену, білу, ойға тоқу қасиеттерімен ерекшеленетін ол, заң білгірлерінің үрдісімен Алаш бағдарламасының құқықтық негіздерін одан әрмен дамытуға зор үлес қосты. Міне, осындай іскерлігін бағалағандықтың бір мысалы, тіпті оны «…сот ведомстволарында жинақтаған бай тәжіибесі бар қырғыз (қазақ) әрі бүгіндері Наркомюстің бөлім меңгерушісі ретінде әскери қызметке тартудан босату жөнінде, себебі мұндай білікті кадрлардың Наркомюстке аса қажет екені жөнінде» жоғары биліктен талай өтініш те білдірілгенін архив құжаттарынан кезіктірдік.
Ә.Бөкейханмен, А.Байтұрсынұлымен, М.Дулатұлымен тізе қосып, қазақ тәуелсізідігі үшін күрескен оның заңгерлік аса жоғары қабілетін айғақтайтын бұдан басқа да құжаттарды Орталық мемлекеттік архивтен молынан ұшыраттық. А.Бөкейхан оны өз орнына – Торғай облыстық комиссары қызметіне ұсынған кездері де болған. Кезінде Қазақстанның Юстиция халық комиссары – республика прокуроры Қанай Боранбаевтың өзі партиялық тазалау тұсында Алашордадағы бұрынғы қызметі үшін күдіктілер қатарына іліккен С.Қадырбаевқа: «Комиссариаттағы іс білетін санаулы қазақтардың бірі»,– деп батыл араша түскені аян.
Кейде Міржақып құрдасы: «Бәріміз сендей тәуекелшіл, өткір мінезді болсақ, мойымас жігерлі болсақ, Алаштың бағы әлдеқашан жанар еді»,– деп оның бойындағы асыл қасиеттерін термелеп кететін. Өзінің де кей сәтте Сейдәзімге ұқсап бағатынын жасырмайтын. «Сенің заңгерлік біліміңнің ұшқындарымен жанымды жаңғырта алсам, менің де айтып, жазбағым одан бетер салмақты бола түсер еді-ау», – деп, өзінің олқы тұстарын одағайлап көрсетуден именбейтін.
С.Қадырбаевтың республика сот құрылысы саласын дамытуға қосқан үлесінің кең шеңберінде оның теңдессіз шығармашылық ізденісінің өшпес ізі сайрап жатқанын сезінудің өзі қанағатқа бөлейді. Халық Комиссарының және оның қолымен барлық облыстық, губерниялық соттарға жолдаған цикурлярлық бағыттама-ережелердің сауатты да терең мазмұнды болып түзілуінің өзінен-ақ білімді кадрдың қайталанбас тегеуріні байқалады. Және де ұлтжандылықтың нышанымен сот істерінің кейбір құжаттарын қазақ тілінде таратуға жат пиғылды талапшылардың ырқына бағынбай-ақ елеусіздеу түрде батыл шешім жасап жіберетін. Бұдан өзі талай таяқ жеген, бірақ ұлты ұтқан! Оның аудармашылығының өзі күрделі зерттеу тақырыбына сұранып тұр. «Қылмыстық істерді жүргізу заңы», «Ақылы істерді жүргізу заңы», «Неке, үй-іші және қамқорлық туралы заңы» деп аталатын еңбектерді жатық тілмен тәржімалаған. Бұлардың жоғары сапасына кезінде М.Дулатұлы разылықпен пікір білдіріп отырған.
Тілге қатысты айтсақ, 1926 жылы Қазақ даласында алғаш рет Қызылордада ұйымдастырылған заң курсында ұстаздық ете бастағанда ол, құқық жүйесін түсіндіруде ана тіліне басымдық берген еді. 1917 жылы 11 маусымда «Қазақ» газетінде Алаш қайраткерлері А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, Ж.Жәнібеков, М.Дулатұлы, С.Қадырбаев, Е.Ғұмыров, И.Әлімбеков, Н.Бегіметовтер қол қойған «Шорай ислам» деген мақаладағы қазақ ұлтының Мәскеудегі жалпы мұсылман съезіне сайланудағы өзіне тиесілі үлесін орынды пайдалану мәселелері ықтияттап айтылған еді.
Заңгер С.Қадырбаев сот істеріне ана тілін дендеп енгізуге бар қажыр-күшін салған еді. Қарама-қайшы пікірлер туындағанда ол Ә.Бөкейханның 1914 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Мұсылман съезі» деген мақаласында кейбір ұлттық кертартпа пиғылдылардың іс-қағаздары тек татарша жүргізілсін деген талаптарына қарсы нақты уәжімен тойтарыс беруге талпынған мына жанды тұсын қызынып, жатқа соғып жіберетін: «Түрік затты халықта біздің қазақтай бір жерде тізе қосып, қалың отырған іргелі ел жоқ. …Анық түрік затты халық тілі біздің қазақта… Абай, Шәкәрім, Міржақып, Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады».
Біртуар тұлға Сейдәзім Қадырбаев шын мәнісінде Алашорда үкіметінің сот жүйесін дамытудағы ерен еңбегімен, шалқар білімімен дараланған заңғар заңгер еді. Оның заң шығару және сот ісін бақылау саласындағы бай тәжірибесі бүгінгі күннің де талабымен бек үйлесіп жатқанын аңғаруға болады. Демек, кешегісіз бүгіннің шырайы кіре қоймайтынының жарқын мысалы болса керек.
Енді екі жылдан соң туғанына 140 жыл толатын заңгер-сардардың есімі өзі тәуелсіздігін аңсап, арпалысып күрескен, «Алашым!» деп атылып кеткен замана зиялысының, қазақ елінде еске түсірерлік ешқандай атаулармен еленбей қалғанын қалай түсінеміз, халқым!
Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері