ЖАҢАЛЫҚТАҒЫ ҚАЗБА: АРЫСТАР ДЕРЕГІ АНЫҚТАЛА МА?

ЖАҢАЛЫҚТАҒЫ ҚАЗБА: АРЫСТАР ДЕРЕГІ АНЫҚТАЛА МА?

1937–1938 жылдары қазақ даласын кезген саяси қуғын-сүргіннің алапат қорқынышы әлі күнге талай жүректе сақталған. Ұлт зиялылары жазықсыз тұтқындалып, тіпті олардың әйел-баласы қуғынға ұшыраған заманның естелігі іспетті музейлер де елімізде біршама. Алматы маңындағы Жаңалық ауылында қазақ мұңын мұңдаған талай арыстарымыздың мәйіті көмілген. Қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш орнатылып, мемориалды музей ашылғалы бері ол маңдағы зерттеу жұмыстары тоқтаған емес.
Сондай бірегей жобаның бірі – Жаңалық ауылындағы саяси репрессия құрбандары қалдықтарының археологиялық верификациясы мен тарихи иденфикациясы: пәнаралық зерттеулер. Аталған зерттеумен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қызметкерлері және студенттері, Генетика және физиология институты, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі қызметкерлері айналысып жатыр.
Қарапайым тілмен айтсақ: қуғын-сүргін жылдары сүйегі қалған Жаңалық маңында мамандар қазба жұмысын жүргізіп, сүйек дерегін ДНҚ, т.б. зерттеулер негізінде анықтау, зерттеп жатыр. Осы маңда сүйегі жатуы мүмкін делінген Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ораз Жандосов, т.б. тұлғаларымыз туралы деректер нақты зерттеулер нәтижесінде анықталса, ол да болашақ үшін, өткен үшін маңызды іс болары анық.
Негізгі айтқымыз келгені, қуғын-сүргін құрбандары тарихын зерттеуде бұрын-соңды дәл мұндай археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген емес. Мұндай жұмыстарды қолға алып отырған елдердің де алдыңғы қатарында екенімізді баса айтқан жөн.
Одан кейін табылған сүйектерді арулап, барлық құрметпен қайта жерлеу, Жаңалық маңында «Ата-Бейіт» кешенін жасау ісі де кешеуілдемес. Тарихтағы қасіретті әрі ауыр кезеңдер қайталанбауы үшін де бүгінгі ұрпақтың осындай қадам жасауы маңызды болып тұр. Осы орайда аталған мекенде зерттеу жүргізген және саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі бойын­ша жұмыстар атқарып жүрген мамандарға хабарласқан едік.

Гүлмира МҰХТАРОВА,«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, тарих ғылымының кандидаты: 50 адамның қаңқа сүйегі табылды

2011 жылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігі 046 «Қолданбалы ғылыми зерттеулерді» нысаналы қаржыландыру бюджеттік  бағдарламасы бойынша  ғылыми жобаларды қаржыландырып келеді. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы аккредитациядан өткен, лицензиясы бар ғылыми мекеме ретінде бірнеше жобаны жүзеге асырып жүр.  Сондай жобалардың бірі – «Алматы облысы Жаңалық ауылындағы саяси репрессия құрбандары қалдықтарының археологиялық верификациясы мен тарихи иденфикациясы: пәнаралық зерттеулер». Жоба үш жылға жоспарланған, дегенмен әзірге бір жылы қаржыландырылып отыр. Жоба жетекшісі – тарих ғылымының докторы Досбол Байгунаков. Жобаға  «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қызметкерлері және студенттері, Генетика және физиология институты, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейнің қызметкерлері тартылды.
Жобаны жүзеге асыру барысында жобаның мақсатына, күнтізбесіне сай Алматы облысы Жаңалық ауылындағы репрессия құрбандары атылған жерлерге екі ай бойы қазба жұмыстары жүргізілді. Қазір 50 адамның қаңқа сүйегі табылып отыр. Сүйектермен бірге алтын тістер, киім қалдықтары, оқ, ақша, 1938 жылы шыққан «Сталин жолы» газетінің  бөлігі де табылған. Табылған сүйектер  радиоуглеродтық, ДНК сараптама қорытындысын алу үшін зертханаға тапсырылды.
Зерттеу нәтижесінде, ғылыми мақалалар, монография жазу жоспарда бар. Әрине, бір жыл мұндай ауқымды, өзекті тақырып үшін өте аз уақыт. Болашақта бұл жобаны жалғастыру үшін жобаны қайта байқауға беру керек. Жоба Ұлттық ғылыми комиссиясынан іріктелініп, Ұлттық ғылыми-техникалық сараптамадан өтіп, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан Қаржы министрлігіне ұсынылады.
Жобаның ерекшелігіне тоқталсақ, біріншіден, қуғын-сүргін тарихын зерттеуде бұрын-соңды археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген емес, осыған байланыс­ты криминалистік соттық археология, соттық антропология сынды жаңа бағыттар бастау алады. Зерттеу нәтижесінде, атылғандардың есімін анықтауға мүмкіндік туады деп үміттенеміз.

Ғарифолла ӘНЕС, «Арыс» баспасының директоры:  Жаңалықта жаңалық көп

Ең бірінші айтқым келетіні, Қазақстанда ату жазасына кесілген арыстарымыздың ортақ зиратына айналған Жаңалық сияқты жердің қанша болғанын білмейміз. Жаңалық жалғыз ба, яғни ату жазасына кесілген арыстарды тек қана Жаңалыққа әкелген бе? Кеңес заманында 1 жылқы, қой өлсе де құжат жасалады ғой. Демек ату жазасына кесілгендерді қайда апарғаны туралы құжаттың болмауы мүмкін емес. Міне, сол құжат біздің қолға жетпей тұр. Екінші мәселе, неліктен оларды Жаңалыққа апарды? Ол жерде әскери полигон болды ма? Әлде ол НКВД-ның оқ ататын жері ме? Ол турасында да құжат жоқ.
Енді Жаңалықтағы қазба жұмыс­тары туралы айтсақ, пандемия алдында министрлікке ұсыныс хат жазған едік, бірақ ешқандай қаржы бөлінбеді. Биыл ғана «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы арқылы тарих ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, профессор Досбол Байгуна­ков­тың бас жетекшілігімен қазба жұмыстарын жүргізді. Қаржы қолбайлау болып, зерттеу жұмыстары тоқтап қал­ды. Құдай қаласа, арыстарымыздың сүйегін зерттеу үшін тағы да 3 жылдық мер­зімге арналған жоба ұсынып отырмыз.
Бірақ осы орайда көңіл алаңын да айта кеткен дұрыс. Жаңалық ауылында археологиялық қазба жұмысын жүргізу үшін барлық жерді жаппай қаза берген дұрыс па? Біріншіден, бұл қоршаған ортаға залал, екіншіден, жұмыстың өнімділігі болмайды. Бірнеше рет өтініш жазып, «үлкен сканер» аппаратын сұрадық. 2-4 м жерге дейінгі тереңдікте жатқан сүйектерді анықтайтын жапондық аппарат бар екен. Өкінішке қарай, ол қолымызға тимеді. Ол құрылғыны тек Жаңалықта емес, Қазақстанның кез келген жерінде пайдалануға болатыны туралы да ұсыныс тастап едік.
Кез келген жерді қаза беруге болмайды дегенім, археологтарымыз кейде жер-жерді қазып кетіп, қайта консервация жасамайды. Естуіміз бойынша, қазір шетелдерде археологтар қазбаны тіке төбесінен қазбайды, мұраны ең алдымен жерастынан анықтап алып, кейін қопармай, сындырмай, залал келтірмей алып шығуға тырысады екен. Қателеспесем, Берелде осы әдіс қолданылған болуы керек.
Бұл сөз орайында айтып отырған алаң көңіл екенін тағы бір ескерте кеткім келеді. Әйтпесе, дәл осы Жаңалықта сүйегі жатқан арыстардың дерегін, аты-жөнін анықтау баршамыз үшін ортақ іс. Ол – жазықсыз құрбан болған арыстардың әруағы алдындағы борышымыз.
Жаңалықта табылған сүйектерді алдымен экспертизадан өткізіп, қайта құрметпен жерлесек дейміз. Осы жерден табылған сүйектер алынып, экспертизаға табысталды, оларға арнайы археологиялық сипаттама жасалады. Табылған сүйектерде оқ шүйдеден тиген. Біздің гипотеза бойынша, бұл адамдар НКВД ғимаратында атылып, кейін мәйітті осында әкелген.
Жаңалықта құпия көп. Мәселен, Жаңалық ауылының құжатын таба алмай жүрміз. Музейіміз бар, «Алаш арыстары» атты мешітімізді ашып қойдық, үлкен кешен салмақшымыз. Қазір «Жаңалықты» білмейтін адам жоқ. Бір сұрақ: арыстарымызды Алматыдан 35–40 шақырым жердегі Жаңалыққа неге апарып атты? Алматыдан атып Жаңалыққа сүйекті әкелді ме, әлде адамдарды осы жерде атты ма? Бұл сұрақтың шешуі әлі табылған жоқ. Жалпы репрессияда атылған адамдардың, Ахмет Байтұрсынұлынан бастап, Сәкен, Ілияс, Бейімбетке дейін әлі күнге дейін қайда жерленгені туралы ақпаратты құзырлы органдар бермей отыр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірде-бір құжат ұсынбады. Ал ол құжаттардың түгел жойылып кетуі мүмкін емес. Себебі Мәскеуде бірнеше полигон болған: Бутова, Рахманов, тағы басқа. Әлихан Бөкейхан, Нығмет Нұрмақовтың жатқан жері туралы құжат сақталған. Нақты жері көрсетілмесе де, олардың сүйегі осында жатыр деген белгі бар.
Қарасай батыр және Наурызбай батыр көшелері қиылысында, Кеңес өкіметі кезінде НКВД/КГБ ғимараты орналасқан аула маңына кейбір арыстары­мыз көміліп, содан кейін ол жерге асфальт төселіп кетті деген де әңгіме бар. Өтірік болса, анығын айтып, ол жерге де қазба жүмыстары жасалғаны дұрыс қой. Алматы қаласында Желтоқсан көшесінің жоғарғы, Абай көшесінен жоғары тұсы, тауға дейін құрылыс жасаған кезде адам сүйегі шыққан деп те жүргендер бар. Бұл да әңгіме болып қалмауға тиіс. Ғалымдар, археологтар араласуы қажет мәселелер. «19 Халкомды Боралдайда жерледі» деген әңгіме жеткен. Ол жерді Қандысай деп атайды. Кезінде 19 Халкомды бір түнде атып, Боралдайдағы сайға әкеліп көмген екен. Бірақ ол дерек еш құжатта көрсетілмеген. Бүгінгі ұрпаққа ол әңгіме сол мәйіттерді тасыған шопырдың айтуымен жеткен. Сол 19 Халкомның бірі Ұзақбай Құлымбетовтің перзенті Орынша Қарабалина-Қазыбаева апамыз бар ғой. Ауыздан-ауызға тараған әңгіменің анығын зерттеп, Қандысайдағы сүйекті қазып, ДНҚ құрамын зерттеуге мүмкіндігіміз бар. Кейін ол сүйектерді Жаңалыққа қайта жерлеу сынды бірқатар маңызды мәселелерді шешер едік. Жалпы ел арасында айтылып жүрген әңгімелердің дерегі тексерілсе, жалған болса жалған екені айтылып, рас болса рас екені анықталса: олар тарихқа керек, ұрпаққа керек игілікті іс болар еді. Боздақтар сүйегін тауып, оларды Жаңалыққа әкеліп қайтадан құрметпен жерлеуге болады. Жаңалықта 7-8 гектар жерге азалы «Ата-бейітті» салғалы отырмыз. Аштан өлген, қырылған адамдардың есімін мәрмар тасқа қашап жазғалы отырмыз. Әлбетте, бұл жұмыс оңай емес, 10–20 жыл уақыт кетер.
Кезінде Түркістан легиноны құра­мында болған боздақтарымыздың сүйегі Германияда жатыр. Олардың да сүйегін елге әкелу мәселесі қарасты­рылса дейміз. Жапон елі арнайы мемлекеттік бағ­дарлама қабылдап, Екінші дүние­жү­зілік соғыс кезінде тұтқынға түскен, жат жерде өлген жа­пон­дық­тардың сүйегін түк қалдыр­май бәрін алып кеткен екен.
Бізде ашаршылыққа байланысты әрбір күннің есебі бар. Голощекинге әр күн сайын есеп беріліп отырған: қанша адам өлді, қанша адам босып кетті, қанша бала Балалар үйіне тапсырылды, тіпті қажет десеңіз, қанша адам бірін бірі асып жегеніне дейін мәліметтер бар. Өкінішке қарай, ол адамдардың аты-жөнін білмейміз. Ол деректер шежіреден шығады деп іздедік, бірақ тағы да дерек таппадық. Қазақта жүзден аса шежіре бар ғой, қазір кітап болып басылып шығып жатыр. Ешбір шежіреде «аштықтан өлді» деген дерек таба алмайсыз. Бұл халықтағы енжарлық, жалған намыс деген мәселеге келіп тіреледі деп ойлаймын. Әрбір маман зерттеуші, археолог, тарихшы жұмысына кешенді түрде қарауы керек.
31 мамыр – Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. БАҚ құралдары: баспасөзіміз, газет-журналдар, сайттар мен телевидение осы 31 мамырда өте белсенді болып кетеді. Қалған 364 күн ше? «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеуді саясатқа айналдырмау керек» дейтіндер бар. Шындық айтылған кезде, бәрі өз орнына келеді. Қазақтың мықты, оқыған кіл зиялысын қырып-жойып, жоқ қылып жіберу өте терең әңгіме. Қазақтың басынан өткен зобалаңын тек 31 мамырда ғана, бәріміз жан-жақтан, бір-екі күнге ғана дабыра қылмай, жыл бойы, кез келген уақытта есте ұстауымыз керек деп ойлаймын.
Қазір арнайы топ-комиссия құрыл­ды, репрессия тақырыбы өзекті­лігін жоғалт­қан емес. Биыл 31 мамырда 16 кітаптың тұсауын кестік. Соның ішінде, үш бағыттағы үш кітапты атап өткім келеді. Бірінші, Сталиннің қолы ұзын болған ғой. Моңғолия мен Қытай – дербес, тәуелсіз ел. 1937–1938 жыл­дары осы екі шет мемлекетте қандас­тарымызға үлкен террор жасалды, оның ішінде Сталиннің құрығы қазақтарға қатты тиген.
Жазушы Сұраған Рахметұлының дайын кітабы бар екен. Соны қайта өңдеп, толықтырып шығарттық. Моң­ғо­лиядағы репрессия кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған, әсіресе атылған адамдардың ру-руы бойынша тізімін бердік. Бұл – үлкен мәселе. Екінші мәселе, Қырғызстанда атылған қазақтар мен қарақалпақстандықтардың тізімін шығардық. Қырғызстанда Халық комиссариатында 3 қазақ болған екен, сол кісілердің өмірбаяны жазылған 3 кітап шығардық.
Жалпы қазақтың саны қанша болды? Қаншасы аштықтан қырылды? Қаншасы атылды? Осы сауалға жауап іздегенде сенсация жасауға құмармыз. Біз нақты деректер негізінде, шамамыз келгенше айтамыз, 30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жұмысымыз, аздап болса да тарихымыздың ақтаң­дақ­тарына үлес қосқымыз келеді. Қазір Омбы облысында атылған қазақ­тар туралы кітап әзірлеп жатырмыз. Самара, Волгоград, Астрахань, Новосібір, Челябі облыстарында көп­теген қазақ репрессияға ұшыраған. Ол туралы деректер бар. Бірақ кітапты өзіміз емес, сол өңір өкілдеріне, өлкетанушыларына, ғалымдарына жазғызып жатырмыз. Бұл – біріншіден, қазақтың дүние жүзіндегі саны туралы дерекке қосылатын мәлімет болмақ. Өйткені біз Қазақстанның халқын тек қана өзіміздегі қазақтың санымен ғана есептеп жүрміз. Сырттағы қазақтардың, Монңғолия, Қытай сияқты, өзімізге белгілі сандарды емес, Қазақстаннан алыс шет аймақтарда қалған ірі ауылдар, сол репрессия кезеңінде құрып кеткен, олардың да Қазақстаннан босып барып тағы қырылғаны туралы түгел жазсақ, қазақтың сол трагедиясын, санын біршама нақтылауға мүмкіндігіміз болады. Қазақтың саны күрт азайып кетуінің себебі, қазіргі «1,5 млн адам аштыққа ұшырады» сынды әңгімелердің бәріне үлкен өзгеріс енгізбекшіміз. Бұл – бір мәселе.
Екінші, сол уақыттағы Шәкәрім, Ахат қажы, Ғұмар Қараш, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни философиялық еңбектеріне ғалымдардың тісі батпай жатыр. Әлбетте, еңбектер жарияланды. Текстологиялық, философиялық, түсіндірме, пікір жазу тұрғы­сынан олардың еңбектерін талдау мәселесі ақсап тұр. Өйткені олардың еңбектері, таза шағатай, ескі қазақ, одан әріректегі жалпы түркі жазуымен жазылған. Дін өкілдерінен бөлек, бізде хадимшілер – ескілікті жақтағандар болды. Қазір олар туралы да тіс жара бермейміз. Мысалы, Абу Насира Мубашира ат-Тарази (1896–1977) деген кісі болған. Өз заманында имам болған. Кейін Ауғанстанға, содан кейін Египетке кетіп, 50 шақты кітап жазған ғұлама кісі. 1953 жылы БҰҰ-ға хат жазған, бүкіл мұсылман елінің басшылары қол қойған, «коммунистер зорлық-зомбылық көрсетіп жатыр», «коммунистер барлық мұсылманды қырып жатыр», «біздегі 3 млн түркістандықты аштан өлтірді», «бүкіл Еуропада, Азияда, осы бес құрлықтың қай-қайсысында мұсылмандар қудаланып жатыр» деген үлкен мәселе көтерілген. Ол бір кездері Мұстафа Шоқаймен хат жазысып тұрған. 5 уақыт намазын өмір бойы тастамаған. Міне, осындай кісілерді толық зерттегеніміз жоқ. 31 мамырда ат-Тарази туралы Шамшәдин Керімнің «Тараз тарланы» атты кітабының тұсауын кестік. Қазір «Қоңырқожа Қожықов» кіта­бының екінші томы дайындалып жатыр.
Қоңырқожа Қожықов Шәді төремен бірігіп поэма жазған. Поэмада патшалық тарих туралы айтады, екіншіден, ол кісінің әліппесі Ахмет Байтұрсынұлының әліппесімен қатар шыққан, осы әліппе кітабында Гаспринскийдің үлгісімен жаңа төте жазуды үйрете отырып, екінші жағынан, құранды қалай оқу керек деген нұсқаулық жасаған.
ArysMedia ғылыми-ақпараттық порталы – www.arysmedia.kz бар. Қазір жұмыс істеп тұр. Басында «Жоқтау» деп ашқан едік, кейін атауын «Арыс» деп өзгерттік. Бұл – біріншіден іздеу, екінші жағынан – толықтыру, үшінші жағынан – ғылыми-зерттеу порталы.
Порталымызға қазақтың санын, қуғындалған ата-бабасының дерегін анықтағысы келетін адамдар, қаншама адамның ашаршылыққа ұшырағанын, қаншама адамның қорлықтан өлгенін білгісі келетін адамдардың атсалысуына болады.
Мұның барлығын неліктен айтып отырмын? Жаңалықтағы арыстардың сүйегін зерттеп, дерегін анықтау – ау­қымды жұмыстың ең ірі бір бөлігі. Қалған да жұмыстар кешенді түрде жалғаса берсе, өткеніміздің түгел тарихын бір бүтіндеп алар едік.

Жаңалықтағы ауылындағы саяси репрессия құрбандары қалдықтарының археологиялық зерттеуі мен тарихи сәйкестендіру ісінің әр қадамы туралы ақпаратты оқырманға жеткізіп отыруға тырысамыз. Осы іске жауапты мамандарға хабарласып, кейбірінен жауап ала алмадық. Әрине, өкінішті. Арыстарымыздың асыл сүйегін зерттеу ісінде ашық болсақ, біраз дүние құпия қалпында қалмас еді.