Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау: 700 мыңға жуық іс архивке тапсырылды
Мемлекеттік комиссия атқарған жұмыстар аясында бұрын жария болмаған көптеген құпия құжаттар жинақталып, зерттелді және архивтік материалдар негізінде 72 томдық жинақ жарыққа шықты.
– Мемлекеттік комиссия, ең алдымен, зерттеу, іздеу және жинақтау мен талдау жұмыстарына баса мән берген болатын. Комиссия жұмысына атсалысқан ғалымдар 1920-1950 жылдары жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңін зерделеді. Алғашқы күннен бастап жұмысты жүйелеп, оның ауқымын анықтап алдық. Сол арқылы еліміздің теңдессіз мұрағат материалдарының ашылуына және бұрын-соңды болмаған әдістемелік зерттеу архитектурасын қалыптастыруға жол ашылды,– деді ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды.
Қуғын-сүргін құрбандары туралы түрлі санат бойынша үш ғылыми топ зерттеу жүргізіп, әр аймақта, әр өңірде ғалымдар жұмыс істеген.
Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші болса, олардың 260-тан астамы аймақтық комиссияда еңбек еткен. Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте ауқымды жұмыс атқарған.
– Тарихшылар, заңгерлер мен әдебиетшілер біріге отырып, көптеген жұмыс істелді. Осы үш жыл ішіне тек қана бір ізбен мемлекеттік комиссияның мұрағат материалдары ретінде 70-тен астам құжаттар жинағы әзірленді. Соңғы екі жылда Алматы қаласы Президент мұрағатында жүз жылда жиналған материалмен тең 700 мыңға жуық құжат жиналды. Олардың көбі Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік қомитетінің мұрағаттарынан келді.
Одан бөлек, Республикалық комиссия мен өңірлік комиссия көптеген жұмыстар атқарды, конференциялар өткізіліп, шетелге 100-ден аса іссапарлар ұйымдастырылды.
Астана қаласында Жобалық кеңсе жұмыс істеп, ғалымдар мол тәжірибе жинады, ғылыми капитал қалыптасты.
Сосын, репрессия құрбандары атылған жерлер анықталып, болашақта оларға белгі қойылатын болды. Ономастикалық комиссияға ұсыныстар беріліп жатыр. Бұрын аты аталмаған, дұрыс зерттелмеген Алаш зиялылары, қазақтың мықты қайраткерлері туралы тың ақпараттар шықты, – деді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов.
Ғалымдар әлі де саяси қуғын-сүргін құрбандары анықталып жатқанын және олардың ішінде құжат жүзінде тіркелмегендерінің өзі жүз мыңдай болатынын айтып отыр.
Зиябек Қабылдинов зерттеу жұмыстары әлі деп жалғасын табатынын, оған арнайы бағдарламалар жасалып, гранттар тағайындалатынын жеткізді.