Мағжанды ұстатқан Сәбит Мұқанов па?
Алаш азаматтарының ақталғанына биыл отыз екі жыл! Сәбит Мұқанов кінәлі болса, отыз екі жылдың ішінде «жеті қабат жер астындағы құпияны» алып шығар уақыт болды. Сәбеңді «ұрлық» үстінде ұстап алуға екі білегін сыбанып кім кіріспеді? Бірақ солардың бірде-біреуі «олжалы» қайтқан жоқ. Ондай олжа, ондай құжат қайдан табылсын, шын мәнінде Сәбит Мұқанов ешкімді сатпаса, «сені ұстатқан Сәбит» деп, ешкімді атпаса.
1957 жылы Сәкендер ақталғанда, халық арасына «Сәкенді ұстатқан – Сәбит» деген де сыбыр сөз шығарған. Ол – қасақана пенделікпен айтылған сөз еді. Бөтен емес, қолында қаламы: жазам десе жаза алатын, айтам десе бетіне басып айта алатын шығармашылықта «ауылы аралас, қойы қоралас» қаламгер. Бірақ Сәбеңе бетпе-бет айта да алмады, жаза да алмады. Себебі «жаптым жала, жақтым күйе» азаматтық арына сын еді. Оның үстіне Сәбеңнің тазалығын білетін Сәкеннің жары Гүлбарам тәтейден бастап, «әй» деп қағып тастайтындардың төрт көзі түгел болатын. Ал Алаш азаматтары ақталған тұста алдымен Сәкенге, сосын Сәбит Мұқановқа қайта соқтыға бастады. Қашанда архив ақтармай, тергеу ісінің протоколын өз көзімен көрмей, жан-жақты зерттемей пікір айтпайтын Тұрсекең-Тұрсынбек Кәкішев Сәкеннің де, Сәбит Мұқановтың да Алаш қайраткерлерінің алдында азаматтық арының тазалығын жан-жақты дәлелдеді.
Ал соңғы кездері желіге желімдей жабысқандар арасында бір зиянды әдет пайда болды. Ол – кітап оқымау, газет, журнал қарамау, жүйелі сөзге құлақ аспау. Бұның ғалым мен залымның аражігін ажырата алмайтын мәңгүрттікке соқтыратынын өмір өзі көрсетіп отыр. Осындай келеңсіз құбылысқа алаңдаған Елбасы: кітап оқығанның озатынын, темірге телміргеннің тозатынын ескертті. Аталы сөзге құлақ асқандар да бар, жүре тыңдағандар да бар. Соның нәтижесі ғаламтор желісіндегі желдей ескен жел сөздер. Орынсыз айтылған оңды-солды пікірлер. Ал Сәбит Мұқановтың атына айтылып жүрген қате пікірлердің белең алғаны сондай, жауапсыз жасамыс та, атақ қуған «ғалым» да, аузынан шыққан әр сөзі сатулы бизнесмен де, тіпті классик жазушы да ойланбастан Сәбеңнің шалғайына «жармасуда». Осылардың біреуінің қолында дәлелдейтін құжат болса кәні?!
Сәкен мен Сәбеңе қатысты мәселеде кім болса да Тұрсынбек Кәкішевтің қазылығына жүгінері хақ. Себебі Тұрсекең – КГБ архивіне түскен санаулы ғана ғалымның бірі. Сәкен мен Сәбеңді зерттегенде екеуінің де Алаш азаматтары алдында ар тазалығына көзі әбден жеткен. Сондықтан екеуінің де сөзін сөйледі. Даусы жететін жерге жар салып айтты, қаламы қолынан түскенше: «Сәкен, Сәбит – Алаш қайраткерлерінің сотына араласып, куәлік берген жандар емес. Сондықтан жазықсызды жазғырып, обалдарын көтермеңдер, даңғаза, даурықпа көсемсіген білгірлер, маңғазданған «марқасқалар!» деп жазып кетті.
Сондықтан Сәбит Мұқанов – еріккеннің ермегі де емес, кім көрінгеннің қолжаулығы да емес. Сәбеңе «мін» таққысы келген адам ең алдымен, ұлтқа әдеби, мәдени, ғылыми мұра жасап, Сәбит Мұқановпен терезесін теңестіріп алсын. Бұл – бір. Екіншіден, жала жаппастан бұрын «мен Сәбит Мұқановты айыптауға құқым бар ма? Дәлелім қайда?» деген сұрақты «шешендер» өзіне-өзі қоюы керек. Өкінішке қарай, Сәбит Мұқановқа келгенде орыстардың қарапайым субардинациясынан аттағанды былай қойғанда, мұсылмандық иманымыздың өзін ысыра салатынымыз күнә емес пе? Осындайда еңбегі еш, тұзы сор қайран Сәбең демеске амалың жоқ…
Соңғы кездері ғаламтор желісінде Самат Құдайбергеннің оқуында Ерболат Қуатбектің авторлығымен «Сәбит сатқын болып шықты», «Мағжанды атқызып тастады» деген дабыра шарлап жүр. Сәбит Мұқановтай қазақ әдебиеттану ғылымында өзінің адал еңбек, мол мұрасымен орныққан ұлы тұлғаның шалғайы тұрмақ, балағына жармасу үшін бұл жігіттерге құнсыз сөзбен емес, құнды құжаттармен қаруланған жөн болған болар еді… Мәтінді тістеніп оқығандағы салмағы «қорғасындай» ауыр көрінгенмен, бар болғаны бір ғана сұхбаттың әсерімен жазылған текстің дәлелі, балапанның «қауырсынындай» ғана. Желпілдетіп желіге жүктей салуының да себебі сонда болса керек. Оның айтуынша: «Өте білімді ғалымның біраз нәрсеге қойған нүктесін» жүрдім-бардым айта салмай, еліміздің бас басылымы – «Egemen Qazaqstan» газетінде неге жарияламаған? Не болмаса, қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары туралы ой қозғаған екен, «Қазақ әдебиеті» газетіне неге жарияламасқа? Сүбелі жаңалықтармен оқырмандарын құлақтандыруға жоғарыда аталған мерзімді басылымдардың қай-қайсысы да құқылы ғой.
Автор өзіне «таңсық жаңалықты» жариялауда екі қателік жіберген. Біріншісі, оқырмандар арасында Сәбеңді бізден де жақсы білетін, тіпті жақсы көретін зерделі зиялылар, зерек замандастар, білімді бауырлар басым екенін ескермеген. Екінші, айдың-күннің аманында айналасының бәрінен жау іздеп жүретін ғалымға, санасында сәулесі бар адам сезіктене қарау керек емес пе? Ғылыми дәлелі өте әлсіз сұхбатқа «тамсанғаны» Ерболаттың да ғылымның ішкі, сыртқы заңдылықтарынан хабарсыздығын аңғартады. Соған қарағанда жоғары білімді Қазақстанның жетекші оқу орындарында алмаған-ау… Мәтінді оқыған Самат Құдайберген де, оны жазған Ерболат Қуатбек те қателікке, жай қателік емес тарихи қателікке ұрынған. Желідегі жел сөздің «Білген дұрыс» дегені дұрыс болар еді, егер айтқандары қате болмай, дұрыс болса.
Енді мәтіндегі Сәбит Мұқановқа қатысты айтылған тарихи фактілерге тоқталайық:
1.Адамзат тарихында домалақ арыз деген бар. Болған. Болатын да шығар. Репрессия тұсында домалақ арыз жазғандардың қатарында Сәбит Мұқанов жоқ. Сенбесеңіз, іздеп көріңіз. Ал арыз жаздың ба, ол – домалақ арыз ба, жоқ басқа арыз ба, арыздың аты – арыз. Іс тіркелгеннен бастап арызданушы да жауапты. Тергеушілердің нәтижелі жұмысы ұсталушы мен сатқынның беттестірілуімен дәлелденеді. Бұл – бір. Екіншіден, арызданушының аты-жөні тергеу протоколында тайға таңба басқандай міндетті түрде жазылады, арызы нөмірленіп тігіледі, қолы қойылады. Сәбит Мұқанов репрессияға ұшырағандардың ешқайсысымен беттестірілмеген. Тіпті шақырылмаған. Тергеу протоколдарынан Сәбит Мұқановтың аты-жөнін «шам алып іздегендер» болған. Таппады. Жоқ.
2.Сәбеңнің кезінде ЧОН отрядында болып, қара бөрік атанғаны рас. Оны өзгеден бұрын Сәбеңнің өзі айтқан, жазған. Сәбеңнің Көкшетауға барып ревкомды ұйымдастыруға қатысқаны болмаса, Сәбең суық қаруды адам тұрмақ аңға да кеземеген.
Сәбит Мұқанов КГБ қызметкері болмаған. Сәбеңнің ашықауыз, көпшіл мінезі КГБ талаптарына кеше де, бүгін де, ертең де сай емес.
3.Әрине Мағжан ақталмай жатып қолжазбасын Олжас Сүлейменов пен Мұрат Әуезов бастырып, жасырын таратыпты дегені естір құлаққа өте жағымды. Бірақ бұл өкінішке қарай олай емес. Ал шындығында Зылиха апайдың Мағжанның қолжазбаларын өз қолымен берген, сенген адамы Олжас Сүлейменов те емес, Мұрат Әуезов те емес. Ол – қазақтың сатирик-жазушысы Ғаббас Қабышев. Зылиха апайдың алғашқы жоспары – бір данасын Алматыдағы мемлекеттік архивке, екінші данасын сол кездегі Пушкин атындағы кітапханаға (бүгінгі Ұлттық кітапхананың сирек қорына – К.А.) тапсыру болғанмен, төрт данасын бастырып, түптетіп әкелген кезде апай бұрынғы жоспарын өзгертіпті. Бірінші данасы өзіне, екінші данасын Қабышевке, үшінші данасын Олжас Сүлейменовке, төртінші данасын Әнуар Әлімжановқа Ғаббас Қабышев өз қолымен апарып берген. Әнуар Әлімжанов әлі ақталмаған ақынның шығармалар жинағының өзіне тиесілі данасын: «мұрағаттан хабарың бар ғой» деп жазушы Амантай Сатаевқа беріпті.
Ал Олжас Сүлейменовке тиесілі данасын Жазушылар одағының жертөлесінде көп кітаппен бірге ортада үйіліп жатқан жерінен көтеріп алып, не жыларын, не күлерін білмей дал болған Ғабаңнан ақын Сабырхан Асанов қоярда-қоймай сұрап алыпты. Соған қарағанда, сырт көзге арыстандай айбатты көрінгенмен, «батырға да жан керектің» кебін киді ме, әлде тілді білместің… кері келді ме? Қалай болғанда да машинкамен терілген Мағжанның шығармаларын Олжас ақын бауырына баса қоймаған. Алаш азаматтары ақталған бойда Мағжан Жұмабаевтың жазған-сызғандары баспадан шығаруға сақадай сай дайын тұрған. Ол – баспа үшін үлкен олжа. Мағжан Жұмабаевтың шығармалар жинағын Әбділда Тәжібаевтың алғысөзімен басып шығарған «Жазушы» баспасы Зылиха апайдың:«Кітапқа құрастырушы Ғаббас Қабышев» деп басыңдар», деп қадап айтқан өтінішін ескермегені, әрине өкінішті. Ол жөнінде кітап шығып кеткеннен кейін Зылиха апай Ғаббас Қабышевке қысыла да қынжыла баяндапты.
Ал Мұрат Әуезовтің қатысына келетін болсақ, сол кезде Жазушылар одағының жанындағы Лифондты басқарып отырған Ғаббас Қабышев мәшенкелету барысында қаржылай қиындық туғанда Мұрат Әуезовті шақырып алады да, Литфондтың жетім-жесірлерге беретін қаржылай көмегіне өтініш жаздырып алып, өзі бұрыштамасын қойып, ақысын Мұраттың көзінше мәшеңкелеп дайындаған кісіге қолма-қол береді. Егер Мұрат Әуезовті Мағжанның шығармаларына араласты дейтін болса, ол тек осы ғана. Бұл да аз көмек емес. Бірақ бұл жерде «Жас тұлпарды» кірістірудің еш қисыны жоқ.
4.Орынбордағы қазақ жастарының Орталық клубы Мағжанға «әдеби сот» жасағанда, С.Мұқановтың қоғамдық айыптаушы болғаны рас. Бұл жерде Мұқановты айыптамас бұрын, Орынбордың Мәскеу алдындағы қауқарын ескеру керек. Мәскеу Орынбордың қас-қабағына қарады ма, әлде керісінше ме? Мағжанға байланысты дөрекі социологиялық сынның шоқпарын бірінші болып көтеріп, жастарға, оның ішінде С.Мұқанов та бар, жол бастаған кім?
Әдебиетке кеше келген Сәбит Мұқанов па, жоқ Мәскеудегі Күншығыс халықтарының коммунистік университетіндегі қазақ-қырғыз студент жастары алдында Мағжан туралы арнайы баяндама жасаған Нәзір Төреқұлов па?! Сәбит Мұқановты кінәламастан бұрын, сол кездегі Сәбеңнің саяси сауатын да ескеру керек. Сәбит Мұқановқа жеңілдік жасау мақсатында емес, ол – қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ халқының өсіп-өркендеу жолындағы ескермеуге болмайтын бір тарихи кезеңі. Оның үстіне ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы жазба сынның профессионалдыққа бет бұрғаны болмаса, «сүрініп, қабынып» тұрған кезі. Мұндай өсу жолынан еуропалық дамыған елдер де өткен. Бұл – табиғи құбылыс. Мағжанға кім сын айтпады? «Ақырын сөйлеп, анық басу керек» екенін меңгерген Мұхтар Әуезовтің өзі, «Абайдан кейін Мағжанды сүйемін» деген ойын 1929 жылы сын мәдениеті өскен кезде айтты. Одан кейін Қазан төңкерісінің 40 жылдығына жасаған баяндамасында Мағжанға қарата айтқан зілді сыны тарихи құжатта сайрап тұр. Саясатқа байлаулы қоғамға кім, қай кезде қарсы тұрыпты?
Желідегі жел сөздің «айқайлаған» тақырыбы алғаш естіген аңғал елді елең еткізгенмен, әсіресе «Мағжанды атқызып тастады», «Мағжанның ұсталуындағы Сәбиттің рөлі үлкен», «Сәбит Мұқанов КГБ қызметкері» болған дегенді ғылымның соңғы жаңалықтарынан хабардар адамның айтуы мүмкін емес. Алаш азаматтары ақталған бойда «кім ұстатты, кім атты» деген сұрақтың болғаны заңды құбылыс болатын. Ол сұраққа зерттеу объектісіне өте жауапкершілікпен қараған зерттеушілер жауапты сол кезде-ақ тапқан. ХХ ғасырда ғылыми атағын алған ғалым ХХІ ғасырда да әлі сол сұрақтың төңірегінен ұзай алмаса, онда өзінен басқа ешкімді оқымайтын болып тұр ғой. Ең болмағанда өзіне қарата айтылған ескертулерге құлақ асса, өнбейтін тірлікке алданбаған болар еді. Тұрсынбек Кәкішев мағжантанушының «Мағжан төсекте жатып, орыс кітаптарынан аударып жазып жататын» деген сөзінің өзі-ақ Мағжан поэзиясындағы өрттей қаулаған өсекке дес бермей ме?! (Б.Қанарбаева. Жырымен жұртын оятқан // Ана тіл. 1998, 87-б.) дегенін қалай түсінерін білмей, дал болғанын айтқан. Себебі деректерді шатастырып беру машығы тағы да орын алған деп кейитін тұстары жиі кездеседі. «Тап осы арада Сәбит поэзия туралы емес, көне грек, рим тарихтары жөнінде айтып отыр. Дұрысы: «Бұл сабақтардың қазақша конспектілерін жазғанда мен Мағжанның хатшысы сияқты болып алдым: кешкі уақыттарда ол мені өз комнатасына шақырып алады да, диванға қисайып жатып, орысша кітаптағы тексті маған қазақша диктовать етеді. Мен оның айтқандарын араб әріптерімен жазып отырамын» (Мұқанов С.Таңдамалы шығармалар. 10 том, 1976. ‒ 91-б.) дегенді поэзия жаңалықтарын айту үшін пайдалану және оны Сәбең абыройына кірбің түсіру үшін келтіру қаншалықты қажет еді?» деп көрсеткен Тұрсекең.
Біздің көзіміздің жеткені Бақыткамал Қанарбаеваның «Дидар» газетіне берген сұхбатының Сәбит Мұқановқа қатысты фактілерінің тоқсан тоғыз пайызы қате. Оның себебі де белгілі. Ал оның өтірік-расын ажырата алмаған редакция позициясын түсіну қиын.
Сәбит Мұқановқа еш дерексіз жала жапқанның енді біреуі – Елдос Тоқтарбай. Елдостың ұзын-сонар атағына сенетін болсақ, дәлелді құжатын «Жетісу» телеарнасындағы сұхбатта көрсетуге мүмкіндігі болды. Бірақ Елдостың «мені» жауапкершілікті өзіне көп алғызады… Бұл баланы 2015 жылдан танимын. Әже бауырында мейіріміне шомылып өскен Елдостың сөздік қоры бай, ойын жүйелі жеткізеді. 2015 жылы Тұрсекеңмен танысудың өзін қалай ұйымдастырғанын Елдос ұмыта қоймаған болар… Сол жолы айы оңынан туар ма еді, «Түрмеде жазылған шығармаларды» зерттеп жүрмін деп, тың тақырыптың ұшын шығармағанда. Судыраған сөзге сене қоймайтын Тұрсекеңді Елдостың өзінен гөрі тақырыбы қызықтырғанын өзі де аңғарды ғой деп ойлаймын. Ал Сәбеңе байланысты таптым деген архив документін ең болмағанда көшірмесін көрсетуге не айқайлатып тұрып осы кезге дейін мақала тұрмақ, кітап жазатын уақыт өтті. Уәдесін берсе де қашқақтап жүргеніне таңғаламын. Қазіргі хат-хабарды техника тездетіп тұрған заманда өтірік болмаса қолындағы алақандай ғана қағаздың көшірмесін жібере салу сөз болып па? «Болам деген баланың белін буу керек» екенін білмейді емеспін, бірақ уәде – Құдайдың аты. Күні үшін күңейдің сөзін айту болашақтан үміті бар азаматқа жараса ма?
«Сәбит сатқын» деген қате пікірді ойланбастан айта салғанның тағы біреуі – Нұрсила Ахметбек. Бұл азаматтың ретсіз сөзін елемеуге де болар еді. Бірақ ақша жасаудың қыр-сырын білу ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының қиуы қырық қатпар азаматтық қарым-қатынасын біледі деген сөз емес… Ахметбек Нұрсиланың отыз тістен шыққан сөздің отыз рулы елге тарайтынын бір қазақтай-ақ түсінетінінен не пайда? Үлкен аудитория алдында алыс-жақын шетелдегі миллиондаған қазақтар да көретін Ютуб желісінде биыл туғанына 120 жыл болған Сәбеңнің сақалына жармасса. Қазақтың этнографиялық мәдениетін мөлдіретіп жазып берген Сәбит Мұқановты «Қалаулымға» қосақтап соғатындай қандай байланыс тапты? Жігіт ағасы болуға жарап қалған азаматтың анығын білмей айтуға болмайтын жайды адам қарасы көп жиналған жерде ретсіз айта салуына итермелеген ненің буы?
Сәбеңнің адалдығын мүйізі қарағайдай ғалымдар қанша дәлелдесе де, мемлекеттік телеарналардың бірінде Сәбит Мұқановтың көзін көрген, драматург-жазушы Дулат Исабековтің өзі Мағжанның атылу үкімін ОГПУ Сәбит Мұқановпен ақылдасқандай, шешімді Сәбең шығарғандай сөз айтты. Сонда классик жазушы да жел сөздің жетегінде кеткені ме? Аталарымыздың «үй өзімдікі деме, үй сыртында кісі бар» дегенін ескермейтініміз талай жерде опық жегізіп-ақ келеді. Сонда да соны ескере бермейтініміз өкінішті. Ол қателікті қолма-қол жөндей қоятын, не «жуып-шая» салатын журналистердің де әуселесі көрініп тұр…
Жазушы-драматург айтқан факті мен Сәбеңнің өмірбаянындағы хронология тіпті де сәйкес келмейді. Қараңыз…
Мағжан 1937 жылы 25 наурызда Алматыға жетті. Сәуір-мамыр айларында Жазушылар одағын басқарып отырған Сәбең, Алматыға Мағжанның келуімен байланысты гу-гу әңгіме шыға бастағанда, еңбек демалысын алып, «Жұмбақ жалауды» жазуға Мәскеуге тартып отырады. Маусымдағы әңгіме шілде айында мерзімді басылымдарға ауысып, Сәбеңнің соңына «шам» алып түсті. Сәкен мен Сәбит Мағжанға көмектесті, қаржылай қарасты деп. Содан сескенген Сәбең қыркүйекке дейін Мәскеуде бой тасалай тұрды.
1937 жылдың қыркүйек айының жетісінде Алматыдағы ақын-жазушылардың қалалық жиналысы өтіп, Мәскеуден Сәбит Мұқановтың тез оралып, талқыға түсуін талап еткен қаулы алды. Осыдан кейін Сәбит Мұқановты Фрунзе аудандық партия комитетінің бюросы «Муканов, как активный член контрреволюционый националистической группировке, как пособник народа и как неразоружившийся буржуазный националист» деп партия қатарынан шығарды. «Муканов был тесно связан с Сейфуллиным, Досмухамедовым Асылбековым, Айсариным, Валиахметовым и Джумабаевым, ныне разоблаченными врагами народа» деп Жазушылар одағының төрағалығынан да алды.
Сәбит Мұқанов Қазақстан Жазушылар одағын 1936-1937 және 1943-1951 жылдар аралығында екі рет басқарған. Екінші рет басқарғанында Мағжан жоқ. Ал Сәбең бірінші рет басқарғанында Мағжанға көмек қолын созып үлгерді. Оның есесіне Сәбит Мұқанов өзінің жағдайын ауырлатып алды.
Мағжан Жұмабаев ұсталмай тұрып Сәбит Мұқановтың өзі қудаланды. Ал Мағжан Жұмабаев 1938 жылдың 30 желтоқсанында ұсталды. Ол кезде ОГПУ тұрмақ қарапайым қазақтың өзі астында тағы, қолында мөрі жоқ, қуғындалып жүрген Сәбит Мұқановтан «Мағжанды не істейік?» деп ақыл сұрамақ түгіл, сәлем де бермейтін кезі. Осы даңғаза белгілі бір шағын топтың ғана жыртысын жыртқанмен, тарихи құжат бәрін өз орнына қояды.
Темірге телмірген ХХІ ғасырда Қазақтың қасиетті құндылықтарын арзан әзілге, қасаң қалжыңға жығып беріп биязы мінезімізді беттен алып, төске өрлейтін дарақылыққа ауыстырып алдық. Ең өкініштісі, ата салттан аттап, аруақтардың рухымен жөнсіз алысудамыз. Кез келген ұлттың айбыны мен айбары ‒ Ұлығы мен Ұлысы емес пе?! Сәбит Мұқановтың рухынан кешірім сұрайтын күн әлдеқашан келген. Қазақтың тарихын әрбіріміз Сәбеңдей білсек, қазақтың шежіресін Сәбеңдей зерделесек, пейіліміз Сәбеңнің көңіліндей кең болса, жүрегіміз Сәбеңнің жүрегіндей ақ болса, Қазақты іштен дау, сырттан жау алмас еді! Биыл 120 жасқа келген Сәбеңнің қазақ елінде еңсесі биік, жүзі жарқын саналы да, салиқалы жастар көп болғай!
Күләш АХМЕТОВА, филология ғылымдарының докторы.