Алаштың аманатын арқалаған — “Қазақ” газеті
ХХ ғасырдың әр салада білім алып келген, зиялы қазақ азаматтарының басын біріктірген негізгі ұйытқы – Қазақ газеті болғандықтан, аталмыш басылым бетінде ұлттық, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, мәдени мәселелер жарияланып тұрды.
Өткен ғасырлардағыдай қолға қару алып, көтеріліс жасаудың қараша халық үшін тек зиян әкелетіні көзі қарақты қазақтың әрбір оқыған азаматы үшін анық еді. Сол кездерде қазақ халқының тағдырына өздерін жауапты сезінген Алаш қайраткерлері елдің мүддесін қорғауда білектің күшімен емес, ақыл-ойдың қарымымен есе қайтарудың жолын таңдады. Бұл жол ұлттың мүддесін қорғауда ұлттық-саяси мінберге айналған Қазақ газетін өмірге әкелді.
Қазақ елінің тәуелсіздігінің артында Әлихан Бөкейханұлы бастаған Алаш қайраткерлері тұрды. Олар «Қазақ» газеті арқылы ұлтымыздың санасын отарсыздандыру, ұлттық мемлекет құру, азат ел болу деген ұлы мұрат жолында бірікті. Бұдан асқан ұлттық бірлік, ынтымақтың үлгісі жоқ.
Басылымның «Қазақ» аталуына қатысты Ахмет Байтұрсынұлы: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетамыздың есімін Қазақ деп қойдық»,-дейді. Осыдан аңғаратынымыздай, ұлт зиялылары газетті шығаруда ұлттың мүддесін басты орынға қойды. Бұл азаттық қозғалыстың өркениетті түрі болатын.
ХХ ғасыр басындағы үміт пен үрейдің арасындағы арпалыс күресте ұлттың жоғын жоқтап, қажетін түгендеген «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. Газет ұлттық ренесанстың бастауында тұрып, халқымыздың ақыл-ойын, сана-сезімін мүлде бөлек арнаға бұрды. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялыларының есімдерімен ұштасып жатқан басылым – талай тарихтың куәсі, халықтың рухани қазынасы. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», — деген әйгілі сөзі «Қазақ» газетінің алғашқы санында жарық көрген мақалада айтылған. Бұл сөз сол уақыттан бері қазақ баспасөзінің басты ұранына айналды. «Қазақ» газеті жарық көрген күннен бастап ұлттың тағдыршешті де өткір мәселелерін қаузады.
Қазақ интеллигенттерінің алғашқы тобының басым көпшілігі әмбебап мамандар болды. Олар ғылыми жұмыстармен де, оқу-ағарту ісімен де, алғашқы қазақ тілінде басылымдар шығару қарекетімен де қатар айналысты. Басқа сөзбен айтқанда, олар сол кездегі қазақ қауымының рухани сұраныстарына мүмкіндіктерінше толық жауап беруге атсалысты. Газет шығару арқылы олар халықты оқуға, көшпелі шаруаларды отырықшылыққа шақыруда, шаруашылықты жүргізудің дамыған формаларын, әйел теңдігін насихаттауда, дін ұстануда, патша үкіметі тарапынан жүргізіліп отырған отаршылдық саясатқа қарсы қоғамдық пікір қалыптастыруда айтарлықтай оңды істер тындырды. Осылайша Алаш қайраткерлері «Қазақ» газетін қазақ ұлтының тағдырына қатысты барлық істерге пайдаланды.
Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің алғашқы санында басылымды жарыққа шығарудың мынадай маңызды төрт міндетін атап өтеді: «Әуелі газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды… Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мəнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады. Үшінші, газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші. Төртінші, газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шұқытпасқа тырысады»,-деп газеттің, басылымның халық өмірі үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы және М.Дулатұлы сынды халқымыздың біртуар ұлдары басшылық еткен басылымға сол кездегі қазақ оқығандарының, көзі ашық, көкірегі ояу зиялы азаматтарының үн қатпай қалғаны некен-саяқ. Осыдан-ақ газеттің арқалаған жүгінің қаншалықты ауыр да жауапты болғандығы аңғарылады. Алдымен, патша үкіметінің, кейін келе кеңес өкіметінің газет соңынан тал түсте шырақ алып түсіп, ізін аңдуы, жөн-жосықсыз айыпқа тартуы, ақыр соңында үні жұрт құлағына жетпестей тар қапаста «құлыпталып» ұсталынуы бекерден-бекер емес-тін. «Қазақ» кезінде халқының көзі, құлағы һәм тілі қызметін атқарды. Содан қатты секемденген отаршыл пиғылдағы елдің «Көсемдері» «Қазақпен» үндес ұлттық басылымдар мен оларға сөз жазушы азаматтардың үнін өшіру арқылы ойлаған мақсаттарына қол жеткізуге тырысып бақты. Белгілі бір дәрежеде ол армандары орындалды да. Ел тәуелсіздігін алғанға дейін мәңгүрттік дертінің қазақ даласына дендеп енуі, тіліміз бен дініміздің нашар халі, сөз жоқ, соның салдары болатын.
Сын сағатта туып, Алаш автономиясының үніне айналған «Қазақ» газеті халық алдындағы өз миссиясын орындады. Сол кездегі қазақ халқының ұлттық мұң-мүддесінің, теңдік пен бостандыққа ұмтылған күресінің, тарихы мен мәдениетінің, күнделікті тұрмыс-тіршілігінің айнасы болды. Қазақ қоғамының шамшырағына айналған, еуропалық үлгідегі ұлттық-демократиялық мемлекеттік құрылымның үлгісін көрсеткен Алашорда үкіметінің саяси үнқағазына айналды.
Б.Өтеген
Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ дінтанушы маманы