«БАҚ-тың адам өміріндегі маңызы»

Адамның өмірі бір бағытта болмайды. Сан құбылады. Әлеуметпен, қоғаммен, заманмен өмір байланғаннан кейін бір жұдырық еттей адам баласы жан жақты хабар алады, алмасады. Себебі қоғамдағы, мемлекеттегі және әлемдегі жаңалықтан хабардар болып отыруы керек. Содан «ақпарат» деген жаңа ғасырдағы «құралды» екпіндеп алып, етпетімен құлардай таласа жармасады. Бұндай нәзік құралды тікелей таратушы Бұқаралық ақпарат құралдары болмаса адам әлем түгіл, еліміздің ішкі жағдайынан түк хабар ала алмас еді ғой! Аталмыш институтты бір элемент ретінде қарастыруға келмейді. Себебі ол – тармақ болып, газет-журнал басылымдары, теледидар арналары һәм телебағдарламалар, интернет порталдары мен әлеуметтік желілер есебінде жұмыс істейді. Яғни бұл француз жазушысы Оноре де Бальзак айтқандай бір жағынан «төртінші билік» қызметін атқарады. Осыған орай саяси институт Аристотель заманынан бері бар деп есептесек, демек БАҚ өз деңгейінде сол заматта да белгілі рөлін атқарған деуге болады.

Бұқаралық ақпарат құралдарын газет-журнал тұрғысынан айтқанда бұл ақпараттық заман дамымай тұрғанда өте үлкен серпіліс тудырған құрал болған. Ол тарихтан белгілі. Мәселен әлемдік тарихқа көз салғанда әйгілі француз императоры Наполеон Бонапарт: «Жауға қарсы жүздеген мың қол әскерден, төрт газеттің ойсырата соққы беру мүмкіндігі зор» деген сөзінен-ақ бір құрақ қағаздың маңызын айқын көруге болады.

Ал енді өз тарихымызға оралсақ, газетті алғаш қолға алған кез Алаш Орда заманына сәйкес келеді. Алғашқы серпінді басылымдар XX ғасырдың басынан бастау алады. Сол кезде алғаш өмірге келген «Серке» газеті небәрі бір жылға жетпей өмір сүреді. Кейін «Қазақстан» деген газет шығады. «Қазақстан» деп тұңғыш аты аталып, басылымның ақпарат таратуында айрықша мән бар. Бір санында әлемдік жаңалықты берген екен. Ол «Теңізде болған оқиға» деген мақала. Яғни, әйгілі «Титаник» кемесінің суға батуы жайында хабар таратқан көрінеді. Газет үш жылға жуық жұмыс істеп, артынша жабылады. Кейін қазақ баспасөзін яки БАҚ-ын нақты жүйелеп, қараңғыда шырақ болып, күн ашықта бәйтерек бола білген «Қазақ» деген газет бәрімізге белгілі.

Осы газетті көпшілік танитын Алаштың көшбасшылары Әлихан, Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы қолға алып, қазақ баспасөз тарихында ғана емес, саяси, мәдени, тарихи тұрғыда зор еңбек жасады. «Қазақ» газетінің «Хұрметлу оқушылар!» деген алғашқы санында жалпы газеттің маңызы жайында толымды ақпарат айтады.

Әр заманның көрінісі әртүрлі. «Заманына қарай амалы» деп қазақ та бекер айтпайды. Мұның мағынасын Ахмет атамыз былайша түсіндіреді: «заманының түріне қарап іс істеу. Төңірекке қарасақ, түнерген-түнерген бұлттар көрінеді. Түбі қандай белгісіз; не боларын білмейміз». Сол себепті бірден-бір газеттің маңызы осы тұрғыдан білінеді деп ойлаймын.

Сондықтан бөліп қарастыратын болсақ, «әуелі газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа да газета сондай керек». Егер баспасөз болмаса дүниеден бірде-бір хабар ала алмай «құлағы жоқ керең, тiлi жоқ мылқау, көзi жоқ соқыр» болып, өз пікірін айта алмай, жаңалықты көре алмай хайуанның кейпін кешуіміз бек мүмкін. Бүгін де ақпараттық дәуір, дүние дидары онлайн, цифрлық әлемге бұрылып жатыр. «Дүние жүзіндегі халықтар телеграм, телефон, пошталардың ортасында, бір-бірімен хабарласып, газета арқылы жұртқа қарап, бір үйдегі адамдай сөйлесіп отыр». Әлеуметтік желідегі ояна сала көз бен қол тиетін басты құралдарымыз – WhatsApp, Instagram, Telegram, facebook, twitter болып кетті. Бұлар ресми және бейресми  баспасөздің қызметін атқарып барады. Десек те, ресми баспасөз органдардың әлеуметтік желіге өтіп ақпарат таратуы да жасырын емес. Пайдалы болғанмен, зияны да баршылық. Соған қарай «ақпараттық соғыс» та әлсін-әлсін халық арасында жүріп тұрады.

«Екінші, газета – жұрттың әулет басына қызмет ететін нәрсе». Елдің білімді, пікірлі, оқыған тұлғалары телебағдарлама мен интернет порталында да жарқ етіп көрініп, нұр болып төгілетін жағдайлар көп. Мәселен, кешегі онжылдықтың көлемінде «Айтуға оңай», «Харекет» ток-шоулары көптің көңілінен сөзсіз өтті. Оның тізгінін ұстаған Бейсен ағамыздың сан алуан ел ішіндегі жайттар турасында айтқан ақпараттары болмысынан көрінді деп есептеймін.

Үшіншіден, «газета – халыққа білім таратушы» дейді ұлт ұстазы. БАҚ – газет қана емес, бүгінде ол – сұхбат, подкаст. YouTube әлеуметтік желісінде де пайдалы ақпараттар шығарылады. Көзі қарақты көрермен көріп, білім алса нұр үстіне нұр.

«Төртінші, газета – халықтың даушысы» деп бастап, сөзін: «Халыққа газетаның осындай пайдалы қызметтері бар екендігін білген жұрттар газетаны киетін киімі, ішетін тамағы, үстіндегі үйінен соңғы керек нәрсеге санайды» деп жалғайды. Мен өзім «Qazaq», «Қазақ әдебиеті», «Munara» газеттерін оқып тұрамын. Ішінде көп ақпараттар бар. Көңіл де толқып, білім көбейіп рахаттанып, кейде қаймығатын кездер болады. «Егемен Қазақстан» газетін үйде болғанла оқитынмын. БАҚ-тың кең көлемді қызметін содан-ақ байқауға болатын шығар. Себебі газет көп саланы қамтыған. Соны оқып-ақ білімді болуға болады.

БАҚ-ты цифрландырудан тыс қалдыруға болмайды. Ендігі кезекте баспасөз қызметтері деректерге қолжетімділіктің арқасында ақпарат таратуда өнімді қызмет етіп жатыр. Бұрын журналисттің басты мақсаты ақпарат іздеу және жинау болса, қазір олар мәліметтер қоры арқылы қажет ақпаратты лезде алады. Ол деректердің өскенін көрсетеді. Журналистика деректері бұрын бір-бірінен айырмашылығы бар екі саланы байланыстыратын. Біріншісі, статистика және аналитика болса, екіншісі, зерттеу, түсіндіру және ұсыну болып табылады. Бұл жолы ақпарат таратушылар ақпаратты өздері толығымен өңдеуге атсалыспайды деген сөз.

БАҚ-тың бір бөлігі ретінде үлкен деректер әртүрлі мазмұн үшін ақпарат көзі ретінде пайдаланылады. Мәселен, жаңалықтардан бастап, ауқымды зеттеулерге дейін жалғасады. Осыған байланысты үлкен деректерді бес негізгі категорияға типтеуге болады. Олар: мәліметтер базасы, әлеуметтік желілер, бейнелер, фотосуреттер және ғылыми зерттеулер. Көлемді деректердің ең көп тараған және сұранысқа ие түрі ашық, жартылай ашық және жабық болып табылады. Сонымен қатар, ақылы, ақысыз болып бөлінетін мәліметтер базасы да сұранысқа ие болып табылады. Журналист және медиа зерттеушісі Эм Кунце «үлкен деректер әлемі журналистерді гипотезаларға тәуелді етпейді және дәлел үшін деректер іздеудің қажеті жоқ» дегендей мына ақпараттық заманда ақпараттың халыққа дұрыс жеткізілуіне цифрлық технологияның да үлесі бар екенін айқын байқауға болады.

Қорыта келгенде, бұқаралық ақпарат құралдарының адам өміріндегі маңызы қашанда жоғалмақ емес. Әманда маңызы адам өмірі үшін күннен күнге арта бермек. Оны заман үлесіне қарай үйлестіре берген жөн секілді. Ахмет Байтұрсынұлы атамызша «Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр. Есікте қалмай, төрге тырмысалық. Басқалар төрге қалай бара жатқанына қарап, біз де солардың iстегенін істейік» дегендей БАҚ арқылы яғни, газет-журнал,  интернет сайт, әлеуметтік желі немесе телеарналар арқылы болса да халыққа деген бір қызметті ілгері басып істемек керек дегім келеді. Солай ғана алпауыт технологиядан басып озып, өз техноөнімімізді өндіретінімізге сенемін.

 

Жас алаштанушы Сұлтан Мұратұлы