«АТАЛМАЙ ҚАЛҒАН БІР АРЫС»
Сан қырлы тұлға …
Ұлт намысы, ел тірегі қашанда сүбелі абырой. Елдігіміздің тұғырлы болуы — тірек болар ерлердің арқасы. Сондай бірегей ер ұлдардың бірі – Біләл Сүлейұлы.
Біләл Сүлейұлының жары болған, педагог Фатима Ғабитова асыр ері туралы жан-жақты мағлұмат беретін естелік жазады:
«Елі Найман, Найман ішінде – Қаптағай. Әкесі Майлыұлы Сүлей. Шешесі Қамқа. 1893 жылы (жылан жылы) күздігүні Қапал қаласының төңірегінде Баян-жүрек дейтін жерде дүниеге келген. Балалық шағы Сағабүйенде (осы күнгі Жансүгіров атындағы калхозда) өтеді. Біләл алғашқы білімді әкесінен алады. Әкесі Сүлей де, атасы Майлы да оқыған, білімді адамдар болады».
1911 жылы 18 жасындағы бозбала «Мамания» медресесінің мұғалімдері Түркияда, Мысырда оқыған: Ғазиз Мусин, Файзырахман Жаһандаровтардан білім алады. Алға қойған мақсаты мен талабынан жаңылмай, зеректігімен ұстаздарының үдесінен шыға білген.
Сол кездегі жомарт Маманов Есенқұл болыстың қаражатымен Уфадағы мұғалімдер даярлайтын татардың «Ғалия» медресесінде оқиды. Бұнда да алған білімін аздық етіп, жас жүрек ұшқындап алға ұмтылудан еш талмайды. Зайыбы Фатима оны былай деп келтіреді: «Сондықтан өздігінен жол тауып Оренбургтегі учительская семинарияға оқуға түседі», — дейді. Осында оқып жүріп, уақытын текке кетірмей ұлт баспасөзінің бәйтерегі саналатын «Қазақ» газетінде жұмыс істейді. «Матай», «Қаптағай», «Бұйрасқа» секілді бүркеншік есімдерімен әр жылдарда қоғамдық мәселені көтеретін әртүрлі мақалалар жазып жүрген. Сондай-ақ татар ұлтшылдарымен тығыз байланыста болып, солардың «Вахит» газеті, «Шура» журналына тұшымды мақалалары мен ара-тұра өдеңдерін беріп отырған. Тағы да, айта кетер нәрсе: сол жылдары шығып тұрған беделді басылым – «Тілші» газетінің бас редакторы қызметін атқарады. Осы қызметте жүріп шығармашылық қабілетін жандырған. Болашағынан зор үміт күттіретін Біләл Сүлейұлының ендігі қырлары гүлдің күлтесіндей ашылған үстіне ашыла түседі.
«1916 жылы семинарияны үздік, ағыла дәрежеде тауысқан Біләл патша әскерлігіне, қара жұмысқа алынған қазақтарға «мыңбасы» болып Минскіге барады» — Фатима. Бұл жерден Біләлдің Әлекеңдерге еріп, қазақтарға бас болған күйін көруге болады. Яғни, жиырма үш жасында білімі мен табандылығының арқасында ұйымдастырушылық қабілетіне жеткенін түсінуге болады.
Кейін 1917-1918 оқу жылында Қапал қаласындағы татар мектебінде оқу ісін басқарушы болып қызмет атқарады. Сол жылдары «Талды» деген жерде «Садыр-Матай» бюросы ұйымдастырылады. Ел-елдің арасын жөндеп жатқан кезде бұл бюроның председателі болады.
«Біләл асқан ақылды, келешекті терең болжай алатын ардақты азамат еді» дейді Фатима Ғабитова. Бұл сөзі арқылы Біләл бойындағы тұтас-дерлік қырларын толық ашып, айтып тұрғандай.
Ол 3 жылда екі жылдық 19 бастауыш мектеп, 11 жеті жылдық орта мектеп, 2 педтехникум арнаулы оқу-орындарын ашқан. Бұл мектептердің бәрі де жатақханаларымен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ барлық пәндер ана тілінде оқытылып, тек әр ұлттың ана тілі, әдебиеті ғана өз тілінде оқытылатын. Біләлдің бұл іскерлігі Жетісудағы ұсақ ұлттардың әсіресе, қазақ жастарының көптеп оқуға түсуіне ерекше әсер етті.
1928-1929 жылдары Ақтөбедегі облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1930 жылда әлеуметтік жағдайға орай Оренбург Орталық Волга өлкесіне өткізіліп, ал Ташкент тұтасымен Өзбекстанға берілуіне байланысты Қазақстан институттарын бұл қалалардан алуына тура келеді. Бізден гөрі Біләлді жақсы білетін, сан қырлы тұлғаның елге ерең еңбек қылуыңа 13 жыл болса да әсер еткен зайыбы Фатима «Ол күндерде Наркомпростың бар жоғары оқу орындарын ұйымдастыруға тәжірибесі бар қызметкер Біләл болғандықтан, Оренбургтегі мұғалімдер институтын Оралға, Ташкенттегі мұғалімдер институтын Семейге көшіріп алып барып орналастыру осы Біләл Сүлеевке тапсырылған болатын» дейді. Әрі Семей институтында алғашқы ректоры болады.Бұдан байқайтынымыз, ғұмырында зор іс тындырып, ақысыз-пұлсыз қызмет қылған тәжірибелі қайраткер екенін танимыз.
Кейін 1932 жылы 5 қыркүйекте түрмеден босайды. Филология ғылымдарының кандидаты Жолтай Жұмат-Әлмашұлының айтуынша, осы жылы 1932 жылы Мәскеу өндіріс орындарында мәдени-ағарту саласында қызмет атқара жүріп, 1934 жылдың орта шенінде Қарақалпақ АКСР-інде халық ағарту комиссары лауазымына бекітілген екен. Кейін Алаштанушы Елдос Тоқтарбайдың дерегінше, 1937 жылдың қарашасында Қазақ АКСР-нің шақыруымен Алматыдағы ҚазПИ-ге оқытушылық қызметке келеді. Біләл осылайша оқу-ағарту саласында көптің ісін бір өзі тындырып кете берді. Бүгінгі тілмен айтсақ, оқу-ағарту және жоғары ғылым-білім министрліктері жасау керек істі қаймықпай жасады. Бұл бәрімізге үлгі болу керек!
Алаштың ақтаңдақ азаматының қырларын аша берген сайын тізбектеліп ашыла түседі. Құдды, орыстың «матрюшка» ойыншығы секілді: қайраткер Біләлден кейін журналист Біләл, одан кейін драмматург Біләл және т.б.
«Біләл Сүлеев ағартушы, методист, ақын, драмматург, журналист, сатирик, юморист еді» дейді жары Фатима. Оның «Үміт» деген өлеңі тұлғаның шығармаларының беташары және қазақ жігіттеріне сүйекті сөз деп айтуға әбден лайық.
«Жігіттің үміт көлігі,
Тілеген жерге баруға.
Келіспейді жігітке,
Үмітсіз бекер қалуға.», — деп жігіттерді үмітті биік ұстауға шақырады. Үміт адамға қуат сыйлап, алға жылжуыңа «мотивациялық сөз» деп түсіндіреді.
«Ілияс Біләлдің сатира, юмор түрінде жазылғандарына көп еліктеді» — дейді Ілиясқа да жар болған Фатима. Оған дәлел де келтіреді.
Біләл:
«Қазақша, не орысша жөнді білмей,
Сөйлесең бәду-шәду шатастырып,
Сөзіңнің аяғына дұспан күз ғып,
«Жасасын, да здравствуйте» матастырып, — десе, Ілияс:
«Сөз сөйле тіл біткенді бұзыңқырып,
Боза-ботқа докладын мыжыңқырап,
О күнәңді жоям деп бақыра түс,
Күшеніп жасасынға қызыңқырап».
Семинарияда оқып жүрсе де, қоғамдық жағдайлардан қалыс қалмаған ол «Қазақ» газетіне ұнамсыз нәрселерді өткір тілмен өлтіре мақала жазып та үлгереді. Соның арқасында журналистік қыры да дами түскен деп ойлаймын. Зайыбының айтуынша ол өзінің жазғандарын бастыруға асықпайды екен. Оның жазғандарын жолдастары жинап-бастырып жүретін. Біләлдің өлең шығару өресі биік екенін дәлелдейтін нәрсе мынау: қай жерде басыла қалса да, қазақ газет-журналдары сол өлеңді міндетті түрде өз беттерінде жариялайтын. Сондай-ақ оның жазған пьесалары да қолжазба күйінде Жетісу сахналарында ойналатын.
Маған өзіме ерекше үнаған бір өлеңі – «Еңбек пен Бейнет».
«Негізі тіршіліктің – еңбек, қайрат,
Еңбекпен өмір жүзін құлпырт, жайнат.
Еңбексіз елді емген масылдардың
Басқа тап, қабырғасын күйрет, жайрат». Адам өмірінде еңбектің маңызды екенін, еңбексіз еш нәрсе өнбейтінін тілге етіп, «алма піс, аузыма түс» дегендей бүгінгі қоғамдық мәселені де өткір сынайтындай. Әрине, бұл Біләлдің қайсарлығы мен ақындық, тұлғалық қыры екендігі даусыз.
Ғалым Жолтай Біләл Сүлейұлына «журналист болып қойған жоқ, ол талабы зор әдебиетші ретінде де танылды. Әсіресе, өте ауыр жанр – драмматургияға қалам сілтеді. Шығармаларында сатиралық сарында болды» деп баға береді. Расында, ғұмырында таудай талабымен ұлық істерді атқарады. Оның «Картаға салынған қатын» деген комедиясы әжуаға баланып, жиырмасыншы жылдарда Алматыда бірнеше рет сахналанып, лайықты бағасын алды. «Қабанбай мен Сазанбай» деген сатиралық өлеңінде Жетісудағы алғашқы жер бөлінісі мен ондағы асырасілтеушілікті сынағанын байқауға болады. Осыдан-ақ оның қабілетін анық байқауға болады. «Оның шығармалары – бір кезеңдік өткінші мәселелермен шектелмей, адамзаттың мәңгілік сауалдарына жауап беруге ұмтылған ерекше құнды дүниилер» деген Жолтай ғалымның бұл сөзімен қорытуға жеткілікті деп ойлаймын.
Біләл – Ахаңның төл шәкірті. Сонысымен 1926 жылы түркологтар съезіне қатысып, Ахмет ағасының баяндамасынан соң сөз сұрап, мінбеге шығып сөз сөйлейді. Сөзінде терминология мәселесін барынша көтеріп, тәптіштеп тұрып түсіндіріп, уытты дәлелдерін келтіріп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленеді. Осындай биік мәртебеге жету ұлтты шетсіз-шексіз сүюден, Отанға, ұлтқа деген адалдығынан туындаса керек.
Бүгінде адам өмірінің жарқын есігін ашып, мүмкіндік қылатын нәрсе – тіл үйрену. Кешегі Алаш арыстарының алды 9 тіл, ең нашары 4 білді. Біләл Сүлейұлы -қазақ тілінен бөлек орыс, неміс, татар, түрік және ағылшын тілін білетін Алаш оғланы. Ғалым Елдос Тоқтарбай бұл кісіге «түрмеде жатып тіл үйренген Алаш арысы» деп зор баға береді. Ешқандай технология жоқ, логистика дамымаған, интернет желісі жоқ аласапыран заманда Алаш арыстарының тіл үйренуін бүгінде жастарға қадап тұрып айтады. Бұл – дүние боқтың емес, ар тазалығы және ұлтқа деген кіршіксіз махаббат екенін еріксіз түсіндіреді. Аталған ғалым: «Түрмеде жатып тіл үйреніп, жұмыс істеп, абақтының тас еденінде жатып өзін жетілдірген не деген қайсар еді! Ал біз ше?!… Жыл үйде әрі ақ төсекте жатырмыз. Қарнымыз – тоқ, көйлегіміз – көк. Қанша тілді білеміз?» — дейді.
Біләл Сүлейұлы 44 жыл ғұмыр кешті. Айналдырған төрт беттік баяндамамда асыл ердің сан қырлы тұлғалығын танытуға зәредей болса да үлес қостым деп айта аламын. Сонымен, Біләл Сүлейұлы деген кім?
Ол ақын, редактор, ректор, лингвист, драмматург, ойлы прозашы, ұлт қайраткері, тіл жанашыры, асқан ұйымдастырушы, білім менеджері, оқу-ағарту комиссары, аудармашы, ұстанымы биік журналист, сатирик, педагог, ойы жүйрік қаламгер, профессор, публицист, әдебиетші, әліпби мәселесін талқылаған оқымысты және сан қырлы полиглот.
Ел үшін кеудесін оққа тосқан күрескер азамат Біләл Сүлейұлының рухына Алладан жарылқау тілеп, артында қалған еліне амандық сұраймыз!
Жас алаштанушы Сұлтан Мұратұлы